ҚУЫРШАҚТАР СӨЙЛЕЙДI...
ҚУЫРШАҚТАР СӨЙЛЕЙДI...
Қуыршақ театрына бару көптен берi ойға алған мақсатымыздың бiрi едi. Соның сәтi сенбi күнi ғана түстi. Сенбiге тура келуiнiң де өзiндiк себебi бар. Өйткенi, театрдың қойылымдары тек сенбi, жексенбi күндерi өтедi де, аптаның басқа күндерi қаламыздағы мектептермен байланыс жасап, бөбектердiң, оқушылардың өтiнiштерiн қарайды екен.
Демалыс күнi болғандықтан қойылым алдындағы балалар көңiл-күйiмен, қуанышымен бөлiспекке спектакль басталатын межелi уақыттан сәл ертерек барған едiк. Театр ғимаратының есiгiнiң алдынан бастап қарсы алған адам бойымен жасалған тышқан, торай, бұзау бейнесiндегi сан алуан қуыршақтар сәби емес, ересек адамның өзiн де ерекше шуақты әсерге бөлейдi. Балалық шақ — адам өмiрiнiң естен кетпес ең бiр қызықты, ең бiр шұғылалы перiште кезеңдерi ғой. Мiне, осы үшiн де әрбiр балдырғанның бақытты балалық шағы болуы тиiс. Басқаны айтпағанда, ертең есейген уақытта ең шуақты сәттерi ретiнде қуана еске алу үшiн де. Осы бiр тәттi қиялдың жетегiнде тұрған менiң ойымды жанды жадыратар жайдары да көңiлдi әуен бөлiп жiбердi. Айналама көз салсам, бағанағы бiздi қарсы алған қуыршақтар ендi театр фоэсiнде бүлдiршiндермен бiрге әсем әуеннiң ырғағында шыр көбелек айналып, би билеуге көшкен екен. Перiште көңiлдерi қуанышқа бөленiп, мәре-сәре болған балдырғандардың риясыз күлкiсiнiң сыңғырынан, жарқын-жарқын шыққан дауыстарынан шексiз бақытты аңғару қиын емес.
Қоңырау соғылды. Яғни, қойылым басталатын уақыт болды. Барлығымыз көрермен залына кiрдiк. Бүгiнгi тамашалайтынымыз — Д.Исабековтың "Аққу Жiбек" спектаклi. Қоюшы-режиссерi – Қазақстан Республикасының халық әртiсi С.Шүкiров. Басқаны бiлмеймiн, әйтеуiр өзiм қатты қобалжып отырмын. Қуыршақ театрына соңғы рет осыдан бiр жыл бұрын келген болатынмын, содан кейiн ат басын бұрып отырғаным осы. Алайда, өрекпiп отырған көңiлiм залға жиналған көрерменге көз жiбергенде сап тыйылды. Балалар тым аз екен.
…Сөйтiп, аққу құстың құдiреттiлiгiн ұғындырып, оны атпауға үндейтiн, Төлеген мен Жiбек қыздың сезiмдерi арқылы ұлы махаббатты дәрiптеп, iзгiлiкке жетелейтiн "Аққу Жiбек" қойылымы да аяқталды. Аздап тiлiнiң ауырлығын айтпағанда, жалпы спектакльдi сәттi шыққан деп бағаладық. Бағалауын бағаласақ та, артық-кемiн саралау үшiн жарты сағаттан кейiн жүретiн орыс тiлiндегi қойылыммен салыстырып көргiмiз келдi. Ол — И.Карнаухов пен Л.Браусевичтiң "Аленький цветочек" қойылымы болатын. Қоюшы-режиссерi – Қазақстан Республикасының еңбек сiңiрген әртiсi Б.Парманов. Спектакль басталып та кеттi. Бiрақ, бұл жолы халық қазақ тiлiндегi қойылымға қарағанда әлдеқайда көп жиналыпты. Орыстың халық ертегiсiнiң желiсi негiзiнде құрылған аталмыш қойылымның оқиғасы да ойнақы, әуенi де сол елдiң ұлттық бояуына қанық, тiлi де жеңiл екен. Бiрiншi тамашалаған "Аққу Жiбек" шығармасы көбiнесе тiрi кейiпкерлердiң ойнауымен сахналанса, бұл спектакль таза қуыршақтардың қатысуымен дамыды. Бәлкiм, ертегiнiң нанымды суреттелгендiгi сондықтан болар деп түйдiк. Мен қазақ қойылымдарының өн бойынан да осындай ұлттық бояу мен шынайылықты iздеген болатынмын және оны тапқым келдi. Сөйтiп, келесi күнгi қойылатын қойылымдарға да келудi ұйғардым.
Бүгiн С.Жүнiсовтың "Атамекенi" (Режиссерi Қ.Ешмұратова) мен Н.Гернеттiң "Волшебная лампа Алладина" (режиссерi С.Шүкiров) спектакльдерi сахналанды. Тек бұл жолғы әсерiм кешегiден өзгерек болды. Екi қойылым да өте сәттi шығыпты. Әрине, аты әлемге мәшһүр "Алладиннiң сиқырлы шамын" кiшкене күнiмiзден оқып өссек те, оны театр сахнасынан тамашалау мүлде бөлек әсерге бөледi. Алладин шамының сиқырына тағы бiр мәрте иландық.
Ал, С.Жүнiсовтың "Атамекенiн" тамашалау барысында мен жүрек түкпiрiндегi өз дiттеген ойыма жеткендей болдым. Салт-дәстүр дәрiптелiп, ұлттық құндылықтар алға шығатын нағыз қазақы нақышты осы ертегiнiң өн бойынан көрдiм. Домбыраның құдiреттiлiгiн әспеттеуден басталатын ертегi оқиғасы Алатаудың баурайындағы Сәукеле тауының етегiнде қоныстанған қарапайым ауылда өрбидi. Бұл өлкеде Қанат пен Жанат атты екi ұста өмiр сүредi. Күндердiң күнiнде Қанаттың шаңырағында бiр қыз, Жанаттың отбасында шекесi торсықтай ұл бала өмiрге келедi. Жүрегi жарылардай қуанған екi отбасы қызға — Айсұлу, ал ұлға — Айсұлтан деп есiм берiп, екеуiн атастырады. Алайда, Илау атты жауыз хан айдай сұлу Айсұлуды өзiнiң кемтар ұлы Жанайға жар етпекшi болады. Жауыз әкеден туса да, Жанай өте ақылды әрi парасатты жан ретiнде көрiнедi. Ол қатiгездiктiң емес, iзгiлiктiң жақтаушысы болады. Ханның қиянатына шыдамаған Айсұлу мен Айсұлтан өз атамекендерiне жетудi мақсат тұтып, сол жаққа қарай бет алады. Туған жерiне ендi жетiп қалғанда, жақындап қалған жаудан құтылу үшiн сәукеленiң астына тығылып, биiк тауға айналып кетедi. Сәукеле тауы содан пайда болған екен деген аңыз бар. Махаббатты, сүйiспеншiлiктi дәрiптеуге бағытталған бұл қойылымның бойынан атамекенге деген үлкен құрметтi байқауға болады. Туынды сол арқылы бүлдiршiндердiң қазiрден бастап туған жер, Отан атты қасиеттi ұғымдардың қадiрiн жете түсiнуiне өз ықпалын тигiзерi сөзсiз. Әсiресе, спектакльдiң орта тұсында жаңа туған нәрестелерге аналарының бесiк жырын айтатын сәтiнде "бесiк жыры айтылмайтын кейбiр жас отбасыларға қандай жақсы үлгi болар едi" деген ойдың санамда қылаң бергенi де жасырын емес.
Қойылған қойылымдардың қай-қайсысы болмасын, аздаған кемшiлiктерiн ескермегенде, жоғары деңгейде әрi нанымды сахналанды деп айта аламыз. Ал, қойылымның сәттi шығуы режиссерлер кәсiбилiгiмен қатар, әртiстердiң шыңдалған шеберлiгiне тiкелей байланысты десек, театр ұжымы бұл үдеден шыға алды. Оған әр қойылымды тамашалап отырған бөбектердiң сiлтiдей тынған тыныштығы арқылы көрiнген ыстық ықыласы дәлел. Осы орайда, режиссер, ҚР Мәдениет қайраткерi Г.Iлиясова: "Бiздер қуыршақ арқылы балалардың ойын, санасын оятамыз. Бар жүрегiмiздi салып өлi дененi тiрiлтiп, соған жан берiп, көрермен залында отырған кiшкентай балаларды сендiремiз. Ал, балаларды сендiру өте қиын. Бәрi де боямасыз шынайы болу керек. Мысалы, өзiңiз жаңа залда отырып, олардың қалай қабылдағанын көрдiңiз. Қойылым басталысымен-ақ "шыбынның ызыңы естiлетiндей" тыныштық орнады. Ол — сенгендiктен. Ал егер ертегiге сенбесе, шулап кететiн едi", — десе, Мемлекеттiк қуыршық театры әртiстерiнiң iзденiстерi жөнiнде театр әртiсi Б.Момынжанов: "Қуыршақ театры әртiстерiнiң iзденiсi драма театрларының әртiстерiне қарағанда көбiрек болады. Ең бiрiншi, актер алған қуыршағының образының барлығын өзiне сiңдiредi. Кейiпкер болмысын бойыңа толықтай қабылдағаннан кейiн барып оны қуыршаққа кiргiземiз. Осы екеуi бiр бүтiн болған кезде ғана шынайы образ шығады. Соның нәтижесiнде балаларды сендiре аламыз. Ал егер, өзiмiз сенiп, өзiмiз сол образды таппасақ, оны қуыршаққа бере алмаймыз және ондай шала-шарпы дүниеге балаларды сендiру мүмкiн емес", — деп ой бөлiседi.
— Бүгiнде Мемлекеттiк қуыршақ театрына лайықтап сценарий жазып жүрген белгiлi авторлардан өзге, бұл салаға жастардың көзқарасы қандай? — деген сауалымызға театрдың директоры, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi М.Юсупов мырза: "Қуыршақ театрына сценарий жазу үшiн алдымен театрдың өнерiн көрiп, оның iшкi механикасын түсiну керек. Қуыршақтың iшiне енбей тұрып сапалы дүние жазу мүмкiн емес. Ал, қуыршақ театрына жазылған сапалы туынды ең әуелi қуыршақтармен араласудан басталады. Бұдан бiраз жыл бұрын сценарий жазбақ түгiлi, жастарды театрдан көре бермеушi едiк. Бүгiнде жастардың қызығушылығы бiршама артқан сияқты, театрға жиi-жиi келiп, өз пiкiрлерiмен бөлiсiп жатады. Болашақта олардан үлкен дүниелер күтемiз, әрине. Негiзiнен, театрда халық ертегiлерiмен қатар О.Әубәкiров, О.Бодықов, Н.Оразалин, С.Жүнiсов, Д.Исабеков сынды жазушылардың шығармалары қойылады", — деп жауап бердi.
Осы қойылымдардың iшiнде, әсiресе, "Қаңбақ шал" ертегiсi мен Н.Оразалиннiң "Тарқамайды тойымыз" спектакльдерi үлкен сұранысқа ие көрiнедi. "Қаңбақ шал" демекшi, жақында 75 жылдық мерейтойын атап өткелi отырған киелi қара шаңырақтың ұжымы, Чехия астанасы Прага қаласында мамырдың 28-i мен маусым айының 8-i күндерi аралығында өткен Халықаралық Қуыршақ театры фестивалiнде осы "Қаңбақ шал" ертегiсiмен "Ең жақсы ертегi" номинациясы бойынша Гран-При-дi қанжығаларына байлап қайтыпты. "Жалпы саны 272 елден ұсыныс түсiп, соның iшiнен iрiктелiп алынған 47 театрдың арасында бiздiң театрдың жүзден жүйрiк шығуы аса қуанарлық жағдай. Байқауға бiзден өзге Франция, Испания, Италия, Аргентина, Мексика, АҚШ және тағы басқа мемлекеттер қатысқан болатын. Әлемдiк мамандардың сараптауына түскен сондай үлкен додада халқымыздың ұлттық құндылықтары, салт-дәстүрi, музыкасы көрсетiлген қойылым әдiлқазылар тарапынан бiрауыздан қолдауға ие болып, қазақ ертегiсiн үздiк деп таныды", — дейдi театр басшысы М.Юсупов.
Бiр байқағаным, әлем тарапынан аса жоғары бағаға ие болып жатқан қазақтiлдi қойылымдарға қазақ көрерменiне қарағанда, өзге ұлт өкiлдерi көбiрек келедi екен. Бұл дегенiңiз, бiздiң бойымызда әлi де болса театр мәдениетiнiң қалыптаса қоймағанын көрсетедi. "Үлкеннiң мың қуанғанынан, баланың бiр қуанғаны артық" демей ме?! Ертегiнi оқу бiр бөлек те, театрдан актерлардың жанын сала дайндалып, жүректен шығарған дүниелерiн тамашалау мүлде басқа әсерге бөлейдi ғой. Бала қуыршақтар театрына келiп, тамашалап отырған қойылым өзегiндегi сан алуан шытырман оқиғалар арқылы берiлетiн сезiмдерге ортақтасып, кейiпкерлерiмен бiрге қуанады, жылайды. Бүгiнде кейбiр ата-ана алтындай уақытын қиып баласын театрға әкелгеннен гөрi, теледидар не болмаса компьютер арқылы дап-дайын дүниелердi тамшалағанын әлдеқайда артық санайды. Соның әсерi болар, балалар таңнан кешке дейiн көк жәшiкке телмiруде. Дұрыс делiк, егер көруге тұрарлық жөнi түзу бағдарламалар болса. Бiрақ, өкiнiшке қарай, балаларды iзгiлiкке тәрбиелейтiн ондай жақсы дүниелерге әлi зәрумiз. Күнi ұзын көретiнiмiз – атыс-шабыс. Қатiгездiк, жауыздықтан басқа үйренерiңiз жоқ. Ал, театрдан алар әсер мүлдем өзгеше. Бала ол жерде жалғыз емес, көпшiлiкпен ата-ана, достарымен бiрге отырып кейiпкер тағдыры үшiн алаңдап, қобалжиды, жамндықтан жиренiп, жақсылықтың жақтаушысы болады. Шынайы достықтың, мейiрiмдiлiктiң, iзгiлiктiң парқын түсiнедi. "Дұрыс қанаттанған түзу ұшар" деген халық даналығын негiзге алсақ, баланың балғын санасының жетiлiп, адами тұрғыдан биiк азамат болып қалыптасу жолында театрдың, оның iшiнде қуыршақ театрының берерi көп. Тек соны әрбiр ата-ана түйсiнiп, нәтиже шығара алса нұр үстiне нұр болар едi.
Назерке ЖҰМАБАЙ