YШ МЫСАЛ ЖӘНЕ ТYЙIН

YШ МЫСАЛ ЖӘНЕ ТYЙIН

YШ МЫСАЛ ЖӘНЕ ТYЙIН
ашық дереккөзі
324

Жуырда редакцияға қолында сүйенiш еткен таяғы бар бiр бозбала келдi. Өзiн Ербол Ақшолақов деп таныстырды. Мен бұл фамилияны “Жұлдыз” журналының осы жылғы №6 санынан кездестiргенмiн. Онда автор “Мөлдiр арна” деген атпен ұлтымыздың ақиық ақыны болған Iлияс Жансүгiровтiң шығармашылығына талдау жасаған. Шынымды айтсам, зерттеу мақаланы сүйсiнiп оқыдым. Автордың жасы 18-ге ендi толған бала деп ойлағаным жоқ. Оның сөз саптасы мен ой тереңдiгi өз жас құралпынан әлдеқайда алда секiлдi. Бiр бала бар уақытқа жете туады, бiр бала бар уақытттан оза туады. Ербол Ақшолақовтың мерзiмдiк басылымдарға жарияланған басқа да материалдарына қарап, оның өз уақытынан оза туғанын сезiнесiң.

Ол редакцияға шағынмен келiптi. Алматы облысы, Алакөл ауданынан Қарлығаш ауылындағы мектептiң 10 сыныбын ғана бiтiрген. Айтуына қарағанда, 11-шi сыныпты бiтiруге мектептiң ұстаздар ұжымы мүмкiндiк бермесе керек. Не үшiн дейсiз ғой. Ауылдағы, аудандағы кемшiлiктердi облыстық және тәуелсiз газеттерде жариялағаны үшiн секiлдi. Сол жазғандарының ксерокөшiрмесiн өзiмен бiрге ала келген. Оның сындарынан бөлек ұсыныстары да орынсыз деуге келмейдi. Ауданнан шыққан Әнуар Әлiмжанов, Зейнеп Қойшыбаева, Тоқтар Бейiсқұлов, Жұмахан Балапанов, Кәмәси Өмiрзақов секiлдi елдiң мәдениетi мен әдебиетiне еңбек сiңiрген жандарды мәңгiлiк есте қалдыру үшiн мектептерге аттарын берудi басшыларға құлаққағыс жасаған екен.

— Мен жетiм өстiм. — дейдi ол. — Жетiмдiктiң азабын аз тартқам жоқ. Бұғанам қатпаған бала кезiмнен-ақ, Талдықорған қаласының базарында арба сүйреп напәқа таптым. Онда мен сияқты жетiм балалар жетiп жатыр. Солардың арасында өзiм бiлетiн небiр болашақ ақындар, тарихшылар, физиктер жүр. Бiрақ оларға қамқорлық жоқ. Үкiмет тарапынан жетiм балаларға бөлiнген қаражат оларға жетпейдi. Сосын олар базарларда жүрмей қайтсiн. Ал осыларды айтып жоғарыға шағымдансаң сен басшыларға жақпайсың.

Ербол Ақшолақовтың арманы 11-шi сыныпты бiтiрiп, кәмелеттiк аттестат алып, журналистер мен филологтар дайындайтын жоғары оқу орнына түсу. Аудан, облыс басшыларынан қолдау таппаған ол жуырда Республика Президентi атына арнайы хат жолдап көмек сұрапты. Оның нәтижесiн уақыт көрсете жатар. Ал бiз талабы таудай талантты жастың қанаты ерте қайырылмаса деймiз.

* * *

Осыдан бiраз күн бұрын бiрнеше бизнесмендермен бiрге болдым. Олардың әңгiме-дүкендерi тек сауда-саттық төңiрегiнде өрбiдi. Қытайға жиi баратындарын, алып келген тауарларын, соларды қалай өткiзгендерiн айтудан жалыққан жоқ. Мен әңгiме арасына килiгiп, ұлттық мүдде тұрғысынан сөз қозғап едiм, селт еткен бiр болсайшы. Естiмеген жандардай елеусiз қалдырып, әңгiме арнасын сауда-саттықтарына қарай бұра бердi. Айтуларына қарағанда бәрiнiң тұрмыс жағдайлары жақсы. Қаланың таңдаулы жерiнен екi-үш қабаттан тұратын жеке коттедждер салған. Астындағы көлiктерi де жеңiл машинелердiң ең таңдаулысы. Солардың әңгiмелерiне қарап ойым сан-саққа жүгiрдi. Қаракөз қандастардың байығандары жақсы-ау. Алайда ұлттық мүдденi қаперлерiне де алмайтындарына қалай қарның ашпайды. Патриоттық сезiмнен жұрдай жандарға, тек қарақан бастарын ғана ойлайтындарына не деуге болады? Сонда қалай, ұлттық мүдденi тек журналистер, әдебиетшiлер, тарихшылар, саясатшылар ғана ойлауы керек пе? Байлықтан басқаны ойламайтын жандардан елге, жерге қандай жанашырлық күтесiң. Бiрақ оларға өкпелеудiң де жөнi бола қоймас. Өйткенi ұлттық идеология жоқ жерде ондайларда патриотизм қайдан болсын.

* * *

Бокстан Қазақстан құрама командасы Аппенин түбегiнде өткен әлем чемпионатында неге ел үмiтiн ақтамады? Әзiрге әрқалай пiкiрлер айтылуда. Амалбек Тшан: “Мұндай байрақты жарысқа бойында ұлттық намысы бар ең мықтыларды апару керек едi”, — десе, құраманың бас бапкерi: “Жастар тәжiрибе жинасын деген оймен апардық”, — дегендi желеу етедi. Ал Серiк Қонақбаев: “Бапкерлер арасында ауызбiршiлiк жоқ”, — дегендi алға тартады. Қалай айтқанда да құраманың жалғыз қоланы мiсе тұтуы өкiнiштi-ақ. Неге? Өйткенi республикада спорттың бокс саласына барлық жағдай жасалынған. Талғар қаласы жағындағы үлкен спорт кешенiнiң өзi неге тұрады. Онда боксшылардың жаттығуға арналған кең залдары, демалуға арналған оңаша бөлмелерi, асханасы бар. Мұндай кешен бұрынғы постсоветтiк елдердiң бiрiнде де болған емес.

Әлем чемпионатына боксшыларды iрiктеуде жанкүйерлер түсiнбейтiн жайлар көп. Солардың ең бастысы, республика чемпионатында алтыннан алқа таққан бес бiрдей мықты боксшы қалай ұлттық құрамаға кiрмей қалды? Ал Миландағы әлем чемпионатында бiрiншi орынды иемденген Ресей өздерiнiң Чехово бiрiншiлiгiнде кiм жеңiске жетсе, соларды ғана үлкен жарысқа жiберген. Ал бiзде Қазақстан чемпионатының нәтижесi еске алынбайды екен. Бас бапкер үлкен жарысқа кiмдi жiберем десе өзi бiледi. Олар үмiттi ақтаса мақұл-ау. Ол таңдаған боксшылардың төртеуi алғашқы жекпе-жекте-ақ қарсыластарынан жеңiлiс тапты. Осы чемпионатта әлемнiң екi дүркiн чемпионы Серiк Сәпиевiмiз үшiншi рет чемпион болады деп күтiп едiк. Бiрақ көкке көтере мақтаған Сәпиевiмiз өкiнiшке орай қола медальдi қанағат тұтты. Халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген Бiржан Жақыпов пен Әдiлбек Ниязымбетов ұлттық құраманың сапынан көрiнбеуi де жанкүйерлерге түсiнiксiз. Сондай жанкүйерлердiң бiрi өзiммiн. Екi апта бойына теледидар алдында тапжылмай отырып, сол чемпионатты қадағаладым. Сонда менiң бiр байқағаным, бiздiң боксшыларда шабуылдау бар да, қорғаныс жоқ секiлдi көрiндi. Есесiне қорғана отырып ұтымды шабуылдай бiлген қарсыластар жеңiске жетiп жатты.

Бокс — ерекше спорт. Оның ерекшелiгi сонда, әр салмақ категориясы бойынша жеңiске жеткендер бiр-бiр алтыннан алқа тағады. Және олар жеке есептеледi. Жеңiске жеткен спортшының елiнiң туы көтерiлiп, әнұраны орындалады. Бұл үлкен мәртебе.

ТҮЙIН

Қазақта: “Күшiгiнде таланған” деген сөз бар. Жас талант Ербол Ақшолақовқа соның керi келiп жүрмесе деңiз.

Түркиядан үйренетiн әрi тәлiм алатын жайлар баршылық. Түркияның кез келген қалталылары мен байлары, сауда-саттықпен айналысатындары өз елiнiң мүддесiн, ұлттық идеологиясын жоғары ұстанады. Бiзде де солай болса шiркiн.

Бокс ердiң атын ғана шығарып қоймайды, елдiң даңқын да көкке көтередi. Оған дәлелге Кубаны келтiруге болады. Бокс Кубаның беделiн де жоғары көтердi. Бiздiң бокс бапкерлерi солардан үлгi алса еттi.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары