ЖАНАМ ДЕГЕН ЖYРЕККЕ ОТ БЕРСЕ ЕГЕР...

ЖАНАМ ДЕГЕН ЖYРЕККЕ ОТ БЕРСЕ ЕГЕР...

ЖАНАМ ДЕГЕН ЖYРЕККЕ ОТ БЕРСЕ ЕГЕР...
ашық дереккөзі
266

Елiмiздегi жастар ұйымдары туралы не бiлемiз?

Өткен аптада бiздiң жас отандастарымыздың қатысуымен елдi елең еткiзер оқиға болды. Бұл оқиға елiмiздiң бас қаласы Астанада Парламент үйiнiң алдында орын алды. Алайда, “айдағаның бес ешкi, ысқырығың жер жарадының” кебiн киген бес-алты жастың шеруiнiң екпiнi мен тепкiнi ешкiмге бата қойған жоқ. Сонда да әлгi бес-алты студенттiң санының аздығы емес, көтерген ұранының дақпырты басым екенiне назар аударған БАҚ өкiлдерi бұл шеруден “шоу” жасады. Таралымы көп басылымдардың бiрi “Время” газетiнде “Мамай не пройдет” деген мақала да жарық көрiп үлгердi. Иә, шынында да айналдырған бес-алты жастың мақсаты неде? Расында билiк партиясының парламентте басымдық танытып отыруы ЕҚЫҰ төрағалығына кедергi емес пе?

Мойындау керек, олардың көтерген мәселесi мен шеруi парламентке шыбын шаққан құрлы да болмаған сыңайлы. Қазiр үкiмет тұрмақ оппозицияның да жастармен еш жұмысы жоқ екенi өтiрiк емес қой. Екi жақта сол себептi сырттай қызықтады, заң орындарының тәртiптiк шара қолданғаны болмаса, әрине. Елдегi жастар саясатының жүргiзiлуiнiң салғырттығы соншалықты, үкiмет пен оппозиция, одан қала бере қарапайым халық та жастардың қолынан ештеңе келмейдi деген көзқарас қалыптастырған. Кiнәнi кiмге тағасың? Бұлай ойлауға жол беретiндей ескеретiн жайттар бар, яғни бүгiнгi таңда жастардың саяси белсендiлiгi бәсең. Көпке топырақ шашпайық. Десе де, өз құқықтары мен мүдделерiн қорғауда қандай табыстарға жетiп жатыр? Өз мәселелерiн шеше алып жатыр ма? Қоғамға қандай көмек көрсете алды? Көп жағдайда жастардың ары мен азаматтық құқығы тапталып жатады. Осы мәселелермен кiм айналысады? Десе де “ауызды қу шөппен сүртпейiк…” Елдегi жастар саясатын жүзеге асыруда “шамаға қарай көсiлiп” келе жатқан жастар ұйымдары баршылық. Мәселен, “Жас Отан” жастар қанаты, “Студенттер Альянсы”, “Жастар конгресi”, “Жасыл ел”, “Болашақ” тағы да басқа жастар мәселесiмен айналысатын 700-ге жуық жастар ұйымы ресми түрде тiркелген. Саны бар, сапасын қайдам? Тiркеуде бар ұйымдар мен бiрлестiктердiң де денi iлiнiп-салынып өмiр сүрiп келедi. Қазiргi таңда республикадағы мақсаты мен мiндетi айқындалған, жастар мәселесiмен жiтi айналысатын бiрегей ұйым — “Жас Отан” жастар қанаты ғана. Әлеуметтiк жұмыс пен жастардың тәжiрибе алмасуы, жастар жағдайы туралы ақпарат алмасу, мәдени және экономикалық мәселелерге қатысты жергiлiктi семинарлар, конференциялар мен дөңгелек үстелдер өткiзiп, өзектi мәселелер жөнiнде бiр мәмiлеге келу, бағдарламаларына қатысу жас отандықтардың дәстүрге айналдырған iсi. Мәселен олар жастардың болашағына қатысты “Дипломмен ауылға”, “Есiрткiсiз болашақ”, сол сияқты бүгiнгi күнi өте актуальды болып отырған “Қазақша сөйлесейiк” сияқты тағы да басқа бағдарламаларды жүзеге асыруда. “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” деген, барды бар деп атап айту керек. Жастар мен жасөспiрiмдердiң сапалы бiлiм алуы, салауатты өмiр салтын насихаттау, студенттердiң әлеуметтiк мәселелерiн шешу сияқты iс-шараларды қалай атқарып жатқанына өзiмiз БАҚ арқылы талай куә болдық. Ал ең бастысы, республика бойынша барлық аймақтарда филиалдары ашылып, мүшелiкке өткен жастар жергiлiктi жердiң жастар саясатын жүзеге асыруда. Жастар саясатын қолдаудағы негiзгi қанат “Жас Отанның” Алматы қаласы бойынша атқарушы хатшысы Бақытжан Нарымбетов ұйым жұмысы туралы “Жастар саясатының әлi де болса әлсiздiгi байқалады. Бiрақ бiз елдегi жастар проблемасын жан-жақты шама-шарқымыз жеткенше атап көрсетiп, аяқсыз қалдырмауға тырысамыз”, — дейдi.

Тағы бiр мысал, Алматы әкiмдiгiнiң жанынан ашылған “Жастар саясатын дамыту” мемлекеттiк қоры қала жастарының, соның iшiнде ауыл жастары мен жетiм және мүгедек балаларға көмектесудi басты мақсатқа айналдырған. Ал осы қордың төрағасы Даурен Мұхамеджан:

— Жастар ұйымдарының ең бiрiншi мiндетi жастарға көмек беру болып табылады. Себебi олардың әлеуметтiк жағдайы мен бiлiм грантын алу мүмкiндiгi көбiне шектеулi. 2001 жылы әкiмшiлiк жанынан ашылған қордың осы күнге дейiн атқарған қызметi аз емес. Алматы қаласындағы 7 аудан бойынша аула клубтары iске қосылды. Былтырғы жылы бiздiң қор арқылы жетiм балаларға 35 грант берiлдi. “Менiң сүйiктi қалам”, “Дидар” фестивальдерiн ұйымдастыру бiздiң мойнымызда. Көрiп отырғандарыңыздай, қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Қолдан келгенше қаладағы басқа да жастар ұйымдарымен бiрiге жобаларды iске асырып жатырмыз. Жақында “Жас Отан” жастар қанатымен бiрлесе отырып, “Салауатты өмiр салты” атты шағын олимпиада ойындарын өткiздiк. Аймақтардан екi мыңғы жуық мектеп оқушылары қатысты. Бұл да болса елдiң салауатты болашағына қосқан үлесiмiз деп бiлемiн.

Сонымен қатар “Жасыл ел” ұйымының елдi көгалдандырудағы еңбегiн атамасқа болмас. Сол сияқты құрылыс отрядтарының қаланы көркейтiп жатқанын байқамау әбестiк болар. Алайда осы iстердiң баяндылығын байқадық па? Ай, байқамадық. Бiр-ақ рет қана келетiн көз алдаушылық iспеттi. Қолға алынған iстер жалғасын тапты ма, таппады ма бейхабармыз. Былай алып қарағанда жастар ұйымдарының мақсаты бiр, яғни жастардың құқықтарын, заңды мүдделерiн қорғауға бағытталған өзге де мiндеттердi шешу, рухани және өзге де қажеттiлiктерiн қанағаттандыру. Ендеше осы ұйымдар неге бiрлесе жұмыс iстмейдi. Айтайын дегенiмiз бiрiгiп бiр ғана ұйым құрса деген ғой. Мәселенiң шешiмi бiр жерден шығар едi.

Әлгi 700-ге жуық тiркелген жастар ұйымын айтып отырмыз. Әйтпесе Жанболат Мамай клубының олармен басы пiсе қоймас, десе де… Атқарылған iстердiң де көлемi мен ауқымы ұлғаяр едi. Кезiнде комсомолдың атқарған қызметi ұшан-теңiз-тұғын. Комсомол қатарына өткен жастар тек қана жастар саясатын қамтып қоймай, қоғамдағы келеңсiздiктердi жеңуге атсалысты. Еңкейген кәрiден еңбектеген сәбиге дейiнгi аралықтағы әлеуметтiк проблеманың бәрiне менiкi-сенiкi демей бас сұғатын. Әсiресе кадр дайындаудағы үлесi қандай-ды. Ал кадр мәселесi қазiргi жастар ұйымдарының басын ауырта ма? Қайдам?! Түптеп келгенде мектеп бiтiргенде ҰБТ тапсырғаннан бастап жастардың өздерi қадағалап, әлеуметтiк проблемалармен өздерi айналысуы керек. Орындысы, оқуға түскен баланы ұйым қатарына кiргiзiп ал да, мойнына тапсырма жүкте. Одан арғысын өзi-ақ алып кетедi.

Жастар ұйымы қазақ жерiнде кеше құрыла қойған жоқ. ХIХ ғасырдың аяғында-ақ жастар ұйымдары құрыла бастаған. Алғашқы жастар ұйымын құруға ұйытқы болған қазақ азаматтары кейiннен Алашорда партиясының белдi мүшесi болды. Олар ХIХ ғасырдың II жартысында Санкт-Петерборда түрлi мамандық бойынша бiлiм алып жатқан Барлыбек Сыртанов, Бақытжан Қаратаев, Мәмбетәлi Сердалин, Бақтыгерей Құлманов, Абдолла Темiров сынды бiр топ қазақ жiгiттерi болатын. Көкiрегi ояу, көзi қарақты қазақ жастарының құрған ұйымы — “Жерлестер” деп аталды. Университет қабырғасындағы бiр-бiрiнен ажырамас қазақ жiгiттерiнiң ұйым құрудағы басты мақсаты өзге жұртта жүрген қандастардың қамы едi. “Жерлестер” ұйымының атқарған қызметi бастан асады. Олар ұйым төңiрегiнде оқу жағдайына байланысты басқосулар өткiзiп, түрлi шаралар ұйымдастырып, танымын қалыптастырды. Қазақ жастары үйiрмеге мүше болған студенттерге қаражатпен көмектесу, ауырған жағдайда дәрi-дәрмекпен қамтамасыз ету сияқты мәселелердi шештi. Өйткенi, университет қабырғасында оқып жүрген студенттер материалдық ауыр жағдайды да бастан кешiрдi. Аталған ұйым бiрден құрыла қойған жоқ. Петербор университетiнiң есiгiн 1886 жылы бiр топ қазақ жастары ашқан болатын. Университетте әр ұлттың жастары арасында өзiнiң бағдарламасы бар, саяси бағыт көздеген “Жерлестер” (“Землячества”) үйiрмесi немесе “Жерлестер одағы” (“Союз землячества”) деп аталатын астыртын ұйымдар өмiр сүрдi. Ұйымның астыртын жұмыс жасауының өзiндiк себебi бар. Сол уақыттарда Ресей империясының астанасында 1886-1887 жылдарда студенттер арасында кең қанат жайған революциялық және студенттiк қозғалыстар, саяси оқиғалар жиi орын алатын. “Алғашында “Жерлестер” ұйымының мүшелерiнiң мақсаты бiр ұлттан немесе бiр өлкеден келген мұқтаж студенттерге материалдық көмек көрсету болған. Бiрақ бұл ұйымдардың пiсiп-жетiлуi барысында алдарына қойған мақсаттары саясатқа ұшырасып кетiп отырды” дейдi зерттеушi С.Өзбекұлы. 1880 жылдары Санкт-Петерборда студенттер арасында 20-ға жуық “Жерлестер” үйiрмесi болған және олардың мүшелiгiне 1500-ге тарта студент кiрген. Сол кезде студенттердiң Сiбiр, Поволжье, Кубань, Дон, Польская касса, Таврия, Новгород, Украина, Грузия, Армения сияқты “Жерлестер” үйiрмелерi мен одақтары тұрақты түрде қалыптасқан болатын.

Хош делiк, жоғарыда айтылғандай Парламент үйiнiң алдында болған шағын ғана шерудiң өзi оппозицияны да, үкiметтi ойландырмай қоймағаны анық. Естерiңiзде болса, күнi кеше желтоқсанда жанын жалау етiп, тұғырлы тәуелсiздiк туын ұстатқан да жастар екенiн ұмытпаған жөн. Жастар саясатының ертеңiне мән бермеген үкiметтiң келешегi күңгiрт, оппозицияның күнi қараң. Рас, үкiмет 2004 жылы “Жастар саясаты туралы” Заң қабылдады. Алайда бұл заң шашыраңқы және барлық мәселенi қамти алмағандықтан, 2007 жылы iшiнара өзгертiлдi, толықтырылды. Соның да салдары шығар, ендi жастар саясатына қатысты заң 2014 жылы жастар ұйымдары ұсынып отырған түзетулермен қайта қаралмақ. “Тым созылып бара жатқан жоқ па екен?” деп ерiксiз ойланасың. “Балам дейтiн жұрт болмаса, жұртым дейтiн бала қайдан болсын”…

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары