ӘР СӨЗГЕ ДӘЛЕЛ КЕРЕК!

ӘР СӨЗГЕ ДӘЛЕЛ КЕРЕК!

ӘР СӨЗГЕ ДӘЛЕЛ КЕРЕК!
ашық дереккөзі
423

"Түркiстан" (19 тамыз, 2010) газетiне берген сұхбатым жөнiнде ғаламтор аясында әртүрлi пiкiр бiлдiргендер iшiнде: "Кезiнде Қытайда жүргенде қазақтың жерiнiң бiраз бөлiгiн қытайдың жерi" деп, өзеуреген Нәбижан басқаша сайрапты ғой" деген сөз менiң қолыма ерiксiз қалам алдырып отыр.

Осыған байланысты ең алдымен айтарым: менiң атыма бағытталған жаңағыдай сөз – менiң Қытайдан келген кейбiр бауырларымның әлдебiр пиғылмен жөнсiз балағаттаған тым "иiстi" лебiзi деп есептеймiн. Бұл сөзiме уәж мынау: мен "айтты" деген сол сөздi Ол қашан, қандай басылымның қай бетiнен оқыды екен? Дәлелдеп берсiн.

Екiншi, қайсы қытай менiң сол сөзiмдi қандай еңбегiнде дәйекке келтiрiптi? Нақтылы дәлелiн келтiрсiн;

Үшiншi, аты-жөнiн айтсын, мен Оны ақпарат құралдарында (телесайысқа) ашық пiкiрсайысқа шақырамын.

Егер отандық оқырмандар менiң "Қытайда жүргенде" не жазғанымды толық бiлсе, маған мүлде басқаша көзбен қарар едi. Неге? Айтайын. Мен 1980-1993 жылдары (Отанға оралғанға дейiн) ҚХР Шыңжаң қоғамдық ғылымдар академиясында жай ғылыми қызметкерден жетекшi ғылыми қызметкер деңгейiне көтерiлдiм және директордың ғылымға жауапты орынбасары мiндетiн атқардым. Сол жылдары мен қытай тiлiнде 40-қа тарта ғылыми еңбек жарияладым. Оның басым көпшiлiгi қазақ тарихының өзектi мәселелерiне арналған. Оның iшiнде қазақтың этнотерритория мәселесi де бар. Мысалы, қазақтың ежелгi атамекенi болған Балқаш көлiнiң шығысын "жоңғардың территориясы– Қытайдың картасына енген жер" деген көзқараста мақала жазған, қытайдың мүйiзi қарағайдай үш бiрдей профессорларына (оның бiреуi Қытай Қоғамдық ғылымдар академиясы Ұлттар зерттеу институтының директоры Ду Ронкун) қарсы қытайша мақала жаздым (1988 ж.). Менiң бұл мақаламның қазақшасы "Қазақ тарихынан зерттеулер" ("Шыңжаң жастар-өрендер" баспасы, Үрiмшi 1989) атты монографиялық зерттеулер жинағыма енген "ХҮ ғасырдан ХҮIII ғасырдың ортасына дейiнгi қазақтар мен жоңғарлардың қарым-қатынасы туралы алғашқы зерттеу" (аталған кiтап, 53-84 б.) деген мақаладан оқисыздар.

Ал Қытайдың Цин империясының Жоңғар хандығын жойғаннан кейiн қазiргi Қазақстанның шығыс бөлiгiне әскери бақылау орнатып, қазақтарды олай бастырмай қойғанда, Абылай ханның Цин империясына үш мәрте хат жолдап, қазақтың шығыстағы атажұртын өздерiне "жарылқап берудi" сұраған хатын, телегей теңiз қытайдың архив құжаттары арасынан алғаш рет аршып алып жариялаған мен едiм. Егер әлгi "құпия" адам тарихтан сауатты болса, айтсын, сенен бұрын ол хатты пәленше жариялаған едi деп.

Менiң еңбектерiм Қытайда деректiк дәйектерiнiң күштiлiгi және көзқарастың ғылымилығымен бiрнеше рет сыйланды, оның iшiнде бiр мақалам "Цинхуа агенттiгi" сұрыптаған 1991 жылғы "Таңдаулы ғылыми еңбектер" тiзiмiне ендi. Бұл қазақ ғылымындағы "бiрiншiлiк" құбылыс емес пе? Бiрақ мен бұларды күнi бүгiнге дейiн бiреуге тiс жарып мақтанған емеспiн. Сөз ретi келгенде, амалсыздан айтып отырмын. Және бұным мақтанғаным да емес.

Қытайда кiмнiң кiм болғанын, ШҰАР Жастар Ассоциациясының он жыл бойы тұрақты мүшесi болған, мына бiздер жақсы бiлемiз. Ендi Қазақстанға келiп, батырсынып, бiлiмсiнiп, өтiрiк патриот болып, нағыз ұлт үшiн жемiстi еңбек етiп, жоғары ғылыми дәрежелерге ие болған бiздердi қаралағаннан не пайда!

Көптеген оқырман менiң еңбегiммен толық таныс емес сияқты. Соларға айтарым: менiң қазiрге дейiн 200-ден аса ғылыми-танымдық еңбектерiм жарияланды. Оның 9-ы монография.

Салыстыру болмаса, кiмнiң нағыз отансүйгiш ғалым екендiгiн, кiмнiң жалақор екендiгiн айыруға болмайды. Салыстырып көрiңiздер, құрметтi оқырмандар.

Нәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары