БАҚ ӨКIЛДЕРIНЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР
БАҚ ӨКIЛДЕРIНЕ АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Алматыда Қазақстан Петролеум қауымдастығының ұйымдастыруымен БАҚ өкiлдерiне арналған 7-шi брифинг-семинар болып өттi. “Мұнай өнеркәсiбiне шолу” деп аталатын шара жылдағы дәстүрiнен танбай, соңғы кезде орын алып жатқан мұнай-газ саласындағы түйткiлдердiң жай-жапсарын кеңiнен талқыға салды.
Қазақстан Петролеум қауымдастығының iшкi қоғаммен байланыс жөнiндегi төрайымы Гүлнәр Шарибаева шымылдығын ашқан семинарға республика бойынша 30-ға жуық БАҚ өкiлдерi қатысып, өздерiн мазалап жүрген сауалдарға тiкелей сарапшылардан жауап алды. Мәселен, Салық және заңнамалық қызмет саласының менеджерi Жан Жотабаев “Салық заңнамасының орындалуы және жүгi ауыр мәселелер” атты баяндамасында жаңа “Салық кодексiнiң” берер мүмкiндiктерiмен, онымен жұмыс iстеу кезiнде туындайтын жайттарға зерттеу жасады. Еркiн пiкiр-талас алаңына айналған семинарда журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды жауап беруге тырысқан сарапшылар өз саласын жетiк меңгергенiн аңғартты. Бiр айта кетерлiгi, мұнай-газ саласын зерттеуде аянбай тер төгiп жүрген жас мамандар қатарының артып жатқандығына куә болдық. Алайда, жас болса да, бас болған сарапшылардың тiлi ғылымның жекеменшiк тiлiне айналып кеткен орыс тiлiнде сайрап салған тұста iштей тосылғанымыз рас. Қалай десек те, шара барысында экономистер, заңгерлер, мұнай саласының мамандары мен сарапшылар журналистерге мұнай-газ саласындағы заңдылықтар мен бүгiнгi жай-күйi туралы толыққанды ақпарат бердi. Семинарды ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты БАҚ өкiлдерiн мұнай-газ саласы туралы толық мәлiметтермен, өзгерiстермен таныстыру екен. Осымен жетiншi мәрте журналистер үшiн арнайы семинар ұйымдастырып отырған Қазақстан Петролеум қауымдастығы “Қазақ мұнайына 110 жыл” толуы қарсаңында маңызды, пайдасы мол шараға мұрындық болғанын айта кеткен жөн. Семинардан көп нәрсенi көңiлiне түйген БАҚ өкiлдерi Қазақстан Петролеум қауымдастығы ұсынған сертификаттарға ие болды.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ