ЛАТЫН – КОМПЬЮТЕРДIҢ ТIЛI
ЛАТЫН – КОМПЬЮТЕРДIҢ ТIЛI
Латын ең алдымен – компьютердiң «тiлi». Екiншiден, тәуелсiз мемлекетiмiздiң өзi таңдаған (сырттан танған емес) әлiпбиi. Бұл – қазақ халқының (шетелдегi диаспораларын қосқанда) ортақ әлiпбиi, әрi мемлекеттiк тiлге назар аударудың «тың» әдiсi де.
Қырық екi әрпiмiз бар деп мақтанғанымызбен бұның бәрi төл дыбыстарымызды таңбалап тұрмағаны әркiмге аян. Тiптi зияны да жоқ емес. Кейбiрi бiлiм ордаларында қазақ тiлi сабағында да: «өзге ұлт сөздерiн айна-қатесiз жаз! Және сол тiлдiң ережесiне сай сөйле!» деп өктемдiк жасап тұрғандай. Осының салдарынан қазақ сөздерi (есiм сөздер) әлi күнге қателiктерiнен арыла алмай келедi. Өзге тiл ережесi тықпаланып, қазақ тiлiнiң жеке ғылым ретiнде өз ережесi барын ескермейтiн тәрiздi. Сол себептi, бесiктен белi шықпай жатып-ақ өзге грамматика заңдылығымен балаларымыздың тiлiн «сындыратын» өзге әлiпбилiк В,Ё,И,Ф, Х,Ц,Ч,Щ,Ь,Ъ,Ю,Э,Я дыбыс/әрiптерден арылу қажет бар. Анатомия, зоология, табиғаттану пәндерi оқулықтарын қазақша тұңғыш жазған алаштың адал ұлы Халел Досмұхамедұлы: «Тiлге кiрген жат сөздер де сiңу үшiн, тiлге «өзiлiк» болуы үшiн сол тiлдiң заңымен өзгерiп, танымастай хәлге келуi керек. Бүйтпесе жат сөздер бұралқы болып, тiлдiң шырқын бұзады, тiлге зиян бередi… Жат сөздердi қолданғанда тiлiмiздiң заңымен өзгертiп, тiлiмiзге лайықтап алу керек. Жат сөздердi өзгертпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тiл жоқ деп айтса да болады… Жат сөздердi өзгертпестен алып, бастапқы жат қалыбымен тiлге сiңiремiз дегендiк – шатасқандық. Бұ жолда жүрген адамдар тiлiмiзге орасан зиян келтiредi….зорлықпен кiргiзген жат сөздер елдiң түп қазығы болған тiлдi бұзады» деген едi. Қазақ ұлттық әлiпбиi – қазақ тiлiнiң табиғатына сай болуы – заңды. Латын әрпiне қайта оралу үшiн алғашқы қадам – осы болуы керек.
Латын әрпiне көшу – көшелердi орфографиялық, стилистикалық сауатсыздық сатпағынан тазалаудың оңтайлы сәтi. Әлбетте, латын әлiпбиiне көшпей тұрып, қазақы атауларды, жарнамаларды латынмен жазуға тыйым салған жөн, көнбегендерге айыппұл салуды қарастырған ләзiм. Латынға көшудiң тиiмдi жолдарын қарастырған абзал, алайда, бұл жолда асығып-аптықпаған жөн. Латынға қайта оралу үшiн мынадай дайындық шаралары жүргiзiлуi тиiс.
1. Қазақ тiлi әлiпбиiнен В, Ё, И, Ф, Х, Ц, Ч, Щ, Ь, Ъ, Ю, Э, Я әрiптерiн (таңбаларын) шығаруымыз керек. Әлiпбиiмiздi ықшамдап, табиғи дыбысымызға бет бұруымыз қажет. Компьютер де әрiптердiң неғұрлым аз болғанын «қалайды».
2. Қазақ тiлiндегi И, У дыбыстарының дауыссыз түрлерiн ғана мойындауымыз керек. Кiрме сөздерде дауысты И бiрде IЙ/ЫЙ болып қолданылса, бiрде (дауысты И болмағандықтан) Е болып қолданылатындығын (менестiр) ескерген жөн. У дыбысы – ҰУ, немесе ҮУ түрiнде жазылады. Мысалы: ұуыс, гүуiл, жұуырда, жұуа, күуә, егер екi ашық дауыстының аралығында келсе У болып таңбаланады: ауа, әуе, ал сөз басында бiр буында УА, УӘ түрiнде қолданылады: уақыт, уәж т.б.
3. Қазақ тiлiнде сөз басында бiрыңғай дауыссыз /не дауысты/ дыбыстар қатарынан келмейдi. Осы ереженi сақтағанда У, И дыбыстары дауыссыз дыбыстары қатарынан өз орындарын табады. Күнi бүгiн У мен И әрiптерiн орыс тiлi ережесiндегi қызметiмен қазақ тiлiнде қолданып отырмыз(?). Қазақ тiлiнiң өз заңдылықтарын ескермеу – тiлге жасалған қиянат, обал. Бұл – қысаң, әрi езулiк Ы, I дыбыстарының еленбеуiнен туындап отырған олқылық.
4. Менiңше, өзге тiлдерден енген сөздердiң барлығын аудару мүмкiн емес, әрi аудару дұрыс емес. Кiрме сөздердiң қазақ тiлiндегi баламасы болмаса, дыбысталу ауанына қарай заңдастырып, қолданған жөн. Қазақ тiлi сөздерiнiң дыбысталуы заңдылығына кереғар келмейтiн кiрме сөздердiң түбiрiн сол күйiнде қалдырса да болады. Бiзде кiрме сөздердiң нұсқасын көбiне-көп орыс тiлiндегi түрiнде қолдану басым болып тұр. Бұл дұрыс емес. (Кестенi қараңыз, өзге жұрт қалай қолданады)
5. Латын әлiпбиiне көшпей тұрып, елдi- мекендер, көше, мекеме, кәсiпорын т.б. қазақы атауларды латынмен жазуға тыйым салған жөн. Әркiм өз бетiнше жазып, жұртты жаңылдырмасқа осындай шара қажет.
6. Латын әлiпбиiн пысықтап алған дұрыс. Бәлкiм, Ә, Қ, Ғ, Ө, Ң, Ы, I, Ұ, Ү және Һ әрiптерiнiң кейбiрiн таңбалауды кириллицадан (қолданыстан шығарылған әрiптердiң таңбалары) алу тиiмдi болар, ойлану керек.
7. Әлiпбидi пысықтаған соң, оқу орындарында факультативтер жұмыс атқаруы керек.
8. Iс жүргiзудi орыс тiлiнiң аудармасы ретiнде емес, таза қазақы қалпын келтiрiп, қалыптастыруымыз қажет тәрiздi. (Управлением приняты меры – басқармамен шара қолданылды емес, басқарма шара қолданды болуы тиiс. Бұндай өрескел қателердiң алдын алу керек: бұл – орыстiлдiлердiң қазақ тiлiндегi құжат айналымын «қалыптастыруға» қосқан жемiсi. Құжат iсiнiң қазақша жатық болуын, қысқа-нұсқа, ұғынықты болуына назар аудара отырып қалыптастырған жөн. Ал бұндай талап оқу орындары түлектерiне мемлекеттiк тiлдi терең меңгерiп шығуды жүктейдi, сондықтан:
9. «Жұмыла көтерген жүк жеңiл» демекшi, латынға көшкенде пайдасы болатын дайындықтың бiрi: республикамыздың барлық мектептерiнде (қазақ тiлдi, ұлттық, жекеменшiк, арнайы т.б.) негiзгi пәндердiң мемлекеттiк тiлде болуын қарастырған жөн. Бұл – диаспоралардың құқын таптау емес, мемлекетшiлдiктi ойлау, «халқымызды бiрiктiрушi фактор – қазақ тiлiнiң рөлiн арттыру» болып табылады. Өз басым Қазақстанға өзге ұлт өкiлдерi ризашылық сезiмдерiн осындай ұсыныстарды қолдау арқылы жеткiзедi деген сенiмдемiн. Қазақстанды Отаны санаған, болашағын қазақ елiмен, қазақ халқымен байланыстыратын азаматтарда түсiнiспеушiлiк болмайды. Әркiм өз ұлттық ерекшелiгiн дәрiптеудi қойып, мемлекеттiк деңгейде ойлауын қарастырсақ – отаншылдықтың үлгiсi осы тәрiздi.
10. Әлiпбидi қабылдап, ресми жарияланған соң (құжаттарды рәсiмдеудi қоя тұрып), Қазақстанда таратылатын ақпарат құралдарының тiлшiлерi тиiстi курстардан өткенi жөн. Алдағы уақытта қазақтiлдiлердiң құқы бұзылмас үшiн (67% қазақ + өзге ұлтты қазақтiлдi азаматтар) тiлшi лауазымы қазақ тiлiн бiлуге мiндеттелсе керек. Олай етпеген жағдайда жұмысын қалай атқармақ? Қалайша қазақстандық тiлшi аталмақ?
11. Мемлекеттiк тiлдi дәрiптеу бүкiлхалықтық iс, әр азаматтың борышы болғандықтан Қазақстанда таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарының барлығы (шығатын тiлiне қарамастан) бiрнеше материалдарын латынға негiзделген қазақ әлiпбиiмен қазақша беруге мiндеттелуi керек. Бұндай мақалалардың саны жыл сайын артуы керек, газет бетiнен орны да кеңейгенi дұрыс болар едi.
12. Жоғары оқу орындары қазақ тiлiн кирил және латын нұсқасын салыстыра отырып үйретушi филолог мамандарды әзiрлеуi керек.
13. Мектептерде латын әлiпбиiне негiзделген мемлекеттiк тiлдiң қадыр-қасиетiн арттыру мақсатында мемлекеттiк тiл сабағын (қамтитын мәселелерi: отбасы, туған жер, халқымыздың әдебиетi, өнерi, мәдениетi, дiлi, дiнi, тарихы, iс жүргiзу т.б.) енгiзу.
14. Халыққа латын әлiпбиiне құрылған тiл үйрету курстарын ұйымдастыру – латынға көшу жолын жеңiлдетедi.
15. Латын әрпiне құрылған әлiпбидiң мiнi жоқ екенiне көз жеткенде елдi мекендердегi мекеме-кәсiпорындардың, көшелердiң, сауда орындарының, қызмет көрсету саласы т.б. атауларына көңiл бөлген дұрыс. Латынмен жазылған қазақ жазулары кирилмен жазылған қазақша (орысшадан) 3-4 есе ұлғайтылып жазылуы тиiс. Алайда, дүкен, дәрiхана, емхана, аурұухана, мектеп, азық-түлiк, арақ-шарап т.б. тек латын әлiпбиiмен жазылса, (жұрт үйiр болған жерi болғандықтан) мемлекеттiк тiлдiң мерейiн асырары сөзсiз. Бұл мемлекеттiк тiлге құрметiмiздi Қазақстанға келген туристерге сездiру, жұрттың көзiн қанықтыру мақсатында жасалатын iс.
16. Жұмыс орындары өз жұмыскерлерiн латын әлiпбиiне негiзделген қазақ тiлi курстарына қатысуды ұйымдастыру.
17. Осы кезеңдерден өткен соң құжаттарды латын әлiпбиiне қиындықсыз көшiремiз деген ойдамын.
Алға басып, жаңа белеске шығу үшiн де латынға көшу қажет, көштен қалмас үшiн, болашақ ұрпақ үшiн. Бұл – менiң пiкiрiм. Шешiм шығару халықтың еншiсiнде.
Төлен РАМАЗАНҰЛЫ