«ҚАЗАҚ» АЛЬМАНАҒЫНЫҢ №3 САНЫ ЖАРЫҚ КӨРДI

«ҚАЗАҚ» АЛЬМАНАҒЫНЫҢ №3 САНЫ ЖАРЫҚ КӨРДI

«ҚАЗАҚ» АЛЬМАНАҒЫНЫҢ №3 САНЫ ЖАРЫҚ КӨРДI
ашық дереккөзі
354

Мемлекеттiк тiлдi қолдау жөнiндегi президенттiк қордың бастамасымен жарық көре бастаған «Қазақ» альманағының 3-саны жарық көрдi.

Бұл ХХ ғасырдың басында, дәлiрек айтсақ, 1913-1918 жылдары шығып тұрған «Қазақ» газетiнiң заңды жалғасы десек те болғандай. Өйткенi, «Қазақ» альманағының басты мақсаты да – ұлтты дамыту, Қазақтың сөзiн сөйлеу, арманы мен мақсат-мүддесiн жүзеге асыру.

Альманахтың кезектi саны марқұм, әдебиетшi, француз тiлiнiң маманы Ғалымжан Мұқановтың «Ұлтшылдық пен ұятсыздық: қатер қай тұстан?» мақаласымен ашылған. «Үндiстанның ұлы көшбасшысы ағылшын отаршылдығына қарсы күрестегi басты фактор ретiнде үндi ұлтшылдығын алға тартады» дейдi автор. Демек, бiздегi бүгiнгi ұлтты дамыту жолындағы күресте – қазақ ұлтшылдығының жетпей жатқандығына баса назар аударып отыр. Дәл осындай ой, тағы да о дүниенiң қонағы болып үлгерген белгiлi дипломат, саясаттанушы Болатхан Тайжанның «Ұлттың күретамыры: дербестiк алған елдердiң тiл саясаты туралы» атты мақаласында көрiнiс тапқан.

Жұмаш Кенебайдың «Бүгiнгi қазақ кiм», Ерлан Қариннiң «Билiкке ұлттық мәселеге қатысты пiкiр айтудан демократия туралы оппозициялық көзқараста сөз айту жеңiлiрек», Хангелдi Әбжановтың «Ұлттық идея – қазақ мұраты» атты мақалалары орыс тiлiнде жарияланған Валихан Тулешовтың, Қанағат Жүкешев пен Әзiмбай Ғалидың, Амангелдi Айталы мен Айдос Сарымның мақалаларымен идеялық тұрғыдан өзектес, сарындас. Мәселен, Валихан Тулешов «Принципы казахской национальной идеологии в ХХI веке» атты мақаласында «Түркиядағы секiлдi Қазақстанда да ұлттық сана-сезiмге реформа жасалуы керек» деген ой тастайды. Ал, Айдос Сарымның «Абай: CTRL+ALT+DELETE» атты мақаласында Абай феноменi және оның қазақтың бары мен нары болып тұрғанының себептерiне үңiлген. Абай заманындағы өзектi тақырыптардың бүгiнде күн тәртiбiнен түспей тұрғандығын әңгiмелей отырып, оның себептерiн iздеуге талпынады.

Демек, көзiқарақты оқырманға «Қазақ» альманағының берерi мол, айтары мазмұнды.

Серіктес жаңалықтары