ҚЫСҚАРТУДАН КӨЗ АШПАҒАН ХАЛҚЫМ-АЙ...
ҚЫСҚАРТУДАН КӨЗ АШПАҒАН ХАЛҚЫМ-АЙ...
Қазақстанның Президентi Н.Назарбаевтың жарлығымен 2010 жылдың бiрiншi қарашасынан бастап мемлекеттiк қызметкерлердiң 15 пайызын қысқарту көзделген болатын. Осы қысқарту арқылы бюджет қаржысы 18,6 млрд. (126 млн. доллар) теңгеге үнемделмекшi. Бұл ақша 2011 жылғы қызметкерлер мен зейнеткерлердiң айлығын 30 пайызға көтеруге септiгiн тигiзетiн көрiнедi.
Осыған орай парламент мәжiлiсiнiң соңғы бiр кезектi отырысында депутат Сағынбек Тұрсынов осы мәселенi көтерiп, Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовке арнайы депутаттық сауал жолдаған болатын. Ол өз сөзiнде: "Бiздiң алаңдаушылығымызды тудырып отырған бiр мәселе жергiлiктi басшылар бұл қысқартуды өзiне ұнамаған адамдардан құтылудың және бас пайдасына асыруға айналдыратын түрi бар. Қысқартуға ұшырауы мүмкiн қызметкерлер арасында сол мекемеде 25-30 жыл еңбек еткен, зейнет жасына 1-2 жыл қалған адамдармен қатар жалғызбасты аналар, отбасының жалғыз асыраушысы болып отырған азаматтар да қысқартуға iлiнiп кетуi мүмкiн. Тағы бiр айта кететiн мәселе, қысқартуға өз саласын бастығынан да жетiк бiлетiн iскер, жетекшi мамандардың ұшырау қаупi бар.
…Сондықтан осы жағдайдың анық-қанығына жетiп, қандай мемлекеттiк органнан нақты қанша адамның қысқартылатыны, олардың алдағы уақытта жұмыспен қамтылуы, құқықтарының қорғалуы қалай жүзеге асырылатыны туралы нақты шаралар жөнiнде ақпарат берiп, ретке келтiрудiң жолдарын қарастыруыңызды сұраймын", – деп жұрт көңiлiн күдiктi етiп отырған ойларын ашына жариялағанына да бiраз уақыт өттi. Алайда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiхалықова да, Премьер-министр Мәсiмов те халық қалаулысының сауалына осы күнге дейiн мардымды жауап бере алған жоқ. Керiсiнше, БАҚ-та осы қисынсыз қысқартулар төңiрегiндегi сөздер отбасы-ошақ қасынан жырақтап, халық көп жиналатын орындарда, жолаушы көлiктерiнде гу-гу әңгiмелерге өзек болып тұр. Сол көпшiлiктiң жанайқайына құлақ түрсек, былайша өрбидi.
"Еңбек өтiлi үш жылдан кем емес азаматтар жұмыстан қысқартылған жағдайда, төрт орташа айлық жалақысы мөлшерiнде берiлетiн жәрдемақы да Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi тарапынан берiлетiн көмек те қолымызға тимей отыр".
"Зейнет жасына 1-2 жыл қалғанда жұмыстан қысқарып қалдым. Әрi қарай жұмыс тауып алу қиямет болып тұр".
"Елбасы жарлық шығарғанда, бiлiктi, еңбек тәжiрибесi мол мамандарды қысқартып, өз туыстарыңды жинап алыңдар деген жоқ қой".
"Бұрындары да елiмiзде жүз мыңдаған тепсе темiр үзетiн азаматтар екi қолға бiр жұмыс таппай сандалып жүргенде, ендi мына қысқартуға ұшыраған 26 мың адамды үкiмет қайтаек", – деп қалды берен ауызды орта жастағы әйел.
Автобус iшiнде отырған бiр жiгiт ағасы "Ешқандай да қысқарту болмайды, тек қолында билiгi бар шенеунiктер "Жұмыстан қысқарасың" деп қорқытып бiр пара алса, бiр-екi айдан кейiн келiп "Менi орныма қайта алыңыз" деп тағы пара бередi. Сөйтiп лауазым иелерi "екi асайтын" жағдайға қолдары жеткенiне үкiметке мың алғыс айтып жүр. Мейлi ғой, кiм қақпай жатыр қара халықтың қалтасын. Ешкiмге зияны тимейтiндей етiп, ретiн тауып бюджет қоржынын молайтып жатса, кiм оған ренжидi. Әйтпесе, бiзде жер асты, үстiнен түсiп жатқан байлық аз ба? Бiр ғана мұнай мен газдан, ураннан түсiп жатқан қыруар қаржының өзi 15 млн. халықты үлде мен бүлдеге орауына жетер едi. Басқасын айтпағанда, сыбайлас жемқорлықтан ұсталған, кеден бекеттерiнен күн сайын түсiп жатқан қыруар қаржының қайтарымын есептеп жатқан жанашыр пенде бар ма? Жақында теледидардан елiмiздiң қаржы полициясының өкiлi 1246 iс қозғалғанын және оның 996-сы қылмыстық iс екенiн, олар 16 млрд. теңгенi қолды жасағанын айтты. Есеп комитетiнiң төрағасы Омархан Өксiкбаев өткен жылы бюджеттiң 59,4 млрд. теңгесi игерiлмей бос қалғаннын, ел қазынасына түспей қалған түсiмдер 100,3 млрд. теңгеге жеткенiн жария еттi. Мiне, бей-берекет шашылып жатқан, есепсiз бақылаусыз кеткен бiздiң маңдай терiмiз. Бұрындары айлықтарының аздығын, жұмыс таппай жүргендерiн айтып қапаланса, ендi қысқартуға ұшырап аз нәпақасынан да айырып жатырмыз. Жақында республикалық телеарнадан қысқартуға ұшыраған бес баласы бар жалғызбасты ананың оларды қалай асырайтыны айтып, көз жасын көлдетiп отырғанын, ендi бiр отбасының асыраушысы еркектiң банктен алған несие ақшасынан қалай төлейтiнiн бiлмеген шарасыз халiн көрiп, осындай мыңдаған мұңлы азаматтарымыздың көз жасын бүгiнгi билiк басындағылар ескерсе деймiз. Сонымен бiрге халық қалаулысы С.Тұрсыновтың жанашыр ескертуiне ешкiмнiң құлақ аспағанына куә болып, өкiнiп отырмыз. "Шаш ал десе, бас алатын" науқан басталып кеткен сыңайлы. Десек те "Үмiтсiз шайтан ғана" демекшi, Елбасының айтқан "Халықтың жұмыссыздығын қысқартамыз, мыңдаған қазақстандықтарды қайта оқытамыз. Және жұмысқа орналастырамыз, шағын және орта бизнестi қолдауды күшейтемiз" деген уәдесiне Алла Тағала жар болсын деймiз.
P.S. БҰҰ-ның анықтауы бойынша жылына бiр адамға бiр тонна мұнай өндiре алатын ел – бай елдердiң санатына жатады екен. Ал Қазақстанның жылына 70 тоннадан астам мұнайды шикiзат түрiнде өндiрiп отырғанын ескерсек, Үкiметтiң қызметкерлердi қысқарту шарасы негiзсiз екенiн оңай аңғаруға болады.
Кәрiм ЖҰМАБАЙҰЛЫ, еңбек ардагерi