СҮТ БЕЗI ҚАТЕРЛI IСIГI ӨРШIП ТҰР

СҮТ БЕЗI ҚАТЕРЛI IСIГI ӨРШIП ТҰР

СҮТ БЕЗI ҚАТЕРЛI IСIГI ӨРШIП ТҰР
ашық дереккөзі
299

Елiмiзде онкологиялық ауру түрлерiнiң iшiнде, әсiресе, сүт безi қатерлi iсiгi ерекше қарқынмен өсiп барады. Бұған экологияның ластануы әсер етiп отыр ма, әлде, қырық жанды әйел затының күйбең тiрлiкпен алысып, денсаулығына селқос қарауы себеп болды ма, әйтеуiр, соңғы жылдары бұл iндеттiң таралу ауқымы шамадан тыс артып кеттi.

Алматы қаласында өткен «Сүт бездерiнiң қатерлi iсiгiн анықтау, диагностикалау мен емдеу» атты халықаралық конференция аясында бiраз мәлiметтер жария болды. Статистикалық деректерге сүйенсек, Қазақстанда жылына бұл дертпен ауыратын 3000 әйел тiркелсе, 2008 жылы сүт бездерiнiң қатерлi iсiгi ауруынан 1335 адам көз жұмған. Себеп – дер кезiнде дәрiгерге қаралмау және аурудың алдын-алмау. Ал, соңғы 20 жылда осы дерт әлем бойынша миллионнан аса әйелдiң өмiрiн әкеткен. Жалпы, адам өлiмi бойынша сүт бездерiнiң қатерлi iсiгi 3-шi орында болып отыр. Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Ж.Арзықұлов: «Егер адамдар уақытында тексерiлуге келгенде, бұл көрсеткiштiң саны анағұрлым аз болар едi», – дейдi. Оның айтуынша, бiздiң мамандардың бiлiктiлiгiн арттыру мақсатында Италия, Германия, Ұлыбритания елдерiне барып, бiлiм алып қайтулары жоспарлануда. Әзiрге, жас мамандар осы конференция шеңберiнде ұйымдастырылған шеберлiк сыныптарына қатысып, тәжiрибесiн жетiлдiре түстi. «Бiз жыл сайын сүт бездерiнiң қатерлi iсiгi проблемалары бойынша шет елдердiң ғалым-дәрiгерлерiмен бiрге әртүрлi тәлiмдiк семинарлар мен шеберлiк сыныптарын өткiзiп тұрамыз. Өйткенi, әлемде түрлi ағзалардың қатерлi iсiгi бойынша 10 миллионнан аса жаңа жағдайлар тiркелген, оның 10 пайызы сүт бездерiнiң қатерлi iсiгi болып отыр. Бұл мәселе әйелдер бойындағы қатерлi iсiктердiң iшiнде бiрiншi орында тұр. 2008 жылы көрсеткiш бойынша, елiмiзде 600 мыңнан астам тексеруден өткен әйелдердiң 1066-нан сүт бездерiнiң қатерлi iсiгi анықталды», – дейдi Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Жеткерген Арзықұлов.

Бұл басқосу барысында мамандарды дайындау, қайта дайындау, көмек сапасын арттыру мәселелерi талқыланды. Сарапшылардың пiкiрiнше, онкологиялық аурулармен ауыратын адамдарды емдейтiн жоғары мамандандырылған медициналық көмектiң сапасын көтерiп, диагностикалау мен терапия кезiнде еуропалық сапа стандартын енгiзу қажет. Еуропалық қоғамның президентi, Италиядан келген ғалым-дәрiгер Марко Россели Дель Турконың айтуынша, бұл проблема тек Қазақстанда ғана емес, бүкiл әлемде үлкен мәселелердiң бiрi болып отыр. «Еуропа елдерiнде сүт бездерiнiң қатерлi iсiгi бiрiншi орында тұр. Дегенмен, жаңа емдеу әдiстерiнiң арқасында өлiм жағдайлары азайып келедi», – деп түйiндедi өз сөзiн. Ал, Астана қалалық онкологиялық диспансерiнiң бас дәрiгерi Насыролла Шаназаров атап көрсеткенiндей, Астананың бiр өзiнде соңғы 9 айда қатерлi iсiк ауруына шалдыққан 700 әйел анықталса, 2006 жылы бұл көрсеткiш 642 болған екен. «Басты мәселе қатерлi iсiктi бастапқы сатысында анықтау болып табылады. Көбiнесе әйелдер аурудың өзектенiп, әбден созылып кеткен шағында бiзге көрiнедi. Ал бастапқы сатысында анықталған жағдайда оның бұл аурудан айығуы мүмкiн едi. Негiзiнен бастапқы сатысында анықтап тиiстi ем алғандардың 90-95 пайызы құлан таза айығып кетедi», – дейдi ол.

Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты, «Нұр Отан» ХДП фракциясының Әлеуметтiк Кеңесiнiң төрайымы Айткүл Самақованың сөзiне қарағанда, елiмiзде «Қазақстан Республикасындағы денсаулық сақтау iсiн реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы» шеңберiнде 2008 жылдан бастап сүт бездерiнiң қатерлi iсiгiн ертерек анықтау мақсатында маммографиялық скрининг өткiзу жолымен 50-60 жастағы әйелдер арасында алдын алу шаралары өткiзiлетiн көрiнедi. Өйткенi, сүт безi қатерлi iсiгiмен ауыратындардың барлығына дерлiк химиятерапия қажет емес. Неге десеңiз, мамандар бұл дерттен олар толық сауығып кете алмайтынын айтады. Оның үстiне бүгiнде әйелдер әлсiз дәрi-дәрмектердi қолдану себебiнен сырқаттың қайта бой көтеруi жиi кездеседi. Бұрын онкологиялық науқастардың барлығы химиятерапиядан өтуге мiндеттелетiн. Қазiр емдiк курс iсiктiң құрылымына қарай жүргiзiледi. Дәрiгерлер сүт безi рагiнiң гормондық-сезiмтал түрлерiне химиятерапия қажет емес деп отыр. Дерттiң деңгейiне қарай сырқатқа хирургиялық операция, химиялық, гормондық және сәулелiк-терапия тағайындалады. Қазiргi таңда сүт безi қатерлi iсiгi ауруын алдын алуға байланысты әйелдер мен қыз-келiншектердi тегiн қарау шаралары әр жерде жүзеге асып келедi.

Сонымен қатар аталмыш жиында онколог мамандар халықты ақпараттандыру және аурудың алдын алуға байланысты бiрқатар мәселелердi ортаға салды. «Сүт бездерiнiң қатерлi iсiгiн анықтау, диагностикалау мен емдеу» атты шеберлiк сыныптары өтiп, онда Еуропа елдерiнен келген ғалым-дәрiгерлер бiздiң дәрiгерлермен өз тәжiрибелерiмен бөлiсiп, әр түрлi тренингтер өткiздi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары