Елiмiздiң барлық мектептерi мен балабақша ұстаздары, тәрбиешiлерi, ата-аналар мен шәкiрттер назарына!
Елiмiздiң барлық мектептерi мен балабақша ұстаздары, тәрбиешiлерi, ата-аналар мен шәкiрттер назарына!
Бiз, Алматы қаласының бiр топ ұстаздар қауымы осы бастаманы көтерiп отырмыз. Игi ниеттен, жақсы тiлектен туындаған бұл шара көрнектi ақынымыз, Халық жазушысы, Мемлекеттiк сыйлықтың иегерi, "Балдырған" журналының бас редакторы Тұманбай Молдағалиевтiң алдағы Наурыз мерекесi қарсаңында болатын 75 жылдық мерейтойы құрметiне өткiзiлмекшi. Ұрпақ болашағын ойлайтын, ақынын ардақтайтын жұртшылық бiздiң бастамамызды қолдайтынына сенiмiмiз мол.
Орыстың атақты балалар ақыны Сергей Михалков 93 жасқа келiп, ақырғы демiне дейiн ат үстiнен түскен жоқ. Ақыл-ойын, күш-қуатын ел игiлiгiне жұмсады. Оны бүкiл халықпен бiрге Ресей елiнiң Президентi де төбесiне көтерiп, алақанына салғанына куә болдық. Жақсы дәстүрдiң жаттығы жоқ. Ардақтысын аялаған, абызын құрметтеген бабалар дәстүрi бiздiң де қанымызға ұялап, санамызға сiңген. С.Михалковтай кесек тұлғалар бiзде де бар. Солардың бiрi – тұғырынан таймаған, ұрпақ қамын ойлаған Тұманбай Молдағалиев. Халқымен жүрегi бiр соққан ақынның 75 жылдық мерейтойы бүкiлхалықтық сипатқа ие. Оқырманынан iрге ажыратпаған, оның жүрегiне жол тапқан, сүйiспеншiлiк пен бақыттың, уыз жастықтың жыршысы кiм десек, Тұманбай Молдағалиевтiң есiмiн атаймыз. Расында да, жасы бар, жасымысы бар, қай ұрпақ өкiлдерiнiң болмасын сахна төрiнде де, тiптi дастарқан басында да асқақтата шырқап, тебiрене тыңдап жүрген әндерiнiң нәрлiсi де дәмдiсi Тұмағаң өлеңдерiне жазылғанын ескерсек, оны елiнiң шапағатына, махаббатына бөленген сыршыл ақын деп анық айта аламыз. Кезiнде Тұмағаң өлеңi оқылмайтын кештер болмаушы едi. Жырсүйер қауым арасында сол дәстүр әлi жалғасуда.
Тұмағаңды "Балдырған" журналынан бөлiп қарау мүмкiн емес. "Балдырған" – балажан ақынның жүрек лүпiлi. Бұрын да, әсiресе соңғы ширек ғасырдан берi Т.Молдағалиев балалар әдебиетiнiң өркендеуiне бел шешiп кiрiстi. Ақынның бар қызығы балалармен де, "Балдырғанмен" де ортақ. Қажыр-қайраты бар Тұмағаң балалар бақыты үшiн күн-түн демей тер төгiп келедi. Қазiр балалар оқитын көркем әдеби кiтаптардың таралымы тапшы болып отырған кезеңде "Балдырған" сол олқылықтың орнын жаңа шығармалармен толықтыруға үлес қосуда. Бұл да Т.Молдағалиев еншiсiндегi еңбек.
"Балдырған" журналының таралымы қазiр 40 мыңнан асады екен. Осы жерде ойланып көрелiк. Аз ба, көп пе? Өсiп келе жатқан ұрпақ қамын осы бастан ойлауға тиiстiмiз. Барымызды бағалай, қастерлей бiлейiк. "Балдырған" әр қазақ шаңырағының төрiнен орын алуы қажет. Егер 70 мыңнан асып жатса, көптiк ете қоймас. Өзiмiздiң "Балдырғанға" және Тұмағаңа баға жетпес сүйiспеншiлiгiмiздi бiлдiре отырып, өскелең ұрпағымызға жаңаша сый-сияпат жасағымыз келедi. Осы орайда "Балдырған" журналына ұл-қыздарымызды, немерелерiмiздi көптеп жаздыру мақсатында, мерейтой құрметiне "Балдырған" межесi – 75 мың" акциясын ұйымдастырып отырмыз. Бiздiң бастамамызды мектеп пен балабақша ұжымдары, ұстаздар мен тәрбиешiлер қауымы, ата-аналар, баспасөзге жазылу iсiмен айналысатын мекемелер қолдайтынына сенiмдiмiз!
75 жылдық мерейтой құрметiне "Балдырғанның" таралымын 75 мыңға жеткiзу әрбiр ұлтжанды, ұрпағын сүйетiн азаматтың парызы. "Балдырғанға" жазылу акциясына бiр кiсiдей қатысайық!
1. Миразова А.Т. – Алматы қаласы мектеп директорлары кеңесiнiң төрайымы Қазақстанның Еңбек Ерi Ы.Алтынсарин атындағы № 159 гимназия директоры
2.СаудановаН.Ә. – Әл-Фараби атындағы № 145 мектептiң директоры
3. Досаева Ұ.Д. — №145 мектеп мұғалiмi, Оқу iсiнiң үздiгi.
4. Хариқызы Р. — № 139 мектеп-гимназия директоры
5. Батырбаев А. — №167 мектептiң директоры
6. Қасенова М.Ә. — № 175 "Жаңа Ғасыр" мектеп-гимназиясы директорының орынбасары
7. Сыбанбаева Ж.С. — №158 мектеп директорының орынбасары
8. Тiлеубай С.Ө. — №140 мектеп-гимназияның директоры
9. Бижанов А.Б. — № 62 мектеп-гимназияның директоры
10. Нұрғалымов Ж.Б. — №58 мектептiң директоры
11. Төлендиев М.М. — №119 мектеп директоры
12. Еламанова Ә.С. — № 138 мектеп-гимназиясының директоры
13. Арпабеков Б.И. — №123 мектеп-гимназиясының директоры
14. Аманжол К.М. — №141 мектеп директоры.
Сондай-ақ бұл акцияға Алматы қаласындағы басқа мектеп басшылары да үн қосуда.