«Казахское ДЕЛО»

«Казахское ДЕЛО»

«Казахское ДЕЛО»
ашық дереккөзі
277
Соңы. Басы өткен санда

26. Амангелдi БЕГIМБЕТОВ

Меңдiбаев ұсыныс жасады.

– Бегiмбетов Iле аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшы қызметiнен босатылып, шаруашылық жұмысқа ауыстырылсын. – Өзi бастап қол көтердi. Беляков пен Шулико iле қолдарын жоғары ұстады. Басқалары бiр-бiрiне қарайлап, аналарға құлықсыздау қосылды.

– Ұйғарымдарыңыз осы болса, амал қанша. – Екi иығымды көтерiп шарасыздық таныттым да, залдан шығып кеттiм. Әйткенмен Меңдiбаевтан күткенiм бұдан да ауырлау едi. Партиялық есеп кiтапшама жазылатын қатаң сөгiспен орнымнан босататын шығар деп ойлағанмын. Бiрақ ол қанша жұлқынғанымен соның қисынын келтiре алмады. Анығы мен дес бермедiм. Ол есесiн тағы жiберiп алды. Бiрақ маған да оңай болған жоқ. Көңiл шiркiн астаң-кестең.

Меңдiбаевтан басқа бюро мүшелерi дәлiзге шықты. Әлгiнде ұсынысқа құлықсыздау қосылғандар менi құшақтап, жұбаныш сөздерiмен жадау тартқан жанымды демедi. “Ер жiгiттiң басына нелер келiп, нелер кетпес. Ең бастысы, бас аман, бауыр бүтiн ғой. Екi қолға бiр жұмыс ел iшiнен де табылар”, – деймiн өзiме-өзiм iшкi қыжылымды баспақ болып. Беляков пен Шулико топтан шеттеп сөйлесiп тұр екен. “Айтпасаң сөздiң атасы өледi”. Беляковқа дауыстап:

– Володя, менде қандай өкпең бар? – дедiм.

Ол басын шайқап:

– Ешқандай, – деп екi иығын қушитты.

– Ендеше бәрiн өзiң бiлiп тұрып, неге орынсыз сұрақ қойдың?

Оның көкшiл көздерi жыпылықтап:

– Амангелдi, мен жай… – дей бергенде киiп кеттiм.

– Ей, сен, неге тағы жайға жабысып қалдың? Менi көпе-көренеу қылмыскер еткiң келдi ме? Солай ғой?… – Көздерiне қадала қарадым. – Байқа! Өзiң қазған орға өзiң түсiп кетiп жүрмегiн.

Бұл сөз Шуликоға да қатысты едi. Ол тағатсызданып кетуге ыңғайланды. Мен шап бердiм.

– Георгий Викинтьевич, “Мал аласы сыртында, адам аласы iшiнде” деген нақылды есiтiп пе едiң?

Шымбайына қатты батты бiлем, тiксiнiп:

– Амангелдi, онымен не айтқың келдi? – дедi.

– Сенi осы бiр қысылтаяңда сатады деп ойлағаным жоқ. Қайта қолдайтыныңа шын сенiп едiм. Қателесiппiн. Өкiнiштiсi сол, сендердiң кiм екендерiңдi ендi таныдым.

Ол не десiн. Қабағын шытып үн-түнсiз тұрды да, сырт айналды. Көкiрегiмдi ашытқан қыжыл емес, шер екен. Осыдан соң жеңiлденiп, өзiме-өзiм келгендей күй кештiм. Қылшылдаған қырық бес жасымда, қамал алатын кезiмде жұмыссыз қалдым. Солай, шырағым. – Әбекең көршi бөлмедегi Амансұлу жеңгейге дауыстап, кесе толы саумал алдырды. – Бүгiнде жасым жетпiске таянды. Жүйкенi жұқартқан күйiнiштердi қаншама ұмыттым десем де, iз-түссiз кетпептi. Сыр бере бастаған денсаулық сол бiр көңiлсiз күндердi ауық-ауық еске салады. Адамның жан-жануарлардан артықшылығы мен айырмашылығы да сонда емес пе. Екi рет дәрiгерлердiң көмегiмен жан сақтадым. Олар сiзге жылқының саумал сүтi бiрден-бiр ем дейдi. – Әбекең кесенi аузына апарып, саумалды бiр деммен сiмiре жұтты. Содан соң үзiлген әңгiме желiсiн қайта жалғады.

Сыртта Егiнбаев күтiп тұр екен. Қасында үш бауыры бар. Салы суға кеткендей ұнжырғасы түскен. Оның жазасы менiкiнен ауырлау. Есеп кiтапшасына жазылатын қатаң сөгiс берiп, орнынан босатқан. Нақақ жаладан күйiп тұр. Өзiмнiң де оңып тұрғаным шамалы. Сонда да арқасынан құшақтап, ағалық жанашыр сөзiмдi айттым.

– Бекайдар, әу баста пешенемiзге жазылған жазмыш осылай шығар. Тым түңiле берме. Ең бастысы ел алдында екеуiмiздiң арымыз таза.

Ал ендi екi ауызша сөгiс маған орынды берiлген бе? Осы жөнiнде бiрер сөз. Бертiнде, яғни 1988 жылы Исраилов тиiстi орындарға шағымданып жүрiп, iсiн сотта қайта қаратып, барлық жаладан ақталып, партиялық “Қызыл билетiн” қайтып алды. Сол жылы мен “Нұрлы” совхозында директор едiм. Исраилов арнайы келiп, жаладан өзiнiң зиянын тигiзгенi үшiн кешiрiм сұрады. Мен: “Ақталған адамда қандай кiнә болады?” – деп адамгершiлiгi мен адалдығына сүйсiндiм. Бiрақ оның өмiрi қысқа болды.

Жариялылық саясатына сүйенiп, Кеңес Жандыбаев та Жоғары Сотқа бiрнеше рет шағымданған. Жоғары Сот iстiң шала қаралғанын анықтап, аудандық сотқа қайта қарауға жiбердi. Сот iстен қылмыс белгiлерiн таппай ақтауға үкiм шығарыпты. Ал ол: “Өзiммен бiрге заңсыз сотталған бас экономистi де ақтамасаңдар түрмеден шықпаймын”, – деп жатып алады. Аудандық сот оның да iсiн қайта қарап, бұрын шығарылған үкiм негiзсiз деп толық ақтаған. Сонымен маған берiлген екi сөгiс те негiзсiз болып шықты. Өкiнiшке орай, шындықтың өзектi талдырып, кеш жеткенiн қарашы.

Өгiзге туған күн, бұзауға да туады. Екi айдан соң Шулико мен Беляков та қызметтерiнен кеттi. Сонда Беляков айтыпты: “Бегiмбетовты орнынан алғанда мен Меңдiбаевтың дұрыс iстемегенiн бiлдiм. Мiне, қазiр де оның әдiлетсiздiгiне көзiм жетiп отыр”. Беляков өз пiкiрiн батыл айта алмайтын. Өзiнен зордың алдында ыңғайына жығылып, сөйлегенiн талай рет көргенiм бар. Ендiгi хан сыртынан жұдырығы кiмге қажет. “Ақсақ қой түстен кейiн маңырайды”.

Пәтерiмнен екi күн бойына шын достарым арылмады. Бiрi келсе, бiрi кетiп жатты. Бәрiнiң таңдана сұрайтыны “Не үшiн?”. Оларға Амансұлу жауап берумен болды. “Амангелдiнiң адалдығы, тазалығы, жұмысқа жан-тәнiмен берiлгендiгi үшiн. Басқаларға осындай iсi үшiн орден берiп жатады. Ал Амангелдi кемшiлiктi бетке айтамын деп жақпайды. Өзi бiлмейтiн әлдекiмдерге кедергi болса керек”.

Бiр апта бұрын аудандық кәсiподақтар комитетi “Алматы” санаториiне жолдама берген. Амансұлуды жаныма алып, сонда екi апта демалдық. Достарымыз күн құрғатпай соғып, жылы сөздерiмен көңiлiмiздi аулайды. Тағы бiразын шығарып салып: “Амансұлу, жанымызға жолдас болатын шын жанашыр достарымыз бар екен. Мың да бiр шүкiр. Осындай адал жандармен өмiр сүру қандай жеңiл әрi мәндi”, – дедiм.

Бiздiң санаторийде демалып жатқанымызды Меңдiбаев естiптi. Талағы тарс айырылып Шуликоны жерден алып, жерге салған. “Қызметтен қуылған Бегiмбетовке ондай құрметтi кiм жасады? Ол санаторийде емес, түрмеде отыруы керек! Тез артын тексерiп, қылмысын табыңдар!”

Меңдiбаев обкомның Ұйымдастыру бөлiмi бастығына өз кадры Зубовты тағайындап, менiң мәселеммен айналысып жатқан топқа жетекшiлiк жасауды жүктеген. Зубов тапсырма берiп қарап отырмай өзi де iске белсене кiрiседi.

Менiң жеке автомашинам жоқ едi. Бiрақ Политехникалық институттың деканы Мырзахан Тұрысбеков дос-жаран болғандықтан “Волгасын” бос тұрған аулама қойғызатынмын. Қызмет көлiгiмен қонаққа бара алмайсың. Анда-санда соныкiн пайдаланамыз.

Зубов бастаған топ облыс аудандарынан менiң атымдағы саяжайларды, автомашинаны, жинақ банкiлерiндегi ақшаларды екi ай бойына жарық күнде қолдарына шам алып iздеген. Өзiммен ғана шектелмей, туған-туыстарым мен ағайындарымды да түгел тiмiскiлейдi. Түймедей болса да түйедей етiп көрсететiн iлiк таппай әбден әуре-сарсаңға түскен. Ал бұл жасырын әрекеттен мүлдем бейхабар мен екi ай бойына, обком шаруашылықтардың бiрiнен жұмыс бередi деп үйде күтумен жаттым. Үмiт ақталмады. Сонша уақыт босқа алданған екенмiн. Сонда ғана олардың “Бегiмбетов жұмыссыз қалды-ау” деп менi iздейтiндерiнен күдерiмдi мүлдем үздiм. Тiптен бар мен жоғым бiрдей сияқты. Өзiм iздемесем ешкiм де менi есiне алып, жұмыс бермейтiнiне көзiм жеттi. Оның үстiне жұмысты қалай да осы Энергетиктер поселкесiнiң маңынан табуым керек. Өйткенi балаларымның тағы да басқа мектепке ауыспай, 10 класты осы жерден бiтiргенi тиiмдi. Әнеукүнi санаторийден келген соң отбасылық кеңес құрып, екi ұлымызға мән-жайды түсiндiргенбiз. Оларға жерге қарайтындай былық-шылықпен кетпегенiмдi, қолым мен арымның тазалығын айтқанмын.

Әдетте жұмыс басты азаматтыр үй-iшi тiршiлiгiне онша-мұнша мән бере бермейдi ғой. Мен де сондай жандардың қатарынан екенiмдi кейiн бiлдiм. Қаражаттан қанша қысылса да, Амансұлу сонда маған анаған жетпейдi, мынаған жетпейдi деген емес. Менiң жарым көңiлiме қаяу салғысы келмеген. Мектеп директорынан қосымша сағат сұрапты. Онысын бiлгенiмде үзiлдi-кесiлдi қарсы болар едiм. Директор: “Қазiр пән мұғалiмдерi жетiспей жатыр. Әсiресе сiздiң химия, биология пәндерiңiзден сiзге қосымша сағат беруге қуана келiсер едiм. Бiрақ денсаулығыңыз көтере ме? Зорығып жүрмейсiз бе?” – дептi күмәнданып. Амансұлу: “Дәл қазiр денсаулықты ойлайтын жағдай жоқ”, – десе керек. Содан оның айлық табысы аз да болса көбейiп, балалардың киiм-кешегiне, оқу құралдарына, тамағымызға мұқтаждықты сездiрмеген. Өзi әдiстемешi (методист) болғандықтан да аудан көлемiнде мектептерге iс-сапармен ертелете шығып, кештетiп оралады. Шамадан тыс көп жұмыс қажытса да, жан-жары маған да сыр алдырмаса не дейiн.

Сонымен обком тарапынан қызмет ұсынылмады. Қос қолымды алдыма бос ұстап, iшқұса болып қашанғы отырайын. Талғар аупарткомының бiрiншi хатшысы Житниковқа бардым. Жылы шырай танытып қарсы алды.

– Виктор Владимирович, маған жұмыс керек. Және жұмыс Энергетиктер поселкесiне жақын жерде болса.

Ол алдындағы қағазға көзiн салып, аз ойланып тұрды да басын көтерiп алды.

– Амангелдi Мукашевич, бұрын осы ауданда он бес жыл қызмет еттiңiз. Шаруашылықты жақсы бiлесiз. Мына “Луч Восток” колхозы басқармасындағы төраға орынбасарының орны бос едi. Соған баруға қалай қарайсыз?

– Неге бармасқа?! Маған тек жұмыс болса болды.

Колхоз төрағасы Ағали Магданович Хайроев бұрыннан таныс. Осында аупарткомның төрағасы болып жүргенiмде ол колхоздың бас агрономы едi. Ертеңiне колхозшылардың жалпы жиналысы ашылды. Бәрi бiр ауыздан: “Бегiмбетовты бiлемiз”, – деп төрағаның орынбасары етiп сайлады.

Арада апта өтпей жатып-ақ, күтпеген жай болды. Кешкiсiн жұмыстан үйге оралған бетiм едi, телефон шырылдап қоя бердi. Тұтқаның ар жағынан Житниковтың дауысын естiдiм.

– Амангелдi Мукашевич, мен сiздiкiне кiрiп-шығайын деп едiм. – Үнi бiртүрлi. Қатты қобалжып тұрған секiлдi.

– Келiңiз, – десем де секем алып қалдым. “Не айтар екен? Күмiлжiгенiне қарағанда жақсылық емес-ау, сiрә…” Житников келгенше тағатым таусылды.

Жарты сағаттан соң ол есiктен ендi. Өңi ауру жандай сынық. Қабағы түсiп кеткен. Қысқа амандасудан соң сөздiң ретiн таппай дағдарып тұрып қалды. Бiр ыңғайсыз жайдың болғанын iшiм сездi.

– Виктор Владимирович, әкесi өлгендi де естiртедi. Көкейiңiздегiнi қысылмай айта берiңiз. Мен не жағдайға да дайынмын.

– Мына Меңдiбаев қадалған жерiнен қан алмай тынбайды екен. Кеше менi обкомға шақырып алып әбден сөктi. “Сен Бегiмбетовтi неге қызметке шақырдың? Төрағаның орынбасары оған үлкен жұмыс. Тез орнын босатсын. Қалай аласың, оны өзiң бiлесiң. Егер оның көзiн құртпасаң, менiң iсiм сенiмен болады”. – Оның солғын жанары лажсыздық танытып тұрды. – Амангелдi Мукашевич, не iстеймiз? Ары ойлап, берi ойлап басым қатты.

Жайсыз хабары құлағыма жат естiлгенi соншалық тұла бойым мұздап кеттi. Сонда да өзiмдi өзiм сабырға шақырып, сабама түстiм. Житниковқа несiне өкпелеймiн. Менi сенбей қала ма деп, болған жайдың ашығын айтып отыр. Оның үстiне мен үшiн салғыласып, қызметiнен айырылып жата ма. Ондайға баратын да жан емес, иiнi жұмсақ.

– Виктор Владимирович, еш абыржымаңыз. Сiзге кесiрiм тимесiн. Орынбасарлықтан өзiм-ақ арыз берiп босанайын.

– Апыр-ай, Горбачев мынандай әпербақан кадрымен елде қалай қайта құрғызуын жүргiзбекшi? – Ол қабағын шытып, басын шайқады. – Сiздей бiлiктi басшыларды қудалап, айналасына алаяқ жағымпаздарды жинап жатқанын қарашы.

– Виктор Владимирович, ендi өкiнгенмен Меңдiбаевқа қазiр қарсы қояр айлаң қайсы? Билiк соның қолында. Ұрсаң да, тепсең де кетпейтiн қара бақыт соның басына қонған. Өзi ештеңенiң жөнiн бiлмейдi, бiлгеннiң тiлiн алмайды. Ендi бiзге уақытты күтуге тура келедi. Маған Меңдiбаевтың көзiне iлiне бермейтiн басқа бiр жұмыс iздестiрiп көрiңiз. Қандайы болса да бейiлмiн.

– Қарастырайын, Амангелдi Мукашевич. – Ол кетуге жинала бастады. Есiктен шығып бара жатып кiдiрдi. – Бiр амалын табармыз.

Қарашаның соңында күн суытты. Қыс та екпiндеп, ентiгiп келiп қалды. Көсiлiп жатқан тауға етектеп қар түскен. Ызғарлы лебi бет жүзiңе шым-шым батады.

Житников ХХIV партсъезд атындағы колхоздың төрағасы Захарченконы өзiне шақыртыпты. Менiң жұмысым туралы кеңескен. “Красное поледағы” тауарлы-сүт фермасының өнiмдiлiк көрсеткiшi сын көтермейдi екен. Житников менi сол ферманың меңгерушiлiгiне ұсынады. Захарченко: “Виктор Владимирович, өзiңiз ойланып көрiңiзшi. Бегiмбетовке ферма меңгерушiсi қолайлы ма? Ол бiлiм-бiлiктiлiгi өте жоғары жан. Осыдан үш-ақ ай бұрын аупарткомның бiрiншi хатшысы болды. Әркiмнiң өз орны бар ғой”, – деп азар да безер болған.

Житников:

– Иә, Бегiмбетов iскер маман. Оның бұл қасиетiн мына сен және мен жақсы бiлемiз. Ал Меңдiбаевқа оның iскерлiгi қажет болмай тұр. Бар айыбы “қонаевщина”, “аухадиевщина”. Қара да тұр, ол әлi өзiн iсiмен көрсетедi. Бiз екеумiз оны сол ферма меңгерушiлiгiне тағайындап, әлiптiң артын бағайық,-дейдi.

Энергетиктер поселкесiнен “Красное полеға” дейiн автокөлiктер әрi десе он, он бес минут жүредi. Тауарлы-сүт фермасын көргенде төбе шашым тiк тұрды. Жағдайы тап осындай мүшкiл халде екенi үш ұйықтасам да түсiме енбес. Мұндай азып-тозған фермада сүт өнiмдiлiгi қайдан болсын. Жабық жайдағы 1400 сауын сиырдың асты тазаланбаған. Сиырларға азық беру мөлшерi тұрақты сақталмаған. Бiр күнi көп, бiр күнi аз. Сауыншылар күнделiктi жұмысқа түгел шықпайды екен. Келмей қалғандардың сиырларын басқалары қалай болса солай сауа салатын секiлдi. Мал демесең сиырларға да мейiрiм, қамқорлық керек. Сылап, сипағанды ұнатады. Азықтандыратын малшылар мен механизаторлар да iшiмдiкке салынған. Жауапкершiлiк мүлдем жоқ. Мұндай берекесiздiктi бұрын-соңды көрмеппiн. Сол бойда қос қолымды төбеме қойып, тұра қашқым келдi. Артынша бiр ой сап етiп, лезде райдан қайттым. “Ауданды басқарып тұрған кезiңде жылы кабинетте отырып алып, шаруашылықты жетiк бiлетiндей “Ананы былай iсте, мынаны олай iсте” деп қолды ерсiлi-қарсылы сермеп, нұсқауды бiрiнен соң бiрiн жаудырушы едiң. Ал ендi сол нұсқауларыңды өзiң жүзеге асыр. Бiз сенiң әуселеңдi көрейiк”. – Әлдекiм сыртымнан күлiп, “ит азабын тартсын” деп табалап тұрғандай, жон арқам мұздап сала бердi. Намысың қамшылағанда отқа да, суға да көзсiз қойып кетедi екенсiң. Бұл да тағдар-талайдың менi тағы бiр рет шыны жүзiнен өткiзiп алғысы келген сыны шығар. Ендеше көрiп алдым.

Таңертең үстiме оны-мұны киiмдердi кие салып, сыртқы есiкке қарай беттей бергенiм сол едi, Амансұлу:

– Амангелдi, тоқташы, – деп кiдiрттi. Үстi-басыма көз жүгiрттi. – Қазiр жұрттың назары сенде. Дос бар, дұшпан бар. Кеше мынау шырттай киiнiп, балағына шаң жұқтырмай жүр едi. Бүгiн қызметтен ұрылған соң жүнжiп кетiптi ғой демей ме. Ондайлардың сенi солай мүсiркеп тұрғандарын көргiм келмейдi. Бұрын жұртқа қалай көрiнсең, қазiр де солай жүршi. Киiм тек сәндiк үшiн ғана емес, өзiңдi-өзiң сыйлау үшiн де қажет. – Ол шифонерден үтiктелген костем-шалбарымды, ақ көйлегiм мен галстугiмдi шығарды. Жөн сөздi қалай құлағыңа iлмейсiң. Қайта киiнуiме тура келдi.

Фермадағы жұмысты неден бастасам екен? Сүт өнiмдiлiгiн қалай көбейтуге болады? Түнi бойы осы сұрақтарға жауап iздедiм. Мал күтiмi маған таңсық емес. Зоотехник кезiмде тiкелей араласқан шаруам. Бәрi көкiрегiмде сайрап тұр. Бала кезiмде үлкендер: “Тiрлiктiң көзiн тап, сонда iсiң өнiмдi болады”, – деушi едi. Ал мына фермада мал азығының соншалық жеткiлiктi қоры бола тұрып, сүт өнiмдiлiгi неге аз? Майлылығы неге төмен? Бар гәп қожырап кетпей еңбек тәртiбiнде секiлдi.

Таңертең бригадирлер кеңесiн шұғыл шақырып, көп жайды талқыладық. Оларға талапты күшейттiм. Сол күннен бастап жұмыс уақытынан кешiккендер мен себепсiз жұмысқа шықпай қалғандарға, алкогольдi iшiмдiк iшiп келгендерге қатаң жаза қолданылатын болды. Оның шарттары жасалынып, жабық жайлардың қабырғаларына iлiндi. Күн режимiндегi белгiленген жұмыс түрлерiн дәл уақытында атқаруды қадағаладым. Күтiмi жақсарған сиырлар он күннен соң-ақ сүт бұлағын ағыза бастады. Өнiмдiлiк күннен күнге өсе түстi. Ал қаңтардың қарлы аязы қақап тұрды.

Сондай күндердiң бiрi едi. Кешкi сауыннан соң түнделетiп үйге оралдым. Әдетте Амансұлу емiн-жарқын қарсы алып, құрақ ұшып ыстық асын алдыма қоятын. Сол күнi көңiлсiз қарсы алды. Көзiнде кiрбiң бар.

– Амансұлу, көңiлiңнiң қошы жоқ қой. Сырқаттанып қалған жоқсың ба?

Ол екi ұлымызға сабақтарыңа дайындалыңдар деп өз бөлмесiне жiбердi де жабырқау үнмен:

– Ендi бiздiң балаларымызға қиын бола ма деп қорқамын, – дедi.

– Неге олай дейсiң? Не болды? Бәрiн де түсiндiрiп айтшы, – дедiм мен тағатсызданып.

– Бүгiн түсте поселкелiк советтiң төрағасы келдi. “Аупарткомның бiрiншi хатшысы Қырбаев пен Меңдiбаевты түсiнбей-ақ қойдым. Олар заңды белден басып отыр. Сiздердi осы пәтерден шығаруға маған бiр апта уақыт бердi”, – дедi қинала сөйлеп. Мен: “Неге?” – дедiм. Ол: “Қырбаев қаладан Энергетиктерге көшiп келмесем, жұмыс iстей алар емеспiн. Уақыттың бәрi жолға кетедi деп, Меңдiбаевқа шағымданған. Ал Меңдiбаевтың сөз тыңдар түрi жоқ”. Мен: “Бұл пәтер бiзге заңды берiлген. Ордерiмiз бар. Оның үстiне мына қақаған қыста пәтерден шығаруға ешкiмнiң де құқығы жоқ қой”. Ол: “Сiздiкi жөн. Бiрақ Қырбаев осы пәтерге қоныс аударғысы келiп, күнде құлағымның құрт етiн жеп жатса, мен не iстей аламын”, – деп дәрменсiздiк танытты. – Амансұлу маған мұңая қарады. – Амангелдi, ендi не iстеймiз? Мына қаңтардың суығында қайда барып жайланамыз?

“Жау жағадан алғанда, бөрi етектен тартады” деген осы екен-ау. Қаным басыма теуiп, екi бетiм дуылдап ысып кеттi. Аттай тулаған жүрегiмдi зорға басып, өзiме-өзiм әзер дегенде келдiм.

– Амансұлу, сабыр ет. Ел iшi ғой. Далада қалмаспыз. Ертең Захарченкоға айтып көрейiн. Колхоздан жай тауып беретiн шығар.

– Ал балалар ше? Тағы да басқа мектепке ауыса ма? – дедi жанарына жас iркiлiп.

Мен үндемедiм. Табан астында не айта қояйын. Адамның ең жанды, ең осал жерi балалары емес пе. Iшiм от-жалын. Сыртқа шығып мұздай қармен бетiмдi ысқыладым. Лезде ерiген қар кеудеме су болып ақты. Аяз да көктенiп, күшiне мiнiптi. Сонау қара түнектен сұп-суық жұлдыздар жылтылдайды.

Ертеңiне колхоз басқармасына барсам, төраға фермаларды аралап кетiптi. Бас зоотехник Әнуар Үзденовке жолығып, жағдайды қысқа жеткiздiм. Ол төрағамен ақылдасатын болды.

Көңiл орнында емес. Әлденеге алаңдаған жанда жұмысқа деген құлшыныс қайдан болсын. “Тас түскен жерiне ауыр”. Фермадағы бригадирлер жұмыс бабымен кабинетiне бiрi кiрiп, бiрi шығып жатыр. Күндегiдей шыраймен қабылдап, сыртымнан сыр алдырмауға тырыстым.

Қас қарая үйге келдiм. Тамаққа тәбетiм тартпады. Екеумiз үн-түнсiз дастарқаннан дәм алғансып, шай iшкенсiп отырдық. Байқаймын, Амансұлудың бiрдеңенi айтқысы бар. Бiрақ менi қалай қабылдайды екен деп қайта-қайта тартынып отырған сыңайлы. Содан оның жақсылық хабар емес екенiн де сездiм. Айтпай қалса жүрегiне салмақ болар деп:

– Ана дөкейлер бүгiн тыныш па? – дедiм самарқау үнмен. Ол сонда ғана шешiлдi.

– Амангелдi, мен бүгiн ауаткомның төрағасы Валерий Ярославцевке бардым. Заңсыз талаптарына наразылығымды бiлдiрiп едiм: “Сiздердi пәтерден шығару Меңдiбаевтың тапсырмасы. Және тездетiңдер деп жан алқымымыздан алып отыр”, – дедi. Мен де қасарысып: “Ендеше сiздер бiзге екi бөлмелi болса да, осы Энергетиктерден пәтер беруге тиiссiздер. Балаларымыз орта мектептi осында бiтiруi керек”, – деп тұрып алдым. Ол: “Өкiнiшке орай оның да ретi келе қоймас. Қырбаев: “Бегiмбетов Энергетиктер поселкесiнен қарасын да көрсетпесiн”, – деп отыр.

Тұла бойымды ызалы мысқыл кернеп кеттi.

– Бiлгендерiнен қалмасын. – Қолымды бiр-ақ сiлтедiм. Амансұлу стол үстiн жинастырып жатқанда газеттердi ақтардым. Барлығы Горбочевтiң көпiрме көп сөзiн жариялапты. Басқа оқитын, тәлiм алатын түк те жоқ.

Қырбаев кiм? Ол неге менi сонша жау көрдi?

1984 жылы Iле ауданы партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы Батталханов зейнеткерлiкке шыққан. Қазақстан Компартиясы ОК-нiң хатшысы Тұрысов, Алматы обкомының бiрiншi хатшысы Кеңес Аухадиевке, өзiнiң жиенi Қырбаевты аупарткомның бiрiншi хатшылығына сайлануға қолдау көрсетуiн өтiнедi. Қырбаев сол кезде ОК-те инструктор. Аухадиев: “Бiзде бұл орынға резервте тұрған iскер жан бар. Оны айналып өтiп, бұл өтiнiшiңiздi орындай алмаймын”, – деп бас тартқан. Сол резервтегi маман мен едiм. Iле аупарткомының кезектi пленумында бiрiншi хатшы қызметiне мен сайландым. Ал тосыннан килiккен Қырбаевтың жолы болмады. Жолын мен кесiппiн. Облысқа Меңдiбаев басшылыққа сайланысымен-ақ, оның айы оңынан туды. Ендi мiне ата жаудан бетер көрiп: “Бегiмбетов бұл поселкеден қарасын да көрсетпесiн” – деп отыр. Менен есе қайырған түрi ғой.

“Красное поледа” екi бөлмелi пәтер бос екен. Колхоз басқармасынан соған қоныстансын деген хабар жеттi. Жүк көлiгiн де жiберемiз дептi. Бiз көшуге қамдандық. Қонақ бөлмедегi жиһаздың фермадағы екi бөлмелi пәтерге сыймасы анық. Амансұлумен ақылдасып, жиһазды ағайын-туыстарға таратып беретiн болдық. Олар келгенде Амансұлу: “Кiтаптарымды қалдырып, басқаларын алып кете берiңiздер”, – деп өзi ыдыс-аяқтары мен көрпе-төсектерiн жинастырды. Сөйтiп көшуге буынып-түйiнiп дайын отырдық. Колхоздың жүк көлiгi әне барамыз, мiне барамыз деп кешiгiп жатты.

Әлi есiмде. Бәлкiм бұл күндi де ешқашан ұмытпаспын. Ал бұрынғы талай рет көшiп-қонған күндерiм есiмде жоқ.

1986 жылдың 22 қаңтары. Сары шұнақ аяздан табан астындағы қар сықыр-сықыр етедi. Мен жұмыстамын. Балалар мектепте. Амансұлудың үйге түстiкке келген бетi екен. Есiктiң қоңырауы баж ете қалады. Ашса арғы жағында әупиген бiр милиция қызметкерi мен екi бейтаныс кiсi тұр. Амансұлу пәтерден жаңылысып жүргендер шығар деп ойлаған.

– Сiздерге кiм керек?

Милиционер баждиып қарап:

– Бегiмбетовтiң пәтерi ме? – деп зiрк ете қалады.

– Иә, – дейдi Амансұлу оларға шошына қарап.

Милиционер едiреңдеген дөрекi бiреу екен. Амансұлудың рұқсатынсыз iшке баса көктеп кiрiп, есiк көзiнде тұрып қалған екеуге басымен ишарат жасайды. Олар да табалдырықтан аттаған. Милиционер ештеңенi түсiнбей тұрған Амансұлуға жуан дауыспен гүж етiп:

– Сiздерге берiлген бiр апта мерзiм бiттi. Сыртта көлiк тұр. Жүктерiңiздi артыңыз. – Қасындағы екеудi иегiмен меңзеп. – Ал мыналар артып, түсiруге көмектеседi.

– Күйеуiм мен балаларым келгенше қоя тұрсаңыздар.

– Оларға қарайтын уақыт жоқ. – Ол жанында тұрғандарға басын бұрып. – Қане, жүктердi шығарыңдар.

Оның бұйыра сөйлегенiне қарағанда, аналар айықтырғышқа түскен бiреулер болуы керек.

Амансұлу маған телефон шалды. Дауысы дiрiлдеп, тез жетуiмдi өтендi. Мен үйге алып-ұшып келгенше, балалар да мектептен оралды. Милиционердiң “бол-болға” салып, желкелеуiмен, аналар буып-түйiлген жүктердi машина қорабына қалай болса солай лақтырып тастай салған. Амансұлу әйтеуiр ыдыс-аяқтары салынған қағаз қораптарына тигiзбептi. Оны өзiмiз тиедiк. Күн бата Энергетиктер поселкесiнен шықтық. Милиция қызметкерi сол жерден қалып қойды.

Көлiк “Красное поледағы” екi пәтерлi тозығы жеткен үйдiң алдына тоқтағанда, қас қарайып, төңiректi қою қараңғылық тұмшалаған. Қақаған аяз жан шыдатар емес. Аналар машина қорабынан жүктердi бей-берекет лақтырып тастап, алды-арттарына қарамай зытты.

Үй екi пәтерлi. Бiр жақ бөлiгiне жас отбасы жайғасыпты. Күн жылыда кiрiп алғандары көрiнiп тұр. Сыртқы есiгiнiң айналасы мұқият сыланып ақталған. Бiз құлпы тотыққан сыртқы есiктi сықырлатып әзер аштық. Қараңғыда түртiнектеп жүрiп шамды жақтым. Сұмдық-ай! Бөлмелердiң сұрқын көрiп, состиып тұрып қалдық. Үй емес, көп жылдардан берi қараусыз қалған қойма секiлдi. Сылағы түскен алабажақ қабырғалары анау. Электр желiсiнiң әр-әр жерi үзiлiптi. Iшкi есiктерi алқам-салқам. Ашылса жабылмайды, жабылса ашылмайды. Топсаларының шиқылы миыңды шағады. Терезелердiң қиюы қашқан саңылауларынан аяз азынап тұр. Жермаймен жанатын пештiң де сиқы көзге қораш көрiнедi. Еден бес елi шаң. Амансұлу көне газ плитаны тұтатып едi, күлiмсi иiс мұрынды жарды. Тап осындай пәтерге кiрем деп ойламаппын. Аза бойым қаза тұрды. “Адамды бұдан өткен қорлау болмас. Мен Меңдiбаевқа халық жауынан да бетер болдым-ау, – деп iштей қорландым. – Осыншалық қорлайтындай менiң кiнәм не?” Өкiнiш пен күйiнiшке булығып, тынысым тарылды. Галстугiмдi төмен ысырып, омырау түймелерiмдi ағыттым. Сыртқа шықсақ жанашыр ағайынның бiразы жиналыпты. Жан қысылғанда олардың келгендерiнiң өзi неге тұрады. Көңiлге үлкен демеу екен. “Айналайын, ағайындарым. Жанашыр көңiлдерiңе ризамын! Сендерге мың да бiр рахмет!”. Оларға жүктiң бiразын үйдiң iргесiне жинатып, үстiнен су өтпейтiн брезентпен жаптық. Өйткенi тар бөлмелерге екi столдан, жатын төсектен басқасы сыймайды. Амансұлу қояр да қоймай бөлмелердi ақтады. Түн ортасынан ауа пәтер iшiн бiр жөнге келтiргендей болдық-ау, әйтеуiр. Әбден шаршап-шалдыққанымызды сонда ғана бiлдiк.

Сонымен бiз он сегiзiншi рет қоныс аудардық. Ал балалар бiр жылда үшiншi рет мектеп ауыстырды. Амансұлу да фермадағы мектепке орналасты. Бiрақ сол бойда оқушыларға сабақ бере алмады. Көшiп-қонудың азабы, балалардың мектеп ауыстырғаны жүйкесiне қатты әсер етiп, жүрек талмасына шалдықты. Профессор Евгения Андреевна бекер ескертпеген екен. Миының сол жақ бөлiгiндегi операция жасалған жерi шамадан тыс күйiнiштi көтере алмай, төсек тартып жатып қалды. Ауруханаға жатқызайын деп едiм үзiлдi-кесiлдi қарсы болды.

– Амангелдi, тап осы бiр қиын кезде мен сенi екi баламен жалғыз қалдырып, ауруханада тыныш жатады деймiсiң? Сендердi көрiп отырсам көңiлiм тоқ. Маған содан жақсы ем жоқ.

Не дейiн, келiсуден басқа амалым қалмады. Дәрi-дәрмегiн үйде жатып қабылдап, ауруымен күрестi. Мен жұмыста, балалар оқуда. Үйде жападан-жалғыз жатып, жан азабына түскенiн iшiм сезедi. Ал кешкiсiн бiз келгенде жәй сырқаттанып қалған жандай кейiп танытады. Екi ұлымыз оның екi қанаты секiлдi. Үй тiрлiгiне бейiмделiп алған. Өздерi бiлiп iстей бередi. Сабақтарына дайындалып болған соң, анасының көңiлiн көтеруге тырысады. Солардың қызықты әңгiмелерiне езу тартып, мектептегi жағдайдан да бiршама хабардар болып отырғаны.

Сыйлас жандар күн аралатып үйге соғып тұрды. Олардың сол келiп-кеткенiнiң өзi бiзге медет. Өрiсi кең малшыдай арқаланып қаламыз. Осы ауданда басшылық қызметтерде жүргенiмде “Межколхозстрой” тресiнiң бастығы Баққожа Қасымжановпен танысқаным бар. Мақсатымыз халық шаруашылығын көтеру болған соң қаншама жұмысты бiрге атқардық. Сонда оның сөздiң емес, iстiң адамы екенiне толық көзiм жеткен. Уәде берiп мойнына алды ма, орындайды және дер кезiнде. Колхозда ол тұрғызған нысандар әлi күнге ел игiлiгiне асуда.

Бiр күнi үйге күтпеген жерден сол Баққожа да ат iзiн салды. Пәтерiмiздi көрiп, жағдайымыздың мәз емес екенiн бiлiп, аз отырып шығып кеткен. “Красное поледа” трестiң үш бөлмелi ескi үйi бар екен. Соны күрделi жөндеуден өткiзiп, көктем шыға кiлтiн қолымызға ұстатты. Мен одан мұндай сыйлықты күткен жоқ едiм. Сондағы Нұрлан мен Ерланның қуанғаны-ай! Кең әрi жарық бөлмелерiн көрiп, көздерi шаттықтан жайнап, төбелерi көкке екi-ақ елi жетпей қалғандай масаттанды. Амансұлу ше! Ас бөлмедегi су шүмегiн бiресе ашып, бiресе жабады. Аппақ жалтыраған газ плитасынан көгiлдiр отты тұтатып та үлгердi. Ошағынан оты жанып тұрған үйдi айтсайшы! Береке, ырыс сонда емес пе! Бұл қуаныш Амансұлудың еңсесiн көтердi, жанын жадыратты. Мен Баққожаға шексiз алғысымды бiлдiре отырып, күрделi жөндеуге жұмсалған қаржыны өтейтiнiмдi айттым.

Ол жымиып:

– Әбеке, сiздiң бұл ауданға еңбегiңiз әлдеқашан сiңген. Бұдан да жақсы үйде тұруыңызға қақыңыз бар. Әзiрге осыған риза болыңыз. Ал шығынды төлеуге сiз мiндеттi емессiз, – дедi.

Далада машинаның қатар түскен қос iзiндей жақсылық пен жамандығы қатар жүрген өмiр-ай десейшi. Бiреулер Меңдiбаевтың маған өшпендi көзқарасын пайдаланып, аяғымнан шалып, орға итерiп жатқанда, Баққожа одан қаймықпай, үй сыйлап отыр. Менiң Баққожаға мiндет қылар ештеңем жоқ едi. “Адамның күнi адаммен” – деген қазақ неткен дана едi.

Тәртiп бар жерде – табыс бар. Бұрын бiр жылда әр сиырдан 3100 килограмм сүт сауылса, ендi бұл көрсеткiш 4200 килограммға жеттi. Әр жүз бас аналықтан тоқсан бас бұзау алынды. Ферма облыс бойынша ең алдыңғылар қатарына қосылды. Облыстық “Жетiсу” және “Огни Алатау”, республикалық “Казахстанская правда” газеттерi бiздiң ұжымның жетiстiгiн жарыса жазып, өзгелерге үлгi тұтты. Малшылар мен сауыншылардың айлық еңбек ақылары өсiп, жұмысқа деген құлшыныстары артты.

Бiрде күтпеген жай болды. Фермадағы кеңседе iс қағаздарды ретке келтiрiп отырғанмын. Аулаға ақ “Волга” автомобилi келiп тоқтады. Кабинадан обкомның бiрiншi хатшысы Меңдiбаев түстi. Жанындағы жүргiзушiден басқа ешкiм көзге шалынбады. “Ау бұл сабазың қайдан жүр? Көктен түстi ме? Әлде адасып келiп қалды ма? – Терезеден қарап бiр сәт аңтарылып тұрдым. – Қой, мен үшiн анау болғанмен, облыстың басшысы ғой. Сыртқа шығып, жөнiн бiлейiн”.

Ұсынған қолымды самарқау алды. Қалың қабағын шытып:

– Бегiмбетов жолдас, ферманы көруге келдiм, – дедi салқын үнмен.

– Жүрiңiз. – Мен жол бастадым.

Ферманың iшi айнадай. Санитарлық талапқа толық жауап бередi. Сүт сауатын жабық жайларда сауыншылардың күндiк, апталық, айлық көрсеткiштерi, мал күтiмiнiң күн тәртiбi iлiнген. Тойынған сиырлардың тырсиған желiндерiн жуып, сауыншылар арнайы қондырғылармен сүт сауып жатыр. Бұзаулар тұрған қоражайларды да аралап көрдi. Қанша қадалса да мiн таппады. Бұртиған аузынан бар болғаны: “Жарайды”, – деген жалғыз сөз шықты да, үн-түнсiз аттанып кеттi.

“Меңдiбаев неге ұрын келiп, неге ұрын кеттi?” Осы сұрақ көкейiмнен күнi бойы кетпей қойды. Есiме содан бiрер апта бұрын келген Крамаренко түстi. Ол Орталық Комитетте инспектор едi. Қолында домалақ арыз. Баз бiреулер Меңдiбаевтың үстiнен Қазақстан Компартиясы ОК Бiрiншi хатшысы Дiнмұхамед Қонаевтың атына арыз жазған екен. Крамаренко көрсеткенi болмаса, оқып танысуға бермедi. Арыз қаламмен жазылыпты. Cоңына “Добро желатель” деп қол қойған. “Демек, бұлардың ойынша арызды ұйымдастырушы мен екенмiн ғой”.

– Амангелдi Мукашевич, осы арызда қаншалықты шындық бар?

– Оны анықтау сiздердiң мiндеттерiңiз.

– Ал кiм жазды деп ойлайсыз?

– Бiлмеймiн. Бiлгiм де келмейдi.

– Дегенмен… – Ол сөз соңын жұтып қойды.

– Өз басым бұрын-соңды бiреудiң үстiнен домалақ арыз жазған емеспiн. Арыз жазуға уақытым да жоқ. Ең жек көретiнiм де осы арыз жазу. Бiреудiң мiнiн тек бетiне айтамын. Сондықтан да ондайларға жақпаймын. Мына арыз сауатсыз жазылыпты. Мен Iле ауданының бiрiншi хатшысы емеспiн, Iле аудандық партия комитетiнiң бiрiншi хатшысы болдым.

– Жарайды, онда өз ойыңызды жазбаша түрде жазып берiңiз.

– Бұл мен үшiн аса қиын шаруа емес.

“Қазақстан Компартиясы ОК Бiрiншi хатшысы Дiнмұхамед Қонаев жолдасқа.

Мен өмiрiмде бiреулердiң үстiнен домалақ арыз жазып, жоғары басшылыққа шағымданған жан емеспiн. Және өз жағдайыма байланысты ешкiмге де кiнә артпаймын.

Талғар ауданы ХХIV партсъезд атындағы колхоз тауарлы-сүт фермасының меңгерушiсi А.Бегiмбетов”.

Менiң бұл қолхатымды Меңдiбаев та оқыған екен. Обкомдағы маған ниетi түзу жаннан естiп-бiлгенiм, ол менен мұндайды күтпеген. Оның үстiне облыстық басылымдардың ферма жетiстiгiн мақтауы жетiп жатыр. “Осының бәрi рас па, жоқ жәй әшейiн өтiрiк дақпырт па? Өз көзiммен көрiп қайтайын”, – деп таңертең аттанып кеткен. Меңдiбаевтың фермаға тосын келгенi сол екен.

Горбачевтың қайта құру саясаты күшiне енген. Қоғамды қайта құрушы шолақ белсендiлерге не дауа. Сiрескен сеңдi бұзып, жаңа дүние құрамыз деп шаш алудың орнына бас алуға көшкен. Солардың бiрi – Меңдiбаев. Облыста ойына не келсе, соны iстедi. Ол облыс экономикасын жақсартудың жолдарын iздестiруден гөрi, басшылықта жүрген Аухадиевтiң кезiндегi мамандарды қызметтен кетiрiп, қудалаумен айналысты.

Күндер өтiп жатыр. Қыстық мал азығының мол қорын жинау үстiндемiз. Сондай күндердiң бiрiнде фермаға радиограмма түстi. “ХХIV партсъезд атындағы колхоз тауарлы-сүт фермасының меңгерушiсi А.Бегiмбетовке. Ертең сағат онда обкомға келiңiз”. Ой жүйрiк. Сан-саққа алып қашты. “Тағы не болып қалды? Меңдiбаев қыр соңымнан қалмайтындай ендi не iстеп қойыппын? Әлде менiң сүт өнiмдiлiгiн арттырып, ферманы алға шығарғаным да жақпай қалды ма?”. Меңдiбаев емес, ауылшаруашылығын қарайтын екiншi хатшы Александр Шекота қабылдады.

– Амангелдi Мукашевич, “Нұрлы” совхозына директор болып баруға қалай қарайсыз?

Шынымды айтсам мен олардан мұндай ұсынысты күткенiм жоқ. Күнi кеше ғана “халық жауындай” көрiп, iннен-iнге тығып, қудалады емес пе? Ал бүгiн директорлық қызметтi ұсынып отыр. Бұл менiң еңбегiмдi бағалағандары ма, жоқ әлде басқа ойлағандары бар ма?

– Меңдiбаевпен келiсiп пе едiңiздер?

– Иә, келiсiлген, – деп аз кiдiрдi де. – Сiздiң кандидатураңызды ұсынған да өзi.

Серіктес жаңалықтары