ҚАСИЕТТI ҚАДIР ТҮНI

ҚАСИЕТТI ҚАДIР ТҮНI

ҚАСИЕТТI   ҚАДIР ТҮНI
ашық дереккөзі
282

Мына дүбiрлi дүниенi сансыз нығметтерiмен көмкерiп, неше түрлi реңкпен безендiрген Ұлы Жаратушының қамқорлығы мен рахымдылығының ұшы-қиыры жоқ. Хақ-Тағаланың түгесiлмес қамқор иесi екендiгiнiң жарқын айғағы ретiнде қасиеттi Қадiр түнiндегi иллаһи мол мейiрiм-шапағатын негiзге алсақ болады. Ендеше, жылына бiр рет Рамазан айында келетiн Қадiр түнiнiң артықшылығына жан-жақты тоқталып көрсек:

“Қадiр” сөзiнiң ислам ғұламалары мынандай үш мағынасы бар деп бiледi:

Бiрiншi, “үкiм түнi” мағынасын бередi. Осыған байланысты Қадiр түнi дегенде Алланың тағдырды үкiм ететiн түнi деген ой түюге болады. Бұл жердегi тағдыр ұғымы, әуелгi тағдырдың паш етiлуi болатын. Өйткенi Құран-Кәрiмде: “Ол кеште барлық хикметтi iстер айрылады” (Дұхан, 4) деп бұйырылған.

Екiншi, “ұлы және орасан зор” мағынасын бередi. Яғни, Қадiр түнi ұлы және орасан зор болған аса құнды түн деген сөз. Ұлы және орасан зор болатын себебi, бұл түнның салмағы мың айдан да қайырлы. Бұл хақында Құран-Кәрiмде: “Қадiр түнi мың айдан да қайырлы” (Қадiр, 3) деп баяндалады.

Үшiншi, “сығыстыру” мағынасын бередi. Осыған орай зерттеушiлер тарапынан Қадiр сөзi нығыздау мағынасын бередi деген жорамал айтылады. Өйткенi, бұл түнi бүкiл перiштелер жер бетiне түскеннен кейiн оларға жер-жүзi тар келiп, сығылысады. Бұл хақында Құран-Кәрiмде: “Перiштелер және Жебiрейiл с.ғ.с ол кеште Раббыларыңның рұқсаты бойынша барлық iс үшiн түседi” (Қадiр, 4) деп бұйырылады. Ислам ғұламаларының айтуына қарағанда “сығылысудағы” мақсат “үлкен қайырлы iстердiң жүзеге асуы, сондай-ақ Пайғамбарымыз с.ғ.с-ға. Хира үңгiрiнде Жебiрейiл с.ғ.с алғашқы уахи түсiргенде, ардақты Пайғамбарымыз с.ғ.с-ның жаны сығылғандығы белгiлi.

Қадiр түнi несiменен ардақты деген мәселеде, ислам ғұламалары осы түнi алғаш рет Құран-Кәрiм аяттарының Пайғамбарымызға паш етiлгендiгiмен байланыстырады. Базбiр тәпсiршiлердiң топшылауынша Құран-Кәрiмдегi: “Негiзiнде Құранды Қадiр түнiнде түсiрдiк” деген аят, осы түн хақында айтылған. Келесi бiр тәпсiршiлер бұл құтты күндi Шабан айының он бесiншi түнiндегi Барағат кешi деп бiледi. Себебi, көптеген тәпсiршiлер Құран-Кәрiмнiң келесi бiр сүресiндегi “Шын мәнiнде оны құтты бiр кеште түсiрдiк…” (Дұхан, 3) деген аятты Барағат түнi деп түсiндiредi. Ал, атақты Ибн Кәсир өз шығармасында Ибн Аббастың мынандай риуаятын алға тартады: Алла-Тағала алғашқыда Құранды мұртын бұзбастан тұтас Лаухи-Маһбухздан көк жүзiне түсiрдi. Соңынан бiртiндеп, көк жүзiнен оқиғалардың барысына қарай жиырма үш жылда Пайғамбарымыз с.ғ.с-ға нәзiл еттi”. Осы риуаятқа сәйкес, тәпсiршiлер Құранның Лаухи-Маһбуздан көк жүзiне тұтас түскен күнi Шабан айының он бесiншi жұлдызындағы Барағат кешi деп, ал, Құранның көк жүзiнен Пайғамбарымызға алғаш паш етiлуi Рамазан айындағы Қадiр түнi болған деп жорамалдайды.

Сонымен бiрге, Қадiр түнiнiң ерекше қасиеттiлiгi, бұл құтты кештiң мың айдан да қайырлы болуы. Бұл турасында Құран-Кәрiмде: “Қадiр түнi мың айдан да қайырлы” (Қадiр, 3) деп баяндалады. Құран-Кәрiмнiң бұл аятының Пайғамбарымызға қалай паш етiлгендiгi хақында; Ибн Әбу Хатм, Жүнiс Али Ибн Үрбенiң мынандай риуаятын алға тартады; Бiр күнi Пайғамбарымыз с.ғ.с Исрайл ұрпақтарының iшiнде Аюб, Зiкiрия, Хазикал, Нұн атты төрт адамның Алла-Тағалаға сексен жыл тоқтаусыз һәм мүлтiксiз құлшылық жасағандығын айтады. Сексен жыл бойы ешбiр кiнәратсыз құлшылық еткендерiн естiген сахабалар таңдай қағысады. Осы сәтте, Жебiрейiл перiште Пайғамбарымыз с.ғ.с-ға: “Қадiр түнiнiң не екенiн бiлесiң бе? Қадiр түнi мың айдан да қайырлы” (Қадiр, 2-3) деген аятты нәзiл етiп, Жебiрейiл с.ғ.с; “бұл сенiң үмбетiң таңдай қағысқаннан да жоғары” дейдi. Пайғамбарымыз с.ғ.с аталмыш аятты сахабаларға паш еткенде, олардың қуанышында шек болмаған едi.

Әлбетте, бұл иллаһи жарылқау Тәңiрi-Тағаланың мұсылман жұрағатына деген ерекше қамқорлығы мен рахымдылығы болатын. Мың айды жылдарға шағатын болсақ, сексен үш жылдан астам уақыт болады. Адам өмiрi де орташа есеппен жетпiс-сексен жыл шамасында. Бiр түннiң мың айдан да қайырлы болуы, яғни, Қадiр түнiнде Хақты ұлықтаған адам, бүкiл ғұмыр бойы құлшылық еткен болады. Бұл дегенiмiз қасиеттi Қадiр түнiнiң шапағатына бөленген адамның жаны иншалла қиямет күнi жасыл бақ жаннатта шалқиды деген сөз.

Имам Ахмет Ханбалидiң риуаят етуi бойынша, бiрде Рамазан айында Пайғамбарымыз с.ғ.с: “Рамазан айы келдi. Бұл қасиеттi бiр ай. Бұл айда ауыз бекiтудi Алла сiздерге парыз қылды. Бұл айда жұмақ есiктерi ашылып, тамұқ есiктерi жабылады. Шайтандар шiдерленедi. Бұл айдың сондай бiр түнi бар мың айдан да қайырлы. Бұл түннiң шарапатынан мақұрым қалған, шынында мақұрым қалған саналады” деп бұйырған. Бұл хадис-шарифтi атақты Несейй де өз шығармасында айтып өтедi. Сондай-ақ, Бұхари мен Мүслiмнiң шығармаларында Пайғамбарымыз с.ғ.с мынандай хадис-шарифi баян етiледi: “Кiм Қадiр түнiн иман және ықыласпен құлшылық жасап өткiзсе, бүкiл күнәлары кешiрiледi”. Бұл қасиеттi түндi құлшылықпен өткiзген мұсылманға, перiштелердiң салауат айтып, оған бейбiт өмiрдi тiлейтiндiгi хақында, Сайд ибн Мансур және өзге де ғұламалар мынандай риуаятты жеткiзедi; “Бұл түн бейбiтшiлiк түнi. Бұл түнi шайтанның жамандық жасауға қауқары жетпейдi. Бұл түнi барлық iстер белгiленедi (тағдыр жазылады) және рызықтар айырылады”.

Шынында да мың айдан да қайырлы болған Қадiр түнiнiң мүмкiндiгiнен мақұрым қалу, мына беу дүниеде ертеңгi күнгi ақырет үшiн ешбiр рухани азық жинамай, ондағы есеп күнi иллаһи шуақтан құр алақан қалу деген сөз. Байыбына бара бiлгенге, Хақ-Тағаланың бiр түндiк құлшылықты мың айдан астам уақыттық құлшылыққа теңестiруi, Оның адам баласына деген ерекше мейiрiмдiлiгi болатын. Тамұқтың есiктерiн тас бекiтiп, жұмақтың қақпасын айқара ашып, бiздi жай күндерi арбайтын шайтанды шiдерлеп, бiр түндiк ғибадатты мыңдаған айлық құлшылыққа балап, мәңгiлiк жасыл бақ жаннатта жаның жай тапсын деп, қол бұлғап шақырып тұрған Тәңiрi-Тағаланы қалайша ерекше мейiрiмдi демейсiң. Бұл шуағы мол мейiрiмнен құр алақан қалған, шынында да мәңгiлiк бақыттан құр алақан қалды деген сөз.

Ал, Қадiр түнi Рамазан айының қай түнi дегенге келетiн болсақ, Құран-Кәрiмде бұл турасында нақты дерек болмағанмен, Пайғамбарымыз с.ғ.с мынандай хадис-шарифтерi бар:

“Iштерiңiздегi базбiр адамдардың түсiне қарағанда Қадiр түнi алғашқы жетi күнде көрiнедi. Ал тағы бiр адамдарға соңғы жетi күнде көрiнген. Сiздер Қадiр түнiн соңғы он күннен iздеңiз” деп бұйырды.

Тағы бiр хадис шарифiнде: “Сiздер оны соңғы он күннiң тақ күнгi кештерiнен iздеңiз” деген болатын.

Қадiр түнi туралы ең кең көлемде айтылған хадис шарифтердiң бiрi Әбу Сайд ал- Худридiң риуаяты болып табылады. Ол былай дейдi: “Мұхаммед с.ғ.с Рамазанның алғашқы он күнiнде иттифак (күнi-түнi Алла-Тағалаға құлшылық жасау) жасады. Одан кейiнгi ортадағы он күнiнде жабағы жүннен жасалған Түрiк шатырында иттифак жасады. Шатырының есiгiнiң орнында саздан жасалған перде болатын. Пайғамбарымыз с.ғ.с бұл перденi алып, шатырдың бiр бұрышына қойды. Содан кейiн шатыр терезесiнен басын шығарды. Дүйiм жұрт оған жақын келдi. Ол былай дедi: “Мен Қадiр түнiн iздеп алғашқы он күнде иттифак жасадым. Содан кейiн ортадағы он күннен iздеп тағыда иттифак жасадым. Кейiн маған перiште келiп: Қадiр түнi соңғы он күнде” дедi. Және: Менiмен бiрге иттифак жасағандар қаласа соңғы он күнде де иттифак жасасын”. Ол адамдар Пайғамбарымыз с.ғ.с бiрге иттифак жасады. Пайғамбарымыз с.ғ.с оларға: “Маған Қадiр түнi тақ түнi көрiндi” дедi.

Атақты ибн Кәсир өз тәпсiрiнде “Пайғамбарымыз с.ғ.с дүйiм жұрттың алдында Қадiр түнi қай күнi келетiнiн айтар шақта, екi мұсылман бiр-бiрiмен жанжалдасып, бұған қабақ шытқан Алла Елшiсi с.ғ.с : “Мен сiздерге Қадiр түнiнiң қай күнi келетiнi хақында айтуға келген болатынмын. Пәленше деген екi адам бiр-бiрiмен жаға ұстасты. Мен де Қадiр түнiнiң қай күнi келетiнiн айтқым келмедi. Бәлкiм, бұл сiз үшiн қайырлы. Бiрақ, сiздер Қадiр түнiн тоғызыншы, жетiншi, бесiншi түндерiнен iздеңiздер” деген риуаятты алға тартады. Имам Шафи бұндағы Пайғамбарымыз с.ғ.с-ның Қадiр түнiнiң қай түнi келетiндiгiн айтпақшы болғандығы, сол жылғы Қадiр түнiнiң қай түнi келетiндiгiн жеткiзбекшi болған деген пiкiр айтады. Хз. Айша анамыздың жеткiзуiне қарағанда Пайғамбарымыз с.ғ.с әрбiр жылы Рамазан айының соңғы он күнiнде ерекше иттифак ететiн болған. Базбiр ғалымдар бұл иттифактағы мағына, соңғы он күнде әйелдермен жақындаспау мағынасын бередi деген көзқарасты айтады. Ислам ғұламаларының көзқарасынша Қадiр түнiнiң ең нақты айтылған мерзiмi Убей б. Кааб р.а жеткiзген риуаяты. “Ол өзiнiң бауырының Қадiр түнi Пайғамбарымыз с.ғ.с айтуымен Рамазан айының жиырма жетiншi түнi болып белгiленгенiн айтады”. Ислам ғұламалары осы деректерге сәйкес, қасиеттi Қадiр түнi Рамазан айының соңғы он күнiнде, оның iшiнде тақ күндерi, тақ күндердiң де жиырма жетiншi түнi болуы ықтималдығын алға тартады. Осы пәтуаның негiзiнде бүгiнгi күнi сан мыңдағын мұсылман жұрағаты қасиеттi Қадiр түнi ретiнде Рамазан айының жиырма жетiншi түнi деп бiледi. Осы түнi мұсылмандар жаппай Құдай-Тағалаға құлшылық етiп, жасаған күнәлары үшiн кешiрiм сұрап, ақыретiнен зор үмiт етедi.

Имам Ахмет Ханбалидiң жеткiзген риуаяты бойынша “Хз. Айша анамыз Пайғамбарымыз с.ғ.с-нан : “Қадiр түнiнiң қасиеттiлiгiне сай, қалайша дұға етсем болады” деп сұрайды. Сонда, Пайғамбарымыз с.ғ.с : “Аллаһым сен кешiрiмдiсiң, кешiрудi сүйесiң, менi кешiр” деп дұға етудi ұсынған”. Иә, әсiлi, адамзат баласы нәпсiмен бiрге жаратылғаннан кейiн, кей шақты мына сынақ әлемiнде аяғын шалыс басып, күнаға бататыны анық. Әрине, мұндай сындарлы шақта iшкi тасырын иманына жеңдiрiп, күнәдан бойын аулақ ұстаған болса, құба-құп. Алайда, адам баласы дәйiм, бiр сызықтың бойымен жүрiп тұра алмайды. Кейде, адамның аңғармай, алып-ұшып жүрiп от басатыны белгiлi. Бәлкiм, арамызда күнәдан пәк адамдар болуы да әбден мүмкiн. Дегенмен, мен күнәдан пәкпiн деп көкiрек қағуымызға жол жоқ. Пәк болсақ та, басын иген мәуелi ағаштай кiшiрейгенiмiз абзал.

Ислам ғұламалары қасиеттi Қадiр түнiн төмендегiше атқаруды үндейдi:

Бiрiнiшi, бұл түнде Алланың рызашылығы үшiн ғибадат жасап, намаз оқып, құлдық сезiмдерiмiздi арттыруымыз керек.

Екiншiден, Құран Кәрiм оқылып, тыңдалып, түсiнунге ынта қойып, Құран Кәрiмге сүйiспеншiлiк пен байланыстар орнатылуы тиiс.

Үшiншiден, Пайғамбарымыз с.ғ.с салауат айтып, оның шапағат етуiнен үмiттенiп, оның үммбетiнен болғанымызды саналы түрде сезiнiп, оның жолын берiк ұстануымыз шарт.

Төртiншiден, Уағыз-насихат тыңдап, сұхбаттар құрып, күнделiктi күйбең тiршiлiк барысында жүрекке түскен кiрбiңдi жуып шайып, көңiлге ұялаған көмескiлiктен арылуға тиiстiмiз.

Бесiншiден, Қадiр кешiнiң маңызына байланысты және Қадiр түнiне қатысты жеткiлiктi мағлұмат беретiн дiн адамдарымен сұхбат құру керек. Әсiресе адам өз өзiмен сұхбаттасып, қателiктерiн танып, кемшiлiктерiн жоюға күш салуға, адамдармен достық қарым қатынасын күшейтуге, бiрлiк пен бiртұтастықты арттыруға мән беруi тиiс.

Алтыншыдан, Тәубе мен истиғфар жасап, өз нәпсiсiн есептен өткiзiп, қателiк жасаудан сақсынып, қайырлы iстердi жасауға құмбыл болуы шарт.

Жетiншiден, Алланы зiкiр етiп, тефеккур (терең жақсы ойлану) етiп, Алланы еске алғаннан жүрек тынышталады.

Ұлы Жаратушының ұшы қиыры жоқ құдiретiмен жоқтан бар болған жаратылыстың сырларын нәзiк тефеккур (жақсы терең ойланып) етiп, иманымызды күшейтуiмiз қажет.

Сегiзiншiден, Жиi-жиi дұға жасауымыз керек. Өйткенi, дұға адамды Ұлы Жартушыға жақындататын дәнекер десек болады. Пайғамбарымыз с.ғ.с бұл түнi көбiнесе мына дұғаны жасаған: “Аллаһүмме иннеке афүввин түһиббүл афве фа фү анни”. Яғни, “Аллаһым сен кешiрiмдiсiң, кешiрудi сүйесiң, менi кешiре гөр”.

Тоғызыншыдан, Қадiр түнiнiң күндiзiн де бейне кеш секiлдi өткiзу ләзiм. Осылай болған болса мүбәрак түннiң рухтарға төккен шұғыласы сiңiмдi болып, жүректiң қақ төрiнен орын алары сөзсiз.

Оныншыдан, Бұл Қадiр түнiнiң құрметiне Раббымыздан бүкiл исi бүтiн мұсылмандардың күнәларының кешiрiлуiн тiлеуiмiз керек. Қадiр түнiнiң жақсылыққа мұрындық болуын, достық пен бауырмашылдықты арттырып, ислам әлемiнiң бiртұтастығын және күллi адамзатты апаттардан сақта деп тiлеуiмiз шарт.

Иә, шынында да Қадiр түнi атына заты сай, адамзат баласының келешегi үшiн аса қадырлы һәм маңызды. Хақ-Тағала адам баласына шайтанның арбауына тез көндiгетiн нәпсiнi берiп сынап, өзiнiң аса мейiрiмдiлiгiмен бұл тығырықтан сытылып шығатын даңғыл жолды да меңзеген. Ол даңғыл жол – қасиеттi Қадiр түнi тәубеге келiп, ынты-шынтымен кешiрiм сұрап, жан-тәнiмен Хаққа жалбарынып, болашағына зор үмiт артып, Тәңiрiнiң дәргаһы жасыл бақ жаннатқа жол тарту жолы. Лайым, осы жол баршы адамзатқа нәсiп болғай.

Мұхан ИСАХАН

Серіктес жаңалықтары