ҚЫРҒЫЗСТАН MEGACOM-ДЫ ЖАРЫЛҚАДЫ
ҚЫРҒЫЗСТАН MEGACOM-ДЫ ЖАРЫЛҚАДЫ
Көктемi дүрбелең Қырғызстан экономикасына талай ауыртпалықтар әкелген. Әсiресе, коммуникация саласы әлсiреп қалды. Елдегi байланыс операторларының бiрi Eventis Telecom компаниясының операторы Megacom-ның жұмысы өткен жылы тоқтап қалған болатын. Алайда, жаңа билiк өкiлдерi аталмыш компанияның басшысы Глеб Огнянниковке бұрынғы басымдығын қайтарып бердi.
Республикадағы абоненттiк базаның ауқымдылығы жағынан екiншi орынға ие Megacom дәуренi өткен жылы бәсеңдеп қалған. Ресейлiк инвестордың Қырғызстандағы бизнесiнiң тоқтауына экс-президенттiң баласы Максим Бәкиев себеп болған. Атап айтар болсақ, былтыр компанияның 51 пайыздық акциясы М.Бакиевтiң иелiгiне өтiп кеткен. Сәуiр айында келген жаңа билiк Жоғарғы сот арқылы акцияларды бұрынғы қожайынның қолына қайтарды. Соттың шешiмi бойынша "Бимоком" операторының қарамағына берiлген 51 пайыз жарамсыз деп танылып, Eventis компаниясы керi қайтарып алды.
Акционерлер өз жекеменшiгiн ауыстырғанда әрiптесi оның үлесiн нақ ақшамен алуға құқылы екен. 2008 жылы Дмитрий Ивантер мен Владимир Андросик Eventis компаниясын Глеб Огнянниковке сатып жiбередi. Осы жайтты ұтымды пайдаланған әрiптестер жаңа басшыға 49 пайыз қалдырып, қалған акцияны қолдарына түсiредi. "Альфа Телеком" деп аталатын Бәкиев меншiгiне жататын комапния екi ортада байланыс нарығына араласқан. Ал келiссөздер ресми емес, қосымша келiсiмшарттар негiзiнде бекiтiледi. Кейiн белгiлi болғандай, мұндай рәсiмдеу Ресейдiң де, Қырғызстанның да заңдарына қайшы келедi екен.
"Бимоком" акцияларынан айрылған Eventis iле-шала Стокгольм сауда-саттық палатасына талап-арыз тастайды. Бәске салынған акция құны 32 миллион долларды құраса керек. Биылғы жылдың мамыр айында сот арыз берушi компания талаптарын қанағаттандырды.
Құрманбек Бәкиев президент тағынан түскеннен кейiн билiк басына келген жаңа үкiмет оның меншiгiнде болған активтердi ұлттық қазынаға аудара бастады. Осы кезде "Альфа Телекомның" 49 пайыздық акциясы мемлекет меншiгiне өтедi де, 51 пайыздың кiмдiкi екенiн Бас прокуратура анықтай бастайды. Осы мәселенi шешуде Eventis өкiлдерi Қырғызстан Жоғарғы сотына және Бiшкек аймақтық сотына шағымданған. Алайда шешiмiн тауып келе жатқан мәселенiң алдынан тағы бiр кедергi шықты. Осыдан он күн бұрын Қырғызстанның жаңа президентi Роза Отунбаева 26 сот төрағасын қызметiнен босатқан. Оның 7-i Жоғарғы соттың сот төрағалары болған. Мәселеге үңiле қарайтын болсақ, бұрынғы сот төрағаларын қызметiнен босату не үшiн қажет болды деген сұрақ туындайды?
Ақниет Бейiмбетқызы