ЕЛБАСЫ АВТОБУС СЫЙЛАДЫ
ЕЛБАСЫ АВТОБУС СЫЙЛАДЫ
Аптаның басында Елбасы Оңтүстiк Қазақстан облысына iссапармен келiп, өңiрдiң тыныс-тiршiлiгiмен жiтi танысты. Әуелгi жұмыс кестесiн Шымкенттiң орталығындағы Ордабасы алаңынан бой көтерген Тәуелсiздiк монументiнiң салтанатты тұсаукесерiнен бастаған Елбасы Н.Назарбаев бұдан соң Орталық Азия аймағында теңдесi жоқ заманауи желiмен жабдықталған өндiрiс орнына, өңiр халқының денсаулығын жақсартуға бағытталған жаңа кардиоорталыққа атбасын бұрды.
Күздiң қара суығы бiлiне бастағанмен, шырайлы Шымкентте күн жылы. Дәл қазiр егiн мен жемiс-жидектiң пiсiп, жиын-терiннiң де бiтер шағы. Халықтың қолы қалт етiп, арқаны кеңге салған уақытта Елбасының өңiрдi аралап, ел-жұрттың әлеуметтiк-экономикалық әл-ауқатын көзбен көрiп қайтуы үлкен серпiлiс бергендей. “Жерi байдың елi бай” демекшi, өзiнiң халқы мен территориясы, өндiрiстiк орны жағынан Астана, Алматыдан кейiнгi үшiншi қаланың санатына кiруге әзiрлiк жасап жүрген Шымкент қаласы бұл үдеден шығатынын өз iсiмен дәлелдеп келедi. Ең бастысы, елордамыз — Астанадан бастау алған игi дәстүр жалғастығы Оңтүстiк өңiрге де келiп жеттi. Ертеден мәдени-рухани ортаға айналған Шымкент қаласынан Тәуелсiздiк монументiнiң бой түзеуi осының айғағы. Бiр айта кетерлiгi, монументтiң құрылыс жұмысына кеткен шығынды жергiлiктi не республикалық бюджет емес, елiне, туған жерiне деген құрметiн паш еткiсi келген бiр кәсiпкер көтерiптi. Тәуелсiз елдiң символы iспеттес монумент 2 жарым миллионға жуық халқы бар өңiрдiң жастарының бойына патриоттық рух пен күш сыйлайтыны анық. Тұсаукесердiң ашылуында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев: “Бiз әр уақытта Қазақстан азаматтарымыз, бiз — қазақпыз деп қуанышпен айтуымызға болады. Себебi, бұрын-соңды болмаған қазақ халқын, Қазақстан деген елдi дүниежүзi бiледi. Басқа 200 мемлекетпен тереземiз тең болды. Бiздi сыйлайды, бiздi бiледi, iшiмiз бүтiн, сыртымыздың бәрi дос мемлекеттер” деп жиналған қауымды бiр серпiлтiп тастады. Елiмiзде жүрек-қан тамырлары ауруына шалдығып, өмiрден ерте озып жатқандардың саны жыл санап арта түсуде. Оның үстiне халқы тығыз қоныстанған аймақта ауруханалар мен емханалардың жетiспейтiндiгi айтпаса да белгiлi. Мiне, осы мұқтаждықты жою үшiн Елбасының арнайы тапсырмасымен 2 жарым миллиард қаржыға соңғы үлгiмен жабдықталған кардиоорталық есiк ашты. Онда бiр мезетте 120 науқас ем ала алады. Тiптi, бұдан былай шетелде жасалынып келген күрделi операциялар өз Отанымызда жүзеге асады деген үмiт бар. Биылғы жылы облыстық денсаулық сақтау саласына 44 млрд. теңгеге жуық қаржы жұмсалуда. Нәтижесiнде биыл 6 медициналық мекеме салынып, 148 мекеме күрделi жөндеуден өтпек. Ал, Елбасының тапсырмасымен қолға алынған “Жол картасы” бағдарламасы бойынша өңiрге 27 млрд. теңге көзделiп, оған 189 мектеп пен 56 аурухана, мыңдаған шақырым жол мен 5 мәдениет үйi мен театрлар түбегейлi жөндеу көредi.
Өңiрде шағын және орта кәсiпкерлiктiң дамуы да бiр iзге түскен. Жаңа ашылған макарон фабрикасы осының бiр нақты көрiнiсi. Бұл 10 миллион долларлық қаражатқа, италияндық желiмен салынған фабрика елiмiздiң азық-түлiк бағдарламасын, индустриалдық-инновациялық саясатын жүзеге асырудағы iрi инвестициялық шара. Бұл салада өлке халқының үштен бiрi еңбек етедi. Тек соңғы алты айда облыс кәсiпкерлерi 55 миллиардқа жуық теңгенiң өнiмiн шығарған. Бұрындары шет елдiк дайын өнiмдi сырттан әкелiп, жергiлiктi нарықта сатумен айналысқан кәсiпкерлер, ендi жиған-терген қаражатын өндiрiс орындарын ашуға салып жатыр. Өндiрiс кешенi сағатына үш жарым тонна сапалы әрi бәсекеге қабiлеттi өнiм шығарады. Фабриканың бiр жылдық көрсеткiшi 25 мың тонна. Жиырмаға жуық макарон түрi облыс тұрғындарының сұранысын толығымен қанағаттандырып қана қоймай, Қырғызстан, Тәжiкстан, Грузия, Ауғанстан сияқты шет мемлекеттерге де экспортқа шығарылады.
Бұдан соң Елбасы жұмыс сапарын Жамбыл облысында жалғастырып, жаңадан iске қосылған зауыттар мен комбинаттарды аралады. 10 мың тонна азық-түлiктi сақтайтын комбинатын, Мойынқұм ауданындағы цемент зауытын, химия өнеркәсiбiн дамыту тапсырмасы шеңберiнде iске қосылған “Қазфосфат” ЖШС-нiң бүгiнгi тiршiлiгiн көрдi. «Мыңарал» цемент зауытында су жеткiзгiш, су жинағыш стансалары салынып, резервуарлар iске қосылған. Автокөлiк жолының да құрылысының тамырына қан жүгiрген. Темiр жол тұйығының құрылысы да аяқталып қалған. Кiшi стансаның, электр желiсiнiң және құрылыс алаңында бұрғылау-қопару мен қазу жұмыстары iске асып келедi. Өңiрдегi болашағы зор жобаларға қуанған Елбасы компания басшыларының еңбегiне сәттiлiк пен толағай табыс тiледi.
Жамбыл облысында “Жол картасы” қарқынды түрде орындалып жатыр. Жергiлiктi басшылар аталмыш бағдарлама төңiрегiнде атқарылатын шаруалармен бөлiсiп, облыстың 2020 жылға дейiнгi стратегиялық дамуын баяндады. Аймақтағы экономикалық ахуалға қанағаттанған Н.Назарбаев “100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттiк бағдарламасы нәтижесiнде салынған бiлiм ұясын тамашалап, бүгiнгi ұрпақтың бiлiм алуына бар жағдайдың жасалып жатқандығын айтып, мектеп ұжымына екi автобусты сыйға тартты.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ