«ЕКI ЖҰЛДЫЗ» КIМГЕ ТАҢСЫҚ...

«ЕКI ЖҰЛДЫЗ» КIМГЕ ТАҢСЫҚ...

«ЕКI ЖҰЛДЫЗ» КIМГЕ ТАҢСЫҚ...
ашық дереккөзі
312

Қазақстанда телевизия өз iзденiсiн көшiрме жасау деп қана ұғатын сияқты. Жаһандық телевизиялық кеңiстiкте бiр бағдарлама немесе шоу жарқ етсе болды, көп уақыт өтпей сол бағдарламаның қазақша сапасыз нұсқасы пайда болады. Құдды телевизия ксерокөшiрмелер шығаратын үлкен машинаға айналғандай. Әйтеуiр бiреудiң қаңсығы бiзге таңсық.

Әрине кабельдi, спутниктiк телевидение әр қазақтың көк жәшiгiнен орын тепкен бүгiнгi таңда, көрермендi таңқалдыру оңай шаруа емес. Алайда көшiрме бағдарламаны шығарумен телеарналар көрермендi қуантып емес, үркiтiп алғанын сезбей жүр-ау.

26-қыркүйектен бастап, жаңа маусымда «Қазақстан» ұлттық телеарнасы эфирге «Екi жұлдыз» бағдарламасын шығарды. Бұл шоу Ресейдi, оның алдында бiрқатар Еуропа елдерiн шарлап келген «Две звезды» бағдарламасының айна-қатесiз көшiрмесi. Эфирге шыққан алғашқы күннен бастап «Екi жұлдыз» журналистер мен бiршама зиялы қауым өкiлдерiнiң сын садағына iлiккен-дi. Оның себебi де бар. «Екi жұлдыз» кей көрермендi таңқалдыра қойған жоқ, керiсiнше көкiрегiн күйiнiш кернедi. Тiптi, шоу-бағдарламадағы кей жайды түсiнбей, абдырап қалды. Көрермендер көп сұрақтарға жауап таба алмай әлек.

«ЖҰЛДЫЗДАР» ҚАЛАЙ IРIКТЕЛДI?

«Екi жұлдыздың» қатысушыларын «тисе терекке, тимесе бұтаққа» әдiсiмен iрiктеген сияқты. Себебi, қазақ сахнасына етi үйренген кәнiгi әншiлердiң әрiптесi ретiнде не даусы жоқ, не сахнаға бейiмi жоқ «жұлдыздарды» (дегенмен кейбiрiнiң жұлдыз екенi де күмәнды – Ә.Б) iрiктеген. Iрiктеу барысында ұйымдастырушылар белгiлi бiр талаптарға сүйенбегенi де анық байқалады. Оның үстiне «Екi жұлдыз» қалың жұртшылық назарына ұсынылып отырғандықтан, әрi батыстық бағдарламаның қазақша нұсқасы болғандықтан бағдарлама жоғары дәрежеде өту керек. Себебi, бұл бағдарламаны қазақ көрерменi ресейлiк «ОРТ» телеарнасынан көрсетiлген «Две звезды» бағдарламасымен салыстыратыны айдан анық. Дей тұрғанмен «Екi жұлдыз» көрермен күткен межеге жете алмай жүр. Оның себебi де бар. Сахнаға шығып, қырылдаған, гүрiлдеген даусымен әннiң қадiрiн құртып тұрса «жұлдыздарымыз». Жә, қатысушылардың кейбiрi кәсiби әншi еместiгi түсiнiктi жайт, бiрақ тәп-тәуiр әншiлерiмiздiң өзi тосылып жатса қайтерсiз? Сiрә, «Екi жұлдызды» көрермен назарына ұсынғанда «Қазақстан» ұлттық телеарнасы бiраз асығыстық танытқан сияқты. Бағдарлама жан-жақты пiсiп-жетiлмеген, құдды бiр пiспеген жемiстi ауызға салып, ащылығын ендi сезгендей күй кешедi көрермен. Мұны бiр деп қойыңыз. Екiншiден, бағдарламаның тiлi бiзге мүлдем түсiнiксiз. Бiрде орысша, бiрде қазақша, бiрде испанша, бiрде французша. Тiптi жұлдыздардың емес, ортаңқол «полиглоттардың» сайысы сияқты. Осы тұста бiр нәрсенi атап өткен жөн, «Екi жұлдыздың» Ресейдегi, Швециядағы, Америкадағы түпнұсқаларының түгелге дерлiгi сол елдiң туған тiлiнде өткен едi. Ал бiздiкi қазiргi тiлмен айтқанда, «шалақазақша» тiлде өтiп жатыр. «Қазақстан» телеарнасының көременi негiзiнен қазақтар. Аталмыш шоуды қазақ көрерменi талқылап жүргенi де құпия емес. Бағдарламаның басты көрерменi қазақтар болса, қосымша тiлдiң қажетi қанша? Оның үстiне «Екi жұлдыз» таза қазақ тiлiнде өтсе, қазақшаға мақұрымдау «жұлдыздар» бұлбұл құсап әншi болып кетпесе де, туған тiлiн бiршама меңгерер едi. Ал мақсаты айқындалмаған «Екi жұлдызда» тым құрығанда басты бiр мақсат болар ма едi, кiм бiлсiн.

АХМАДИЕВА КӨРЕРМЕНДI КӨЗГЕ IЛМЕДI

Өткен бағдарламалардың бiрiнде әншi Толқын Забировамен бiрге ән шырқап жүрген генерал һәм депутат ағамыз Ғани Қасымов көрiнбедi. Ал сол тұста шарт бойынша халықтың аз даусына ие болған Илья Ильин мен Гуля Төлегенова бағдарламадан тыс қалуы керек едi. Алайда ұйымдастырушылар бұл жұпты жобада қалдырды. Соған қарап бiз бағдарламадан олардың орнына Толқын ханым мен Ғани мырзаның жұбы кетедi деп топшыладық. Ғани Қасымов қолына ақ гүл алып, «Мен деп ойла» әнiмен қайта көрiндi шоуда. Сонда деймiн-ау, бағдарлама ұйымдастырушылары кiмдi шығарып, кiмдi қалдырғысы келетiнiн өзi шешсе, халық кiм үшiн дауыс бередi? Одан кейiнгi аптада Тәңiрберген Бердоңғаров сахнаға жалғыз шықты. Бiз абдырап қалдық. Сөйтсек Дiлнәз Ахмадиева (Тәңiрбергеннiң жобадағы жұбы) шетелге кетiптi. Есесiне жобаның ортасында Тәңiрбергеннiң қасына Ерболат Құдайбергенов келiп қосылды. Екi жағдайда да бағдарламаны ұйымдастырушылар көрермендi алдады. Ал «Екi жұлдыз» ең алдымен халықтық шоу, сондықтан қатысушылар эфирге шығатын күнi барлық iсiн ысырып қою керек. Себебi, жауапкершiлiктiң болмағаны – телеэкранның ар жағында отырған халықты алдаумен, сыйламаумен пара-пар. Бұл бағдарлама қатысушыларына қатаң талаптар қойылмайтындығының айқын белгiсi болса керек.

ӘДIЛ ҚАЗЫЛАР ҚАНШАЛЫҚТЫ ӘДIЛ?

Ендi «жұлдыздардың» бағасын берер әдiл қазыларға қарай ығыссақ. Бағдарлама эфирге шыққан кезден бастап әдiл қазылар алқасы әдiл деген аттарына онша сай еместiгiн танытып келе жатқан сияқты. Асылында, әдiл қазылардың әндi нашар орындаған жұпты: «Сен мықты әншiсiң, мен сенi жақсы танимын. Көршiм едiң. Сенi сүйетiн едiм. Бәрi керемет болды», – деп жарылқауы қызық. Көрерменнiң көзiне анық байқалып тұрған кемшiлiктердi әдiл қазылар алқасының мүшелерi неге байқамайды? Ең таңданарлығы, шырқалған әндi талқылау барысында аздаған сын пiкiрлер айтқан қазылар баға берер кезде кей әншiлерге кең даладай дарқандық танытуы түсiнiксiз. Бұл жерде де ұйымдастырушылардың кемшiлiктерi көзге бiрден ұрынды. Қазылар қандай көрсеткiштер бойынша жұлдыздарды бағалау керек? Әншiнiң атақ-абыройы бойынша ма, әлде «Екi жұлдыздың» ән айту деңгейi мен әнге сай қойылған қойылым бойынша ма? Егер алғашқысы болса, онда әдiл қазылардың пiкiрiн тыңдай отырып, кiмнiң жеңiске жететiнiн топшылай беруге болады, ал егер екiншiсi болса, онда шоу-бағдарламаны соңына дейiн тамашалаудың бiр мәнi бар. Бұдан өзге қатысушыларға қатысты бiраз кемшiлiктер айқын байқалады. Алайда бұл «Екi жұлдыз» хақындағы болашақ әңгiмелердiң арқауы болсын.

Әйгерiм Бақытқызы

Серіктес жаңалықтары