САДУАҚАС АҚЫН

САДУАҚАС АҚЫН

САДУАҚАС АҚЫН
ашық дереккөзі
976

Армансыз өткен адам жоқ,

Өскенмен қанша iсiмен. Метiр жарым ағаш ат, Адам бар ма мiнбеген?.. … Марқұм анам Апажан көзi тiрiсiнде әкесi Садуақасты жиi-жиi еске алып отыратын. Ол кiсiнiң ақындық дарынын, туған жерiнiң түрлi салт-дәстүрлерi мен өзiне тән ырым-жоралғыларын асқан ұқыптылықпен жазып жүретiндiктерiн айтатын. Әйтсе де ол жетпiс жылдан аса билiк құрған Кеңес үкiметiнiң қазақ-совет әдебиетiнен – Садуақас ақын сияқты жергiлiктi ауқымдағы азаматтарға орын болмай келдi. Адамның талабы мен талантын, одан қалса кейiпкерлердiң жаратылыс-болмысын зауыт-фабриканың қалыбы сияқты қалыпқа құйып, барлық шығармашылықты бiр-бiрiнен аумайтын егiз қозыдай ұқсас етiп қойған ол заманға не деп ренжуге болады. Бар болды да – жоқ болды! Қазiр сондай заман болғанын да ұмыта бастадық. Сырттай бүтiн болып көрiнгенiмен, iштей iрiп-шiрiген ол дәуiрдi, нағашым Садуақас ақын сынды сол заманмен бiте-қайнасып өскен адамдардың шығармашылығынан ғана шындап тануға болады. Болашаққа дұрыс қадам жасап, аяғымызды аңдап басу үшiн «Кеңестiк дәуiр» деп аталған ол өмiрге әр адамның көзiмен қарау керек сияқты. Тағылымы мол сабақ алу үшiн төменде бiздер өткен өмiрiмiздi Садуақас ақынның шығармашылығымен саралап көрмекпiз… Өткен ғасырдың басында Отырар өңiрiне танымал болған ақындардың бiрi Садуақас Жақашұлы – 1888 жылы әйгiлi Отырар төбенiң батыс жағындағы Жантақтыой деген жерде туған. Бала-шағасы көп үлкен отбасыда дүниеге келсе де, ол етi тiрiлiгiнiң арқасында Оспан қажы ашқан Сарыкөл медресесiнде әуелi арабша, Қазан төңкерiсiнен кейiн латынша, артынан кириллше харiппен еркiн оқитын дәрежеде сауатын ашады. Осылайша қазақ халқын тiлi мен дiлiнен айыру үшiн жасалған үлкен зұлым саясаттың бiрi болған «харiп ауыстырудың» ағым-ағысымен арпалысып өстi. Бүгiнгi кирилл харпiн меңгерсе де, шығармашылық қолжазбаларын негiзiнен араб харпiмен жазып қалдырғандықтан, олар баспа жүзiн көрмей жатып қалды. Елiмiз өз тәуелсiздiгiн алғаннан кейiн ғана, Садуақас ақынның бүгiнгi ұрпақтары, аталарының шығармаларын жинақтап кiтап етiп басып шығарды. Бүгiнгi түсiнiктi тiлге көшiрiлiп басылған кiтапты оқып отырғанда ғана, нағашымның нелiктен өз шығармаларын «араб харпiмен» жазғандарын түсiнгендей болдым. Себебi, ұрпақтары не жазылғанын түсiнбесе де, шүберекке түйiп көздiң қарашығындай сақтаған қолжазбалардың iшiнде – Кеңес үкiметiнiң саясатына «томпақ» келетiн жыр жолдары мен ескiлiктiң сарқыншағы деп есептелген «салт-жоралар» жазылыпты. Осы жыр жолдары мен оңтүстiктiң өзiне тән энциклопедист-шежiрешiсi болған Садуақас нағашымның сол бiр сұрқай заманда, көпшiлiктен айырмасы жоқ жай адам емес, өзiнше ойлай бiлу қабiлетiне ие азамат болғанын жазбай таныдым. Тiптi iштей мақтаныш сезiмiне де бөлендiм. Садуақас ақын Отырар өңiрiне Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс пен одан кейiнгi Қазан төңкерiсiмен бiрге келген 1916-1917 жылдардағы (Ұлу-Жылан жылғы) ашаршылықта, отбасыдағы ортақ қазанға салмақ салған ауыздарды азайту үшiн екi iнiсiмен кәсiп iздеп Қостанай жаққа кетедi. Оңтүстiктiң қазақтарынан солтүстiктiң қазақтары көптеген салт-дәстүрлерi бойынша дараланатынын байқап, оны кейбiр шығармаларына арқау етедi. Артынан Ұлы Отан соғысы кезiнде атақты Қажымұқан Мұңайтпасов оңтүстiк өңiрiне бiржолата қоныс аударып келгенде, батыр атамыздың Садуақас ақынның үйiне көп келгенi де бiраз жайды аңғартады. Бұл өмiр кезеңдерi туралы ақын өзiнiң 1921 жылғы 1 наурызда жазған «Сәлем хат» деген өлеңiнде былай деп жазады: «Болған соң төмен кеттiк ашаршылық, Қостанай жолы ұзақ пәлен жерлiк. Топырағы бұйырған аман келдiк, Сексен күндей жол шектiк екi ортада. Бiр жетедi екенсiң жүрсең аман, Есiттiк Түркiстанда ел хабарын, Әртүрлi болған iстен жақсы-жаман». Тұрмыс тауқыметiмен солтүстiкке кеткен сапарынан Садуақас ақын 1921 жылы елiне қайта оралып, Түркiстан жақтағы бiр байға жалшы болып жалданады. 1927-1928 жылдары Ташкент жаққа кетiп, онда жерлесi Тiркеұлы Әлiмбайдың наубайханасында елекшi, жүкшi, нан жабушы болып iстеген. Кейiн Шәуiлдiрде ежелгi Отырар суландыру жүйесiнiң бiр тармағының ескi сiлемiнен оман-арық қазылып, үкiмет саясатымен ұжымдасу басталғанда, Садуақас елiне оралып, 1930 жылы тоғанда, 1931-1932 жылдары колхоз бастығы, 1932-1933 жылдары Шәуiлдiр СелПО-сында, одан кейiн Көксарай СелПО-сының бас есепшiсi, РайПО-ның есепшiсi болды. Сауда саласында бiраз жыл iстеген соң ол, 1936 жылы есепшi-бухгалтерлер даярлайтын курсты бiтiрiп, зейнеткерлiкке шыққанша бұрынғы Шәуiлдiр ауданының «Аққұм», «Қызыл Түркiстан», «Қарғалы», «Байылдыр», «Ақтөбе» (1943 жылы) колхоздарында есепшi-бухгалтер болған. Жас кезiнде жалшы, Кеңес өкiметi орнағаннан кейiн колхоз басшысы, артынан есепшi-бухгалтерлiк қызметте болса да, шығармашылық қасиетiн жоғалтпады. Санасында саңылауы болғандықтан, өз жұртының өзiне тән ерекшелiк қасиеттерiнiң «социалистiк өмiр салттары» деп аталған ботқаға қосылып, ұмытылып кетпеуi үшiн қолдан келген барлық күш-жiгерiн жұмсайды. Соның арқысында бүгiнгi күнге бiрнеше тақырыптарға бөлiнген өлең-жырлары мен энциклопедиялық сипаттағы қолжазбалары жетiп отыр. Садуақастың шығармашылық өмiрi туралы алғаш ғылыми пiкiр айтқан филология ғылымының докторы, профессор Рахманқұл Бердiбай болды. Мәселен, «Жұлдыз» журналының 1983 жылғы 5-шi санында жаряланған «Садуақас ақын» деген зерттеу мақаласында ақынның шығармашылық өмiр жолына тоқтала келiп: «Қорыта айтқанда, ақын Садуақас Жақашевтiң бiз қысқаша шолып өткен шығармалар құрамы тақырыптың жағынан да, көркемдiк шешiмi жағынан да жұртшылық назарына iлiнерлiк… ақынның еңбектерiнiң басын құрап, бiр кiтап көлемiнде жарыққа шығару да күн тәртiбiнде тұрған мiндет болып көрiнедi» деген келелi пiкiрiн айтқан. Әдебиетшi ғалым Рахманқұл Бердiбайдың жоғарыда аталған зерттеу мақаласында Садуақас ақын шығармаларының жинақталған мынадай тақырыптық тiзбесi берiлiптi: «Шәуiлдiр арығы», «Көктемiр», «Мұң шағыну», «Қырманда», «Сөз бастау», «Сәлем хат», «Жолда», «Қазақстанның 15 жылдығын құттықтау», «Ағаштан арыз», «Шәуiлдiр қонысы», «Қазақ батыры келген КҮН», «Колхоз өмiрiнен жыр», «Пионерлер жыры», «Клуб даярланды», «Қара iнгенiм», «Шәуiлдiр ауданының бiрiншi конференциясына». Тарихи аңыз, шежiре желiсiне құрылған шығармалары: «Кене ханның зұлымдығы», «Балтабай ақынмен айтысы», «Беташар», «Қазақ халқының қысқаша шежiресi», «Саңғыл мен Маңғытайдың елдiк қабiлетi», «Қонақасы», «Қанымсайда», «Құн алымы», «Оңтүстiк Қазақстанның өткен өмiр тарихы». Мұнда Садуақас шығармаларының тақырыптық саны 26, көлемi 11 мың жолдан асып түсетiнi көрсетiлген. Бiз бұған тағы да Садуақас ақынның қолда бар 29 шығармасын қоссақ, онда ақын шығармаларының тақырыптық толық саны 55, көлемi 14 мың жолдай болар едi. Әрине бұл аз дүние емес. Сол шығармалардың тақырыптық жалпы тiзбесi мынау: Социалистiк құрылысты суреттейтiн шығармалары: «Дала суретi», «Тоған салғанда», «Социалды жарыс», «Мақсат», «Еңбек батыры», «Екпiндi еркiндiк», «Eгiс уақыты», «Шабық», «Суреттеме», «Бәрекелдi», «Тракторды алғаш көрген ауыл», «Арық», «Арықшылар», «Пионер дуал газетiне», «Мақтамен айтыс», «Неге мен…», «Мақта терiмдегi қиыншылық», «Бүлдiргi басқарма», «Өкпе», «Мысал», «Қаскүнем қоғамға», «Терме». Шежiре желiсiне құрылған және басқа тақырыптардағы шығармалары: «Жыр», «Ақын Шойбек», «Жалбару», «Келер жұраттарға», «Көтеншiнiң ұрпағы», «Сәлемдесу». Ақын шығармаларын тақырыбына қарай талдасақ, оның көп шығармалары бiздiң заманымыздың ХVIII ғасырының екiншi жартысынан бастап құлазып қалған Отырар көгалды алқабында 1930 жылы күзде қашан да мемлекеттiң күш-көмегiмен жұмыс iстеп келген, әсiресе, орта ғасырда ерекше қарқынмен дамыған ежелгi Отырар суландыру жүйесiнiң Арыс өзенiмен сағалас ескi бiр сiлемiмен оман-арық қазылып, Арысқа тоған салудан басталған жаңа өмiрдiң тыныс-тiршiлiгiне арналған. Ақын бұл зор өзгерiс әкелген ирригациялық құрылыс жұмыстарында соған игерiлген егiншiлiкте болып жатқан iс-қимыл процестерiн оның тарихи әлеуметтiк-экономикалық маңызын өзiнiң «Шәуiлдiр арығы басталғанда», «Тоған», «Арық», «Арықшылар» деп аталатын өлеңдерiнде еңбек адамдарының өткен өмiрi мен жаңа өмiр тiршiлiгiн салыстыра отырып жан-жақты сипаттап жырлайды. Әрине, ақын екi қоғамдағы тiршiлiк болмыстарын салыстыра жырлағанда, алдымен өткеннiң кемшiлiгi мен жаңаның жетiстiгiне баса назар аударғаны белгiлi. Садуақас өзi құруға қатысып жатқан социалистiк қоғамның кейiнгi тарихи даму салдарын дәл болжап бiлмесе де, оның кейiн сұмдық зардабы болатын кей кемшiлiктерiн сол кезде-ақ бiлген. Мысалы, «Қаскүнем қоғамға» деген өлеңiнде: «Саясына сыйспай, Тар iнге болдым кiргендей. Ұйымға еткен еңбектi, Таппадым кiсi бiлгендей,» – деп социалистiк құрылыстың саяси экономикалық табиғатындағы тар өрiстiлiктi, еткен еңбектiң көпшiлiк көлеңкесiнде қалып еленбейтiнiн, еңбек иесiне тапқан табыстың мардымсыз бөлiгi тиетiнiн, осыдан барып, еңбек адамының еңбекке деген құлшыныс сезiмiнiң мүлдем жойылатынын ашып көрсетедi. Садуақас ақынның жалпы көпшiлiк – кедейлер еңбек бостандығы деп қуана қабылдаған социалистiк қоғамның ең негiзгi кемшiлiгiн сол заманда-ақ дөп басып айтуының бiр себебi, оның оған дейiн өзi басынан кешкен нарықтық экономиканың (қазiргi замандағыдай жан-жақты қарқынды даму дәрежесiнде болмаса да) адамның игiлiктер жасаудағы қарым-қабiлетiне толық мүмкiндiк беретiнiн сезiнуiнен және оның белгiлi бiр нәтижесiн көргендiктен болса керек. Ақын «Сықақ» деген өлеңiнде: «…Колхоздығын ұмытып, Мүшелерi кеткен босанып. Iстен бойын суытып, Қыз-бозбала жасанып, Он-он беске құралып, Кiрсiз киiм киiнiп, Түп-түгел ауыл қыдырған. Қаланбай кесек бұл жатыр, Қыс қыстау қашан iстелет, Қырманда мақта шашылып, Жиналынбай бұл жатыр», – деп алғашқы қызу қарқынмен, бiр жағы күштеумен ұжымдасқан колхоз мүшелерiнiң келе-келе жекеменшiк пен мемлекеттiк меншiктiң ара жiгiн аңғара бастағанда, одан суына бастағанын, сөйтiп экономикадағы екiұштылыққа, дағдыдағы тартқыншақтыққа, немқұрайлылыққа, арамтамақтық пен жатыпiшерлiкке бой алдыра бастағанын жазады. Ал, осындай бей-берекетсiздiктi жөндi басшылықпен жөнге салатын басқарманың бюрократтыққа салынған бастықсымақ сиқын «Бүлдiргi басқарма» деген өлеңiнде былай баяндайды: «Салт мiнген сайлы боз жорға, Ширатып шылым, шiренiп, Үзеңгiсiн үзерлiк. Киiмге сыймай тасқанда. … Құп деп қойып мақтасаң, Теңейдi өзiн аспанға. Терiс те болса, оң десең, Соны мақұл жөн десең, Боласың жақын, жақсы онда. …Арпа, бидай орусыз, Зиянкестен қорусыз, Жерге төктi жемiстi.» Шындығын айту керек, Шәуiлдiрде 1938 жылы мақтаның Американдық сортынан дүниежүзiлiк рекорд жасалынды. Яғни, мақта шаруашылығы қарқынды дамыды. Бұған үкiмет көмегiнiң, еңбекшiлердiң ерен еңбегiнiң, жүз жылдан астам бойы бос жатып, тыңайып, тұзынан арылған құнарлы да тың жердiң, Отырар дихандарына тән iс-тәжiрибеге сай жүргiзiлген агротехникалық шаралардың да көп септiгi болды. Осы тақырыпқа ақын «Шабық», «Мақтамен айтыс», «Мақта терiмдегi қиыншылықтар», «Социалды жарыс», «Eгiс уақыты», «Екпiндi еркiндiк», т.б. өлеңдерiн жазды. Сөз зергерiнiң қай-қайсысы да өткен тарихи заманалық аңыз-оқиғаларды, әңгiмелердi ой тезiне салып, қайта жаңғыртып, жанрлық тұрғыдан өлең сөзбен жырлап немесе қара сөзбен баяндап өз оқырмандарының түсiнiгiн байытарлық туындылар (Рахманқұл Бердiбай., Садуақас ақын., «Жұлдыз» журналы., №5., 1983) жазып қалдырған. Садуақас та осындай өнер иесi. Оның «Қанымсайда» деген өлеңiнде қазақта өмiрi бiтпеген жер дауының, ру-рудың арасына ылаң салған оқиғасы суреттелсе, «Құн алымы» деген өлеңiнде ел билiгiн ұстағандардың жеке басындағы өзiмшiл, өркөкiрек оспадарсыз мiнезiнiң кесiрiнен болған кiсi өлiмiнiң құн дауы солардың ел басқарудағы қабiлетсiз, дарынсыз, әдiлетсiз, сорақы билiгiнiң салдарынан жылға созылып, одан қарапайым, жазықсыз елдiң жапа шеккен тақсiретi баяндалады. Ақынның тарихи-этнографиялық очерк тұрғысында жазылған «Оңтүстiк Қазақстанның өткен тарихы. 1800-1930 жылдар» деген еңбегiнде осы өлкенiң өткен тарихын «Рулық құрылымдары», «Билiк уақыттары», «Мәдениет, киiм үлгiсi», «Ырым рәсiмдерi», «Дiннiң жайы», «Кәсiп», «Неке», «Ойын-сауық», «Өлең ойыны», «Тартыс ойыны», «Байлық өлшеуi», «Байлық әдiсi», «Топ саясаты», «Құл, күң заманы», «Өлiк тәрбиесi», «Тамақ түрлерi» деген он алты тақырыпқа жiктеп бөлiп, саяси-әлеуметтiк, экономикалық құрылымдарын, ғылым, бiлiм мен мәдениетiн, тұрмыс-салтын этнографиялық тұрғыдан баяндаған. Бұл еңбектiң тарихшылар мен географтар, әдебиетшiлер үшiн аса құнды тарихи-этнографиялық және энциклопедиялық сипаттағы түп деректер екендiгiнде дау жоқ. Жалпы, Садуақас Жақашұлы өзiнiң туып-өскен өлкесiнiң өткенi мен бүгiнiнiң, онымен өзектес болған өз өмiрiнiң де тарихи эпопеясын жазып кеткен ақын. Өйткенi, оның шығармаларымен оқып танысқан көзi қарақты оқырман осындай ой түйерi сөзсiз. «Болмаса да ұқсап бағуға» тырысқан және өзiнiң кең байтақ елiнiң сана-сезiмiн көтеруге өзiндiк үлес қосып «бiр кiрпiш болып қаланған» аяулы нағашым, ел аузында Садуақас ақын деп сақталған ел саңлағы – 1951 жылы Арыс қаласында қайғылы қазаға ұшырап, қайтыс болды. Туғанына бiр ғасырдан астам уақыт өткен Садуақас Жақашұлының бүгiнгi ұрпақтары үстiмiздегi жылдың 14-қараша күнi Отырар өңiрiнде ақынның аруағына арнап ас берiп, шығармашылық кешiн атап өтуге ниет етiп отыр. Аяулы атамызды жақыннан танып бiлгiсi келген азаматтарға есiгiмiз әманда ашық.  
Қалдархан ҚАМБАР
 

Серіктес жаңалықтары