Берiк ӘБДIҒАЛИЕВ, САЯСАТТАНУШЫ: ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ САНАСЫ ӨСIП КЕЛЕДI

Берiк ӘБДIҒАЛИЕВ, САЯСАТТАНУШЫ: ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ САНАСЫ ӨСIП КЕЛЕДI

Берiк ӘБДIҒАЛИЕВ, САЯСАТТАНУШЫ: ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ САНАСЫ ӨСIП КЕЛЕДI
ашық дереккөзі
238

Қыркүйектiң 15-сiнде “Айтпарк” пiкiрталас клубында Мемлекеттiк тiлдi қолдау жөнiндегi президенттiк қордың президентi, “Қазақ” альманағының бас редакторы Берiк Әбдiғалиевпен кездесу болып өттi.

САЯСИ ЭЛИТА ЖАУАПКЕРШIЛIКТЕН ҚОРҚАДЫ

Әңгiме қазақ тарихы, қазақ идеясы және қазақ арманы төңiрегiнде өрбiдi. Әуелгi сұрақтар легiн өрбiткен “Айтпарк” клубының жетекшiсi, саясаттанушы Нұрлан Ерiмбетов күнi бүгiнге дейiн толғақты болып келген қазақтың бiртұтас ұлттық идеясының әлi күнге жүзеге аспай отырғандығын сөз еттi. Мәселен,

— “Қазақтың ұлы тұлғаларынан кiмдi бiлесiң?” немесе “Кiмдi пiр тұтасың?” деген сауалға Абайдан өзге ешкiмдi атамайтынымыз нелiктен? — деген сауалға:

— Жоңғар соғысынан қалжырап қалған Қазақтың бүкiл құба даласы бодандық қамытын киiп, еркiн елдiң бұғауға мойынсұнуына тура келген кезде елдiң игi жақсылары тығырықтан шығар жолдың жоқ екендiгiне налып, қазақтың күнiнiң бiткендiгiн жырға қосып, зарлана бастайды. Бұл заман қазақ тарихында “Зар заман” деген атаумен қалды. Осы кезге тап келген Абай қазақтың тығырықтан шығар жолын iздеп, үнемi зарлана берудiң орнына дұшпаныңа қарсы тұру үшiн оның әдет-ғұрып, салт-санасын, жақсысы мен жаманын үйренуге шақырды. Абай ұлтты тәрбиелеудiң өзгеше жобасын ойлап табуы арқылы, ұлттық дамудың жаңа сатысына көтердi.

Ал, ұлттық мемлекет құрудың жаңа жобасын ойлап тапқан Алашорда көсемдерiнiң әлi күнге дейiн лайықты бағасын ала алмауы — Кеңес одағы кезiндегi олардың атын атауға тыйым салу салдарынан. Тәуелсiздiк алған 20 жыл iшiнде олардың атын ұлықтауға жеткiлiктi деңгейде көңiл бөлiнбедi.

— Ендеше Алаш көсемдерiнiң тұлғасын бүгiнгi ұрпаққа зорайтып көрсетуге не кедергi? Алаш көсемдерiне неге тек Семей өңiрiнде ғана ескерткiш орнатамыз? Немесе Махамбет пен Исатайдың ескерткiшi неге тек Батыс Қазақстанда ашылуы тиiс? Алашордалықтарды қызылордалықтар неге бiлмейдi?

— Бiзде қазiр әр өңiр өз батырын ұлықтау тенденцияға айналды. Егер әкiмдер осы iстi орындауға өздерi ниет ететiн болса, оған ешкiм қой демейдi. Тек “Алаш” қозғалысының 90 жылдығына арналған ескерткiштi Астанаға орнатуға Мемлекеттiк хатшы Қанат Саудабаев қарсы болып, ендi 10 жылдан кейiн орнатуға рұқсат еттi. Сөйтiп, бұл ескерткiш Алашорданың отаны болған, астанасы болған Семей қаласында тұрғызылатын болды.

— Жақсы, бiрақ қазақтың зиялысы ХХ ғасыр басындағы Алаш көсемдерiмен аяқталмайды ғой. 70-80 жылдардағы рухани номенклатура қайда? Олардың арасында ұлт мақтанышына айналар тұлғалар жоқ па?

— Әрине, 60-80 жылдар аралығында жазылған тарихи туындылар қазақтың ұлттық сана-сезiмiнiң өсуiне бiрталай әсер еттi. Мұхтар Мағауин қазақ әдебиетi тарихын ХV ғасырдан бастауға жол ашқаны ұлттың дамуына үлкен үлес қосты. Iлияс Есенберлиннiң, Әбiш Кекiлбаевтың, Әнуар Әлiмжановтың тарихи туындылары қазақ халқының ұлттық мақтанышының оянуына септiгiн тигiздi.

Бiрақ, бүгiнгi зиялы қауымның бiр кемшiлiгi — ұлттың жауапкершiлiгiн мойнына алуға жүрексiнедi. ХХ ғасырдың басындағы Ресейдегi бей-берекетсiздiк кезiнде Алаш көсемдерi ұлттың жауапкершiлiгiн өз мойнына ала бiлдi. Ресей құрамынан шығып кетудi мақсат етпесе де, өз басқару жүйесi бар, территориясы айқындалған, мемлекеттiк тiлi бар, парламенттiк жүйедегi — мемлекет құрудың алғышарттарын жасақтап, Қазақ ұлтын өздерi алға сүйреуге кiрiстi. Алаш — ұлттық мемлекет құру жолындағы қазақтың алғашқы ұлттық жобасы. Алаш жобасы — қазақтың ұлттық идеясы, ұлттық арманы. Қазiргi элита осындай ұлттық жоба негiзiнде топтасуға дәрменсiз.

БIЗДЕ ОРТАҚ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕ, ОРТАҚ ҰЛТТЫҚ АРМАН ЖОҚ

— Жақында Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов Үкiмет жиналысын тек қана қазақ тiлiнде өткiзуге уәде бердi. Бiрақ, ай өттi ме, өтпедi ме Премьер мырза өз сөзiнде тұра алмады. Бұл не? Саяси ойын ба?

— Сол кезде, менiңше, жалпыұлттық санақтың алғашқы нәтижесi жарыққа шығып, қазақтардың үлес салмағы 67 пайызға жеттi деп ұрандатып жатты. Бәлкiм, Премьер осы сәттi ұтымды пайдаланғысы келген шығар. Алайда, бiзде қоғамда қазақтiлдiлерден гөрi, орыстiлдiлердiң саяси қысымы күштi. Егер, орыстiлiнiң қолданылу аясын қысқартуға қадам жасалса, онда қоғамда шу болар едi. Ал, Премьер бастаған iсiн аяқсыз тастады, бiрақ, қазақ қоғамында бұған назар аударған немесе талап еткен ешкiм болмады. Демек, халық өзi талап етпейiнше, мемлекеттiк тiлдiң өрге жүзуi де екiталай.

Залдағылардың бiрi Берiк Әбдiғалиев мырзаға:

— 1989 жылы Геннадий Колбин “қазақ тiлiн үйренемiн, екi айдың iшiнде сайрап шығамын” деген едi. Бiрақ, ол өмiрбақи Ресейде тұрған, ұлты орыс адамы. Ал, Кәрiм Мәсiмов тiл сындырам дегелi бiраз уақыт өттi. Бiрақ, Колбиннiң деңгейiнен аса алмады. Сiздiңше, бұл екеуiнiң арасындағы айырма не? — деген сауал қойды.

— Демек, ешқандай айырма жоқ, — деп жауап қатты Әбдiғалиев.

— Сiз халықтың өзiнiң төменнен талап етуi қажет дейсiз. Алайда, егер президент саяси элитаға қазақ тiлiнде сөйлеуге тапсырма берсе, бiздiң билiк қазақша сайрап кетер едi — дедi тағы бiреу залдан.

— Толықтай келiсемiн, — дедi.

Залдан тағы бiреу: “Ұлттық ерекшелiктi сақтау үшiн, ұлттық тiлдi бiлу шарт емес. Бастысы жүрегiңде “қазақпын” деген сана болуы шарт” деген пiкiрмен келiсесiз бе? — деп сұрады.

— Келiсемiн. Әрине, ең әуелi адамның жүрегiнде ұлтқа деген махаббат оянуы керек. Егер, ұлтыңды шын жақсы көрсең, ұлттың басқа да құндылықтарын бiлуге, тiлiн үйренуге деген ұмтылыс пайда болады. Егер, сiз басқа тiлде тәрбиеленген болсаңыз, дүниетанымдық түсiнiгiңiз де басқаша болады. Қазақы менталитеттен алыстау боласыз. Сол үшiн тiлдi бiлуге деген ұмтылыс өзiнен-өзi пайда болады. Тiл дегенiмiз — сiздiң генетикалық кодыңыз. Сiздiң қай ұлттан екенiңiздi әйгiлейтiн айғақ.

— Қазақ тiлiне соңғы кездерi қыруар қаржы бөлiндi. Бiрақ, бұдан өрге жүзген мемлекеттiк тiлдi көрiп отырған жоқпыз. Керiсiнше, мемлекеттiк тiлде iс-қағаздарын жүргiзу iсi Үкiметтiң арнайы Қаулысымен 70 пайыздан 60%-ға қысқаратын болыпты. Бұған не себеп болды? — деген бiздiң сауалымызға:

— Әрине, тiлге бөлiнген қаржы құмға сiңген судай болды. Жасалып жатқан ештеңе жоқ. Қазiр iс-қағаздарын қазақшалау деген формальды дүниеге айналды. Қазақ тiлiне бөлiнген қыруар қаржының көбi мемлекеттiк қызметкерлердi оқытуға жұмсалып жатыр. Бiрақ, оның сұрауы жоқ. Мемлекеттiк қызметкерлерге жұмсалған қаржының өтеуi болуы үшiн, қазақ тiлi қажеттiлiкке айналуы керек. Екi-үш ай курс оқыған соң, мекемесiне келген қызметкерден қазақ тiлiн қаншалықты бiлетiндiгiн ешкiм сұрап жатқан жоқ. Сонымен, оның үйренгенi ұмытылып қалады. Демек, тiлдiк саясаттың менеджментi жүзеге аспай отыр. Керiсiнше, бұл iс тым саясиланып барады.

Қаржы бөлiндi, бiрақ оның өтеуiнен гөрi, зияны басым. Бұндай жағдайда билiк төтенше жиналыс жасап, алдағы iстi жүйелеуi қажет едi.

— Тiлдер туралы заңды алып қарасаңыз бар-жоғы 22 баптан тұрады екен. Соның 17-сiнде “немесе” деген сөз қолданылыпты. Яғни, қазақ тiлiнде немесе орыс тiлiнде. Демек, анықтылық, нақтылық жоқ. Сiздiңше, мемлекеттiк тiл мен ресми тiлдiң айырмашылығы неде?

— Орыс тiлiнiң дәрежесi — ресми тiл емес. Мемлекеттiк тiл мен ресми тiлдiң ешқандай айырмасы болмайды. Ал, бiздiң заңнамалық актiмiз бойынша, “орыс тiлi ресми түрде қолданылады” делiнген. Демек, мемлекеттiк тiлдi бiлмей, қиналып бара жатсаңыз, орыс тiлiн ресми түрде қолдануыңызға болады. Егерде, бiздiң қолданыстағы заңдарымыз орындалған болса, қазақ тiлi баяғыда-ақ дамып кеткен болар едi. Бiзде бар заңдарымыздың өзi орындалмай отыр.

Бiрiншiден, ұлттың өзiнiң талабы жоқ, екiншiден, билiкте жүйе жоқ. Үшiншiден, ұлттың тұтастығы, ортақ мүдде, ортақ арман жоқ. Мәселе ұлттың өзiнде, ұлт дамымай, ұлттық құндылықтар алға шықпайды. Бiзге ешкiм қысым жасап отырған жоқ. Алайда, орыстар ренжiп қала ма деген жалтақтық өзiмiзде басым. Бiзде елдегi ұлтаралық татулық қазақ тiлiнiң есебiнен жүзеге асып келедi. Егерде, бұған дейiнгi сайлауларда орыс факторы маңызды рөлге ие болып келген болса, ендiгi сайлауларда қазақ факторы маңызға ие болады. Өйткенi, қазақтың ұлттық сана-сезiмi жетiлiп, рухани құндылықтары өсiп келедi.

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары