ОРАЗАҒА ТIЛЕК
ОРАЗАҒА ТIЛЕК
Кiмдi болсын бiздiң халық
Көрмеп едi жатсынып,
Алматының көшесiне
Қайдан келдiң жоқшылық.
Базар барсаң қол жаяды
Бала емiзген бiр ана,
Шыға берсең жәутеңдейдi
Көзiн ашқан көк шыбық.
Мешiт барсаң, Алла үйiнiң
Алдында отыр пақырлар,
Жанарымен медет тiлеп,
Дәл қасыңа жақындар.
Дұғаңа қос, жасағаннан
Тiле олардың тiлеуiн
Садақаңды бер соларға,
Мұсылмандық атың бар.
Iшер асты табу үшiн
Жарым күндiк, бiр күндiк,
Аспап алып, ән салады
Туннель-жолда бiр мұңлық.
Топталып ап жалаң аяқ
Көше кезген сорлылар,
Ерiксiзден тамағы үшiн
Жасайды ендi күнде ұрлық.
Оларға да берген Алла
Ар мен ождан, ой-сана.
Табынады Мұхаммедке,
Сиынады Айсаға.
Бiрi-қара, бiрi – сары
Болса-дағы мұңы бiр,
Тағдыр жазған маңдайына
Жоқшылықты бейшара.
Ғарiп болған қай кезде де
Сонау ықылым заманда,
Байлық барда мұқтаждық та
Бiрге жүрер әманда.
Сол жоқшылық, сол тапшылық
Тамыр жаймай жойылсын,
Қазағымнан аулақ кетсiн
Айы-күнi аманда.
Ешбiр адам болжап бiлмес,
Күтер қандай жол алда.
Жұмыс берсiн екi қолға,
Тамақ берсiн соларға.
Көшемiзде көрiнбесiн
Жүрек жаншыр жоқшылық,
Пақырлардың барлығына
Несiбесiн бер, Алла!
Ата-бабам аттанбаған
Жолсапарға салмай ер.
Қиналғанды көре тұра
Қолын созбас қандай ер.
Адамзаттың ғасырлардан
Салған iзiн зерделе,
Халқы азбаса, жер тозбаса,
Гүлденедi сондай ел.
Оңбай құлар шапқан адам,
Тартылмаса ат айыл.
Сол айылды тартатұғын
Қосшы керек, о, Тәңiр.
Көшелерде жоқ-жiтiктер,
Қол жайғандар көбейсе,
Алтын-күмiс әбзелiңнiң
Болғанынан не қайыр?
Бiздiң жерде бәрi де бар,
Байлық та бар, бақ та бар,
Ырыс пенен береке де,
Табиғат та, тақ та бар,
Байға ынсап бер, я, Жасаған,
Ал жарлыға жәрдем бер,
Сонда ғана бiздiң елде
Мәңгi сөнбес от жанар.
Бауыржан ЖАҚЫП