ӨЗБЕКСТАН ҰСТАНЫМДАРЫН ЖИI ӨЗГЕРТУДЕ
ӨЗБЕКСТАН ҰСТАНЫМДАРЫН ЖИI ӨЗГЕРТУДЕ
Қазақстанның Энергетика және минералды ресурстар министрлiгiнде (МЭМР) күтпеген жерден жұмыс қызды. Жанталасқан жұмыс. Өйткенi, жақында Өзбекстан аумақтағы елдерге өздерiнiң бiртұтас энергетикалық жүйеден бастартатынын күтпеген жерден мәлiмдеген болатын.
Бiртұтас жүйенiң қалған екi мүшесi — Қазақстан мен Қырғызстан үшiн өзбектердiң осыған дейiн нық қалыптасып, ұтымды жұмыс iстеп келген жүйеден бастартуы ашық күнде жай түскендей әсер еткенi сөзсiз.
Өзiм бiлермендiкке салынған өзбек ағайынның саяси, экономикалық ұстанымдарын жиi өзгертетiнi үйреншiктi жағдай болса да, осындай аса маңызды, стратегиялық салада бұдан бұрын қол жеткiзiлген келiсiмдерден бас тартуы Энергетика және минералды ресурстар министрi Сауат Мыңбаев мырзаның басын ауыртуда. Министрдiң пiкiрiнше, Екiбастұзда таяуда пайдалануға берiлген «Солтүстiк-Оңтүстiк» екiншi электр жүйесiнiң көмегiмен Қазақстан онша зардап шеге қоймайтын көрiнедi. Ал электр энергиясын гидроэлектр стансаларында өндiретiн Қырғызстан үшiн бұл қадамның зардабы аса ауыр болмақшы. Өйткенi, гидростансалар қыста өз жұмысының ауқымын анағұрлым азайтатыны белгiлi. Егер Қазақстан да бiртұтас энергетикалық жүйеден бас тартса, онда ақ қалпақты қырғыз мемлекетiнiң солтүстiк бөлiгi қосымша электр энергиясын бiр ғана Тоқтағұл-Бiшкек линиясы арқылы ғана алатын болады және халықты электр жарығымен толық қамтамасыз ету мәселесi күрделенiп, ел экономикасы терең дағдарысқа ұшырайтыны күмәнсiз.
«Бiз бұл мемлекеттiң солтүстiк аймағында жағдайдың қиындауына мүдделi емеспiз. Оның үстiне бiз Қырғызстанмен арадағы параллельдi жүйеден бас тартатын болсақ, онда келесi вегетациялық кезеңде сумен қамтамасыз ету тұрғысынан бiршама қиындықтарға ұшырайтынымыз айқын», — дейдi министр Сауат Мыңбаев.
Осыған байланысты Қазақстанның Энергетика және минералды ресурстар министрлiгi қырғызстандық әрiптестерiмен белсендi келiссөздер жүргiзiп, Өзбекстаннан келетiн энергия қуатынсыз қалай жұмыс жасау жөнiнде iс-әрекеттерiн пысықтауда. Қазақстан қыста электр қуатын Қырғызстанға берiп, жазда қайтадан керi алуға мүмкiндiк жасайтыны жөнiнде уағдаластыққа қол жеткiздi.
Ресейдегi Саян-Шушенск ГЭС-iндегi ауыр апаттан кейiн Өзбекстанның осындай қадамға баруы Орталық Азия аймағында жағдайды бiршама ауырлататыны күмәнсiз. «Әрине, бұл қадамның еш жақсылығы жоқ, дегенмен, жалпы жағдай онша ауыр емес», — дейдi Сауат Мыңбаев мырза.
Iргелес көршi елдердiң сұраныстарымен онша санаса бермеудi керi әдетке айналдырған ресми Ташкенттiң бiртұтас энергетикалық жүйеден бас тартуының iшкi астары оп-оңай түсiнiктi. Өйткенi, Өзбекстан Қырғызстанның өз жерiнде ресейлiк әскери база салдыруына түбегейлi қарсы болып отыр. Ол ол ма, тiптi Оңтүстiк Қазақстан облысының территориясында салынып жатқан «Көксарай» су қоймасы да ресми Ташкенттiң көзiне шыққан сүйелдей көрiнетiнi сөзсiз. Осының бәрi ала тақиялы ағайындардың ашу-ызасын туғызып, аймақтағы жағдайды одан әрi күрделендiрулерiне мықты себеп болуда.
Әсiлi, бұрынғы келiсiмдер мен ұстанымдардан себепсiз жиi бас тартатын өзбектер Орталық Азиядағы басқа елдердiң айыптауы мен сынына жиi ұшырайтыны белгiлi. Бiрақ, бұл жайт оларға шыбын шаққан құрлы әсер етпейтiн секiлдi…
Жаңабек ШАҒАТАЙ