РЕСЕЙ АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯСЫНЫҢ АУЫР ЖАҒДАЙЫ
РЕСЕЙ АЗАМАТТЫҚ АВИАЦИЯСЫНЫҢ АУЫР ЖАҒДАЙЫ
Бүгiнде Ресейдiң азаматтық авиациясы ауыр жағдайды бастан кешуде. Елдi елең еткiзген әуедегi әлектер бiразға дейiн шешiлмей ме деген күдiк бар. Алып федерацияның әскери және азаматтық соңғы кездердегi авиациясындағы атышулы оқиғалары ел билiгiн алаңдатқалы талай жылдың жүзi болды.
Әсiлi, Ресейдiң авиатехника құрастыру бойынша әлемдiк деңгейдегi жетiстiктерi мен тәжiрибелерi мол. Әскери және жолаушы ұшақтары зор сұранысқа ие болып, бүгiнде алыс-жақын шетелдердiң әуежайын толтырып жүр. Бiрақ уақыт өте келе Ресей азаматтық авиациясының дәуренi кетiп бара жатқандай. Бұған бiрнеше мысал келтiре кетейiк. Естерiңiзде болса, өткен жылы Еуроодақ экологиялық нормаларға байланысты шетелдiк кейбiр авиатасымалдаушы компанияларға өз әуежайларына қондырмаймыз деп қоқан-лоққы көрсеткен. Еуроодақ кеңiстiгiн пайдаланатын авиакомпаниялар 2012 жылдан бастап ескi әуе лайнерлерiн халықаралық талаптарға сай ұшақтармен алмастыруға тиiс. Мұндай жаңаруларға қолы жетпеген авиакомпанияларға 2012 жылдан бастап Еуроодақ көгiнен ұшуға тыйым салынады. Еуропа елдерi осылайша қоршаған ортаны ластанудан қорғап қалмақ. Жақында ҚР Көлiк және коммуникация министрлiгi шетелден бiрнеше аэробус сатып алғаны белгiлi. Бұған дейiн алынған жолаушы ұшақтары еуропалық талаптарға жауап бере алады деп атап өткен-дi Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, себебi бұл ұшақтар Еуроодақ елдерiнде құрастырылған. Үкiмет басы Кәрiм Мәсiмов ұлттық авиапарктiң жаңалануын басты назарда ұстауда. Ал жоғарыда ауыз толтырып айтқан ресейлiк ұшақтардың жас шамасы орта буыннан алыстаған. Сондықтан олардың қызмет көрсету түрi де, ұшу әдiстерi мен ұшақ сапасы халықаралық талаптардан ауылы алыстап барады. Елiмiздегi Еуропаға жолаушы таситын жалғыз тасымалдаушы "Эйр Астана" компаниясы. Компанияның жаңа ұшақтары бүгiнде жолаушы қауымның көңiлiне кiрбiң келтiрген емес. Осы ретте орта жастағы ресейлiк ұшақтардың ТМД елдерiнде де жаппай қолданыста екенiн айта кеткен жөн. Айтқандай Еуропа өз кеңiстiгiнен ресейлiк ұшақтарды алыстатып әлек болса, Қазақстан керiсiнше авиатехникаға онша ықылас танытпауда. Дегенмен орыстар ұшақтарын өзгеге итермелеуде алдына жан салмайтыны белгiлi. Ресей Кедендiк одақ кеңiстiгiнде Қазақстан мен Белоруссияға ұшақ тасымалдау үшiн баж салығынан босатылатынын айтып бағуда. Онысы одақ көлемiнде отандық авиатехника саласын дамыту үшiн үшжақты жасалған бағдарлама көрiнедi, бiрақ Қазақстан мен Белоруссияда авиатехника шығарылмайтыны баршаға аян екенiн ескерсек, Ресейдiң өз авиатехникасын дамытуға бет бұрғанын жазбай тануға болады.
Ресей авиациясының хал-жағдайының мәз еместiгi ауыр дертке айналды ма? АҚШ-тың бұрынғы мемхатшысы Кондализа Райс орыстардың "ескi бомбалағыштарына" бола Латын Америкасымен тығыз қарым-қатынасты үзбейтiнiн айтып қалған едi. "The Washington Post" газетiнде жарияланған бұл мақалаға Ресейдiң Әскери Әуе Күштерiнiң бұрынғы басшысы Петр Дайнекин жауабында өз отанының ұшақтарын ешбiр мемлекет құрастыра алмайтынын айтып мақтанға салынған. Кондализа ханымның қадап айтып отырған "орта жастағы" ұшақтары әскери ұшақтарға қатысты айтылған. Десе де азаматтық авиация да осы төңiректен алыстай алмайтынын ерiксiз мойындауға тура келедi.
Бүгiнде әлем елдерiнде шуы төмен ұшып-қонатын жеңiл де ыңғайлы ұшақтар құрастырылуда. Жер шарының авиакомпаниялары да жаңа моделдерге қол жеткiзуге асық. Осы орайда өзiмiзге таныс ресейлiк Ил-76, Ту-154, Ту-134 жолаушы ұшақтары әлемдегi ең қауiптi ұшақтарға айналған. "Business Week" басылымының жүргiзген рейтингi бойынша бұл жолаушы ұшақтар ең қауiптi ұшақтардың қатарынан ойып тұрып орын алыпты. Қазiргi таңда ТМД елдерiнде бұл модельдiң 336 данасы бар, ал Ту-154 ұшағы 1986 жылдан берi шығарылмайды. Сонда бұл ұшақтың ең кенжесi жиырма төрт жасты арқалап қалған.
Ал жуырда орын алған келеңсiз оқиға жергiлiктi үкiмет пен шетелдiк авиация қызметкерлерiн де тығырыққа тiредi. Жалған дипломмен жұмыс iстеп, әскери ұшақ құрастырып жүрген мамандардың арнайы жоғарғы бiлiмi болмай шықты. Комсомольск-на-Амуре қаласында орналасқан Комсомол авиақұрылыс зауытының 70 қызметкерi осындай жалған диплом иегерлер боп шықты. Жоғарғы бiлiмдi айғақтайтын диплом айлық жалақыны үстемелеу және қызметiн жоғарылату үшiн қолданылған дейдi зауыт басшылығы. Майдандық авиацияның, әсiресе әскери жойғыш ұшақтарды, соңғы жылдары "Superjet-100" жолаушы лайнерiн құрастыратын зауыт қызметкерлерi жалған диплом алғандарын жасырып отырған жоқ.
Бұл авиациялық кешен Ресей үшiн ғана емес, әлемдiк сахнада ерекше орны бар. Хабаров прокуратурасы жiтi тексерiс барысында зауытта жиырма адамның жалған диплом өткiзгенiн анықтайды. Бұл жайтты зауыт басшылығы да бей-жай қалдыра алмай, iле-шала зауыт әкiмшiлiгi тексерудi өз қолына алады. Нәтижесiнде тағы да 50 жалған құжат иелерi анықталып отыр. Комсомолец авиациялық кешенiнiң қызметкерлер бөлiмiнiң директоры Юрий Исаков: "Техникалық қызмет көрсету және негiзгi жұмыс иелерiнiң барлығы таза диплом иелерi екенi анық" деп отыр. Десе де дүниежүзiне танымал ұшақ шығаратын, Су-27, Су-30, Су-35 ұшақтарының құрастырылымана қатысқан зауытта арнайы бiлiмi жоқ мамандар жұмыс атқарады деген ерсi-ақ естiледi екен. Бүгiнде жалған диплом иегерлерiнiң бiрде-бiреуi жұмыстан шығарылған жоқ.
"Комсомольск-на-Амуре авиациялық өндiрiстiк бiрлестiгi" "Сухой" авиациялық холдингiнiң қарамағында. 2007 жылдың қыркүйегiнде бұл зауыт әлем назарына "Суперджет-100" аймақтық самолетiн ұсынды. Бұл лайнер Италия және Франция компанияларымен бiрлесiп жасалған болатын. Әскери жойғыш және жолаушы ұшақтарды құрастыратын беделдi авиазауыттың қызметкерлерi тудырған дүдәмал ұшақ сапасына да әсер ететiнi даусыз. Жалған диплом иелерi бiздiң елiмiзде де аз дей алмаймыз.
Жуырда Ресей авиациясына қатысты тағы бiр дау ресейлiктердi ашуға булықтырды. Сонау Африка құрлығындағы Либерияда ресейлiк ұшқыш есiрткi тасымалдаған деген айыппен тұтқындалды.
Константин Ярошенко есiрткi тасымалдады деген айыппен Либерия аумағында ұсталған. Бiрақ құпия түрде АҚШ-қа жеткiзiлiп, Оңтүстiк аймақтық сотта жауапқа тартылмақ.
"Ұшқыш Оңтүстiк Америка, Ливан және Еуропа елдерiне Либерия мен Венесуэладан кокаин жеткiзген" дейдi АҚШ тарапы. Бiрақ Ярошенко аталмыш мемлекеттердiң кейбiрiнiң аумағында бiрде-бiр рет болмағанын айтып бағуда. Осы орайда Ресей үкiметi Ярошенконың АҚШ-қа ешбiр ескертусiз, заңсыз құпия жеткiзiлуiне қадалып отыр. Бұл АҚШ-тың халықаралық құқықтық нормаларды кезектi рет бұзғанын көрсеттi. Вена конвенциясының 1963 жылғы консулдық қатынастар және 1964 жылғы екiжақты консулдық қатынастарына сәйкес, "Ресей азаматын Либериядан үшiншi елдiң аумағына заңсыз әкету" қатты келеңсiздiктердiң алды болуы мүмкiн. Осының алдын алу мақсаты Ресейдiң Сыртқы iстер министрi Сергей Лавров пен АҚШ-тың мемлекеттiк хатшысы Хиллари Клинтон арасындағы кездесуге түрткi болды.
Соңғы кездерi көпшiлiктiң назары Ресейге ауып отыр. Орман алқаптарын жалмаған өрттi сөндiруде жергiлiктi үкiмет әскери әуе күштерiне иек артуына тура келдi. Бiрақ орыс ұшқыштарының Африка елдерiндегi әуестiгi жайында да жиi айтылып жүр. Көп жағдайда есiрткi тасымалдау немесе заңсыз сауда-саттыққа ұшқыштардың қатысы бар болып шығады.
P.S. Кезiнде авиаөндiрiс державасына айналған Ресей ұшақтарын Еуропаға жақын болашақта кiргiзбеу амалдары қарастырылуда. Бұл ненiң белгiсi? Әлде әскери дайындық жағынан дес бермейтiн Ресейдiң азаматтық авиацияға келгенде осалдық танытқаны ма?
Ақниет ОСПАНБАЙ