БИЗНЕС ФОРУМ: БИЛIК ПЕН БИЗНЕС БIРIГIП ШЕШIМ IЗДЕДI...

БИЗНЕС ФОРУМ: БИЛIК ПЕН БИЗНЕС БIРIГIП ШЕШIМ IЗДЕДI...

БИЗНЕС ФОРУМ: БИЛIК ПЕН БИЗНЕС БIРIГIП ШЕШIМ IЗДЕДI...
ашық дереккөзі
365

Отандық кәсiпкерлер мен iскерлер қауымын қазiргi таңда алаңдатқан не нәрсе? Билiк пен бизнестiң ара қатынасы неге салқын? Экономиканы тұрақтандыруда Үкiмет қабылдаған шешiмдер мен шаралар көп, бiрақ сол көп шараның кәсiпкер ағайынға тигiзген көмегi қаншалықты? Несие беруде банктер неге самарқау? Осылайша, тiзiлiп кете беретiн сан сауалға Алматыдағы Бизнес форумда билiк пен бизнес өкiлдерi бiрiгiп жауап iздедi. Келiскен тұстары бар, келiспеген де…

«ҮКIМЕТТIК БАҒДАРЛАМА ТИIМДI, АЛАЙДА…»

Zertteu DC Group – 2006 жылдан берi консалтинг пен зерттеу саласында кәсiби тұрғыда қызмет көрсететiн топ. Оның активтер қоржынында салалық мастер-жоспарлар құруға бағытталған кеңестер беру және тұрақтандыру бағдарламаларын дайындау; зерттеулiк, салалық шолулар, сараптама, рейтингтiк жобалар – «Қазақстандық брендтердiң листингi», «NB 500» – елiмiздiң ең iрi компаниялары, «NB Жыл қорытындысы», «National Business» iскерлiк басылымы, пiкiр мен кеңес алаңына айналған National Business Forum т.б. бар. Үстiмiздегi жылдың 2-3-қарашасында Алматыда өткiзiлген «National Business Forum Күз-2009»-да Zertteu DC Group тобының басқарушы серiктесi Арман Ыдырысов, топтың Зерттеулер жөнiндегi директоры Марат Қайырленов, Қазақстан Кәсiпкерлерi форумының жетекшiсi, ҚР Үкiметi жанынан құрылған Дағдарысқа қарсы кеңес басшысының орынбасары Райымбек Баталов бастаған отандық кәсiпкерлер қауымдастығы, мемлекеттiк органдар мен қоғам өкiлдерi 2010 жылғы экономиканы тұрақтандыруға арналған iс-шаралар мен олардың тиiмдiлiгi, билiк пен бизнес арасындағы сенiм, бизнестi дамытуға қатысы проблемаларды шешудегi өзара тығыз қарым-қатынас, қоғамды iштен iрiтетiн жемқорлық дертiмен күрес мәселелерiн қаузаумен бiрге Үкiметтiң «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры арқылы бөлген 140 млрд. теңгенiң отандық кәсiпкерлiк пен iскерлiк қауымдастығына тигiзген көмегi мен игi әсерi, бизнесмендер жиi кездесетiн кедергiлердi талқыға салды. Форумға арнайы шақырылған ҚР Премьер-министрiнiң орынбасары Серiк Ахметов Үкiметтiң экономиканы тұрақтандыру шаралары мен 2010 жылға арналған жоспарлары туралы баяндама жасады.

Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, 2009 жылдың мамыры мен қарашасы аралығында жұмыс тобының 30 отырысын, 100-ге жуық бизнес өкiлдерiмен кездесу, ҚР Үкiметi жанынан құрылған Дағдарысқа қарсы кеңес пен ҚР Индустрия және сауда министрлiгiндегi Үйлестiру кеңесi, Экономиканы модернизациялау комиссиясы т.б. 15-тен астам басқосу, Қазақстандағы банк дағдарысынан құтылу және халықтың жалпы тұтынушылық сұранысын жүйелеу секiлдi т.б. қиындықтарды жоюға қатысты 2 дөңгелек үстел өткiзген Zertteu DC Group сарапшылары «экономикалық дауылдың» соңы жағымды жаңалыққа қарай ойысқанын байқапты. Бұған себеп, халықаралық нарықтағы шикiзаттық тауар құны өсуде. Алайда, үстiмiздегi жылдың алғашқы тоғыз айында несиелiк қоржындағы қимылсыз қалған қарыздар үлесi 35 пайызға жеткен. KASE-дегi дефолт қаржылық салаға жатпайтын корпоративтiк секторға тиесiлi эмитенттердiң 14 пайызы тарап кетсе, қалған бөлiгiнiң 40 пайызын делистинг күтiп тұр (делистинг – биржалық тiзiмдегi акцияны биржа немесе компания өз еркiмен алып тастайды. Делистинг егер акциялар заңды күшiн жойса, компания банкротқа ұшыраса немесе активсiз қалса, компаниялар листинг туралы келiсiмдi бұзса т.б. жүргiзiледi). Бөлшек сауда айналымы уақыт өткен сайын төмендеп барады. 2009 жылдың алғашқы сегiз айында құлдырау деңгейi 11,2 пайызға жеткен. Сарапшылар пiкiрiнше, мұның бәрi отандық экономикадағы қаражат тапшылығының күн сайын ушығып бара жатқанын бiлдiредi. Есесiне, iшкi қаражат көздерi едәуiр тұрақтана бастаған. Мысалы, 2009 жылдың қаңтары мен қыркүйегi аралығында зейнетақы қорлары 840 млн. долларға жуық қаражатты шекара асырса, мемлекеттiк саладағы импорттық тауарлар мен қызмет түрлерiн сатып алу көлемi 1,5 трлн. теңгеге жуық (ЖIӨ-нiң 9 пайызына тең). Zertteu DC Group мамандары дағдарыстың осы және басқа да факторларын негiзге ала отырып, экономикалық проблемаларды, әсiресе, шикiзаттық емес салада қиындықтарды шешуде кешендi шаралар жүргiзу керек деген тұжырымға келдi.

«БАНКТЕРДЕГI БЕРЕКЕСIЗДIКТЕР»

Қазiргi кезде шикiзаттық емес саланың несиеге өте тәуелдi болуы басты қиындықтардың бiрiне айналған. Мәселен, 2007 жылы екiншi деңгейлi банктерден бөлiнген жалпы қарыздардың 96 пайызы осы салаға бағытталыпты. Яғни, шикiзаттық емес ЖIӨ-нiң 1 теңгесiне – 96 тиын несиеден. Бұл алынған қарыз көлемi мен айналымдағы қаражаттың тiкелей байланысын көрсетедi. 2008 жылы әлемдiк қаржылық және экономикалық дағдарыс қыспағында қалған қазақстандық екiншi деңгейлi банктер несие берудi 39 пайызға (3,7 трлн. теңге) дейiн қысқартқаны белгiлi. Ал IЖӨ өсу қарқыны 2,5 есеге дейiн күрт төмендеген. Zertteu DC Group сарапшылары биыл банктер тарапынан таратылатын қарыз 39 пайызға тағы қысқаратынын көлденең тартады. Сондай-ақ, IЖӨ биыл алғашқы жарты жылдықта -4,1 пайызға төмендеген. Райымбек Баталовтың пiкiрiнше, Үкiмет несиелеуде заң бұзушылықтарға жиi жол беретiн, көбiнесе тек өз құлқынының қамын ойлайтын банктердi тезге салу керектiгiн және бәсекеге қабiлеттi салаларды ғана мемлекеттiк қаржылық қолдау тiзiмiне енгiзу қажеттiгiне тоқталды. Екiншi жарты жылдықта шикiзаттық саладағы 0,5 млн. отандас (халықтың экономикалық тұрғыда белсендi 6 пайызы) ахуалды жақсартуға күш салмақ. Есесiне, ҚР азаматтарының 88 пайызы нәпақасын тауып жүрген шикiзаттық емес саланың халi мүшкiл тарта бередi. Мысалы, үстiмiздегi жылдың қаңтарындағы көрсеткiш бойынша, банктердiң несиелеу белсендiлiгi 1,5 пайыз болса, арада сегiз ай өткенде, яғни, қыркүйекте бұл көрсеткiш 12,2 пайызға бiр-ақ құлдыраған. Арман Ыдырысовтың пiкiрiнше, экономикалық тұрақтылықтың басты кепiлi – тұтынушылық сұранысты көтеру. Өкiнiшке қарай, бүгiнде отандық шағын және орта кәсiпкерлiктi несиелеуде банктер белсендi емес. Олар керiсiнше, кедергiлердi қолдан жасап, қаражат бөлмеуге барынша тырысып бағады. Оның бұл ойымен «Taizhan Terminal» кәсiпорнының президентi Мұхтар Тайжан да келiседi: «Үкiметтiң дағдарыс кезiнде қабылдаған шешiмдерi тиiмдi. Мемлекеттiк көмектiң арқасында банкроттан аман қалдық. Бiрақ бұл қысқамерзiмдiк шаралар. Әрi қарай не болмақ? Үкiмет ендi жекеменшiк сұраныс деңгейiн көтеруге күш салуы тиiс. Өйткенi, тұтынушылық сұраныс жоқ жерде, кәсiпкерлiк те алға баспайды. Менiңше, тау-кен өндiрiсiндегi компаниялардың келiсiмшарттардағы құқықтарын бұзбай, олардан түсетiн қаражатты халықтың өсiп-өркендеуiне бағыттау қажет. Дағдарысқа дейiн қаражатты банктер сырттан тартқан болатын. Қазiр ол мүмкiндiктен айырылды. Несиелеудiң төмендеуiнен қоғамдағы орташа топты құрайтын шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерi қарызға белшелерiнен батып отыр». Мұның себебiн «Лондон-Астана» БК Басқарма төрағасы Ерғали Бегiмбетов былайша түсiндiредi: «Билiк пен бизнестiң арасындағы сенiм, түсiнiстiк пен тығыз қарым-қатынастың ақсауынан келеңсiздiктерге жол берiлуде». Айналымдағы қаражаттың сарқылуы сұранысты қанағаттандыруға қауқарлы өндiрiстiк компаниялардың өзiнде қаржы тапшылығын тудырып, оның соңы шикiзат пен материалды қажеттi деңгейде сатып алуға қауқарсыз етедi. Бұл өндiрiлетiн тауар көлемiн қысқартуға, өндiрiс қарқынын төмендетуге, одан кейiн кәсiпорынды банкротқа ұшыратуға әкеп соғары анық. Zertteu DC Group сарапшылары шикiзаттық емес сала өкiлдерiмен кездескенде, компаниялардың 60 пайызы сату көлемi 15-тен 45 пайызға дейiн қысқарғанын, сондай-ақ, олардың барлығында дерлiк (100 пайызға жуығында) айналымдағы қаражаттарының 2-3 есеге күрт азайғанын көлденең тартқан. Осы себептi, отандық кәсiпкерлер қауымы Үкiмет экономиканы тұрақтандыруға мерзiмi, көлемi, құрамы жағынан алғанда, ақылға қонымды әрi үйлесiмдi жаңа шаралар қабылдауы тиiс дейдi. Үстiмiздегi жылдың көктемiнде басталған тұрақтандыруға қатысты шаралар кейбiр мәселелерге оң ықпал еткен. Сол кезде Үкiмет iрi, орта және шағын кәсiпкерлiкке мемлекеттiк қолдау есебiнен берiлген және қайта қаржыландырылыған несиелердiң ставкаларын төмендеттi, Стресстi активтер қорындағы қаражатты кәсiпорындардың қарыздарын қайта есептеуге сақтауға шешiм шығарды т.б. Бизнес форумда ҚР вице-премьерi Серiк Ахметов экономиканы тұрақтандыруға бағытталған қаржы көлемi IЖӨ-нiң 14 пайызына тең екендiгiн, Ұлттық қордан бөлiнген 2,7 трлн. теңгенiң 300 млрд. теңгеге жуығы отандық шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға арналғанын айтты. Оның iшiнде, екiншi деңгейлi банктер арқылы 3 траншпен 263 млрд. теңге ШОБ саласындағы кәсiпорындардың 7 жарым мыңнан астам жобасын қаржылық қолдаумен қатар 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкiндiк берген. Ал өңдеу саласына жұмсалатын қаржы 80 млрд. теңгенiң төңiрегiнде. ҚР үкiметiнiң үстiмiздегi жылдың қазанында қабылдаған шешiмiне сәйкес, өңдеушi кәсiпорындарға көмек көрсету мақсатында, Стресстi активтер қорынан – 42 млрд. теңге, Қазақстанның даму банкiнен 30 млрд. теңге. Екiншi деңгейлi банктермен бiрге қаржыландырылатындықтан, өңдеушi салаға көрсетiлетiн мемлекеттiк қолдау осылайша, 80 млрд.-тан асып түседi. Алайда, вице-премьердiң бұл сөзiн кәсiпкерлер қауымы бiрауыздан мақұлдай қойған жоқ. Өйткенi, ШОБ өкiлдерi мұндай шаралардың iскерлiк ортаны бәсекеге қабiлеттi етуде және дағдарыстан аман сақтап қалуда жеткiлiксiз болатынын айтады. Форумдағы басты мәселелердiң бiрi отандық екiншi деңгейлi банктердегi мемлекеттiң үлесi және жекеменшiк банктердi ұлттық құрылымдарға айналдыру мүмкiндiгi жайы болды. «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Қайрат Келiмбетов дағдарыс кезiнде елiмiздегi ең iрi банктердiң активтерiн мемлекет отандық қаржылық жүйенiң тұрақтылығын сақтау үшiн уақытша сатып алғанын, банктерге қатысты кейбiр мәселелердiң астарынан саяси сарын iздеп әуреге түсудiң қажетi жоқтығын мәлiмдедi.

«ЖОЛ КАРТАСЫ» – АЛАЯҚТАРҒА ЖЕМ

Ресми деректерге сүйенсек, қазiргi кезде Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейi 10 пайызға жетпейдi. Ал Арман Ыдырысовтың пiкiрiнше, бейресми дерек 25 пайыздан асып жығылады. Вице-премьер Серiк Ахметов алдағы уақытта «Жол картасының» шеңберiнде қосымша жұмыс орындары ашылатынын, iскерлiк белсендiлiктi арттыруға оң ықпал ететiнiн айтты. Бiрақ форум бағдарламасына сәйкес өткiзiлген дөңгелек үстелдердiң бiрiнде «Жол картасын» жүзеге асыруда кейбiр «пысықай» заң бұзушылықтарға жол берiп жатқаны туралы мәселе көтерiлдi. Мысалы, бiр кәсiпорынның басшысы қарамағындағы жұмысшыларды «өз ерiктерiмен» қызметтен «босатады» да, оларды «Жол картасы» шеңберiнде көрсетiлетiн келiсiмшарт бойынша қайтадан «жұмысқа қабылдайды». Ұтылған кiм? Ұтқан кiм? Әрине, ұтылатын – қарапайым халық, яғни, «Жол картасында» жолы болмай жүрген жұмыссыз қандастар. Бизнес форумда Ұлттық қордан бөлiнген қаражаттың мақсатсыз жұмсалатыны туралы да әңгiме қозғалды. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басшысы Қайрат Келiмбетов жуырда өткiзiлген тексеру нәтижесiнде бiр ғана банктен 43 млн. теңгенiң мақсатсыз жұмсалғаны анықталғанын айтты: «Мемлекет тарапынан бөлiнетiн орасан зор көлемдегi қаржыға шаққанда, бұл әрине, болмашы сома. Бiрақ бiз әр тиынның өз мақсатына сай жұмсалуын қатаң бақылауда ұстап отырмыз. Ол үшiн құрылған арнайы жұмыс топтары, комиссия мен тиiстi органдар бар».

Өкiнiшке қарай, халық игiлiгiне арналған ақшаны ысырап ету көптеген мекемеде кездеседi. Бұған қоғамды iштен iрiтетiн сыбайлас жемқорлық кiнәлi. Бiр бiрiмен жең ұшынан жалғасатын парақорлар әсiресе, мемлекеттiк сатып алу мәселесiнде ушығып тұр. Мысалы, қазiр отандық шағын және орта кәсiпкерлiктiң өкiлдерi көбiнесе мемлекеттiк сатып алу, яғни, тендерлердiң жабық, құпия және әдiлетсiз өтетiндiгiн қынжылады. «TEXTILINE» кәсiпорнының атқарушы директоры Инна Апенко Қазақстанда дайындалатын өз өнiмдерiнiң Швейцарияға экспортталатынын, одан ары қарай Еуропаның 75 елiне таратылатынын, алайда, Қазақстандағы өткiзiлген тендерге 15 рет қатысып, бiреуiн де жеңе алмағандарын, сондықтан қазiр тендер атаулыдан түңiлiп отырғандарын жеткiздi. Апенкоға қарсы уәж айтқан ҚР Индустрия және сауда министрiнiң орынбасары Ерқат Есқалиев: «Жемқорлықтан азаматтар тек өздерiнiң құқықтарын бiлгенде және оны талап еткенде ғана арылады. Басқа жолы жоқ» дедi. Форумның алғашқы кеңейтiлген отырысында ҚР Сенатының депутаты Тасбай Симамбаев мемлекеттiк сатып алуға қатысты заңды түбегейлi өзгерту керек деген пiкiр айтты. Ал вице-премьер Серiк Ахметов бiр де бiр заңның кемшiлiксiз болмайтынын, оларды жетiлдiру керектiгiн және үстiмiздегi жылдың 15-20 қарашасы аралығында Парламентке жаңа заң жобасы қарауға ұсынылатынын жеткiздi. Аталған құжатта ШОБ саласын қолдау, мемлекеттiк сатып алулар, әсiресе, тендерлердiң көбiсi шет елдерде өткiзiлетiндiктен, бiздiң кәсiпкерлердiң қатысуға жағдайлары келмейдi. Сондықтан жаңа заң жобасында Қазақстанға қатысты тендерлердi республика аумағында өткiзу мiндеттелмек. Егер шекара сыртында өткiзiлсе, шараның барлық шығынын ұйымдастырушылар өздерi көтеруi тиiс.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары