БIРIГЕР МЕ, ЕР ТYРIКТIҢ БАР БАЛАСЫ...

БIРIГЕР МЕ, ЕР ТYРIКТIҢ БАР БАЛАСЫ...

БIРIГЕР МЕ, ЕР ТYРIКТIҢ БАР БАЛАСЫ...
ашық дереккөзі
229

Түркi әлемiнiң ынтымағынан Батыс iштей сескенедi. Өйткенi, кешегi Едiлдiң (Атилла) ержүрек сарбаздарының ат тұяғының дүбiрi тарихи жадыдан өше қойған жоқ. Бүгiнгi түркiлер жиһангерлiктен бас тартса да, әлемдi озық ойымен, бiртұтас ынтымағымен, мықты рухымен мойындатпақ. Жарты әлемдi тiтiркенткен түркi рухы әлi өлген жоқ. Тек арқылы ұрпақ санасына берiлiп отыратын қанақпарат түркiлердiң iргесi ажырамай, ынтымағы жарасып тұрған кезiн аңсайды. Түркi елдер одағын құру идеясы уақыт өте қайта-қайта жаңғырып тұратыны содан, бәлкiм.

Мұны Батыс елдерi көрмей-бiлмей отырған жоқ. Бәрiн сезiп отыр. Жиһангерлiк рухы ата-баба қанымен берiлген түркi ұрпағы бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығаратындай бiрлiкте бола алса, онда ғаламдық саясатта мұсылман елдерiнiң үнi басым шығары сөзсiз. Мұсылман елдерi халықаралық қатынас ережелерiн жаңа сарынға салуы бек мүмкiн. Батыстық капитализм негiз болған бүгiнгi әлемдiк қаржылық-экономикалық құрылымдар да сол кезде түбегейлi өзгерiстерге ұшырауы ғажап емес.

Бiрақ… мұның бәрi әзiрге көкжиектегi бұлдыр елес қана. Бүгiнгi болмысымыз – түркi елдерi «әр бақа өз батпағын мақтайдының» кебiн киiп, жеке мемлекеттiлiктерi мен өз бақуаттылығы үшiн жандәрмен жанталасқан шақ. Түркi тiлдес мемлекеттердiң қарашаңырағын ұстап қалған Қазақстан да баба аңсаған еркiндiгiн алса да, ұлт мүддесiн түгендей алмай, пұшайман халде. Қазақстанның тәуелсiздiгiн алғаш болып, едел-жедел мойындаған ел – Түрiк республикасы екенi еске түскен сайын қандағы әлдебiр ақпаратты түрткiлеп, оятқандай болады. Осы тәуелсiздiгiмiздi алған екi онжылдықта әлi күнге қаны бөлек, тiлi жат елдерге жалтақтап отырмыз. Түбi түркi елдермен iштей ниеттес болсақ та, саясатымыз қоңсымыздың көңiлiн аулау ыңғайына көбiрек жығылады.

XIX ғасырдағы санақ, түгендеулерiнде «200-ден астам түркiтiлдес ұлттар мен ұлыстар бар» делiнген екен. Қазiр түркiтiлдес ел дегенде алты мемлекеттiң аты аталады. Осы мемлекеттер арасында ауызбiрлiк орнату оңайға түспей тұр. Түркi елдерiнiң одағын құрудың Орталық Азиядағы кейбiр елдердiң терiс пиғылы да тосқауыл болып тұрғаны жасырын емес. Есiңiзде болса, Ислам Кәрiмов «Түркi елдерiнiң одағы құрылса, бiз одан бас тартамыз» деп мәлiмдеген болатын. Дегенмен, мұны да 25 миллион өзбектiң пiкiрi де осыған сая ма? Бұған уақыт қана таразы.

Бастысы, әлем елдерi тамыры, тарихы, дiлi ортақ халықтардың саяси одаққа бiрiгуi уақыт өткен сайын өзектi бола түсуде. Еуропалық елдердiң одағы өз алдына, ендi Ресей де Славян елдерi одағын құрудың қамына кiрiскен сияқты. Қазiр бұл қоңсымыз Славян акдемиясын құруды қолға алды.

Дегенмен, тек тiрiлмей тұрмайды екен. Астанада Мұстафа Кемал ескерткiшiн ашып тұрып, Елбасы: «Қазақ жерi – түрiк мемлекеттерiнiң бастауы» дедi. Осы ойды үнемi өздi-өзiмiзге қайталап жүрген абзал секiлдi. Өйткенi, қарашаңырақты ұстап қалған кенже бала қазақы ұғымда бүтiн бiр әулеттiң ынтымағы, бiрлiгi үшiн жауапты едi ғой. Жер-жаһанға тарыдай шашыраған түркi мемлекеттерiнiң ынтымағы үшiн Қазақстан бастамашыл болса, тарих алдында да, болашақ алдында да бетiмiз жарқын емес пе? Бәлкiм, бүкiләлемдiк дiндердiң өкiлдерiнiң басын қосып, ымырасыздарды өзара тiл табыстырудан гөрi абыройлырақ болар бұл iс?

Әзiрбайжанда өткен түркiтiлдес мемлекеттерi басшыларының бас қосқан жиынында Қазақстан жалпыға ортақ Түркi академиясын құруды өз мойнына алды. Президенттiң бастамашылдығымен оның құрамына Түркi тарихы және түркi мәдениет орталығы, Түркi тiлiн зерттеу орталығы, Түркi кiтапханасы, Түркi тарихының және түркiтiлдес халықтарының мұражайы ашылуы керек.

Түркi елдерiне ортақ тiл ретiнде түрiк тiлiн жасағысы келiп жүргендердiң бастамасы аяқсыз қалды. Ара-тұра қазақ тiлiн түркi мемлекеттерiне ортақ тiлге айналдыру идеясы қылаң берiп қалады. Егер осы идея жүзеге асса, өз жерiнде қағажу көрген қазақ тiлi жаңа серпiн, айрықша дүмпуге ие болар ма едi? Әрине, екiншi жағынан, төл мемлекетiнде ресми мемлекеттiлiк мәртебесiнен игiлiк көре алмай отырған қазақ тiлi халықаралық қатынас тiлiне қалай айналады дерсiз? Кейде тарих заңдылығы бiздiң санамызға сыймайтын бұрылыстарға жалт етiп бұрылатыны бар емес пе? Ата-баба сан ғасырлар армандаған тәуелсiздiктiң Алла берген ғажап сый екенiн ендiгi ұғып қалдық. Ендеше, бәлкiм, түркiтiлдес мемлекеттердiң қарашаңырағына лайық құлық танытып, «орнында бар оңалар» демекшi, түркi бiрлiгiн қалпына келтiруде құтты қадам жасай алсақ, кiм бiлсiн, қазақ тiлiнiң көсегесi көгеретiн күн де алыс болмас?!

Жақында Әзiрбайжан астанасы Баку қаласында өткен түркiтiлдес мемлекеттердiң Парламенттiк ассамблеясының бiрiншi отырысы болып өттi. Онда ТүркiПА-ның Регламентi мен Жарғысын бекiту, Хатшылығының орналасатын жерi туралы шешiм қабылданды. Түркiтiлдес мемлекеттердiң Парламенттiк ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 2006 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев көтергенi белгiлi. Бiздiңше, Түркiтiлдес мемлекеттердiң Парламенттiк ассамблеясы бұл елдер арасындағы саяси, экономикалық, мәдени және тағы басқа салалардағы ынтымақтастықты тереңдетедi.

Ең бастысы, бұған рухани да, саяси да мүдделiлiк бар. Ендiгiсi қайрат-жiгердiң iсi.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары