АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ ӨЗЕГI – МАТЕМАТИКА
АҚПАРАТТЫҚ ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ ӨЗЕГI – МАТЕМАТИКА
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң механика-математика факультетiнiң Қазақстан ғылымын дамытудағы, оның iшiнде математика саласын өркендетудегi ролi ерекше. Математика, механика, ақпараттық жүйелер саласына мамандар даярлауда, ақпараттық технологияларды дамытуда және оны өндiрiске енгiзуде жемiстi еңбек етiп келедi. Ғылым мен тәжiрибенi ұштастырып, математика ғылымын дамытуға сүбелi үлес қосып жүрген Механика және математика ғылыми зерттеу институтының маңызы өте зор.
Осы орайда, математик мамандарды дайындауда математик ғалымдарымыздың да сiңiрiп жүрген еңбегi зор. Соның бiрi – Нарғозы Данаев ағамыз әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың механика және математика ҒЗИ директоры болып қызмет атқарады.
– 1972 жылы Букетов атындағы Қарағанды Мемлекеттiк университетi ашылғанға дейiн ҚазҰУ-дың механика-математика факультетi математика, механика, ақпараттық жүйелер саласына мамандар даярлайтын бiрден бiр жалғыз оқу орны болып келдi. Сондықтан да бiздiң факультет математиктердi даярлауда стратегиялық маңызға ие. Бiз даярлайтын механиктердi техниканы жөндейтiн механиктермен шатастыруға болмайды. Бiздiң механиктер ғылыми жұмыстармен айналысады. Сұйықтардың ағысын, газдардың қозғалысын зерттейтiн, ғарышқа ұшатын зымырандардың қозғалысын сипаттайтын механика болғандықтан, ол да математиканың бiр саласы болып есептеледi. Екеуiнiң айырмашылығы шығаратын есептерiнде ғана. Ғылымда есептi шешу және зерттеу бар. Есептi зерттеумен айналысып жүрген адамды –математик деймiз. Ал өндiрiске пайдасы бар есептердi шығарумен айналысып жүргендердi – механик деймiз. Сондай түсiнiк қалыптасқан. Бұл дұрыс емес. Өмiр бақи зерттеумен айналысып, ешқандай нәтижеге жетпеуiң мүмкiн. Сондықтан да зерттеу тұрғысынан қарағанда кейбiр методологиялық сұрақтаға жауап алмай-ақ, сол есептiң шешуiмен айналыса берген жөн. Математиктер зерттеудiң нәтижесiне жетемiз деп жүре берсе, ғарыш кемесi дүниеге келмес едi, адам ғарышқа ұшпас едi. Бiздiң ғылыми зерттеу институты ақпараттық технология саласында, ақпараттық жүйелер түзеу саласында арнайы бағдарлама жасаумен айналысып келедi. Қазiр сараптап қарасам, бiз жетi бағытта жұмыс жасайды екенбiз. Механика және математика ғылыми зерттеу институтының ғалымдары мұнайкен орындарын пайдалануға сараптама жасайтын бiрiңығай ақпараттық жүйенiң негiзiн қалады. Ғалымдардың жасап шыққан бағдарламалары "Маңғыстаумұнайгаз" ААҚ мен "Торғай-Петролеум"ЖАҚ сынды компаниялардың апробациясынан өтiп, өндiрiске енгiзiлдi. ҒЗИ мамандары амбарлық мұнай мен мұнай шламын жинайтын өнеркәсiптiк қондырғы жасап шықты, сонымен қатар мұнай өңдейтiн өнеркәсiптiк реакторларды жобалау мен басқарудың бағдарламалық кешенiн жасады. Ақпараттық және сандық технология неғұрлым мұнайды жер қойнауынан көбiрек өндiруге арналған. Мұнай төрт мың метр тереңдiктен шығады. Ол жақта не болып жатқанын бiр Алла ғана бiледi. Ол жердiң жағдайын бiлуге тек математикалық моделдеу арқылы ғана қол жеткiземiз. Сөйтiп бiз математиканың көмегiмен бейне бiр көрiпкелдей бәрiн дәл айтып беремiз. Дүниежүзiнде бәрi мұнаймен айналысады, ол белгiлi есептер. Бiрақ, алпауыт мемлекеттер өз технологиясын бiзге тегiннен-тегiн бермейдi. Сондықтан да отандық ғылымды дамыту керек деп дабыл қағып жатырмыз.
Ал, факультетiмiздiң деканының тәрбие iсi жөнiндегi орынбасары Сәуле Давлетованың да бүгiнгi математика және механика ғылымы туралы айтар ойы ерекше.
– Университеттiң бiлiм беру жүйесiне кредиттiк жүйе енгеннен берi көптеген өзгерiстер болуда, – деп бастады Сәуле Әнерқызы өз әңгiмесiн. – Эдвайзерлердiң студенттер алдындағы жауапкершiлiгi күшейдi. Кредиттiк жүйеде мiндеттi пәндермен қатар студенттiң өз таңдауы бойынша оқитын пәндерi болады. Мiне, осы тұста қай пәндi қалай таңдау керектiгiн студентке эдвайзерлер түсiндiруi тиiс. Әр таңдамалы арнайы курс жайлы бағыт-бағдар берiп отыруы тиiс. Бiздiң факультетте оқу өте қиын, соған қарамастан студенттер қоғамдық жұмыстарға көбiрек араласа бастады. Бұл университетiмiздiң 75 жылдық мерейтойында анық байқалды, белсендiлiк танытқан 14 студентiмiз 75 жылдықтың Құрмет белгiсiмен марапатталды. Жастардың еңбектерi ескерiлiп, мерейлерi бiр көтерiлiп қалды. Жастардың кәсiби мамандықты игеруiмен қатар, рухани жағынан да кемелденуiне баса назар аударамыз. Мерекелiк күндердiң барлығын мiндеттi түрде атап өтемiз. Әсiресе, өнерлi жастардың қанатын кеңге жайып, қалың жұртшылыққа танылуына көмектесемiз. Айгерiм Сақаева, Ақерке Нұрыш сынды ақын жастарымыздың өлеңдер топтамасын университетiмiзде шығатын "Студенттiк альманахта" жарияланды. Сардор Тлямов деген әншi баламыз көптеген байқауларға қатысып, жүлделi орындарға ие болып жүрген нағыз күмiс көмей, жез таңдайдың өзi. 4 — курс студентi Болат Мырзахметов саксофонда ойнайды. Жазда балалар студенттiк құрылыс жасағында жұмыс iстедi. Олар тегiн жатақханамен қамтамасыз етiлiп, үш уақыт тегiн тамақ берiлдi. Оларға 30-50 мың теңге көлемiнде еңбекақы тағайындалды. Осылайша студенттер өздерiнiң әлеуметтiк жағдайын жақсартып, жазғы уақытын мәндi өткiздi. Осындай ұмыт болған дәстүрдi жаңғыртқан ректорымыз Бауыржан Тұрсынұлына алғысымыз шексiз.
Аталмыш факультетте өнерлi жастар да, ғылымға жаны құмар студенттер де бар. "Бұлақ көрсең көзiн аш" демей ме? Талантты, дарынды талапкерлердiң бiлiмiн жетiлдiруде факультет ұстаздарының да сiңiрiп жатқан еңбегi орасан зор екенiн айтуымыз қажет.
Дастан МҰҚАЖАН, ҚазҰУ-дың механика-математика
факультетiнiң 1-курс студентi