«БҰЛ – ЖОЛДАСБЕКОВ САЛДЫРҒАН УНИВЕРСИТЕТ!»

«БҰЛ – ЖОЛДАСБЕКОВ САЛДЫРҒАН УНИВЕРСИТЕТ!»

«БҰЛ – ЖОЛДАСБЕКОВ САЛДЫРҒАН  УНИВЕРСИТЕТ!»
ашық дереккөзі
358

Биыл Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiне жетпiс бес жыл толып отыр. Осынау жылдар бедерiнде оннан астам ректор тағайындалған екен. Солардың бәрi де өз мiндеттерiн шама-шарқынша атқарыпты. Алайда «Ерназардың сегiзi бiр төбе де, Ер Төстiгi бiр төбе» демей ме. Бiз үшiн басқа ректорлар бiр төбе де, Төлеген Тәжiбаев пен Өмiрбек Жолдасбеков бiр төбе. Неге? Тәжiбаевқа дейiн университетте оқитын қазақ жастары он-ақ пайызды құрайтын. Ұлттық оқытушылар құрамы да сол шамадан аспағаны жасырын емес. Ол өз уақытында солардың санын елу пайызға жеткiзiп, басқа ұлт өкiлдерiмен теңестiрiп кеттi. Ал Жолдасбеков қазақ студенттерi мен оқытушылардың үлес салмақ көрсеткiшiн сексен бес пайызға дейiн көтерiп, факультет декандарын түгелге жуық жергiлiктi ұлт өкiлдерiнен тағайындап, университеттi таза ұлттық сапаға жеткiздi. Оның тағы бiр ерен ерлiк iсi – университет қалашығын салуы. Бұл қазiр айтуға ғана жеңiл. Ал кезiнде iстi жүзеге асыру, жоқтан бар жасау оңай болған жоқ. Жолдасбековтiң талай бюрократтық кедергiлерден өтiп, шовинистiк пиғылдылармен күресiп жеңiске жетуiмен iске асты.

Бүгiнгi университет қалашығы сол кезде қалай тұрғызылды? Менiң бұл сұрағым кезiнде Өмiрбек Жолдасбековтiң күрделi құрылыс жөнiндегi орынбасары, ҚазМУ құрылыс комплексiнiң директоры болған, қазiр Қазақстан Республикасы Архитекторлар одағының құрметтi мүшесi, «Казгуградтың» бас құрылысшысы Тарас Сатмағанбетұлы Төлегенов мырзаға бағытталды.

Мен оны жуырда ғана теледидардан көрген едiм. Бұйра шашты, палуан денелi, келiстi келген кiсi екен. Университеттiң болашақ қалашығы туралы сөйледi. Қызыққаным соншалық «Шiркiн, соның құрылысын жүргiзер ме едiм» деген ой туған едi. Ендi мiне сол Жолдасбековтiң өзi шақырып отыр. Мұндай мүмкiндiктiң екiншi рет қайталанбасы анық.

Жолдасбековке өзiмдi таныстырдым. Жылы қабылдады. Тұла бойымды көзiмен бiр шолып шықты да, алдындағы орындықты ұсынды. Менiң қайда оқығанымды, қандай қызметтер атқарғанымды алдын ала бiлiп алса керек. Ол жағын тәптiштеп сұрап жатпады. Әңгiмесiн университетке жаңадан қалашық салуға Мәскеуден рұхсат алғанын, қала басшылары тау бөктерiнiң етегiнен жүз гектар жер бөлгенiн, жаңадан «Университетстрой» тресiнiң құрылғанын айта келiп:

– Ал Тарас бауырым, менiң құрылыс жөнiндегi орынбасарым болуға қалай қарайсың? – деп жүзiме қадала қарады. Қос жанары от шашып тұр.

– Өмiрбек Арсланұлы, мұндай қалашықты салу әр инженердiң арманы ғой, – дедiм езу тартып.

– Айлық еңбек ақыңның қанша болғанын қалар едiң?

«Сыны ма, шыны ма?» Iшкi ойыммен арпалысып аз ғана кiдiрдiм.

– Оны өзiңiз бiлiңiз.

– Екi жүз елу сом берсем жете ме? Егер өз мiндетiңдi мiнсiз атқарсаң, университеттiң ғылыми жұмыстарға бөлiнген қаржысынан тағы елу сом қосамын.

Мен жақ ашпадым. Оның бiр сөздi жан екенi көрiнiп тұр. Сол кезде үш жүз сом еңбек ақыны министрдiң орынбасары алатын. Өмекең сөзiн жалғады.

– Әзiрге астыңа қызмет көлiгi берiлмейдi. Бiрақ кейiндеу болады. – Ол алдындағы қағазын столдың тартпасына салды. Әлдене есiне сап ете қалғандай басын шұғыл көтердi. – Пәтерiң бар ма?

– Екi бөлмелi жайым бар.

– Университет қызметкерлерiне үй де саламыз. Содан отбасыңа қанша бөлмелi пәтер тиесiлi болса, соншасын аласың.

«Жақсы сөз – жарым ырыс». Iшiм жылып қалды.

Университет қалашығының архитектурасы мен құрылыс нысандарының жобасын Мәскеу жасаған екен. Бiз құрылыстың алғашқы қазығын Биология факультетiнiң оқу корпусына қақтық. Сонымен бiрге бес қабаттан тұратын екi жатақхананың да құрылысын бастап жiбердiк. Жолдасбеков сол жатақханалар дайын болысымен, үйсiз-күйсiз құрылысшыларды соларға қоныстандырып, құрылысты үш ауысымда жүргiздi. Тимирязев көшесiнiң тау жақ бөктерiндегi аумағы ат шаптырым алқапта түнi бойы қуатты шамдар жанып, құрылыс жұмыстары таңға дейiн тынбайтын.

Сондағы Өмекеңнiң қажыр-қайратын, iске деген құлшынысын айтсайшы. Ойласам әлi күнге таңмын. Мәскеуден, не шетелдерден iрi ғылыми симпозиумдарға қатысып, Алматыға түн жарымында ұшақпен ұшып келсе де, үйiне соқпай бiрден қалашықтың құрылыс алаңына келедi. Мұндағы жұмыс барысын өз көзiмен көрiп, қажеттi материалдар тiзiмiн блокнотына жазып, ертеңiне таңғы сағат сегiз жарымда, Киров пен Панфилов көшелерiнiң қиылысындағы қызмет орнында отырады. Басқа бiреу болса солай жанын салып кiрiсер ме едi. Әй қайдам.

Әлi есiмде. Құрылыс жұмыстары күннен-күнге қарқын алып жатты. Өмекең күндiз мұнда мiндеттi түрде, бiр, екi рет соғып кетедi. Басшының қайнаған еңбек ортасынан көрiнгенiнiң өзi дәтке қуат қой. Биология факультетiнiң құрылысы бiтуге айналған. Iшкi әрлеу жұмыстары қызу жүрiп жатыр. Екеумiз ғимарат қабаттарын аралап шықтық. Жолай сұрақтар қояды, мен жауап беремiн. Сыртқа шыққан соң: «Тарас, менiң iсiмде сен мақұрымсың, ал сенiң iсiңде мен мақұрыммын», – деп ой бiр күлгенi. Менiң де iшек-сiлем қатты. Оның әзiлдi жақсы көретiнiн, ашық-жарқын мiнезiн сонда таныдым. Басқа бiр атағы дардай ғалым сондай әзiл айта ала ма. Құрылыстың исi мұрнына бармаса да, көп бiлетiн жандай кейкиiп тұрады ғой. Ал Өмекеңнiң табиғаты басқа. Сырт пiшiнi адуынды, айбарлы көрiнгенмен iшкi дүниесi мейiрiмге толы, өте сезiмтал. Анау айтты тым жуас та емес. Айтатын жерде, батыл айтады. Алқалы жиында тартынып, есесiн жiберiп алғанын көргенiм жоқ. Өмекеңнiң «…сенiң iсiңде мен мақұрыммын» дегенi жәй сөз. Маған қатты сенетiнiн әзiлмен жеткiзгенi ғой. Шындығына келсек ол құрылыстың қыры мен сырын бiлдей бiр инженерден артық бiлмесе, кем бiледi дей алман. Бiздi ортақ iс, бiр мүдде осылай етене жақындастырып жiбердi. Бiр бiрiмiздi жақсы түсiндiк.

Биология факультетiнiң құрылысы толық бiткен кезде Қазақстан Компартиясы ОК Бiрiншi хатшысы Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаев арнайы келiп, ғимаратпен танысты. Iске көңiлi толып, Өмiрбек Жолдасбековке және құрылысшыларға ризашылығын бiлдiрдi. Бiз Заң факультетiнiң ғимаратын тұрғызуға кiрiстiк.

Жолдасбеков Қазақстан Ғылым академиясының академик атағына ұсынылған. «Ғылымдағы жаңалығы Одаққа белгiлi Өмекең академик болмағанда, кiм болады?»,– деп жүргенмiн. Iштей сенiмiм мол едi. Өкiнiшке орай жасырын дауыста өтпей қалыпты. Үлкен академиктердiң бұл iсi маған мүлдем түсiнiксiз едi. Өмекеңмен бiрлесiп шешетiн шаруа көп. Сонда да көңiл күйi жоқ шығар деп кеңсесiне бармай жүрдiм. Ақыры өзi шақырды. Аяғым тартпаса да амалсыздан аяңдадым. Сонда тағы бiр рет таң қалғаным, қоңырқай өңiнде еш өзгерiс жоқ. Баяғы жайдары қалпы. Жымиып қарсы алды.

– Тарас, үш күннен берi кездесе алмадық. Ғылыми жұмыстар да бастан асып жатыр. Айып етпе.

– Өмеке, содан берi сiзге келiп сәлем бермеген менiң қателiгiм шығар. Ренжiмеңiз. Сiзге деген алабөтен ойым жоқ.

– Сенде қате жоқ. Қатенi аналар жiбердi. – Иегiн көтерiп, сол жақ иығына қарай меңзедi. – Маған академик атағын қимады. – Екi иығы селкiлдеп кеңк-кеңк күлдi.

Мен не айтарымды бiлмей үн-түнсiз отыра бердiм.

– Сен не соны уайымдап жүрсiң бе? – дедi таңырқаған сыңаймен.

Табан астында аузыма оңтайлы сөз түссейшi. Өмекең жауабымды күтпей.

– Академик атағында тұрған ештеңе жоқ, – деп менiң қарныма қарады. – Сен семiре бастағансың ба?

– Өмеке, сiзге ұқсаймын деп… – Сөз соңын жұтып қалдым.

Ол тағы күлдi. Қолын қарнына қойып:

– Сен бұған ұқсама, мынаған ұқса, – деп басын көрсеттi.

Алтын кездiк қап түбiнде жата ма, ол екiншi рет ұсынылғанда академик атанды.

Заң факультетiнiң ғимаратын көтерiп жатырмыз. Темiртаудан келетiн арматуралар кешiккен соң Өмекеңе хабарладым. Сол күнi ол тиiстi министрлiкке кiрiп, зауыт директорымен де сөйлестi. Оның бойындағы мен байқаған тағы бiр қасиет, кiмдi болса да айтқанына көндiре алады. Сөзде құдiрет бар ғой. Ол қажеттi сөздi тауып қысқа айтатын. Көп сөзге жоқ. Кейде құрылыс жұмыстары қызу жүрiп жатқанда жобаны табан астында өзгертер едi. Ондайда Трест басшыларының шыр-пыры шығады. Бiрi:

– Өмiрбек Арсланұлы, бұл жоба Мәскеуде жасалынып, сонда бекiтiлген. Ендi мұны солардың ғана өзгертуге құқы бар, – деп күйiнсе, тағы бiрi:

– Өмiрбек Арсланұлы, сiздiң нұсқауыңызбен бiз жобадан ауытқи алмаймыз. Жобаға басымызбен жауап беремiз, – деп жатты.

Ондайда Өмекең саспайтын. Әлгiлердi сабырға шақырып, сабасына түсiредi.

– Жобаны да өзiмiз секiлдi пенделер жасаған. Олар да қателеседi. Жобаның жетiлмеген жақтары осындай құрылыс барысында көрiнiс бередi. Кейiн бармақ шайнап өкiнбес үшiн соларды дер кезiнде түзеткен жөн.

Ол ары десе үш күннен соң жобаның өз қалауы бойынша жасалған жаңа нұсқасын әкеледi. Ал таңданбай көр! Және түзетулерi орынды әрi дұрыс болып шығады. Мұндай iскерлiк кiмнiң қолынан келедi? Тек Өмiрбек Жолдасбековтiң!

Ғимараттың әр қабаты көтерiлгенде «Культбытстройдың», сондай-ақ «Госнадзордың» зертханаларынан мамандар келiп, арнайы аппарат қондырғыларымен құрылыс сапасын тексерiп отырады. Оны-мұны кемшiлiктерiн анықтап, түзетуге кесiмдi уақыт бередi. Ал Қаржы министрлiгi мен банкiден келген тексерушiлер жұмсалған қаржыға атқарылған құрылыс жұмыстары сай келе ме, келмей ме. Соны анықтап жатқаны. Сметалық көрсеткiштен асып кетсе, айқайдың астында қалдым дей бер. Өмекең жобаға қанша өзгерiс жасаса да, сол жағын үнемi қаперiнде ұстайтын.

Ректорат ғимаратының құрылысын бастар алдында Өмекең менi Германия мен Польшаға жiбердi. Сәулет өнерлерi дамыған елдер. Бiрқатар құрылыс нысандарында болып, азын-аулақ тәжiрибе жинадым. Қайтар жолда Мәскеуге соқтым. Сол жердегi таныс дос-жарандардан Өмекеңнiң университет қалашығы құрылысына тиiстi орындардан шешiмдi қалай шығартқанын есiтiп, табандылығы тәнтi еттi. Алматыдан университет қалашығын салу туралы ұсыныс айтыла бастағаннан-ақ, СССР Бiлiм және ғылым министрлiгiндегiлер мен СССР Мемлекеттiк жоспарлау комитетiндегiлер ат тондарын ала қашыпты. Министрлiктегiлер «Алматыда университеттiң оқу корпустары бар. Әзiрге солар да жетедi», – десе комитеттегiлер: «Ондай қалашық құрылыстарына қыруар қаржы қажет. Ал бiзде ақша жоқ», – деп қасарысып отырып алған. КПСС ОК Саяси Бюросының мүшесi, республиканың бiрiншi басшысы Дiнмұхамед Қонаевтың сөзi жүрiп тұрған кез. Өмекең сол кiсiнiң қолдауына сүйенiп, өзiнiң Мәскеудегi аттары әлемге танылған дос-жаран академиктердi әлгiлерге салып, ары қараған беттерiн берi қаратып, шешiмдерiн шығартып қана қоймай, Одақтық бюджетке ендiртiптi. Бұл кез келген ректордың қолынан келе бермейтiн өте қиын iс. Өмекең оған өзiнiң зор беделi мен асқан iскерлiгiнiң арқасында қол жеткiзген екен.

Өмекең құжаттарға қол қойғанда есiмiнiң бас әрпiн, содан соң фамилиясының үш әрiпiн «У.Джо…» деп жазып, соңын шиырып жiберетiн. Елу жылдық мерейтойында Мәскеуден және бiрқатар республикадан келген мүйiзi қарағайдай академиктердiң үлкенi мен кiшiсi Өмекеңе «Ендi бiз сенi «У.Джо» емес, «Дядя Джо» деп атаймыз» деген едi. Бұл олардың Жолдасбековке деген үлкен құрметi. Сол атауды өз құлағыммен естiп, менiң де мерейiм өстi. Кейiн өзiмiз де оны сырттай солай атап кеттiк.

Шет елдерден оралысымен Ректорат ғимаратының жобасын қайта қарадым. Жоба бойынша он сегiз қабаттан тұратын, төбесi көк тiрейтiн ғимараттың сыртқы және iшкi негiзгi қабырғаларының бiразын монолитпен тұрғызуымыз керек. Монолит iшке ауа өткiзбейдi. Ғалымдардың кабинеттерде ұзақ отырып жұмыс iстейтiндерi белгiлi. Бөлменiң тымырсық ауасына шыдай ала ма? Оның үстiне күншығыс пен күнбатысқа қараған балкондардың үлкен терезелерiнен түскен күн сәулесi бөлмелердi ысытып, ауасын қапырыққа айналдырып жiберетiнi тағы бар. Сондықтан да бұл жоба бiздiң қалауымызға келмейдi. Ендi не iстеуiмiз керек? Өмекеңе қандай ұсыныспен шығамын? Күндiз-түн ойланып, ақыры бiр тоқтамға табан тiредiм. Ғимараттың сүйегiн металл-рамалармен тұрғызып, қабырғаларын шлак-бетонмен өргiзген абзал. Ал балкондарға күн сәулесiне тосқауыл болатын қалқандар қойған жөн.

Өмекең ұсынысымды мұқият тыңдады.

– Тарас, металл құрамалары жер сiлкiнiстерiне төтеп бере ала ма?

– Өмiрбек Арсланұлы, жоғары сапада құйылған металл-рамалар бар. Және оларды бiр-бiрiне дәнекерлеп қана қоймаймыз, қосымша болттармен қатырамыз. Тек жарылыс күшi жойқын бомба түспесе, анау-мынау жер сiлкiнiстерiне былқ етпейдi, – дедiм. Өмекең көзi толық жеткен соң Мәскеуден Советтер Одағындағы жоғары оқу орындары құрылысын жобалау институтының директоры, жоба авторы Александр Алексеевич Потокиндi шақыртты. Оған СССР Министрлер Советiнiң Төрағасы Николай Алексеевич Косыгиннiң ықыласы ерекше. Талай құрылыс жобалары көңiлiнен шыққан соң, ұсынысына тақ тұрады. Өмекең екеумiз Потокинге жобаға өзгерiс енгiзу керектiгiн ашып айтып, өз ұсынымызды дәлелдеп бердiк. Көргенi көп, тәжiрибесi мол атақты инженер ғой. Ұзаққа созылған пiкiр алмасудан соң бiздiң ұсынысымызды қолдады. Бiз сол өзгерiстер енгiзiлген жоба бойынша Ректорат құрылысын бастадық.

Түс әлетiнде кеңсеге оралдым. Телефон безек қақты. Тұтқаның арғы жағынан Өмекеңнiң дауысын естiдiм. Өзiне шақырды. Жабырқау үнiнен бiр ыңғайсыздықтың болғанын сездiм.

– Тарас, КПСС ОК идеология хатшысы Сусловқа бiздiң үстiмiзден бiреулер арыз жазыпты. Онда «Жолдасбеков университет Ректоратының ғимаратын тым биiк етiп тұрғызып жатыр.Қымбат металл құрамаларын қолдануда. Жер сiлкiнiстерiне шыдас бере алмай, шашылып қалады» деп бөскен екен. Соған қарағанда Суслов бiзге арнайы тексерушiлер жiбередi-ау.

– Өмеке, жобаға өзгерiстi орынды ендiрдiк. Потокинның де көзi жеттi.

– Сен Сусловтың атына хат жаз. Ғимараттың фотосуретiн де қосып жiберейiк, – дедi ол.

Мен Ректорат құрылысының мықтылығына кепiлдiк берiп, нақты дәлелдер келтiрiп хат жаздым. Өмекең оқып шықты.

– Жақсы, соқырға таяқ ұстатқандай етiп жазыпсың, – деп шырылдаған телефон тұтқасын көтерiп, бiреумен сөйлесiп жатқанда кабинетiнен шығып кеттiм. Мәскеудегi Потокинге телефон соғып, сыр тарттым. Ол өз ұстанымынан қайтпапты. Бұл бiз үшiн үлкен демеу. Сонда да көңiл шiркiн әлденеге алаңдаумен болды. Ректорат құрылысы күннен-күнге биiктей түстi.

Мәскеуден Сусловтың комиссиясы да келдi. Олар аз болғандай «Госстрой» бастығы Пастухов та өз адамдарын қосыпты. Бәрi қонақ үйге жайланып, Ректорат құрылысын апта бойына асықпай тексердi. Назарларынан ештеңе тыс қалған жоқ. Қолдарында жоба, көз алдарында Ректорат. Металл құрамаларының жалғастырылған жерiндегi электр дәнекерi сапасына, болттардың мықтылығына баса зер салды. Бiр аптадан соң қайтты.

Арада бiрнеше күн өткенде, комиссия Өмiрбек Жолдасбековтiң атына арнайы жазылған тексеру қорытындысын жiберген. Өмекең:

– Тарас, ендi тыныш ұйықтауыңа болады. Бәрi де дұрыс екен, – деп хатты қолыма ұстатты. Көз жүгiртiп оқып шықтым. Ректорат құрылысы талапқа сай жүргiзiлiп жатқанын жазыпты. Аздаған жеңiл-желпi ескертулерi де бар. Көңiлiм сонда ғана орнына түстi.

Бұл қазақта жазылмайтын бiр әлеуметтiк ауру бар. Өздерiнiң қолдарынан ештеңе келмейтiндер, өзгенiң iсiн көре алмайды. Iштерiндегi қызғаныштың ала күшiгi қыңсылай берген соң тым болмаса жүйкесiн жұқартайық деп, етбеттей жата қалып, домалақ арыздарын бiрiнен соң бiрiн жазып, жан-жаққа жiбермейiнше жандары тыншымайды. Өмекеңнiң үстiнен ондай арыздар Алматы түгiлi, Мәскеуге де топырлап түсiп жатты.

«Жолдасбеков құрылысқа бөлiнген ақшаны iшiп қойды, жеп қойды», «Құрылыс материалдарын жеке басына пайдаланып, саяжай салып алды», «Оңтүстiктiң балаларын оқуға көптеп қабылдатады», «Жұрттан алған парасына алтыннан тiс салдырып жатыр». Домаланған арыздар осылай лепiрiп, көпiре берген. Қып-қызыл жала. Күлесiң бе, жылайсың ба? «Ағайын жоқ болса бере алмайды, бар болса көре алмайдының» керi. Жарықтық Абай: «Қалың елiм қазағым, қайран жұртым…» – деп бекер босқа күңiрендi дейсiз бе?

Ау, Жолдасбеков университет қалашығын кiмдер үшiн салдырып жатыр? Ұлт жастары үшiн, солардың болашағы үшiн емес пе. Қай кезде де заман бiлiмдiлердiкi. Бiлiм, ғылымың өспесе, өзгелермен теңесе алмайсың. Жолдасбеков соны ойлап, құрылысқа жанын салып жүрген жоқ па. Бәрiн де өз көздерiмен көре тұрып, бұра тартып, қисық сөйлеген ағайындарға не деуге болады? Сол арыздар бойынша тексерушiлер қай жақтан, қандай мекемелерден салып ұрып, сабылып келмедi дейсiз. Әсiресе Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнен, Республикалық, қалалық прокуратурадан, Iшкi iстер министрлiгiнен «ОБХСС»-тен, қала бердi Халықтық бақылау комитеттерiнен келген бiлiктi мамандар қисық шегеге дейiн санап, алтын уақытыңды босқа алғанда, iшiң күйгенi соншалық жаныңды қоярға жер таппайсың. Амал қанша, сол кездегi тәртiп солай. Олар қашан өз iстерiн аяқтағанша соңдарынан салпаңдап жүргенiң. Жолдасбековтiң орнында басқа бiреу болғанда мұндай қорлыққа төзбес те едi. «Осы университет маған ғана керек пе?» – деп бәрiне қолын бiр-ақ сiлтеп, жайына кете берерi хақ. Өмекеңнiң осындайға төзiмдiлiгi, шыдамдылығы да менi қайран еттi.

Қисық шеге дегеннен шығады. Жолдасбековтың атына менiң үстiмнен де домалақ арыз түсiптi. Мен құрылыс материалдарын «бармақ басты, көз қысты» айлакерлiкпен көлденең көк аттыларға сатып, есебiмдi түгендеп жүрсем керек. Өмекең кабинетiне шақырған жоқ. Телефон шалды.

– Тарас, айналайын сенiң өз мiндетiңе, адалдығыңа еш күмәнiм жоқ. Тек өтiнерiм құрылыстың бiрде-бiр шiрiген шегесiн де жоғалтып алмағайсың. Ал егер жоғалса, артыңа қоңырау тағатындар жетедi. Осы кезге дейiн тiрнектеп жинаған бар беделiңнен бiр-ақ сәтте айырыласың. Ар, абырой саған да, маған да өте қымбат!

– Өмiрбек Арсланұлы, оларға артымнан қоңырау таққызғанымша, екi қолымды төбеме қойып, қаңғып кеткенiм әлдеқайда артық.

Университет қалашығын тек трестердiң құрылысшылары ғана салған жоқ. Сотта кесiмдi жазаларын алған қылмыскерлер де жұмылдырылды. Олардың араларында небiр қыш қалаушылар, бетон құюшылар, сылақшылар, электр дәнекерлеушiлер бар. Жөнiмен жұмсап, тiл табысып жұмыс iстемесең, олар сенiң шолақ бұйрығыңа пысқырмайды да. Өмекең соларға да сыйлы болды. Жақсы жұмыс iстегендерiн «Мақтау грамотасымен» марапаттап, кесiмдi мерзiмдерiн қысқартуға ықпал жасады.

Қылмыскерлердi айтамыз-ау, Өмекеңнiң тiптен қыңыр оқытушыларды да жөнге салуына тура келдi. Бiр жолы ол университет оқытушыларын жинап, ертеңiне сенбiлiкке шығуларын өтiнген. Сонда көп iшiнен бiр профессор орнынан ыңыранып тұрып, жұлқына сөйлегенi бар.

– Өмiрбек Арсланұлы, бiз қолымызға қалам алып, студенттерге дәрiс оқимыз ба, жоқ әлде күрек ұстап сенбiлiкке шығамыз ба? Осы екеуiнiң қайсысы бiздiң мiндетiмiз?

Зал iшi сiлтiдей тынған. Өмекең басқалар да осындай ойда ма екен дегендей, бәрiн көзiмен шолып шықты.

– Сiз осы университетте жалғыз профессор емессiз. Мен де солардың бiрiмiн. Анау жаныңызда отырған Тарас: «Құрылысқа шеге жетпей жатыр» десе мен соны iздеп тапқанша, табанымнан тозып, бүкiл қаланы шарлаймын. Ал сiз бiр, екi сағат күрек ұстауға жоқсыз. Анығы арланасыз. Ертең немереңiздiң, не шөбереңiздiң осы университетте оқымайтынына кепiлдiк бере аласыз ба? Бiле бiлсеңiз осының бәрi де ұлтымыздың ұрпағы үшiн жасалынып жатқан жоқ па?

Жұрт қол шапалақтап, Өмекеңдi қолдады.

Тау жақ беттегi жатақханалар құрылысы бiтiп, студенттер қоныстана бастады. Ректорат ғимараты да аспанмен таласып тұр. Тек сұрғылт сыртына өрнектi сылақ жүргiзу қажет. Жобада солай көрсетiлген. Маған бiр ой келдi. «Сылақтың орнына ракушечникпен қаптасақ ше». Өмекеңе айтып едiм, ойланып қалды. Мен оның мәнiн аша түскiм келiп:

– Өмеке, бұл университет қазақтың маңдайалды оқу орны. Мұнда кейiн ғылыми тақырыптарда халықаралық симпозиумдар өткiзiлетiнiн сiз жақсы бiлесiз. Сонда ғимараттың сырт көрiнiсi де көз тартып тұрғаны дұрыс қой.

– Тарас, айтқаныңның жөнi бар. Бiрақ бұл тек Қонаев арқылы шешiледi. Ол кiсiге менiң қайта-қайта барып, университетке анау керек, мынау керек деп қылқылдай бергенiм қалай болар екен. Осының бiр жолын өзiң тапсайшы.

– Ендеше мен хат жазып, сол кiсiнiң қолына жеткiзудi өз мойныма алайын.

Кабинетiме келiп, Мәскеудегi «Гипровуздың» бас архитекторы, жоба авторының бiрi Виктор Петрович Бондаренкоға телефон соғып, Алматыға келiп-кетуiн өтiндiм. Ол көп күттiрген жоқ. Мен оған Ректорат ғимаратына өрнектi сылақ жүргiзсек, қар мен жаңбыр астында әрi десе жетi, сегiз жылға шыдайтынын, содан кейiн сызаттана жарылып, қабыршықтанып түсе бастайтынын айтып, жобаға өзгерiс ендiрiп, сылақты ракушечникпен алмастыруды ұсындым. Ол басын шайқады.

– Бұл өте қымбатқа түседi.

– Виктор Петрович, Сiздiң атыңыздан Дiнмұхамед Қонаевқа хат та жазып қойдым. – Хатты қолына ұстаттым. Ол оқып шықты. Тiс жарған жоқ. Мен сөзiмдi жалғадым. – Хатты толықтырамын десеңiз өзiңiз бiлiңiз. Тек астына қолыңызды қойып, Мәскеудегi жобалау институтыңыздан жiберсеңiз болғаны.

Бондаренко маған сынай қарап:

– Қонаев қолдайды деп ойлайсыз ба? – дедi.

– Иә, өйткенi университет құрылысы оның басты назарында тұр.

– Егер Қонаев қолдаса, бұл мәселе Мәскеуде де шешiлдi дей берiңiз. Саяси Бюрода ол кiсiнiң беделi өте жоғары. – Бондаренко хатты папкасына салды.

Күтумен күндер өтiп жатыр. Тамылжыған тамыз айы да келдi. Өмекең телефон соқты.

– Тарас, Орталық Комитеттiң құрылыс жөнiндегi бөлiм бастығы Харитонов шақырып жатыр. Тез жет. Бiрге барамыз.

–Өмеке, не мәселе жөнiнде шақыртыпты?

– Әзiрге бейхабармын.

Жол үстiнде ол:

– Әңгiме университет құрылысы жөнiнде болар, – дедi.

Бөлiмге университет құрылысына қатысы бар трестердiң басшылары түгел жиналыпты. Араларында зауыт директорлары да бар. ОК хатшысы Гребенек те келдi. Харитонов мәжiлiсте қаралатын мәселе университет Ректорат ғимаратының сыртын ракушечникпен қаптау жөнiнде болатынын ескерттi. Маған «Демек Бондаренконың хаты келiп, мұнда сөз қозғалған ғой» деген ой келдi.

Харитонов:

– Қане кiмде қандай пiкiр бар? – деп ортаға сауал тастады. Трест басшылары өре түрегелдi.

– Неге жобаны өзгертуiмiз керек?

– Ракушечник өте қымбат.

– Бұл бiзге көп қолбайлау болады.

– Жобада сылақ жүргiзудi көрсеткен. Соны iстеймiз.

Бiрiнен соң бiрi жарыса сөйлеп, бiзге мұрша берер емес. Сол кезде хатшы қыз кiрiп, Харитоновтың алдына бiр парақ қағаз қойды. Оған жақын отырғаным мұндай жақсы болар ма. Көзiм сол қағазға түсiп кеттi. Бондаренконың хаты екен. Жоғары жақ бұрышына Қонаев: «Бондаренко жолдасқа көмектесу керек» – деп жазып қолын қойыпты. Сондағы қуанғаным-ай. Орнымнам қарғып тұрмақшы болып, өзiмдi зорға тежедiм. Өмекеңнiң құлағына аузымды тақап: «Хат Бондаренкодан. Қонаев қолдапты», – дедiм. Өмекеңнiң көздерi жайнап шыға келдi. Орнынан тұрып:

– Кешiрiңiздер, Ғылым академиясында аса маңызды мәселе қаралатын едi. Соған қатысуым керек, – деп шығып кеттi.

Әлгiден трес басшыларының қарсы пiкiрлерiне алаңдап отырған Харитонов алдындағы хатқа ендi қана назарын аударды. Өңi лезде өзгерiп:

– Жолдастар, бұл мәселе жоғарыдан шешiлiптi. Мiне, Қонаев қол қойған хат. Ендi сiздерге ғимаратты ракушечникпен қаптауға тура келедi, – дедi.

Мәскеудiң арғы жағындағы бiр қаладан Ректораттың жоғарғы қабаттарына адам тасымалдауға арналған төрт лифтi жеткiзiлдi. Соларды қондырған бойда өзiм бiрнеше рет жоғарыға көтерiлiп, төменге түсiп, сынап көрдiм. Сықырлап, шайқатыла бередi.

– Өмiрбек Арсланұлы, жоғары балдық жер сiлкiнiсiне мына лифтiлер жарамайды.

– Жобада көрсетiлген осылар ғой. Жақсысын қайдан табамыз?

– Финдер жасаған лифтiнi алдырып, қондырсақ қауiпсiз болар едi.

– Олар валютаға сатады. Мәскеудiң оған валюта жұмсауы екiталай.

– Сонда да Қонаевқа ұсыныс жасап көрсеңiзшi.

Өмекең ойланып үнсiз тұрды да:

– Алдағы аптада ол кiсi осы Ректоратты, қалашықты көруге келедi. Сонда сәтiне қарай өтiнiш жасайын, – дедi.

Ректорат құрылысы толық бiткен кезде Дiнмұхамед Қонаев, Министрлер Советiнiң Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, Алматы обкомының Бiрiншi хатшысы Кеңес Аухадиев және бiрнеше қала басшылары келдi. Олар сықырлап, шайқатылған лифтiмен жоғарғы қабаттарға көтерiлiп, Ректораттың бiрнеше бөлмелерiн аралап көрдi. Лифтiмен төмен түсiп, сыртқа шыққан соң Жолдасбеков:

– Димеке, мына лифтiнi өзiңiз де көрдiңiз. Сапасы төмен. Осыларды финдердiкiмен ауыстыруға көмек берсеңiз, – дедi.

Дiнмұхамед Ахметұлы басын изеп:

– Өмiрбек, ойластырып көрейiн, – дедi.

Содан финдердiң лифтiсiн алдырдық. Iшiне 20 адам сияды. Жеңiл көтерiлiп, жеңiл түсесiң. Жанға жайлы, әрi мықты. Димекеңнiң арқасында сол лифтiлердi де сметасыз алдық. Өмiрбек Арсланұлының қай iсiн айта берейiн. Қазақтың маңдайына сыймай кеттi ғой жарықтық.

ТҮЙIН

ХХ ғасырдың жетпiсiншi жылдары Жолдасбеков жаңа университет қалашығын салайық деп бастама көтерiп, соны жанталасып жүрiп жүзеге асырмағанда мынау әсем оқу ордасы бүгiн болар ма едi. Кесiп айту қиын. Болмауы да мүмкiн-ау. Неге екенiн қайдам ой таразының осы жағы баса бередi.

Есiме осыдан бес жыл бұрын бiр тарих ғылымдарының докторымен кездескенiм түсiп отыр. Қазiр жасы сексеннен асты. Осы университет салынып жатқанда Жолдасбековтiң үстiнен талай рет арыз жазған жан. «Айтпасаң сөздiң атасы өледi». Сөз кезегi келгенде: «Ақсақал, ана бiр жылдары Жолдасбековтiң үстiнен «iшiп қойды, жеп қойды» деп бiрнеше рет арыз жаздыңыз. Оның жүрегiн жаралағаныңыз болмаса, сол арыздарыңыздың бiрде-бiреуi дәлелденген жоқ. Ендi мiне, Өмекең өмiрден өтiп кеттi. Өзiмен бiрге не әкеттi? Ештеңе. Артында салдырған осы университетi қалды. Сiздердi жайлы тұрғын үйге қоныстандырды. Сiз қазiр бұрынғыдай қаланың әр жерiне орналасқан корпустарға жан ұшырып жүгiрмей бiр жерде, мынау жылы аудиторияда отырып, студенттерге дәрiс оқып жүрсiз. Сол Жолдасбековтiң сiздерге осындай жағдай жасағаннан басқа не жазығы бар едi?» – дедiм.Сонда профессордың айтқаны мынау. «Шырағым, пендемiз ғой. Қолдағы бар алтынның қашан қадiрi болып едi? Ендi жанды жеп өкiнгеннен не пайда?…»

Ел басына күн туған 1986 жылы Колбин де Жолдасбековтi «халық жауы» еткiсi келдi. Бiрақ оның айла-әрекетiнен түкте шыққан жоқ. Қайта Жолдасбеков халықтың сүйiспеншiлiгiне бөлендi. Парламентке депутат етiп сайлады.

«Бұл – Жолдасбеков салдырған университет!» Ел санасына осы сөз әлдеқашан сiңiп кеткен. Санаға сiңгендi ендi өшiру мүмкiн емес. Таулар алыстаған сайын биiктей түседi.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары