ОҚУШЫЛАРДЫҢ АТЫ-ЖӨНIН ТЕК ҚАЗАҚША ЖАЗАМЫН

ОҚУШЫЛАРДЫҢ АТЫ-ЖӨНIН ТЕК ҚАЗАҚША ЖАЗАМЫН

ОҚУШЫЛАРДЫҢ АТЫ-ЖӨНIН ТЕК ҚАЗАҚША ЖАЗАМЫН
ашық дереккөзі
308

Мәселен Ляззат, Анель, Адилет дегендердi…

Мiне, тағы бiр жаңа оқу жылы табалдырықтан аттады. Кеше ғана тарыдай боп кiрген балғындарымыз бүгiн таудай болып бiлiмнiң нәрiне кемелденiп келедi. Бұл бiз үшiн үлкен бақыт… Өзiм мұғалiммiн. Еңбек өтiлiм де бiрталай. Бiрақ жаңа оқу жылы басталысымен сары уайымға батамын. Менi мазалайтын мәселе — оқушылардың аты-жөнi мен ата-тегiнiң қазақша жазылмауы.

Кез келген мұғалiм сабақтың бiрiншi күнiнен-ақ оқушылардың тiзiмiн жасайды. Оны оқу бөлiмiнiң меңгерушiсiне тапсырады. Осы кезде өзiм батылдау амалға барып, оқушылардың аты-жөнiн тек қазақша жазамын. Мәселен, құжат бойынша Чингиз, Еркин, Ляззат, Анель, Адилет деп жазылған балалардың есiмiн таза қазақ тiлiне келтiрген күйiнде жiберемiн. Кейде оқу iсiнiң меңгерушiсi “Құжат бойынша толтырыңдар!” деп қайта-қайта ескерту жасап жатады. Қазақтың қаракөз балаларының атын қалайша бұрмалап жазып, қарап отырасың?! Әрине, бұл баласына ат қойып, айдар таққан ата-ананың да кiнәсi емес. Кеңестiк кезеңде қазақ тiлiнiң қолдану аясы тарылып кеттi. Осыны ұтымды пайдаланған пысықайлар жаңа өмiр есiгiн ашқан сәбилердiң құжатын түгел дерлiк орыс әрiптерiмен толтырып жiберетiн. Қазiр ше? Тәуелсiздiгiмiздi алып, еңселi ел қатарына қосылған тұста да құжат беретiн мекемелер, Әдiлет министрлiгiне қарайтын орталықтар қазақтың баласының аты-жөнiн орыс тiлiне бұрмалап жiбередi. Тiптi, кейбiр етi тiрi, көптi көрген ата-ана “Неге олай жазасыз? Қызымның аты — Молдир емес, Мөлдiр ғой” деп түсiндiрiп жатса да, “Қазақ тiлiндегi әрiптер компьютерде жоқ” деп те сылтауратып жатады. Бұл сонда, кертартпалық емей немене?

Өзiм оқушылар тiзiмiн тек қазақша жазуға тырыссам да, күндердiң бiр күнiнде мектеп директоры немесе оқу iсiнiң меңгерушiсi бiлiп қойса, бүкiл журналды қайта көшiрте ме деп қорқамын. Несiн жасырайын, “аш пәледен қаш бәлем” деген саясатты ұстанған мұғалiмдер оқушының аты-жөнi қалай тұр, солай жаза салады. Әсiлi, мұндайлар ұлтқа, тiлге қатысты мәселеге аса жаны ауырып, күйзелмейтiндердiң санатынан шығар. Дегенмен, баланың орысша аты-жөнi мен тегiн қазақ тiлiнде жазу керек пе, жоқ па, осы жағын келiсiп алуға болмас па екен?

Керiмбике Сәруарқызы

Серіктес жаңалықтары