ҚАЗАҚТЫ НАМЫСЫ ҚАМШЫЛАСЫН
ҚАЗАҚТЫ НАМЫСЫ ҚАМШЫЛАСЫН
Елiмiзде философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелдi Айталының есiмiн бiлмейтiндер кемде-кем. Алаш өмiрiне белсендi араласып, ұлт, қазақ рухы, ұлттық намыс пен айбары, дiн мен дiл, басқа да толып жатқан әлеуметтiк, мәдени, саяси мәселелер туралы өзiндiк ой-пiкiрлерi мен пайымдауларын батыл әрi батыра айтып жүрген қоғам һәм мемлекет қайраткерi ешқашан өзiн қазақ халқынан тыс санап көрген емес. «Қазақтың тiлiн сыйламау, қазақтың мәдениетiн сыйламау, ұлт ретiнде қазақтың өзiн сыйламау бес-алты жылдан кейiн елде ашу-ыза туғызуы мүмкiн. Сондықтан тарих бiзге уақытты аз берiп отыр… Сондықтан елiмiздiң ертеңiн бүгiн ойласақ, мемлекеттiк тiл туралы заңды дер кезiнде қабылдауымыз керек», – деп тұжырымдайды танымал азамат Амангелдi Айталы.
Қазаққа бүгiнде не жетiспейдi? Көптеген кемшiлiктер мен жетiспеушiлiктердi санамай-ақ, ең бастысы, қазақта ұлттық намыс кем түсiп жатқанын ерiксiз мойындауымыз керек.
Белгiлi ойшыл азаматтың «Қазақты намысы қамшыласын» атты кiтабының негiзгi арқауы осы күрделi мәселеге арналған. Қайраткер-қаламгердiң соңғы үш жылда мерзiмдi баспасөз бетiнде жарық көрген өзектi мақалалары мен сұхбаттары топтастырылған жинақ көкiрек көзi ашық оқырман қауымның жүрегiнен берiк орын алатынына еш күмән жоқ.
«Арыс» баспасы жақында жарық көрген «Асыл сөздiң жоқшысы» атты жинақты «Профессор Қабиболла Сыдиықұлын еске алу кiтабы» деп атаған көрiнедi. Бұл жинақты белгiлi ғалым Ғарифолла Әнес пен Гүлшат Омарқызы құрастырып шығарған. Барша саналы ғұмырын ел аузындағы асыл сөздер, қазақ халқының ежелгi замандардан жеткен әдеби-мәдени бай мұрасының iншу-маржанын теруге бағыштаған көрнектi әдебиетшi-ғалым, ақын, жазушы, марқұм Қабиболла Сыдиықұлы соңына мол мұра қалдырған азамат. Ол кiсi арамызда жүрсе, биыл абыз жасқа – 75-ке толар едi.
«Асыл сөздiң жоқшысы» жинағына Ғалым, Ұстаз, Азамат туралы көзкөрген әрiптестер, сыйлас замандастар, дос-туыстардың ерекше естелiктерi топтастырылған. Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк сыйлығының иегерi, ақын Темiрхан Медетбектiң:
«Жан едi ол былғанбаған, бүлiнбеген,
Жаралған көлдiң мөлдiр тұнығынан», – деуi белгiлi ғалым, асыл азаматтың аруағына бағышталған iнiлiк сағыныш, құрмет.
Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ