IЗГIЛIК САПАРЫ

IЗГIЛIК САПАРЫ

IЗГIЛIК САПАРЫ
ашық дереккөзі
890

«Қажылық» дегенде есiмiзге қасиеттi Қағба, Мекке, Мәдина келедi. Сауд Арабиясы Корольдiгi мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынас Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың осы елге 1994 жылғы ресми сапарынан басталғаны бәрiмiзге мәлiм. Мiне, содан берi көптеген адам Меккеге барып, қажылық парыздарын өтеп келуде. Солардың iшiнде осы жолдардың атворына да Аллаһ нәсiп етiп қажылық парызын өтеп қайтты.

Үш жыл бұрын он адам Қағбаны айналып, Сафа Мәруаға жүгiрiп, Минаға түнеп, Арафатта отырып, шайтандарға тас атып, құрбан шалып, қажылық парызымызды орындап, Аллаһтың берген игiлiгiн көрiп қайттық. Ал 2007 жылы Аллаһ нәсiп етiп Исламдағы үшiншi қасиеттi орын «Әл-Акса» мешiтiне зиярат еттiк.

Мекке мен Мәдинаның тарихын бiлу ғана емес, Аллаһтың үйiне, Мұхаммедтiң жүрген жерлерiне тәуеп етудi ниет еттiк.

«Сiздер бұл үйдi көп тәу етiңiздер, себебi қиямет күнi тәу еткендерiң үшiн сауап аласыңдар. Сауаптың ең қуаныштысы – осы Аллаһтың үйiн тәу еткендерiң болады» (Пайғамбарымыз Мұхаммедтiң (с.ғ.с) хадисi) Аллаһ Тағалаға жер бетiндегi ең жақсысы да, сүйкiмдiсi де Мекке қаласы болды.

Аллаһ Тағала Меккенi құрметтi қала еттi. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Меккенi азат еткен күнi: «Аллаһ Тағала жер мен аспанды жаратқан күннен бастап, қияметке дейiн Меккенiң құрметтi қала дәрежесiн анықтап бердi» деген.Бұл жердiң ағаштарына, өсiмдiктерiне, аңдарына қол жұмсауға тыйым салынған.

Құран Кәрiмде Меккенiң құрметке ие екендiгiн бiлдiретiн: «Мен бұйырдым бұл қаланың Раббысына құлшылық етуге, сондай-ақ Раббым бұл қаланы құрметтiлерден еттi». («Намiл» сүресi, 61 аятында Мекке қаласының артықшылық қасиеттерi өте көп; осында Аллаһтың ең соңғы пайғамбары Мұхаммед (с.ғ.с) дүниеге келген.

Осы жерде Аллаһтың үйi, мұсылмандардың құбыласы орналасқан. Қағбаның iшiнен орын алған Әл-Харам мешiтiнде исламның бесiншi парызы – қажылықты орындауға бұйырған. Бұл қалаға келiп, тәу етсе, Аллаһ Тағала тәу еткен кiсiнiң күнәларын кешiруге уәде берген. Мәгәд – қорғаныс орны деп құрметпен атаған.

Дүниежүзiндегi ең бiрiншi салынған – Әл-Харам мешiтi. Әл-Харам күн нұрына оранған мәрмәр қалаға ұқсайды. Оның қазiргiдей жоғары дәрежеге жетуiне Король Фахд және Әбдiл Әзиздiң iстеген еңбектерiн арабтар өте жоғарғы құрметпен еске алар. Бұл мешiттiң көлемiн ұлғайтып қана қоймай, тарихтағы сәулет өнерiнiң ең әдемi үлгiлерiнiң бiрiне айналдырған.

Сол жердi зиярат еткен түрi, тiлi бөлек, бiрақ тiлегi бiр миллиондаған мұсылманның Аллаһқа шын жүректен сенгенiнiң куәсi болғанымды әлi күнге дейiн тамсана әңгiмелеуден жалықпаймын. Бұл мешiтте бiрiншi Әбузар әл-Ғафари (р.а.) риуаят еткен екен. Пайғамбарымыз(с.ғ.с) хадисiнде былай делiнедi: «Ей, Аллаһтың елшiсi, дүние жүзiнде ең бiрiншi салынған «Әл-Харам» мешiтi одан кейiнгi мешiт қайсы?» – деп сауал қойғанда. «Ол қасиеттi Қағба аспанындағы Бәйтул Мағмурдың дәл астында орналасқан «Әл-Акса» мешiтi. Екеуiнiң арасы 40 жыл деп» жауап берiптi. Құран Кәрiмде Аллаһ Тағала: «Бәйтүл Мағмұрдың атымен ант етемiн…» («Тұр» сүресi, 4-аятта) деп айтылған. Бәйтүл Мағмұр аспанның жетiншi қабатында орналасқан, ол жерде де қағба сияқты үй бар екен. Ол үй аспандағы перiштелердiң құбыласы делiнген. Қағбаның өзi он үш бөлiктен тұрады. Мысалы, қаратас, қағбаның есiгi, қаратас бұрышы, иiмен бұрышы, шам бұрышы, тәуеб сызығы т.б. Мағмұрды күнiне 70 мың перiште тәу етедi.

Жер бетiндегi қасиеттi Қағба – мұсылмандардың құбыласы саналған. Бұрын ең бiрiншi құбыла – Палестина жерiндегi Әл-Акса мешiтi болған. Бұл барлық пайғамбарлардың құбыласы едi.

Пайғамбарымыз (с.ғс.) Меккеден Мәдинаға һижрат етiп барғаннан кейiн, көп уақыт өтпей Бақара сүресiнiң 144-шi аяты нәзiл болды. «Жүзiңдi қағбаға қарай бұр» деген. Осы уақыттан бастап мұсылмандардың қасиеттi құбыласы Қағба болды.

Қасиеттi Қағбаға қарап тұрсаңыз оның өзi құлшылық болып саналады. Айша (р.а.) анамыз: «Қағбаға қараудың өзi де құлшылық», – деген. Ислам ғұламалары адамдар шын сенiммен Қағбаға қарар болса, ол адамның денесiнен барлық күнәлары шығып, анадан туғандай күнәдан пәк болады», – дептi.

ҚАРА ТАС ТУРАЛЫ

Қара тас жәннаттан түскен. Көптеген ғасырлар өтсе де, қазiргi заманға дейiн сақталған. Қара тастың жиегi таза күмiспен көмкерiлген. Хаджар әл-Әсуәттың ең үлкен бөлiгi Қағбаның iшiнде.

Қара тас жәннаттан алғаш түскен кезде өте нұрлы, аппақ тас болған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисiнде: «Сүттен де ақ болған» десе, басқа риуатта: «Қардан да аппақ», – делiнген. Қара тас – адам күнәларынан қарайып кеткен, бiрақ түгел қараймаған. Халыққа көрiнетiн жерлерi қарайған, ал көрiнбейтiн бөлiктерi аппақ күйiнде.

Хаджар әл-Әсуад қара тас болса да артықшылық қасиеттерi өте жоғары.

Бұл қара тасты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өз қолымен қағбаның бұрышына орналастырған.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) қара тасқа нұрлы жүзiн қойып, мубарак ерiндерiмен сүйген. Бұл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қара тасқа жасаған құрметi едi. Абдула ибн Омар (р.а.) былай риуаят етедi: «Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) қара тасты ұстады, содан соң сүйiп тұрып, ұзақ жылады. Соңынан бұрылып Хазретi Омарға қарап: «Иә, Омар, бұл орын көз түсетiн жер» – дедi. Сондықтан қажылыққа келген мұсылмандар қара тасты сүйедi. (Ол кезде ел аз болған).

Ақырзаман боларда қара тастың жоғары көтерiлетiнiн кез келген адам бiле бермейдi. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисiнде: «Қара тасты сүйiп алыңдар, бiр күндерде адамдар Қағбаны тәу етiп, қара тасты сүйедi. Ертесiнде келiп қараса орнынан таба алмай қалады, себебi Аллаһ Тағала қиямет жақындағанда жәннаттан түсiрген заттарын қайтарып алады», — дейдi.

Қара тас тәуептiң басталуы мен аяқталуын бiлдiредi. Мұсылмандарға қара тасты сипау – Мұстахаб, яғни сауап деп саналады.

ҚАҒБАНЫҢ IШIНДЕ НЕ БАР?

Бұл сұрақ менi ғана емес, барлық мұсылмандарды ойландырады. Сондықтан мен өз бiлгенiме аздап тоқталғанды жөн көрiп отырмын. Қағба ең соңғы жөндеуден өткенше мынадай болған: Қағбаның оң жақ бұрышында есiк болған. Ол «Тәбе есiгi» – деп аталыпты. Қағбаның iшкi жағы жасыл, жiбек матамен әшекейленген және мынадай сөздер жазылған: «Лә илләһә илләллаһ, Мұхаммед расул Аллаһ». «Имран» сүресiнiң 96 аяты, «Бақара» сүресiнiң 44 аяты «Иә хәннән, иә мәннән, иә зәлжәләли уәл икрам». Ал 1996 жылы Қағба күрделi жөндеуден өтiптi. Бұрын үш ағаш дiңгек көзге түсетiн екен (түсi қоңыр, әр дiңгектiң арасы 2 м 15 см қазiргi көрiнiсiне келсек, 3 дiңгек мәрмәрдан құйылып жасалған).

Қағбаның төбесi (шаңырағы) және қабырғалары жасыл жiбек матамен қапталған. Матаның биiктiгi 5,5 м. Ол матаны 3-5 жыл аралығында аштырып тұрады екен. Бұрын төбесi ашық болған (содан соң мәрмәрмен жапқан екен). Ал 1996 жылы ашылып, жабылып тұратын қалың шыны орнатыпты.

Абулла ибн Омар риуаят етедi: «Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Қағбаға кiрдi. Онымен бiрге Усама ибн Заид (р.а.) Билал (р.а) мен Ғусман ибн Талха болды. Олардан кейiн есiк жабылады. Аздан соң есiк ашылып, пайғамбарымыз (с.ғ.с) сахабалармен сыртқа шықты. Сол кезде мен Билалдан (р.а): «Пайғамбарымыз (с.ғ.с) Қағбада намаз оқыды ма?» – деп сұрадым. Сонда Билал (р.а) «Иә, оң жақтағы екi дiңгектiң арасында намаз оқыды», – дедi.

Қағбаның iшiне кiру, намаз оқу – мұстахаб, сауапты iстерден болып саналады.

ЗӘМ-ЗӘМ СУЫ

Ибраһим (ғ.с.) ұрпағын жалғастырар ұлы Исмаилдi анасымен бiрге Аллаһтың бұйрығымен тiршiлiгi жоқ, шөл даланың ортасына апарып тастап кетедi. Ажар анамыз Исмаил екеуi ғана шөл далада қалған кезде, алып шыққан сулары таусылып, ұлы жылай бастайды. Сол кезде Ажар анамыздың қорыққаны сондай сасқалақтап, жақын төбеге шығып, одан екiншi, үшiншi, жетiншi рет таудан тауға жүгiрiп, шаршайды. Ендi балаға қарай келе жатқанда судың сылдырын естидi де, өз құлағына өзi сенбей Исмаилдiң жанына келгенде ұлының аяқ тұсынан, жер астынан су шыққанын көредi.

Жәбiрейiл (ғ.с) перiште қанатының ұшымен жердi тесiп, суды шығарыпты. Зәм-зәм суы осылайша пайда болған екен. Осы кезде Ажар анамыз сусыз шөл далада өзi де iшiп, баласына да берiп шөлi қанып, Аллаһқа шүкiр етiптi

Иемен жағынан журһум деп аталатын қабила осы жерден өтiп бара жатып, аспандағы ұшқан құсты көрiп: «Құс бар жерде, су болады» – деп, олар жан-жаққа шапқыншыларды жiберiп су iздейдi, көп ұзамай бұлақ басында кiшкентай нәрестесi бар, отырған әйелдi көрiп: «Осы жерге бiз қоныстансақ бола ма?» – деп сұрайды. Ажар анамыз рұқсат еттi. Осылайша шөл далада тау-тастың арасында тiршiлiк басталды, халық (ел) пайда болды.

Көп заман өткен соң, адамдардың пейiлi тарылып, бұлақтардың көзi бiтелiп, зәм-зәм суы бiтелiп, су шықпай қалған. Арада көп жылдар, ғасырлар өтедi. Халық зәм-зәм судың не екенiн бiлмеген заманда Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) атасы Абдул Мутталиб түс көредi. Түсiнде бiр дауыс зәм-зәм суын ашуды бұйырады. Абдул Муталибтiң осы көрген түсiн қабыл етiп, түсiнде айтқан жердi қаза бастағанда көп ұзамай бұлақ көзi ашылып, зәм-зәм суы қайтадан пайда болады. Бұл суды иелiк ету – құрайшы рухына мiндеттеледi.

Қазiргi кезде зәм-зәм суы қағбадан 27 метр жерде орналасқан. Зәм-зәм суы ерекше қасиетке толы. Зәм-зәм суы – жәннат бұлақтарынан келетiн жер бетiндегi жалғыз бұлақ.

АРАФАТ

Арафат пен Меккенiң арасы жиырма шақырым екен. Жан-жағын тау қоршаған ойпат. Қажылықтың үшiншi парызы бойынша Арафатқа бару, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисiнде: «Қажылық – Арафатта тұру», – деген, ал Арафатта тұрмаса қажылығы қабыл болмайды.

Арафатта тұру деген қажылықта бесiн мен екiнтi намазын бiр кезде, қысқартып, қосып оқиды екен. Осы уақыттан бастап күн батқанша дұға – тiлек тiлеп, таспих тартып, құлшылық жасадық. Аллаһ Тағаланың құзырындағы ең ұлы күн – Арафат күнi делiнген хадисте.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қажылықтағы Арафа күнi жұмаға дәл келсе, Әкпар (ұлы) қажылық деп атаған. Бiзге де Аллаһ нәсiп еткен осы қажылық сапарымыздағы Арафа күнi жұмамен қатар келiп, әкпар-қажы атанып қайттық.

Арафаттың ислам тарихында алар орны өте жоғары, себебi Адам атамыз бен Хауа анамыз осы жерде кездесiп, бiр-бiрiмен табысқан. Адам атамыз күнәсiн кешiру үшiн көп жылдар зар еңiреп, жылаумен болды. Аллаһ Тағала 300 жылдан кейiн атамыздың күнәсiн кешiрiп, Хауа анамызға жолықтырды. Бұл тарих Арафатта болған екен. Бұл зулхиджаның 9-ы күнi өз күнәларын мойындап, Аллаһ алдында кешiрiм сұрап, Арафатта тұру, қажылықты өтеу парыз болған.

Жәббәдур-Рахмә тауда Аллаһ Тағаланың пенделерiне мейiрiмi көп түсетiн болғандықтан, Мейiрiм тауы деп аталған. Осы қажылықтан кейiн Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Мәдинаға оралған, келiсiмен қатты ауырып, екi айдан кейiн дүние салды. Осы хұтбада Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көптеген өсиеттер айтқан. Ол бiр Аллаһқа құлшылық етуге, Аллаһқа серiк қоспауға, әке-шешенi сыйлауға шақырды. Осы тауда тұрғанда Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) «Мәида» сүресiнiң 3-аяты нәзiл болады. Аллаһ Тағала осы аятта:»Сендердiң дiндерiңдi толықтырдым және сендерге нығыметiмдi (Құранды) аяқтадым және сендердiң тек ислам дiнiнде болуларыңа ризашылығымды бiлдiрдiм» – дедi.

НҰР ТАУЫ

Нұр тауы Меккенiң шығысында орналасқан. Биiктiгi – 271 м, ең ұшар басында Хира деген үңгiр бар. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) осы үңгiрде нәзiл болған. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) қырыққа келген кезiнде, өз бойынан көптеген өзгерiстер байқайды. Қандай түс көрсе де орындалатын болған, сол себептi өзi жеке қалуға мәжбүр болып, бес-он күндiк ас-суын алып, Нұр тауының ұшар басындағы Хиуа үңгiрiне келiп, құлшылық етудi ұнатқан едi. Бiздiң де қажылық сапарындағы мақсатымыз бәрiн көрiп, құлшылық ету болғандықтан, сол Хира үңгiрiне кiрiп, зиярат еттiк. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) қандай жағдайда болғанын сезiну үшiн, бойымызды қуаныш пен қорқыныш әсерi билей отырып, құлшылық жасауға кiрiстiк.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) Хира үңгiрiнде отырғанда Аллаһ Тағаланың бұйрығымен Жәбiрейiл (ғ.с.) перiште адам бейнесiнде келiп: «Оқы!» – деп бұйырды. Ол кезде оқи бiлмейтiн едi, сол себептi: «Мен оқи алмаймын» дедi. Жебiрейiл (ғ.с.) перiште екi рет қайталады да, үшiншi рет тағы қайталап, үш рет кеудесiн қысып, «оқы!» деп, Раббының атымен «оқы!» деп, Құрандағы «Ғәләқ» сүресiнiң бес аятын нәзiл еттi.

Осы күннен бастап Мұхаммедке (с.ғ.с.) Аллаһ Тағала үлкен мiндет, яғни пайғамбарлықты жүктептi. Содан берi қажылар пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) iзi қалған Хира үңгiрiн зиярат етедi екен.

ПАЙҒАМБАРЫМЫЗ (С.Ғ.С) ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕН ЖЕР

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Әл-Харам мешiтiнiң шығыс жағында екен. Бұл оқиға пiл жылының (570ж) 12-i күнi Рабиәул-Әууәл айында болған Пайғамбарымыз Мұхаммедтiң (с.ғ.с) анасы Әмина әйелдердiң босанарда көретiн қиыншылықтарының бiрде-бiрiн көрмеген. Бала дүниеге келгенде таза күйiнде келген, бiрден сәждеге бас иiп, екi қолын жайып, аспанға қараған. Анасы оны көрiп, таң қалып, ерекше бiр баланы дүниеге келтiргенiн сезген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисiнде: «Мен дүниеге келгенде, сүндеттетiлiп туылғанмын» – деген.

1952 жылы осындай қасиеттi орынды сақтау мақсатында Шейх Ғаббас Қаттан өз қаржысына Меккеде ғылыми кiтапхана салғызған. Ол қазiр де жұмыс iстеп тұр.

Әл-Мұғаллаһ қабырыстаны Әл-Харам мешiтiнiң солтүстiгiнде орналасқан. Бұл зиратта Абдул Мутталибтiң арғы ата-анасы , әйелi Әмина, анасы Хадиша жерленген. Хазретi Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисiнде: «Бұл ең тамаша қабырыстан» – деп суреттеген. Хадиша анамыз 65 жасында дүние салған, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сүйiктi жұбайы едi және бұл кiсi ең бiрiншi Ислам дiнiн қабылдаған. Бұл қабырыстанда басқа да ұлық сахабалар жерленген. Қағбаның кiлтiн қолына ұстаған Ғұсман ибн Талха (р.а) тағы басқа да ғұламалар осында жатыр. Қасиеттi Меккеде болған әрбiр қазақ азаматы өзiн, елiн, жерiн таныстырғанда танымайтын адам ең алдымен «О, Қазақстан! Назарбаев!» – деген сөздi естисiң.Оны естiгенде көңiлiң өсiп, марқайып қалады екен. Қазақ деген халықтың бар екенiн дүниежүзiнiң мойындайтынына қуанып, Аллаһтан ақ тiлеу тiлеп, «Осы жолдан адастыра көрме» деп иманға ұйисың.

Ислам – адамзат үшiн өмiрлiк ұлы заң, iлiм. Аллаһ – ұлы ұғым. Саналы адам өзiн құдiреттi Аллаһтың жаратқанын аңғарады. Жаратушының бар екенiне дәлел iздеудiң қажетi жоқ. Бұл – шындықтың шыңы. Иман – игiлiк атауының қайнар көзi, барлық әдемi қасиеттердiң кәусар бұлағы болса, ал имансыздық – барлық рухани аштықтың өте жаман iс-әрекеттер мен жағымсыз iстердiң ұясы екендiгiн көбiмiз көзбен көрiп жүрмiз. Иманның нұрлы шуағына бөленген, иманның шын мәнiнде ақылға тұрарлық, жiгерiмiзге қуат беретiнiн, әлсiздерге сүйенiш, рухымызға күш сыйлайтынын Аллаһтың жолында бiрнеше рет қажылық парызын өтеп, Нұр- Мүбәрәк мешiтiнде сауатын ашып жүрген қажы аналар, әжелер замандастарына, бала-шағасына, жастарға насихат жұмысын жүргiзу мұсылмандық парызымыз деп бiледi.

Әсия акпар-қажы

Серіктес жаңалықтары