САҚИНАДАН ШЫҚҚАН АТЫС

САҚИНАДАН ШЫҚҚАН АТЫС

САҚИНАДАН ШЫҚҚАН АТЫС
ашық дереккөзі
238

“КТК” телеарнасының жаңалықтар қызметi таратқан суыт хабар кiм-кiмдi де бей жай қалдырмаған шығар. “Алматыда студенттер арасында атыс орын алды” дегендi естiгенде, менiң өне бойым тiтiркенiп сала бердi. Әп-сәтте 6-7 адам оқтың астында қалып, дiн аман қалды дегенде, елiмiздегi телеарналарды жаулап алған түрiктiң сериалдарындағы суға салса батпайтын, отқа түссе күймейтiн әрi қанша атса да, оңайлықпен оқ өтпейтiн жаны сiрi кейiпкерлер көз алдыма орала кеттi.

Шынында да, адам сенгiсiз оқиғалар күнделiктi өмiрде, көз алдымызда өтiп жатыр. Тiптi, бүгiнгi жастар сабыр мен ынсаптан бiржола қол үзiп бара ма деп те шошисың. Шетелдiң атыс-шабыс, тарсыл-гүрсiл киноларындағы элементтердi өз бойынан iздейтiн елiккiш жастардың бұл бiр дайындық сынағы болар… Хош, оқиғаның желiсiне оралсақ. Бұл қанды оқиға Сән өнерi колледжiне тиесiлi жатақхананың алдында өрбiген. Бiр топ студент төбелесiп, соңы атысқа ұласқан. Ең сорақысы, 16 калибрлi аңшы мылтығынан оқ жаудырған желiккен жастар қарсыластарын әп-сәтте жайлап салып, аурухана төсегiнен бiр-ақ шығарған. Бiр айта кетерлiгi, зардап шеккеннiң бәрi жазықсыз балалар. Атыс қайдан шықты? Суық қару асынып келiп, оқ атқылауға не себеп болған? Осы мазасыз сұрақтар бiздi оқиғаның iзiмен танысуға итермелегенi рас.

О.Таңсықбаев атындағы сәндiк-қолданбалы өнер колледжiнiң бiрдей үш студентi жараланғанын бiлген соң, №12 қалалық орталық ауруханаға бардым. Кешкi сағат 5-тiң шамасы. “Үш батырдың” жағдайын сұрап, көңiлiн аулағысы келген достары палатаға бiрiнен соң бiрi кiрiп жатыр. Бiреуi сүйеп тұрғызып, ары-берi жүргiзiп жатса, ендi бiреуi тамағын беруде. Қайтсiн ендi, жатақханада бiр үзiм нанды бөлiсiп жеген жора-жолдастарын жамандыққа қисын ба?! Олардың iшiнде аталмыш колледждiң 3-курс студентi Жандос Мырзатаевтың халi мүшкiл екен. Өңi қашып, әлсiреп кеткен. Өйткенi, iшкi ағзасына оқ тигендiктен, өтiн алып тастапты. Жандосқа тезiрек сауығып кетуiн тiлеп, бiр-екi сұрағыма жауап беруiн өтiнгенiмде, операциядан соң көп сөйлей алмайтындығын айтты. “Басқа балалардан сұраңызшы, айтып беретiн шығар” дедi артынша көңiлiмдi қимай. Бойында дiрiл мен қорқыныштың зiлi әлi бар. Сiрә, тек кинодан ғана көретiн көрiнiстердiң көз алдынан әрi өз басынан өтуi қорқыныш туғызған сияқты. Ернар Төребеков те осы колледждiң бiлiм алушысы. Оның да жарақаты жеңiл емес. Дәрiгерлер дене мүшесiнен бiрнеше оқ алыпты. Ернар сөзге келместен, болған оқиғаның неден туындағанын баяндай жөнелдi. “…Асылхан деген курстасыма осы колледжде оқитын бiр қыз күмiс сақинасын жөндеуге берсе, ол жоғалтып алыпты. Орнына басқа бiр сақина беремiн десе де, әлгi қыз көнбей “өзiмдiкiн тауып бер” деп талап еткен. Сөйтiп, қыз ағасын шақырса, ағасы Асылханды ұрған. Оны көрген бiздiң балалар жабылып ажыратқан. Содан қыздың ағасы кетiп қалады да, ертесiне кешкi сағат 9 жарым шамасында екi-үш көлiкпен бiрнеше жiгiтпен қайта келедi. Бiз олай iстейдi деп ойлаған жоқ едiк. Ешкiм де байқаған жоқ. Кешкiсiн жатақхана алдында әңгiмелесiп тұрған бiзге аяқ астынан оқ жаудырды. Не болғанын түсiнбей қалдық. Бәрiмiз iшке жүгiрдiк. Бiр уақытта басым айналып, есiмдi бiлмей қалдым. Жедел-жәрдем келiп, бәрiмiздi ауруханаға жеткiзiптi. Атылған оқ сол жерде тұрған жетi балаға да тидi. Оның үшеуi бiз, қалғаны балалардың сырттан келген туыстары, достары. Менiң өзiме он жетi оқ тиiптi. Аяқ-қолымнан екi оқ алды. Бiзден тергеушiлер түсiнiк алды. Қалай болғанын түк қалдырмай айттық. Ата-анам, ағаларым бәрiн қадағалап отыр. Қазiр жағдайымыз жақсы, жақын күнде шығып қаламыз…”.

Ал дәрiгерлердiң айтуынша, балалар ауруханаға уақтылы жеткiзiлiп, ем-дом жедел-ғабыл көрсетiлiптi. “Тез арада операция жасағанның арқасында аман қалды. Сәл кешiксе, жағдай басқаша болар ма едi” деген ақ халаттылар жас балалардың өмiрiн сақтап қалғанына дән риза.

Аталмыш колледждiң басшыларының өзi бұл оқиғаның төбеден түскен жәй болғанын айтады. Директордың оқу жөнiндегi орынбасары Ақмарал Мұсақызының айтуынша, негiзi жоғалған жүзiктi еден жуушы тауып алып, әлгi қыздың ағасына берiптi. “Соған қарамастан ерегiскен жiгiттiң бiр топ балаларды әкеп жасап кеткенi мынау болды” дейдi. Олар бәрiне себепшi болған қызды оқудан шығарамыз деп отырғанда, ата-анасының өзi келiп, “бұдан былай бұл жерде оқи алмайды” деп алып кетiптi. Ал, О.Таңсықбаев атындағы сәндiк-қолданбалы өнер колледжiнiң директоры Керiмбай Қыстаубаев оқиғаның ертесiнде-ақ жатақхана тәрбиешiсiн орнынан босатып, тәртiп шараларын қатаңдатыпты. Жатақханаға кешкi сағат 10-нан кейiн бөгде адамдардың бейпiл кiрiп-шығуына тоқтау қойылған. Қысқасы, қазiргi кезде колледжде тәрбиелiк жұмыстар күшейтiлiп, күн тәртiбiндегi басты мәселеге алынған. Бұл туралы директордың тәрбие iсi жөнiндегi орынбасары Гауһар Әубәкiрқызы: “Бiз оқиғаны ести сала, дереу жеттiк. Ауруханаға барып, балалардың жағдайымен таныстық. Әуелгi кезде-ақ ата-аналарына хабар бердiк. Қазiр тергеу жүрiп жатыр. Бiзден де, колледждегi бiлiм алушылардың бәрiнен де жеке-жеке түсiнiк алды. Бiлуiмiзше, қылмысқа барған 9 баланың 6-уы ұсталыпты, ал үшеуi iздестiру үстiнде екен. Оқиғаның ертесiнде-ақ арнайы жиналыс өткiзiп, басшылық шара қолданды. Екiншi мәрте мұндай жағдайдың орын алмауы үшiн бiлiм алушылармен, ата-аналармен, кураторлармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс iстеймiз. Жатақханада тәрбиешiге арнайы бөлме берiлген. 2009-2010 оқу жылына арналған тәрбие жоспары жасалып, ВИЧ-тен қалай қорғану керек, қоғамдық орында сыраға тыйым салуға байланысты шаралар жайында арнайы дәрiстер өткiзiледi” деп жасап жатқан шаруаларымен ой бөлiстi. “Әрбiр адам жасаған iсiне жауап беруi қажет. Және қылмыспен қолын былғағандар жазасын алуы тиiс”, — дейдi тәрбие iсi жөнiндегi орынбасар.

Қазiр тәртiп сақшылары оқиғаның анық-қанығын анықтауда. Құрықталғандардың төртеуi ҚазҰУ-дiң 2-3 курс студентi, бiреуi — Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-дiң студентi көрiнедi. Тiптi, арасында оқусыз, жұмыссыз жүргенi де бар екен. Сондай-ақ, iзiн жасырып үлгерген 3 күдiктiге iздеу жарияланды. Осы оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстiң 257 бабы бойынша iс қозғалған. Ал, бұл қылмыстық iс жөнiнде тергеу амалдарын Алмалы аудандық iшкi iстер бөлiмi (IIБ) жүргiзiп жатыр деген соң, бұл мекемеге де бас сұққанбыз. Олар бiздi Алматы қалалық IIД-не қарасты кәмелетке толмағандардың iстерi жөнiндегi бөлiмiне сiлтедi. Осы бөлiмнiң бастығы Айгүл Шөпшекбайқызы болса, “Бұл iске бiз емес, сол Алмалы аудандық IIБ тергеу жүргiзiп жатыр” деп кесiп айтты. Бiз қайтадан осы құзырлы мекемеге хабарласқанымызда, “Әлi ешқандай ақпарат бере алмаймыз. Өйткенi, тергеу амалдары ендi ғана басталды” деген мардымсыз жауап қатты. Сонда Iшкi iстер бөлiмi кiмдi мазақ еткiсi келедi? Шынында да, iстiң барысымен қоғамдық пiкiр туғызушы — тiлшiлер қауымы таныс бола алмай ма?

Соңғы кезде елiмiздегi жастар мен жасөспiрiмдер арасында орын алып жатқан қанды және қылмыстық оқиғалар адамның жанын түршiктiредi. Тiптi, бiлiм ұяларына мұздай қару әкелiп, бiр-бiрiне шiмiрiкпестен сiлтей салу фактiлерi дендеп барады. Жастардың, әсiресе, қазақ балаларының бiр-бiрiне жат бауыр боп, мұншама қатыгезденiп кетуiне не себеп? Егер тезарада мұндай басбұзарлық пен бей-берекетсiз әрекеттерге тосқауыл қоймасақ, нағыз киноны өмiрдiң өзiнен-ақ көруге болатын түрi бар.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары