ҚАРТ КАСПИЙДIҢ ЕТЕГI ДАУҒА ТОЛЫ

ҚАРТ КАСПИЙДIҢ ЕТЕГI ДАУҒА ТОЛЫ

ҚАРТ КАСПИЙДIҢ ЕТЕГI ДАУҒА ТОЛЫ
ашық дереккөзі
281

“Мәртебесiз” қарт Каспий төңiрегiнде өршiген мемлекетаралық даулар мен наразылықтар теңiздi бөлiске салып алмайынша, шешiмiн таппақ емес. Байбаламға басып жүрiп, қазақ, әзiрбайжан, түркiмен мен орысқа теңiздiң мәртебесiне қатысты мәселенi ақтаулық саммиттiң күн тәртiбiнен алғызып тастаған ирандықтар 60 жыл бұрынғы келiсiмдi көлденең тартады.

Тарихи деректерге жүгiнсек, қарт Каспийге деген қызығушылық ХIХ ғасырдан бастау алады. КСРО шаңырағы шайқалған 90-жылдардың басында әлем назары көмiрсутегi қорларына бай каспийлiк аймаққа қарай ауғанда, энергетикалық қауiпсiздiк мәселесiне арқау болатын бiрқатар қиындық қоса көтерiлген. Өткен аптаның соңында Каспий теңiзiнiң жағалауында орналасқан төрт мемлекет – Қазақстан, Әзiрбайжан, Түркiменстан мен Ресей президенттерiнiң Ақтаудағы саммитiнде Иран президентi Ахмаденижад қатысқан жоқ. Қарт Каспийдiң суы мен байлығын бөлiске салудағы пiкiр қайшылығында негiзi Тегеранның дауысы ащы шығатын. Күтпеген жерден шақырылған төрттiктiң басқосуында өзiнiң шет қалғанына бұлқан-талқан ашуланған Иран саммиттi заңсыз деп танитындығын мәлiмдедi. Саммит басталмастан бiрнеше күн бұрын халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарынан дабыл қаққан Тегеран 1924 және 1940 жылдары қабылданған келiсiмдерге сәйкес, Иранның халықаралық ұйымдарға шағынуға және аталған құжаттардағы шарттар шеңберiнде, Каспий теңiзiне қатысты барлық басқосуларға Тегеранның қатысуға құқығы бар екендiгiн айтып, саммитке қарсылығын бiлдiрiп бақты. Онымен де шектелмеген ирандықтар Қазақстан, Әзiрбайжан, Түркiменстан мен Ресейдiң Ирандағы төтенше және өкiлеттi елшiлерiн Иранның Сыртқы iстер министрлiгiне шақырып алып, өз наразылықтарын жеткiздi. Осының әсерi болды ма, жиылысқа қатысушылардың теңiздi ТМД елдерi арасында теңдей бөлiсу бастамасы аяқсыз қалды. Саммитке басшылық еткен елдiң басшысы Н.Назарбаев Каспийге қатысты түйткiлдер мен түйiндi мәселелердiң келешекке жоспарланған Бакудегi кездесуде шешiмiн табатынына сенiмдiлiк бiлдiрдi. Иранның қатысуымен, әрине. Оның бұл ұсынысын Медведев, Әлиев, Бердiмұхамедов түгел қостады… Әрине, бакулiк басқосуда тараптар нақты ұсыныс айта ма, жоқ па, жиынның қорытындысы қалай болады деген сауалдарға жауап табу – ертеңгi күннiң еншiсiндегi мәселе. Әзiрге жабық есiк жағдайында өткен ақтаулық саммитте күн тәртiбiне шыққан тақырыпты қаузасақ. Ондағы ең басты мәселе түркiмен газына қатысты болды. Саммит барысында Ресейдiң “Итера” компаниясы мен түркiмендердiң Мемлекеттiк көмiрсутегi қорларын басқару және пайдалану агенттiгiмен каспийлiк аймақты бiрiгiп игеру туралы келiсiмге қол қойды. Түркiменбашы қаласының маңындағы бұл кен орнындағы энергоқор көлемiн сарапшылар 160 млн. тонна мұнай мен 60 млн. текше метр табиғи газға теңгерiп отыр. Бұған дейiн Ашхабад пен Мәскеу арасында үстiмiздегi жылдың сәуiрiнде туындаған газ дауы әлi шешiмiн тапқан жоқ. Демек, түркiмендердiң “көгiлдiр отыны” орыстар жерiне карай кашан ағатыны белгiсiз. Әп дегеннен-ақ, Ашхабад “Табиғи газды қажеттi мөлшерден аз алуының кесiрiнен құбыр аса көп мөлшердегi энергоқордан пайда болған қысымға шыдамай, жарылып кеттi” деп “Газпромды” кiнәлаған. Бұзылған құбырды Ашхабад өзi жөндеп алды, алайда, “көгiлдiр отын” тасымалы қайта жалғасқан жоқ. Себеп, жаңа бағаға байланысты екi тарап келiсе алмай отыр. Әлемдiк экономикалық дағдарысты көлденең тартқан орыстар энергоқор құнын төмендетiп, көлемдi азайтқанын қаласа, түркiмендер, керiсiнше, баға мен көлем саясатын өзгерiссiз қалдыруды көздейдi. Арадағы дау-дамайды мемлекеттiк деңгейде шешуге Ресей кетары еместiгiн бiлдiрдi. Өткен аптадағы Медведевтiң туған күнiне Бердiмұхамедов сәйгүлiк пен алмас қанжар сыйға тартты, бiрақ табиғи газдың жаңа бағасы туралы жақ ашқан жоқ. Бұрынғыдай емес, Кремль энергоқорға бай орталықазиялық елдердiң ауанына қарай төңкерiлуге мәжбүр. Өйткенi, күн сайын қос бүйiрден қысып келе жатқан көмiрсутегiлер тапшылығы мен тасымал мәселесiндегi қиындықтар, Батыс пен АҚШ-тың мұнай мен газды Ресейдi айналып өтетiн балама жолдар арқылы тасымалдауға күш салуы, құбырлар “сайысы”, мемлекеттер арасында мұнай мен газға қатысты жиi туындайтын даулар, ең бастысы, Вашингтон мен Брюссельдiң посткеңестiк кеңiстiкке ықпал етуге тырысуы сияқты басқа да геосаяси жағдайлар Мәскеудi бұрынғы “ұр да жық” тәсiлiнен бас тартуға мәжбүр еттi. Оның үстiне, Ақтаудағы саммитте Бердiмұхамедов түркiмендердiң газы Ресейге де, орыстар қарсы болып отырған еуропалық және америкалық жоба – Nabucco газ құбырына да жететiнiн ашық жариялады. Бұл мәлiмдеменiң астарында Ашхабад үшiн Мәскеудiң ұсынысы, яғни, көмiрсутегiлердi Ресей арқылы тасымалдау аса маңызды саналмайтынын ескерткен зiл жатыр.

Тегеранды шақырусыз қалдырып, жабық есiк жағдайында бас қосқан президенттердiң Каспийге қатысты ешқандай шешiм қабылдамағанын ескерсек, Ақтаудағы саммитте төрт тарап та өзiне тиiмдi жолдарды қарастыруға мүдделi. Келесi аптада, яғни, 24-25 қыркүйекте Питтсбургтегi (Пенсильвания штаты, АҚШ) “G20” – “Үлкен жиырмалықтың” саммитiнде Ресей халықаралық қаржы жүйесiн өзгерту, энергетикалық қорлар т.б. қатысты бiрқатар талаптар қоймақ. Америка мен Еуропа үшiн “күлшелi бала” саналатын Орталық Азия мемлекеттерiнiң Кремльге қолдау көрсетуi үлкен көмек болары даусыз. Сондықтан Ақ Үй мен Кремль арасындағы әлемдiк саяси сахнаға ықпал ету жолындағы бақталастық пен бәсекелестiктiң кесiрiнен Nabucco газ құбырын iске қоса алмай келе жатқан Еуроодаққа мүше елдер, түркiменнiң арзан газынан қағылуы мүмкiн Қытай ақтаулық басқосуда көтерiлген мәселелерге кәдiмгiдей алаңдады. Әлбетте, 12 жылдан астам уақыттан берi шешiмiн таба алмай келе жатқан Каспий теңiзiнiң мәртебесi Қазақстан, Әзiрбайжан, Түркiменстан, Иран мен Ресей тарапынан ортақ келiсiм арқылы бөлiнсе ғана қордаланып қалған қиындықтардан арылуға мүмкiндiк тумақ. Халықаралық сарапшылар қауымы Ресейдiң ұсынысымен құрылған жаңа блок теңiз табанынан көмiрсутегi қорларын тартуға талпынған кез келген құбырдың тамырына балта шабу үшiн құрды деген пiкiрде. Үстiмiздегi жылдың наурыз айында Ресей мен Трүкiменстан түркiмендер жерiнен (Қазақстан арқылы) орыстар жерiне қарай газ тасымалдайтын құбыр құрылысына қатысты келiсiмге қол қойылуы тиiс болатын. Арада бiрнеше ай өткенде Ашхабад “Шығыс-Батыс” газ құбырына тендер жарияланғанын мәлiмдедi. Бұл Nabuccoны газға толтыра алмай шаршап жүрген Батыс пен АҚШ-қа жаңа мүмкiндiк болмақ. Яғни, антиресейлiк жобаларға Түркiменстан да қосылып кетерi анық.

Тағы бiр маңызды мәселе, үстiмiздегi жылдың 9 қазанында Кишиневте өтетiн ТМД елдерi басшылары кеңесiнiң кезектi отырысында әлемдiк қаржылық-экономикалық дағдарыстың салдарынан туындаған қиындықтардан құтылудың төте жолдары мен атқарылып жатқан шаралардың нәтижесi талқыға салынбақ. Әсiресе, энергетикалық қорларды тасымалдау мәселесi, әр мемлекетте отандық тауар өндiрушiлерге жиi қолданылатын протекционистiк (“таңдау – тек отандық өнiмге” қағидасы бойынша әрекет ету) шараларға үзiлдi-кесiлдi қарсылық таныту бар. Өйткенi, тек жергiлiктi тауарға таңдау жасау ТМД аумағында орналасқан өзге мемлекеттер тауарларын iшкi нарыққа енгiзуге кедергi жасайтыны анық. Молдова тарапынан ұсынылған Ұлы Отан соғысының (1941-1945 жж.) 65-жылдық мерейтойын атап өтуге қатысты ұсынысы да сарапталады. Қаржы және экономика саласынан басқа шекаралық қауiпсiздiк мәселесi, есiрткi заттарын тасымалдаудың алдын алу, Грузияға ТМД елдерiнiң ресми органдары қатысатын халықаралық келiсiмдер мен шешiмдерiне қатысуға рұқсат беру т.б. мәселелер қоса қамтылатын көрiнедi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары