АЛТЫН САНДЫҚТЫҢ КҮМIС КIЛТI

АЛТЫН САНДЫҚТЫҢ КҮМIС КIЛТI

АЛТЫН САНДЫҚТЫҢ КҮМIС КIЛТI
ашық дереккөзі
336
"Үш адамды жақсылыққа бастағанды ғалым бiл,

оның iсiн жұртқа жайып, қолдан келсе, тәлiм қыл"

(Гиппократ)

Алтын сандық – қазақтың бай ауыз әдебиетiнiң қайнарынан қанып iшкен, оның жинақталып, зерттелуi мен кеңiнен насихатталуына талай ғұлама зор үлес қосты десек те, сол ғылымдардың арасында академик Сейiт Қасқабасовтың орны өзгеден ерекше.

Саналы ғұмырының 50 жылдан астам уақытын шығармашылыққа арнап, ғылым жолына түскен, одан тамаша, нәтижелi табыстарға қол жеткiзген ғалымның өмiр жолы iзденiске толы. 60-шы жылдары Алматы мемлекеттiк университетiнiң тарих-филология факультетiнде оқып жүрген кездiң өзiнде-ақ Қырғыз Республикасы Бiшкек қаласында жоғары оқу орындары арасында өткен студенттердiң халықаралық конференциясына қатысып, дипломмен марапатталып, мерейi үстем болып, елге оралған. Осы сапар жас таланттың талғамына қанат бiтiрiп, алға жетелейдi. Сейiт Асқарұлының "Казахская волшебная сказка" атты монографиясын кезiнде КСРО Ғылым Академиясының төралқасы Одақтық Академия бойынша шыққан үздiк бес кiтаптың бiрi деп таныған. Өзiнiң ғылыми зерттеу еңбектерiн қазақ фольклорының теориясы мен тарихына, этнография мен ауыз әдебиетi мұраларының текстологиясы мәселелерiне, әдебиет пен өнер проблемаларына арнаған фольклортанушы ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, академик Сейiт Асқарұлы Қасқабасовтың ғылыми еңбектерiнiң орны бөлек.

Ол "Қазақтың қиял ғажайып ертегiсi" деген тақырыпта кандидаттық (1969) диссертациясын қорғаса, 1989 жылы, ең бiр қиын кезеңдерде, Мәскеу мемлекеттiк университетiнде "Қазақтың халық прозасының жанрлары" деген тақырыпта докторлық диссертациясын қорғайды.

Ғалымның көптеген ғылыми еңбектерiнiң арасынан "Казахская волшебная сказка" (1972), "Қазақтың халық прозасы" (1984), "Родники искусство" (1986), "Колыбель искусство" (1992), "Абай және фольклор" (1995) деген шығармаларын айтқан жөн. Ал, "Казахский фольклор в собраний Г.Н.Потанина" (1972), В.Радлов "Алтын сандық" (1993), "Ел қазынасы – ескi сөз" В.Радлов жинаған қазақ фольклорының үлгiлерi (1994) т.б. қазақ фольклорының iргелi басылымдары санатына жатады.

Әдебиет мамандарына, аспиранттар мен магистранттарға арналған "XV-XVIII ғасырлардағы қазақ әдебиетi" (2005) атты еңбегiнде сол замандағы әдебиеттiң ерекшелiгi анықталып, жыраулар шығармашылығы жаңаша талданады.

Қазақ халқының бай ауыз әдебиетi рухани мұрасының жинастырылып, зерттелуi, оның насихатталып, саралануы, халқымыздың рухани сұранысын қанағаттандыратын сөз өнерi, нақтырақ айтсақ, фольклоры – тереңге тамыр жайған, әрiден тартып нәр алатын, өткенге ой тастап, бүгiнмен қауыштыратын, танып түсiнуге мүмкiндiк беретiн, мәдени бай мұрасының бiр саласы. Яғни, қазақ фольклорын қаншалықты жете түсiнiп қабылдасақ, өз халқымыздың табиғатын, жаратылысын да соншалықты жете меңгерiп, түсiнушiлiкпен қабылдаймыз.

Осы орайда, С.Қасқабасовтың қазақ фольклортануының белестi биiгi болып саналатын көптеген ғылыми мақалаларының берерi мол, тәрбиелiк мәнiнiң зор екенiн атап өткен жөн. Ғалымның еңбектерi оқырмандардың үлкен сұранысына ие. Олар, әсiресе, ғылым жолын таңдаған немесе қазақтың фольклортану ғылымын тереңiрек оқып бiлгiсi келетiн жастар үшiн аса қажеттi еңбектер болып табылады. Сонымен бiрге, оқулықтар мен оқу құралдарын дайындау барысында және қазақ фольклоры туралы зерттеулерде әдiснамалық бағытта қолданылады. Ғалым С.А. Қасқабасовтың еңбектерi қоғам өмiрiндегi әлеуметтiк институтқа айналып, адамдардың рухани таным өрiсiн жаңа сапалық деңгейге көтеруге ықпал етуде.

Сейiт Асқарұлы – қазақтың прозалық фольклорындағы аңыздық прозаның өзiндiк, төл сипаттары бар екенiн алғаш рет ғылыми тұрғыда саралап, ертегi, аңыз, миф, хикая сияқты жанрлардың төл қасиеттерi мен ортақ белгiлерiн ашып көрсетiп, оларға алғаш рет ғылыми сипаттама берген ғалым.

1996-1997 жылдары М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында, өзi жетекшiлiк еткен Қолжазба және текстология орталығының қызметкерлерiн ұйымдастыра отырып, орталыққа қарасты барлық қолжазбалардың сигнатурасы жасалынды, яғни қордағы барлық материалдар "атауы, авторы, папкасы" бойынша картотекаға түсiрiлiп, олардың электрондық нұсқасы дайындалды.

Ғұмырында әртүрлi салада, бiрақ бәрi ғылымға келiп тiрелетiн, еңбек етiп, мол тәжiрибе жинақтаған ғалымның еңбек жолының өзi – кейiнгi ұрпаққа үлгi.

Өзi алғаш еңбек жолын бастаған М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қазiргi директоры, ғалым Сейiт Асқарұлының соңғы 10 жыл шамасында ұлттық әдебиеттану ғылымына қосқан сүбелi еңбегi ұшан-теңiз. Ғалымның ұйымдастыруымен және тiкелей басқаруымен аталған институт "Мәдени мұра" бағдарламасы бойынша "Бабалар сөзi" атты жүз томдықты дайындап шығаруды бастағаны қазақстандықтарға аян. Алғашқы бiрiншi томы 2002 жылы жарық көрген бұл көп томдықтың бүгiнде 69 томы баспаға даярлануда. Ұлттық мұрамызды жаңғыртып, мәдениетiмiздi дәрiптеуде бұл кiтаптардың халыққа, әр саланың мамандарына берерi мол.

Осынша ұлан-ғайыр, рухани қорымыздың өзегi болып табылатын мол ғылыми мұраны жүйелеп, топтастырып, баспаға әзiрлеудi ұйымдастыру ерекше мақсаттылық пен төзiмдiлiктi, табандылық пен парасаттылықты талап ететiнi сөзсiз. Осы жұмысты редакциялық кеңестiң төрағасы, ғалым С.Қасқабасов өзiне тән, асқан жауапкершiлiкпен ұйымдастыруда. Қаншалықты ауыр жүктi арқалап жүрсе де ғылымға талапкер жастарды тәрбиелеу жұмысын естен шығармайды.

Мен 1981-1986 жж. әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттiк университетi филология факультетiнiң араб бөлiмiнде оқып жүрген кезiмде, өткен ғасырда қазақ әдебиетiн төрткүл дүниеге танытқан, нағыз зиялы, тау – тұлға ғалымдардан дәрiс алдым. Қазiр мақтанышпен айтамын. Қазақстанның жоғары мүфтиi, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар Дербiсәлi, фольклортанушы, әдебиеттанушы, академик Рахманқұл Бердiбаев, ғылым докторы, профессор Шәкiр Ибраев, академик Рымғали Нұрғалиев, Б.Сағындықов, қазiргi бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев сияқты көптеген ғалымдарды тыңдап, дәрiс алғанымды, ал, университеттен кейiнгi өмiр жолында фольклортанушы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, академик Сейiт Асқарұлы Қасқабасов, академик Серiк Қирабаев, академик Зәки Ахметов, ғалым-этнограф Ақселеу Сейдiмбеков сияқты тағы басқа да нағыз дарын иелерiмен, ғұлама ғалымдармен қызметтес болып, тәлiм-тәрбие алғанымды мақтан тұтамын.

Ол кiсiлердiң бiздерге, жастарға сенiм артып, үлкен үмiтпен қарағандарының өзi бiздердi алға жетелеп, өмiрде, ғылымда өз орындарымызды табуға көмектестi.

Сейiт ағайдың ұстаздығы, ғылыми жетекшiлiгi өз алдына, ол кiсiнiң ұқыптылығы мен жинақылығы, үлкен-кiшiмен қарым-қатынастағы қарапайымдылығы, қажымас еңбек сүйгiш iзденiмпаздығының өзi – бiр мектеп. Сенi қалайда алға жетелеп, талабыңды бағалап, қанаттандырып отырады.

Байсалды мiнезiмен, терең бiлiмiмен, өнегелi ұстаздығымен және кез келген ұжым мүшелерiн өз мiндеттерiн орындауға жұмылдыра алатын ұйымдастырушылығымен көзге түсетiн ғылымдарымыз көп емес. Ал осындай iзгi қасиеттер бойына қонған зиялыларымыз халқымыздың алтын қоры. Ұлтымыздың мақтанышы. Кезiнде Горький алтын сандыққа теңеген қазақтың ауыз әдебиетi әлi де талай құпия сырды сақтап келедi. Оны ашар күмiс кiлт керек. Академик Сейiт Қасқабасов ағамыздың сандаған жылдық тынымсыз еңбегi сол алтын сандықтағы мол, өмiрлiк мұраны ақтаруға арналып келе жатқаны да тегiн емес. Асыл қазынаны талмай iздеген жан ғана таба алатыны аян.

Пәкизат ӘУЕСБАЕВА

Серіктес жаңалықтары