“DOING BUSINESS 2010”: ҚАЗАҚСТАНҒА - 63-ОРЫН
“DOING BUSINESS 2010”: ҚАЗАҚСТАНҒА - 63-ОРЫН
181 елдiң iшiнен 63-орынды қанағат тұтқан Қазақстанда кәсiпкерлiкпен айналысу қаншалықты қолайлы? Елiмiздегi шағын және орта кәсiпкерлiктiң қордаланып қалған қиындықтары қашан түбегейлi шешiлмек? Бизнес саласын тексеруге құқылы 60-қа жуық органның бизнеске тигiзер пайдасынан гөрi зияны көп. Оларды қысқартуға Министрлер кабинетi шынымен мүдделi ме?
Сейсенбi күнгi Астанада өткiзiлген “Кәсiпкерлiктi жүргiзу 2010: қиын кезеңде реформалар жасау” атты конференцияда ҚР Премьерi К.Мәсiмов “Doing business” рейтингiндегi биылғы жетiстiктердi қанағат тұтуға болмайтынын, кәсiпкерлiкпен шұғылдануға ықылас пен ынта бiлдiргендерге мемлекет тарапынан жасалуы тиiс жағдайлар мен мүмкiндiктердi одан әрi жақсарта түсуге тырысу керектiгiн айтты: “Әлбетте, соңғы жылдары iлгерiлеушiлiктер бар. Оны кәсiпкерлердiң әрекеттерiнен, кәсiпкерлiктi жүргiзуден, арнайы өткiзiлетiн әлеуметтiк сауалнамалардан байқаймыз. Бiрақ iлгерi жылжу менiңше, қажеттi деңгейде жедел жүзеге асырылмай отыр. Бiз жағдайды бұдан әрi жақсартуға қабiлеттiмiз”. Осылайша, елдегi кәсiпкерлiк саласындағы ахуалға көңiлi толмаған Үкiмет басшысы жақын келешекте нарықтық экономикаға балама жоқтығын көлденең тартты. Министрлер кабинетiне қамшы болған — 2009 жылдың 9 қыркүйегiнде Дүниежүзiлiк банк пен Халықаралық қаржылық корпорация (IFC) ұйымдастырған “Doing Business 2010: қиын кезеңдегi реформалар” есебiндегi 181 мемлекет қатысқан тiзiмнен Қазақстан 63-орынды иеленуi. Былтырғы көрсеткiш — 178 елдiң iшiнен Қазақстан еншiсiне 70-орын тиген болатын. Кәсiпкерлiкпен айналысуға жасалатын жағдайлар мен мүмкiндiктер сараланған биылғы тiзiмнiң алғашқы сатысында Сингапур тұр. Одан кейiнгi кезекте – Жаға Зеландия, АҚШ, Гонконг (Қытай аумағы), Дания, Ұлыбритания, Ирландия, Канада, Австралия, Норвегия, Исландия, Жапония, Таиланд, Финляндия, Грузия, Сауд Аравиясы, Швеция, Бахрейн, Бельгия, Малайзия, Швейцария, Эстония, Корея, Маврикий, Германия т.б. Үстiмiздегi жылы кәсiпкерлiкке қолайлы елдер қатарына Бага аралдары, Бахрейн, Катар кiрген. Былтыр 178-бен шектелген тiзiмнiң биыл 181-ге көбеюi сондықтан.
Халықаралық сарапшылар жүргiзген зерттеу жұмыстарының нәтижесiнде, 2010 және 2009 жылғы көрсеткiштер салыстырылған. Мысалы, 2010 жылы Қазақстанда кәсiпкерлiкпен айналысуға жасалған жағдайлар жағынан алғанда, бiздiң ел – 63-орында, ал 2009 жылғы көрсеткiштер бойынша – 64-орында. Бұл бiр деңгейге жоғары көтерiлдi деген сөз. Сондай-ақ, құрылыс нысанын салуға рұхсат алу – 143-орын (былтыр – 177-орын), инвесторларды қорғау – 57-орын, салық – 52-орын (62-орын), кәсiпорынның жұмысын тоқтатуы – 54-орын, кәсiпорынды тiркеу тұрғысынан алғанда, 2009 жылы 79-орында болса, араға жыл салғанда, 82-орынға бiр-ақ сырғыған. Жұмыс күшiн жалдау былтыр – 33-орын, биыл – 38-орын, несиелеу – 41-орын, биылғы көрсеткiш – 43-орын. Былтыр жекеменшiктi тiркеуде 26-орында болса, биыл 31-орынға төмендеген. Келiсiм-шарттардың орындалуын қамтамасыз ету былтыр – 34-орын, биыл – 37-орын.
Дүниежүзiлiк банктiң Қазақстандағы тұрақты өкiлi Сергей Шаталов биылдан бастап Қазақстанның артта қалған саласы – халықаралық сауданы жақсартуға баса назар аудару керектiгiн айтады. Өйткенi, былтыр 182-нi қанағат тұтқан Қазақстан биыл да сол көрсеткiштен бiр саты да алға жылжымапты – 182. 2008 жылы елдiң үрейiн ұшырған әлемдiк экономикалық дағдарыстың бүгiнде ауыздықтала бастағанын, күнi кеше ғана жұрттың көңiлiн алаңдатқан бiрқатар мәселенiң қазiр шешiмiн таба бастағанын көлденең тартқан Премьер әзiр арқа-басты кеңге салуға әсте болмайтынын жеткiздi.
Қазiргi таңда кәiпкер қауымының басын ауыртқан басты мәселелерiнiң бiрi – мемлекеттiк тексерулер түрiнiң көптiгi. Былтыр жыл басында басталып, биыл алғашқы жарты жылдыққа созылған кәсiпкерлiктi тексеруге тыйым салынған мораторий талайға бiраз көмек болды. “Тексергiштердi” азайту керектiгiн айтып, бiрнеше жылдан берi дабыл қаққан кәсiпкерлердiң айқайы билiк құлағына шынымен жеттi ме, әлде Дүниежүзiлiк банк дайындаған “Doing Business 2010” әсер еттi ме, ҚР Экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Бақыт Сұлтанов сейсенбiде бизнес саласындағы сан тексерудiң саны қысқартылатынын жеткiздi: “Бiз кәсiпкерлiкпен айналысуға талпынғандарға жағдай жасаумен бiрге әкiмшiлiк реформаларды жалғастыруға, яғни, тексеру органдарының санын қысқартуды көздеп отырмыз”. Сұлтановтың сөзiнше, үстiмiздегi жылдың соңына дейiн тарлық тексеру органдары төнетiн қауiп-қатердi анықтайтын жүйенi, тексеру қағаздарын, ведомстволық статистиканы бекiтуi тиiс. Министрлер кабинетi бизнес саласына жаңашылдық енгiзу мақсатында, лицензиялау, тексеру т.б. заңнамалық құжаттарға өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге, экономиканы дербестендiрудiң жаңа жолдарын табуға мүдделi.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ