СТАМБҰЛ САММИТI КАПИТАЛИСТIК ТЕОРИЯНЫ СЫНАДЫ

СТАМБҰЛ САММИТI КАПИТАЛИСТIК ТЕОРИЯНЫ СЫНАДЫ

СТАМБҰЛ САММИТI КАПИТАЛИСТIК ТЕОРИЯНЫ СЫНАДЫ
ашық дереккөзі
239

Сауда-экономикалық ынтымақтастық, әлемдiк қаржылық дағдарыспен күрес, экономикалық дағдарыстан кейiнгi әлемдiк экономикаға қатысты ахуалды тұрақтандыру, ауа райының ғаламдық жылынуы, ирандық ядролық бағдарлама, исламдық экономикалық басқару теориясын қалыптастыру секiлдi басқа да саяси, экономикалық мәселелердi қаузаған Стамбұлдық саммитте капиталистiк теория сынға алынды.

Исламдық конференция ұйымына мүше 57 ел Стамбұл қаласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық саммитiнде экономикалық дағдарыс кесiрiнен туындаған бiрқатар түйткiлдi мәселелердi ортаға салды. Айта кетерлiгi, Қазақстан — 1972 жылы құрылған ИКҰ-ның белсендi мүшесi. Иран, Ауғанстан, Сирия, Қырғызстанның президенттерi Махмуд Ахмаденижад, Хамид Карзай, Башар әл-Асад, Құрманбек Бакиев, Палестинаның премьерi Салям Файяд, ҚР вице-премьерi Өмiрзақ Шөкеев қатысқан басқосуда Түркия президентi Абдулла Гүл ИКҰ-ның басты мiндетi ұйымға мүше елдер арасындағы кедей мемлекеттердiң санын азайтуға күш салу екендiгiне тоқталды. Оның пiкiрiнше, дағдарыстан кейiнгi кезеңде әлемдiк экономика адамзаттың әлеуметтiк ахуалын жақсарту жолында жаңа бастамаларға мұқтаж болады. Осы орайда, ИКҰ мүшелерi белсендi әрекет етуi тиiс.

25-рет өткiзiлген кездесуде мемлекеттер арасында орталық банктер, кедендiк қызмет, салық жүгiн төмендету, еркiн саудаға қатысты талаптарды жеңiлдету, ИКҰ шеңберiнде энергетикалық қорларды өндiру, тасымалдау және экспорттау, энергия қуатына балама болатын балама бастауларды қаржыландыру мәселелерi күн тәртiбiне шықты. Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi мен Сауд Аравиясы Судан, Түркия, Египет, Пәкiстан сияқты дамушы елдердегi ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында салынатын инвестиция көлемiн көбейтуге мүдделiлiк танытты. Азық-түлiк бағасының дүниежүзiлiк деңгейде шарықтап кетуiне байланысты көптеген акциялық және араб елдерi ауыл шаруашылығы тұрақты әрi жақсы дамыған мемелкеттермен тiкелей байланыс орнатуды көздейдi. Қара басының ғана қамын ойлайтын алыпсатарлар мен делдалдардың баға саясатына керi әсер ететiнi белгiлi. БАӘ мен СА тарапынан инвестиция қаржысын арттыруға қатысты көтерiлген бастама көптеген елдердегi жұмыссыздық деңгейiн төмендетуге, ауыл шаруашылығын дамыту үшiн қажеттi заманауи технологиялардың? тезiрек енгiзiлуiне жағдай жасайды. Ал ақшасы көп Араб елдерiндегi азық-түлiк нарығында тұрақтылық орнатуға сеп. БҰҰ мәлiметтерiне сүйенсек, Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi мен Сауд Аравиясы азық-түлiктiң 90 пайыздан астамын импорттайтын көрiнедi. Мәселен, 2007 жылы Сауд Аравиясына сырттан жеткiзiлген азық-түлiк – 6 млрд. доллар, ал БАӘ 4 млрд. доллар болған.

Арнайы құрылған инвестициялық қор – Saudi Fund for Development аталған дамушы мемлекеттерге қаржы бөлетiн мемлекеттiк мекеме болып табылады. Соңғы 30 жылда қор 27 млрд. сауд риалын (7,2 млр. доллар) жұмсаған қор аталған соманың 7 млрд. риалын ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында шығындапты. Алайда, сарапшылардың кейбiрi бөлiнетiн қаражат аталған елдердегi ашқұрсақ азаматтардың жұмырына жұқ болмауы мүмкiн деген күдiк айтуда. Өйткенi, бiр ғана Суданда 5,6 млн. тұрғын күнделiктi жейтiн тамағын БҰҰ-ның азық-түлiк бағдарламасынан тауып жүр.

Аталған саммитке Қазақ елiнiң делегациясын вице-премьер Өмiрзақ Шөкеев бастап барды. Жиынға қатысушылар алдында баяндама жасаған Шөкеев ИКҰ аумағындағы сауда айналымының көлемiн арттыруда транзиттiк потенциалды тиiмдi пайдалану маңызды рөл атқаратынын айтып, келесi саммитте осы мәселенi жан-жақты талқылауға және инвесторларға Қазақстанмен тығыз қарым-қатынаста болуға ұсыныс жасады. Вице-премьер исламдық көсемдер назарын биыл бiтiк шыққан қазақ бидайына аударып, қазақ диқандарының ислам елдерiнiң нарығына астық экспорттауға дайын отырғанын жеткiздi. Бұл ұсыныс көңiлдерiне жаққан саммитке қатысушылар қазақтарды аймақтық және әлемдiк азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаруға шақырды.

Әрине, саммиттегi баяндамасы саяси сарында болған көсемдер де кездестi. Мысалы, ирандық басшы Ахмаденижад капитализмдi жерден алып, жерге салса, Башар әл-Асад Израильдiң саясатын сынға алды. «Капиталистiк жүйе мен теорияның дәуренi тәмамдалып келедi, бұл жүйенi дереу өзгерту қажет. Әлем өзгерiске мұқтаж, әлемдi билеген экономикалық, мәдени және саяси күштердiң ғұмыры мәңгiлiк еместiгi аян. Исламдық экономика теориясы әлемдiк экономикамен бiте қайнауы шарт. Осы теорияның негiзiнде тиiмдi әрi пайдалы жобаларды дайындау керек». Өз елiндегi саяси ахуал жиi сынға ұшырайтын Карзай Ауғанстан мен ИКҰ арасындағы ынтымақтастықты одан әрi дамыту керектiгiн, бұл қадамның iшкi саяси жағдайды ушықтырмай, қордаланған көп қиындықты шешуге ықпал ететiнiн көлденең тартты. Иран мен Түркия дүниежүзiлiк саясаттағы дүрбелең тудырған мәселелердiң бiрi – ирандық ядролық бағдарламасын талқыға салды. Жуырда Түркия ирандықтар өндiрген уранды Түркияда өңдеп, оны қайта керi қайтаруға ұсыныс жасаған. Анкара осылайша, АҚШ пен Батыстың ядролық бағдарламаға қатысты күдiгiн сейiлтуге болады деген сенiмде.

Дүйсенбi күнi жабық есiк жағдайында өткен саммиттiң қорытындысы ретiнде Стамбұлдық декларация қабылданды. Алдағы он жылдағы басты бағыт – сауда-экономикалық қатынастарды нығайта түсу, ислам елдерiнiң энергетикалық ынтымақтастығы, Таяу Шығыстағы ушыққан ахуалды тұрақтандыру, аймақтық және халықаралық қатынастарға байланысты туындайтын даулардың алдын алу т.б. проблемаларды қаузайтын Деклорация ИКҰ шеңберiндегi ұстанатын басты қағидаға айналуы тиiс.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары