ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫ: ДЕҢГЕЙI ҚАНДАЙ, ДЕМЕУI ҚАЙСЫ?

ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫ: ДЕҢГЕЙI ҚАНДАЙ, ДЕМЕУI ҚАЙСЫ?

ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫ:  ДЕҢГЕЙI ҚАНДАЙ, ДЕМЕУI ҚАЙСЫ?
ашық дереккөзі
376

Баспаға жиi бас сұғып тұратын қаламгер-журналист Мағира Қожахметова мен қаламгер-журналист Жақау Дәуренбековтiң екеуара диалогы ортақ тақырып – қазақ журналистикасының жай-күйiн қаузайды.Екеуi де – есiмi елге танымал кәнiгi журналистер. Бiлген-түйгендi, көкiректе барды ортаға салып өз-өзiнен өрбитiн осындай сұхбаттар қарапайым ойлардың тиегiн ағытады, талғамын танытады, пiкiрдi оятады, жаңаға жетелейдi. Сырттай тон пiшпейдi, ой пiседi, бiлгенi мен түйгенiн айтады.

Ж.Д.: Мағира, келесiң де газеттердi қарай бастайсың. Қарап-қарап боласың да дым жоқ екен деп жаба саласың. Оның түсiнiктi, баяғы кәсiбiң есiңе түседi, жастар газетiнде iстедiң. Содан қалған әдет шығар, газет-журналды қарамай көңiлiң тыншымайтын болар. Үйiлiп жатқан газеттерге үңiле қаласың… Бiрақ әлгiдей сөзiңе қарағанда қалай, қазiргi газеттерге көңiлiң толмай ма, әлде тек өзiңе керектi тақырыптарды iздейсiң бе?

М.Қ.: Шындығында әрбiр оқырман өзiне керегiн iздейдi ғой. Мен газеттердi қарағанда бiздiң кезiмiздегiдей жүректi жылытатын, жан дүниеге әсер ететiн, шуақ па, романтикалық леп пе, сезiм сыңғыры ма, әйтеуiр қандай да шынайылықты iздеймiн де, таппай налимын. Осылайша газеттерде өзiме әсер ететiн дүниелер, сирек ұшырасатын болғандықтан жаба салатыным содан шығар. Ал негiзiнде газеттер халық жүрегiне жақын нәрселердi емес, өзiне керектi, пайдалы жарнама iздейтiн болды ғой. Бұл қазiргi уақыттың талабынан туып отырған жәйт болар, сiрә. Өйткенi өткiншi дүниелер басым, адамның жан-дүниесiне, миына, жүрегiне, талғамына әсер етуден гөрi тiрлiктiң қамына қажеттi хабарландыру, жарнама, тапсырыс мақалалар iздейдi. Сондықтан газеттердiң басым көпшiлiгi хабарламалық, мәлiметтiк, жарнамалық мән иемденiп жүр. Бұған олар ерiксiз барып отыр деп ойлаймын.

Ж.Д.: Қарап отырсақ, газеттер көп, бiрақ оқылатыны қаншалықты? Таралымдарына қарасақ, тым құлдырап кеткен. Газеттердiң формасы да, жазатын тақырыптары да, материалдар беру үрдiсi де өзгерiп кеткен. Бұл iлгерiлеу ме, жаңа сапаға көтерiлу ме? Өзiң қазақ журналистикасының осы беталысына қалай қарайсың? Олардың iшiнен өзiң iздеп жүрiп оқитын журналистер бар ма, бар болса кiмдер? Бұрын газет бетiнде көрiнiп, есiмi елге танымал болып, қалыптасып жататын журналистер болушы едi. Қазiр мүмкiндiк тiптi мол ғой.

М.Қ.: Ия, өйткенi кейiнгi жастардың жазғандары менiң түйсiгiм мен түсiнiгiме, жалпы өмiрдi бағалау-қабылдауыма, дүниетануыма пәлендей әсер етпейдi. Жаңалығы аз, ақкөз арындылығы кемшiн. Сондықтан да өз қатарластарымның, замандастарымның дүниелерiн қуанышпен қарап, солардың бiр дүниесi шықса, жүрегiм жылып қалады. Не жазды екен деп, қалай жазды екен деп… Әрине, қазiргi жастардың қолынан келмей жатыр деуге болмас, түсiнемiн, олар белгiлi бiр тәуелдiлiк шеңберiнде жүр. Сондықтан да олардың құлашын кеңге сiлтеуiне жол ашылмай жатыр. Заман алға тартып отырған тақырыптардан олар қашып құтыла алмайды. Өйткенi қазiргi қоғамның тiрлiк-тынысы тым тарылып кеткен, тек қана адамның iшiп-жеуiне, баюға, ақша табудың жолдарына қатысты, адамның күнкөрiсiне ғана қатысты жәйттер тақырып тiнiне айналып отыр. Оның өзi хабарлық ақпарат негiзiнде жазылады. Бұл арқылы талғам биiктемейдi, ой-өре өспейдi. Жалпы интеллектуалдық тұрғыдан келгенде газеттерге адамды байытатын ештеңенiң жоқ болуы – газеттiң күн көрiс қамымен нөмiр шығаратынында.

Ж.Д.: Көкейде жүрген көп сауал, ойдың төркiнi мынадай. Көз алдыма сонау жылдардағы газет-журналдарда iстеген журналистер келедi. Олардың iшiнде өзiме жақын, қаламы таныс, кәсiби дәрежеге көтерiлгендерi көп. Олардың көбiсiнiң потенциалы әлi де бойларында бұрқанып жатқан секiлдi көрiнедi. Оның айқын айғағы – қазiр солардың iшiнен шау тарттым демей суырылып, газет-журнал майданына бiлек сыбана кiрiсiп кеткендерiн өзiң де бiлесiң. Бұлардыкi журналистикаға берiлгендiктен бе, әлде қазiргi шығып жатқан басылымдарға көңiлi толмағандықтан ба? Әлде өзiнiң бойында қалып қойған идеялардың жанына тыншу бермей тыпыршып жүруiнен бе? Мен ойлаймын, олардың өз идеяларын жеткiзу үшiн таңдап алған жолы осы ғана. Өйткенi олар басқа салада өгей, жалқы, ал журналистикада қамшы салдырмас хас шеберлер. Мысалы Құрманғазы Қараманұлының "Көк аспан мен қара жер" газетi, "Айта жүрер әңгiме" альманағы, Шолпан Ұғыбаеваның "Ақ босаға" газетi, Талғат Айтбайұлының "Жыл он екi айы", Қыдыралы Қойтанның "Басқатырғыш", өзiңнiң "Дертке дауа" газетiң, "Балбұлақ" журналың қаламның қайсарлығымен шығып келе жатқан басылымдар екенi даусыз. Мойындау керек, бағалау да керек мұндайды. Бұл басылымдар өздерiнiң ерекшелiктерiмен, қалам қарымымен қауымға танылып, таралым жинап, елге жетiп жатыр. Бұларға көңiл бөлiп, қамқор қолын созған, демеушiлiк жасап жатқан ешкiм жоқ. Бiрақ осы азаматтардың бәрi ақ тер-көк тер, қаржылай қайтарымы жоқ осы еңбектен айнитын түрi жоқ. Дәтке қуаты олар үшiн рухани қайырым шығар. Ал олардың осындай "ақкөздiкке" баруына не түрткi болып отыр деп ойлайсың?

М.Қ.: Менiңше, соғыстан кейiнгi ұрпақтың бойында бiр өжеттiк пен өлермендiк бар. Қазақ зиялыларының интеллектуалдық тобын зерттейтiн бiр уақыт, заман туар. Сол кезде мұндай қасиеттердiң қайдан пайда болғаны ашылар да. Қарап тұрсақ, мақсатына берiлудiң, адал атқарудың, соның игiлiгiн мұрат тұтудың үлгiлерiн осы буынның бойынан әлi де көруге болады ғой деймiн. Мына бiр тiрлiктерiнен де соның айқын айғағын көрiп тұрған жоқпыз ба. Қайран қалам, нарықтың нөпiрiне қайық салып қайсарлық таныту – екiнiң қолынан келе бермейтiн қайсарлық. Қалам қайсарлығы. Тiптi бар ғой, Құрманғазы Қараманұлының жасап жүрген iсi тек газет шығару деп бiлмеймiн, оның ар жағында үлкен ағартушылық, алаштық аманат абыройы жатыр. Кезiнде Мұхамеджан Сералин, Ахмет Байтұрсынов қалай қоғамға, қазақ қауымына еңбек жасаса, Құрманғазы да санаға сәуле түсiру жағында сондай жұмыс жасап жүр деп ашық айта аламын. Оның шығарып, жазып жүргенi соншалықты соны, қызғылықты, мазмұнды, қазiргi заман үнiне сай, сан қырлы, оқылымды. Оқимын да Құрманғазыға қайран қаламын әрi қызығамын. Сосын өзiме-өзiм: "Осы бiздiң буын осындай нәрсеге неге барады?" – деп сұрақ қоям да, жауабын өзiм айтамын. "Бұл iстен табыс тауып жатқан жоқ, еңбегi сiңген деген атақ алып жатқан жоқ. Десе де мұның себебi бiздiң буынның бойында жатқан рухани қанағатсыздық пен рухта", – деп топшылаймын. Әттең Құрманғазы "Көк аспан мен қара жер" газетiн жабуға мәжбүр болды. Ешкiм демеушiлiк көрсетпедi. Егер бүгiнгi күннiң талап-тiлегiне, сұранысына жүгiнсек, ащы шындықты мойындамасқа шараң жоқ: билiк те, қоғам да, оқырман да өрелi, тамыры тереңге жайылған сауатты басылымдарды, жан-жақты, зерделi дүниелердi қолдауға дайын болмай отыр.

Ж.Д.: Оның үстiне бұл басылымдар болымсыз, қызық-сенсация қуған тақырыптардан бойын аулақ ұстайтынымен ерекшеленедi екен. Қарапайым дүниелер секiлдi көрiнетiн түрлi көлемдегi материалдары, хабарлардан бастап толғақты толғамдарға тереңдей түсетiн, ғылым-бiлiмнiң жұмбағына бойлай түсетiн түрлi баяндар болып келедi. Жанрлары да әртүрлi. Жалпы қарапайым дүниелер қабылдауға жеңiл болады ғой. Сонысымен баурап алу газеттiң тапқырлығы мен ұшқырлығына үндесiп жатса, оқырманды ұстау қиын болмайды. Әрине, қызық-шыжықты, ғашықтық жайын қазбалап жазатын, қылмыстың хроникалық төңiрегiнде арзан әңгiме-қауесет, ойдан-қырдан көшiрiлген хикаяттар, өсек-аяң қуған саржағал газеттер шығып жатыр ғой. Мұндай газеттер жеңiл-желпi, өтiмдi әрi пайдалы. Бiздiң жiгiттердiкi мүлде басқа газеттер. Рухани азық беретiн, көкiрек кеңiстiгiн ашатын, бiлiм-деңгейдi көтеретiн, бiлмейтiнiң мен естiмегенiңнiң сырын ашатын, қарапайым деп жүргеннiң таңғаларлық қырын көрсететiн, өмiрiмiзде, тiптi ауылымыздағы адамдар тiрлiгi мен тағдырындағы таңғажайып құпиялар мен қарапайым қасиеттерге тәнтi ететiн материалдарымен тыныс берiп, тыншу әкелетiнiне оқырман ретiнде тәнтiмiн. У-шудан аулақта ың-шыңсыз оқылатын осындай дүниелер керек-ақ. Жiгiттер соны дөп басқан, нық ұстанған. Бәрекелдi деп қояйық. Газет шығару – механикалық шаруа емес қой, творчестволық процесс. Қабiлет болмаса, iзденбесең, үнiң шықпай көптiң кемесiнде кетесiң. Есiмде әлi, қайта құру кезiнде газеттер аттарын да, айдарларын да өзгертiп, бұрқырап жаңа тақырыптарды жарқылдатып, қоясын қаза көтерiп кернеулi (резонанс) керемет мақалалар жарияланып жатты. Сол кезде редакторлықтың майын iшкен Сәкеңмен (Сейдахмет Бердiқұлов ағамыз, "Жалын" баспасының директоры) жиi кездесiп қалатынымыз бар едi. Баспагер Сәкең байырғы газетшiлiгiне басып: "Ай, Жақау, осы кезеңдi бiзге бермедi ғой. Мұндай кезеңдi бiзге бергенде мына газеттерiңдi қалай шығарар едiк, ә", – деп алдында жатқан газеттiң айқара беттерiне аңсай қарап отырғаны көз алдымда. Осы бiр сәтте iшкi ынтызарлығын ырықсыз шығарған шабытты мұң бар едi. Тақырыптарға, көлдей болып жатқан мақалаларға, жақсы жазылған – тауып берiлiп жатқан проблемалық материалдарға сондай бiр қызыға, құмарта қарағандай болса да, солардың жазылуына көңiлi толмағандай, редакторлық биiктен әлi бiрдеменiң жетпей жатқандығын сезiнiп, "ай, мына бiр жерiн-ай, мынаны былайша жазар едiк қой", – дегендей, көңiлде жатқан түйткiлдi айтып қалғаны бар едi. Осындай жайлар кейде өз басымызда да болып тұрады. Байырғы газетшi ретiнде, тұрақты оқырман ретiнде.

М.Қ.: Ондай кемшiлiктердi айтатын адам қалмады ғой. Баяғыда жазылу науқаны кезiнде оқырманмен кездесулер жер-жерде өткiзiлетiн. Онда оқырмандар газеттегi ненi құптамайтынын, ненi құптайтынын, ненi жазуды қалайтынын ашық айтушы едi. Газеттiң жыл бойына бағыт-бағдар жасауына ойларымен, ұсыныстарымен көмектесетiн. Бұл тамаша тiлдесу болатын. Қазiр кемшiлiгiн айтсаң ренжуi мүмкiн. Бiрақ бұл өз қазанында қайнауға әкеп соқтырады. Қазiргi журналистерге – газеттерге мынандай ұсыныс айтар едiм. Көркемдiк дегеннен алыстамау керек. Ешқашан да! Көркемдiктiң нышаны болсын дәйiм. Көркемдiктен алыстаған журналистiң жазғаны жұтаңдыққа, қасаңдыққа ұшырайды. Көркемдiк дегенде әңгiме, хикая қылып емес, материалға қан жүгiрсiн, ол – көркем тiл, көркем ой, көркем пайым. Себебi газет-журнал – тәрбие құралы ғой. Ал тәрбиенiң бiр кiлтi – сөздiң көркемдiлiгi, сөздiң жандылығы. Жанды сөз – журналистiң кредосы болу керек.

Ж.Д.: Жазған дүниеңе деген жауапкершiлiк жоғары болса – газет мәдениетi деген сол. Ол жазған дүниеңнiң мақсатына, сөйлемдердiң құрылымына, форманың жаңашылдығына, ойдың стильмен қабысуына, тiптi грамматикалық тыныс белгiлердiң ролiне қарау деген сөз. Баяғыда емтихандарда мынадай сөздер, мынадай сөйлемдер газеттерде былай жазылған деп үлгi-нұсқа тұтып жататын. Осылайша газет-журналдардан үлгi алатын, соған сүйенетiн. Ал қазiр әркiм қалай жазса, солай жазылып, оның қашанға дейiн созыларын ешкiм бiлмейдi. Ондай мысалдарды тәжiрибесi жеткiлiктi, журналист Бекболат Әдетов ағамыз талай рет тасқа таңба басқандай етiп жазды да. Өкiнiштiсi, қазiр мұндайға мойын бұрып жатқан, болмаса құлаққа iлiп жатқан ешкiм жоқ. Бәрi өзiнше сауатты, бәрi өзiнше сөз жасаушы. Алақұлалықтың аяғы немен тынарын кiм бiлген.

М.Қ.: Газетте ұшырасатын алақұлалықтың барлығының негiзi бiр. Ол – талғамның төмендiгiнен. Өмiрдегi алақұлалық жазуымызда да қайталанып отыр. Қазiр төңiректе не болып жатыр, қатыгездiк неге көп, тосын оқиғалардың күнқұрғатпауы қалай, адамдар соншалық құнығып кеткенi несi, неге ашкөзденiп барады, жемқорлық жаулап алуына не себеп, адамдар бiр-бiрiне үрке қарайтыны несi, тамыр-таныстық, команда, рушылдық неге тиылмай отыр… Мұның бәрi моралiмiздiң құлдырауына әкетiп барады. Ол моралiмiздi қорғайтын кiм? Әрине, бiрiншi кезекте журналистер. Олар бар мүмкiндiктерiнше күресiп жүр деп есептеймiн. Айтып та, жазып та жатыр. Әрине, шығып жатқан дүниелердiң барлығын имандылықпен, көркемдiкпен толтыру мүмкiн емес. Сұранымға қарай деген бар ғой. Осы қазiргi журналистиканың қалпы оқырманды риза қылатын болар. Нарық деп жүрген оқырманға бiздiң тереңдiгiмiз, жан-жақты қаузап жазуымыз, көркем жазуымыз қажет емес сияқты. Бiз жадағайлыққа қарсы болдық, тар өлшемдердiң өзiнен кеңдiктi тауып, тiн етiп алуға тырыстық. Ал қазiр жедел, нақпа-нақ тұратын, турасын ашып айту, телеграф тiлмен сөйлеу бiрiншi планға шықты. Бiз қойған мақсат биiк болды, ал қазiр мақсатқа жету мiндет емес, мақсат қойылмайды, материал болса бiттi. Өкiнiштi-ақ. Биiк мақсатсыз, жоғары талғамсыз – журналистика жүрiсiнен жаңылады.

Ж.Д.: Қазақ журналистерi бәрiнен кешiгiп жүретiнi қынжылтады. Хабарды беруде, жаңалықты жеткiзуде, болған жайды тез анық-қанығын ашып айтуда, ащы мәселелердi тез әрi ұтқыр икемдiлiкпен, бiлгiрлiкпен сараптап талдауда, оқырман өзiн iздейтiндей тарақтылыққа жетуде дегендей… Сондықтан болар орыстiлдi газеттерде шығып кеткен ақпаратты соңынан сипай берiп жатуы оқырманды қанағаттандырмайды. Баяғыдағыдай: "Мына мәселенi аға газеттен де бұрын көтердiк, бұрын берiп жiбердiк", – деп отыратын күндер еске түседi. Жарыс, бәсеке деген қазiргi заманның көзiрi болып тұрғанда шала ұйқылы, шалт қимылды болу керек-ақ қой…

М.Қ.: Әрине. Десек те жазуы жағынан қазақ журналистерi олардан кем емес, қайта сөзiмен сойып түсетiн, ойымен ойып түсетiн не бiр материалдары әлдеқайда жиi шығады, қарқынға iлесу жағынан да жаман емес. Мұны әсiресе Азиада барысында анық байқадым.

Ж.Д.: Иә, мықты журналистер легi өсiп келедi көз алдымызда. Қай газетте қандай журналистiң, қандай тақырыпқа түрен салғанын, қалай қыртысын жазып, қыр-сырына жете үңiлгенiн байқастап жүремiн. Оқып риза болып отырамын. Осы ретте соңғы кезде қырдың қызғалдақтарындай дүр етiп шыққан журналист қыздарымыздың қадамына да, қарқынына да тәнтiмiн. Қай салаға қалам салса да қасқа жолын таба бiлген, өз тақырыбын өзгеше қырымен аша алатын, аузын буғанды да тiлiн тауып сөйлете бiлетiн, сөздiң мәйегi мен дәйегiнен ойлы өзек тарта алатын, сөзi сүйрiк, қаламы жүйрiк қыздар қазақ журналистикасының мақтанышы дерлiктей дәрежеде. Бұрын журналист қазақ қыздары бiрен-саран едi. Уақыт алып келдi жазғыш қыздарды. Олар да қазiр толқын-толқын. Осынау сiңлiлерiңе өзiң де риза шығарсың?

М.Қ.: Бұл сөзiңе қуана қосыламын. Барлық газет-журналдардағы сiңлiлерiмнiң сiлтесi мықты. Бәрi бiр-бiрiне ұқсамайды жазуы жағынан, әрқайсысының өзiне тән стилi, сөз саптауы бар. Бұлар уақыттың өзi туғызған қыздар. Оқырманға не керегiн бiледi, тап басып ұшқыр жазады. Экономиканы, саясатты сараптап жазатындары да бар. Бәрi дұрыс. Мен тек олардан моральдi, өнердi, сұлулықты жазу керектiгiн ұмытпаса екен деп тiлер едiм. Әрине, қазiр бер жағын көрсетiп жазу тән ғой, бiрақ ар жағына да үңiлудi ұмытпау керек. Қалам бетiн қалқу үшiн ғана емес, астарын ашуға жұмсалса өз қасиетiн жоғалтпайды.

Ж.Д.: Осы ретте әр газеттiң оқырманы болады деген бар. Ондай оқырман әрине бiр күнде пайда болмайды. Қызғылықты да қарапайым, көңiлдi бiрден аулайтын, номерден номерге нәр берiп, тартымды ерекшелiгiмен баурайтын, оқырманы күтiп жүретiн тақырыптар болады. Бұл – газеттiң тапқырлығымен, журналистiң ұшқырлығымен пайда болып, газеттiң темiрқазығына айналған тақырыптар. Ол iзденiстен, талмай толғанудан туады. Ондай қызықты да қартаймайтын нысандарға "Егемен Қазақстанның" өзiне тән "Әлемге әйгiлi", "Ашылмаған аралдары", "Алматы ақшамындағы" Қадыр Мырза Әлiнiң бейсенбiден бейсенбiге дейiнгi су жаңа аффоризмдерi, "Түркiстандағы" Көлбай Адырбектiң "Казахское делосы", "Айқынның" тұрақты "Ақ сөйлесi", "Парасаттағы" Бельгердiң "Күнделiгi" секiлдi дүниелер. Бұлар жылдардан жылдарға жалғасып келе жатқандар. Есiме "Комсомолкадағы" В. Песковтың "Табиғат терезесi" ("Окно в природу") түседi, оны әлi күнге дейiн жiбермей оқимын. Шап-шағын, шуақты, ескiрмейтiн, табиғаттың бiр мөлдiр тамшысындай тағылымды тамаша дүниелердi бiр демде оқып тастайсың. Газет осы авторын, оның айдарын әлi күнге жалғастырып келедi. Өйткенi оны оқитын, iздеп жүретiн оқырманы бар. Бiздiң қазақ газеттерi де осындай өзегiнен мықтап ұстап өзгермейтiн ойлы дүниелердi ойлап тауып, тұрақты оқырмандарына тура жол таба бiлуi керек-ақ.

М.Қ.: Оның дұрыс қой. Қазақ журналистикасында иықты журналистер баршылық деп ойлаймын. Бiрақ оларға қаламына жел беретiн, авторына дем беретiн нәрселер жетiспей жатқандай. Ол – қаламақы. Қазiр газет-журналдарға жазған дүниелерге қаламақы төленбейдi. Төлесе де мардымсыз. Ал жанындағы орыстiлдi басылымдарда жағдай мүлде басқаша. Бұл мәселе шешiлмей қазақ журналистикасына қаламы қуатты да қарымды, ойлы жас журналистер толқыны келе қоймайды. Өйткенi стимул жоқ жерде қалам да жүрмейдi, ой да шарқ ұрмайды. Қазiргi күнi қазақ газеттерi қамсыз деуге де болады. Өйткенi әзiрге мемлекеттiк тапсырыспен шығып келедi. Мұның қашанға дейiн созылатыны белгiсiз. Бiр күнi бұл да тоқтайды, оның алдынан "өз күнiңдi өзiң көр" – шығады. Елестетiп көршi, қазақ газет-журналдары қандай күйге түседi, шығуын тоқтатпайтын қандай жолды таңдайды деп ойлайсың?

Өте қорқынышты, әрине. Қазiргi жағдайдың өзiнде оқырманнан жинаған таралыммен, одан түсетiн тиын-тебенмен газет шығару мүмкiн емес. Жеңiл-желпi өсек-аяң қуған саржағал газеттер бола берер. Бiрақ елдiң сөзiн, мәдениетiн, өнерiн, тарихын, әлеуметiн, ұлттық проблемалары секiлдi салмақты тақырыптарды жазатын газет-журналдар өз қаржысын табуы екiталай. Мемлекет өз абырой-беделiн, ұлттық ұстанымын сақтап қалам десе, қазақтiлдi баспасөзге көмектесуге мiндеттi.

Ж.Д.: Қазiргi күйiне де қамқорлық керек-ақ қой. Айталық, қазақтiлдi баспасөзден қосымша құн салығын неге алып тастамасқа. Пошталық тасымалын неге арзандатпасқа? Жазылған оқырмандарының санына қарап неге субсидия бермеске? Осындай мәселелердi көтеруге келгенде сол қазақ журналистикасының өзi неге құлықсыз? Неге белсене ашып айтпайды?

М.Қ.: Бiзде – бас қамын ойлау бiрiншi планға шығып кеттi ғой. Баршаға тиесiлi бiрдеменi айта бастасаң ақымақ санайды. Әрине, бәрiн бiлетiн, сезетiн, ойлай да алатын журналистер бар. Бiрақ әлгi "… Егер мен болмасам!" дейтiн журналист көрiп тұрғаным жоқ. Осылай үнсiз, итшiлеп, тендерден жүгiрiп жүрiп алған аз-маз нәпақамызға тәубе деп жүре беретiн шығармыз.

Ж.Д.: Ал мына орыстiлдi газеттер болса дүрiлдеп барады. Таралымы деген сұмдық. Бүкiл қазақтiлдi басылымдардың таралымын олардың бiр газетi орап кетедi. Ресейлiктер анау – сөренi бермейдi! Олар көбейiп жатыр қай жағынан да. Редакциялық әлеуеттерi де мықты, қаржылары да жеткiлiктi. Осы жерде қазақтiлдi баспасөз азаятын болса, қазақ тiлiнiң өрiсi де тарыла беретiнiн ұмытпайық.

М.Қ.: Әрине, ұлттың жоқтаушысы да, тiлдiң жалауын желбiретiп отырған да әзiрге қазақтiлдi баспасөз емес пе? Шiркiн-ай, жазылу бағасы арзан болатын болса, ел көптен жазылар да едi. Әсiресе айлығы көтерiңкi болса мұғалiмдер, дәрiгерлер секiлдi қызметкерлердiң алды ашылып, газеттерге жазылу жағынан суырылып алға шығар едi. Бұл проблеманың түбегейлi шешiлуi – оқырманның қалаған баспасөзiне жазылуына мүмкiндiк берер едi деп ойлаймын. Өстiп жүргенде интернетке есе жiберiп алмасақ…

Ж.Д.: Барлығы интернетке көшкен кезде газет-журналды оқитын ел күрт азаяды деушiлердiң де уәжi басым. Шынында да қазiр үлкен-кiшi демей бәрi интернетке үңiлiп отыр. Ақпараттың бәрi сонда, жеделдiгi және бар. Бiрақ "Судан қорыққан балықшы болмайды" дегендей баспасөзге батыл да идеясы мол жандар келетiн болса, интернеттен сасатын түк жоқ. Газет бетiнде де интернетте жоқ, тек газеттiң бетiнен оқитын, сондай-ақ сенiң газетiң ғана көтеретiн проблемалары мол болса, оқырман ондай баспасөзден айырылмайды. Идеялық, көркемдiк, журналистiк ерекшелiгi мықты газет-журналдар өзiн-өзi сақтап қалады, оқылатын болады. Жалпы қоғам әртүрлi саладағы (өнер, саясат, спорт, денсаулық, әдебиет, тарих, экология, музыка т.б.) оқырмандардан тұрады ғой. Олардың менталитетi де, талғамы да, талдауы да бiрдей емес. Мұның өзi интернетке де, газет-журналға да оқырман табылады деген сөз. Осыны бағалай да бағдарлай бiлетiн, идеясы мен стратегиясы мықты, қаржылық қуаты мол баспасөз интернеттен ықпайды деп бiлемiн.

М.Қ.: Интернеттен қауiптенетiн ештеңесi жоқ. Ешқандай ойға да, толғамға да қазына қоспайтын, тек ақпараттық негiзде сөйлейтiн немесе баяндайтын түрлi материалдар легi адамның, қоғамның күнделiктi тiрлiгiне қажет болар. Бiрақ рухани толысу үшiн, ойды тереңдету үшiн, адамды бiр сәтке ойға итермелеу, тарту үшiн тереңiрек жазылған, тұшынып отырып оқитын дүниелер керек, тiптi тiлiмiздiң болашағы мен өрiсi үшiн баспасөз айрықша рольге ие деймiн. Негiзi қазақ қоғамының тiрегi – қазақ тiлi. Ал оның дамуы, өркендеуi, әлемге танылуы, мәдениетi ұлттық болмысын ұстап тұрған тiлi арқылы көрiнiс табады. Тiлiне сенген қоғам – болашағына сенедi, тiлiн дамытқан елдiң баспасөзi де тiлiн сақтайды, тiлiне ғұмыр, күш-қуат бередi. Қазақ тiлiнде жазылған баспасөзде – қазақтың қаны мен жаны лүпiл салмай ма. Әрине, ол үшiн қазақ газет-журналдарының ролi ерекше жауапты болатыны белгiлi. Қазақ тiлiн бiлетiндер – қазақ баспасөзiнiң желкенiн жықпайды, қайығын қайырлатпайды.

Ж.Д.: Бiр ерекшелiгi ел проблемаларын жазатын, оған көмектесетiн журналистер өз мұң-мұқтажын газет бетiнде ашып айта бермейдi, жазуды мақсат тұтпайды. Iшкi этикалары жiбермейдi немесе ел алдында мүсәпiр, кiрiптар боп көрiнгiсi келмейдi. Бұл бiр жағынан журналистке тән – намыс, "бөрi арығын бiлдiрместiк". Әйтпесе, салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, қазақ баспасөзiнiң қара нары да, бетке шығар бары да болып жүрген журналистер қалам сiлтесiне сай қаламақыға қарық болып жатқаны шамалы. Ал бұл мәселе бәрiбiр өз шешiмiн күтедi. Ерте ме, кеш пе қазақ журналистерiнiң еңбегi басқа тiлдегiлермен теңеспей мазмұн байымайды, шеберлiк шау тартады, таралым өспейдi, оқырман алыстай бередi. Қайта қандай қиыншылыққа да шыдап, өз проблемасын өзгеден көрмей өз мойнына алып жүрген қазiргi журналистерге қайран қалам, тәнтi болам. Түбi өз мамандығына деген шексiз берiлудiң үлгiсi деп бiлем. Жас журналистер мұны терең түсiне бiлсе жақсы…

М.Қ.: "Бұлақ көрсең, көзiн аш" демей ме. Бұрын газет-журналдар жер-жердегi жас таланттарды тауып, оларға сәт-сапар берiп жататын едi. Қазiр бiлмеймiн, газеттерге түскен хаттарға шолу да жасалынбайды, жауап та берiлмейтiн болды ғой. Негiзiнде алыстан жеткен хаттардың iшiнде небiр жас талаптар жатуы мүмкiн. Жолын ашып, жариялап, талабына дем берiп жiберсе дегендей ғой. Бәрiмiз де журналистикадағы жолды қарапайым хатпен бастағанбыз, сол хат-мақалаларымызбен көзге түскенбiз. Қазiргi журналистикаға қаламы қалыптасқан дап-дайын журналистер керек сияқты. Толысып-молығып отыруы, таңдауға жетерлiк толқыны болуы керек. Аға буын, орта буын, жас буын – бәрi жалғастығын сақтай отырып, жарасымды дәстүр қалыптасса – журналистиканың бағы сол. Мұндай процеске бас-көз бола алатын редакторлар керек.

Ж.Д.: Ондай редакторлар бар ғой. Өзiң де жақсы бiлесiң, көрiп те жүрсiң. "Редакторына қарай – газетi" деген бар емес пе. Шындығында оған арғы-бергiден көптеп мысал келтiруге де болады. Заман, уақыт өзгергенмен, кейбiр құндылықтардың орнын ауыстырғанмен, баспасөздiң орны бөлек, ал редакторының орны ерек. Ойлы да орнықты, екi тiзгiн бiр шылбырды сенiмдi ұстаған қаншама редакторлар болды, қаншама редактор қазақ баспасөзiн көтерiп кеттi. "Түгеншенiң тұсында… дейтiн әлқисса сөз содан қалған.

М.Қ.: Оқырман да жақсы сөз, жақсы идеяға ередi ғой. Қазақ газет-журналдары соны бiлiп, қанатын қағып, дүр сiлкiнiп-сiлкiнiп отырса деймiн. Әрине, қол байлау нәрселер көп те шығар. Бiрақ әр кезде де кедергi, қол қысқалық жетiп артылған. Журналистерi мықты газет ондай ситуациялардан да жолын тауып отырған. Өзiм журналистерге сондай iлкiмдiлiк, қайраттылық тiлеймiн.

Ж.Д.: Журналистердiң PR-акцияға көп қызмет етуi де алаңдатады. Қайсыбiр қаламы жүйрiк, ойы бар журналистердiң тапсырыспен жүрiп, бойындағы талабын да, талантын да тәрк ететiнi өкiнiштi. Бұл да – қаламақының күнкөрiске жарамай, жетпей жатқанынан. Бала-шағасын асырау керек, күн көру керек болғасын журналист амалсыз осындай жолға барады. Демек тәуелдiлiк пен кiрiптарлық – журналистке салынған тұсау. Тұсау деу аз, тұқырту, тұралату. Журналистердiң бiр-бiрiмен бәсекеге түсе алмай жатуы да осындайдан болар. Бұл журналистiң өз қаламгерлiк ресурсын дұрыс пайдалана алмауына әкеп тiрейдi.

М.Қ.: Әрине, солай. Бiз жазуды бiлдiк, ештеңеге жалтақтаған жоқпыз, қалаған тақырыпқа қалам сiлтедiк. Әр газет-журналдан, баспалардан, радиолардан қаламақылар түсiп жататын. Бiрiн-бiрiне жалғап дегендей… Ал қазiргi журналистер тапсырыс мақала, жарнама мақала, мадақ мақала, арнау мақала, той-томалақ мақала жазудың жетегiнде кеткендей көрiнедi. Тiптi мадақ кiтаптар жазу да өршiп тұр. Мұндай журналистердiң жазуға жағдайы келмейдi. Ал оқырманның журналистерден күтерi көп, бiрақ әзiрге оқып жүргендерi әлгiдей әңгiмелер.

Ж.Д.: Газет-журналдың көптiгi бiр жағынан жақсы, екiншi жағынан көңiлге көп сауал ұялатады. Көп iшiнен суырылып шығатын, шыңдалып шығатын жүйрiк журналистер көп болатыны даусыз. Әр басылым – бiр мектеп қой, қалай дегенмен де бiр жағы бәсеке басым болады. Бақай есепке құрылған, болмайтынды болдырамын деп тыраштанудан тұратын бәсеке емес, қалам мен идеяның, ой мен зерделiлiктiң, сыншыл, сарапшыл бәсеке болса, журналистiң қаламының бағы жанады, өседi, ысылады, ойы мен сөзi ондыққа жиi тиетiн болады. Ал, жай қызық қуалаған газет-журналдың есеп жағы басым түседi де, қалай жазуды емес, қалай болса солай жазуды мақсат етедi. Жайдақтық деген осыдан шығады. Олар журналистиканың құнын түсiредi, қадiрiн кетiредi. Дегенмен бұл – замана тудырған процесс қой. Әрбiр процесстiң түбi бiр жағына шығарады. Оған уақыт төрешi. Тек осы күнгi нөпiрдiң iшiнде жұтылып кетпеу жағын ойласақ болды.

М.Қ.: Қалай дегенмен де сынай қарау салтымыз ғой. Жақсыны көре бiлу де бiлгiрлiк. Менiңше, журналистиканың қарқыны мықты. Толқын-толқын буын жазғыштарын алға шығарып жатыр. Бәрi тәуелсiздiктiң арқасы деп бiлем. Газет ашсақ та, жазудағы еркiндiк те, басылымның көптiгi де, журналистердiң қаулап өсiп келе жатуы да бәрi-бәрi тәуелсiздiк жемiстерi. Бұл – патриоттық пафос, әншейiн патетика емес, қарапайым көз көрiп көңiл куә болған, күнбе-күн жүздесiп жатқан шындық. Мен осыған қуанам. Қуаныш көбейсе, қоғам көңiлдене түседi, соны бiлем әйтеуiр…

Ж.Д.: Бұрын КазГУ-дiң жалғыз журналистика факультетi бүкiл республикамызда журналистер дайындаушы едi. Оған түсу де оңай болмайтын. Өйткенi оған бiр папка жазғаны бар, жариялымы барлар ғана түсе алатын. Ал қазiр тiптi басқаша болып кеткен. Соңғы мәлiметтерге сүйенсек, қазiр басылымдар атауы 2,5 мыңнан асады екен. Әр жоғары оқу орны журналистика факультетiн ашып тастаған. Ондай оқу ордасының ұзын саны 27 дептi. Сан өскен, ал сапасына қарап жатқан ешкiм жоқ. Мұндай оңай шаруа журналистикаға өткiрлердi емес, өлермендердi әкеледi ғой деген ой келедi. Қағып алып отыратын блогерлер көбейiп, қазып жазатын журналистер шоғыры азая бермесе қайтсiн. Содан да болар қазiргi журналистер уақыттың өзiне ұқсайды. Заманы бөлектiң жазуы да бөлек дегендей…

М.Қ.: Бәрi заманына қарай ғой. Уақыт тым шапшаң, алды-артыңа қаратар емес. Өмiр мынау. Өзгермеген ешбiр сала қалмады. Сәлемнен бастап салт-дәстүрiңе дейiн. Бұрынғы сарын жетер жерiңе жеткiзбейдi, жаяу қалдырады. Айналаға көркемдiк терезесiнен қарау емес, күнделiктi прагматик көзiмен қарау керектiгiн түсiндiк. Әйтпесе, қаншама бiлгiшсiнсең де, тәжiрибе жинақтасаң да, бiлiмдар болсаң да далада қаласың дегенге әбден иландық. Осылай ұғып, осылай асығуға әдеттендiк. Журналистер "Аттың жалында, түйенiң қомында", дейтiн едi, қазiр заманның ракетасында кетiп бара жатқандай күйде жазады. Бiр анығы – толқыннан толқын туады, мiндеттi түрде ол бiрiнен-бiрi асып туады. Бұл ақиқат – жұбанышты емес, қуанышты ақиқат деп есептеймiн.

Ж.Д.: Осы орайда, мен мынаған тоқталғым келедi. Тәуелсiздiктiң жиырма жылы iшiнде қазақ журналистикасы да қайта түлеу, қайта құрылудан өттi, жаңа бағыт алды, жаңару-жасаруды бастан кештi, өмiрдiң өзiндей боп өзгеруден өттi. Заман жаңа баспасөз түрлерiн әкелдi, ал баспасөзге жаңаша жазатын журналистер толқыны келдi. Айта кетерлiгi, қазақ баспасөзi жаңаша сипат, жаңа бағыт алды. Бұларды жасаған, қалыптастырған журналистердiң жаңа толқыны болды. Ал журналистикада қазақ баспасөзiнiң қара нары атанған айтулы аға толқынның жолын жалғастыра бiлген мықты жас редакторлар шоғыры өзiн таныта бiлдi.

М.Қ.: Әрине, дұрыс айтасың. Газет, журнал шығару, басшылық жасай бiлу – журналистиканың ең бiр қиын да жауапты әрi көптiң алдына түсетiн үлкен сын секiлдi ғой. Қыз-жiгiттердiң мұндай сыннан өтiп келе жатқанына куәмiз.

Ж.Д.: Айтпақшы орайы келiп тұр. Осы сөзге қазiргi өзiңнiң журналист сiңлiлерiңнiң аттарын атап берсең артық болмас едi. Оларды сен атамағанда кiм атайды?

М.Қ.: Әрiптес сiңлiлерiмнiң уақыт вибрациясын, тебiренiс-толқынысын дөп басып, әрқайсысы өзiне ғана тән лайықты тақырыбын таңдауы және соны терең талдай бiлуi сүйсiндiредi. Таңсұлу Алдабергенқызының өнер, мәдениет, қоғам қайраткерлерiмен жүйелi жүргiзiп келе жатқан әңгiме, сұхбаттарын қызыға оқимын. Есенгүл Кәпқызының аса күрделi ұғымдарды зерттеуi қайран қалдырады. "Түркiстан" газетiнiң қыздарын бүгiнгi журналистиканың озық тобына балаймын.

Гүлзира Серғазының қазақ баспасөзiнде өнер әлемiнiң таңғажайып галереясын жасағанын арнайы зерттеуге болады. Парасатты да талантты Ұлбосын Айтөленнiң "Айқындағы" сiңлiлерi де жазудағы бағыт, бағдарын нақты тауып алған. Сонау балалық шағында алғашқы дүниелерi "Ақ желкенде" жарияланып, бiздiң редакцияға жиi келiп жүретiн Қаншайым Байдәулетованың қалыптасу жолы қуантады.

"Егемен Қазақстанда" Жұмагүл Солтиева бастаған қыздардың талантты бiр легi бар. Гүлзейнеп Сәдiрқызының әрбiр материалын жiбермей оқимын. Бақыт Балғарина, Айнаш Есалы, Арай Үргенiшбайқызы және басқаларының қалам сiлтеуi ешкiмнен кем емес.

Кезiнде парламентте қызмет iстеген, тележүргiзушi болған, тар жол, тайғақ кешiп, төрт жыл қапаста отырып, ақталып қайтқан Сара Досниязованың "Тағдыр – таразы" журналын шығаруы көпшiлiктiң шөлiркеп күткен аса қажеттi тақырыбы.

Алма Үмбетованың танымдық, адамгершiлiк, имандылық аясындағы iзденiсi өз алдына әңгiме. Сәлима Ысқақтың шуақ шашқан қаламы талай жанның жолын ашуда. Бейбiт Жұмажан, Нұржамал Байсақалова, Жұлдыз Әбдiлдә, Әсия Бақдәулетовалардың өз мектептерi қалыптасты.

Республикамыздың түкпiр-түкпiрiнде дарынды қыздарымыз өте көп. Маңғыстауда Маңдайлы Қосымбай басқарған облыстық газетте небiр алғыр қыздар бар. Қашан көрсең, қат-қабат жұмыстан босамайтын қарымды журналист Гүлайым Шынтемiрдiң ақындық алапат қуаты қашан жанартаутай атқылар екен деп күтiп жүрмiн. Мұнайлы ауданындағы жазушы, журналист Үмiт Жәлекенiң, Қарағандыдағы Жұлдыз Тойбек, Ақтөбедегi Гүлсамал, Оралдағы Ақмаржан, Жамбыл, Шымкент, т.б. облыстардағы қаламгер сiңлi, қыздарымның шығармашылық табыстарын талдап зерттеп, әдебиет кеңiстiгiне есiмдерiн кеңiнен паш етiп, жар салсам деймiн. Бұларға ден қойып, назар аударып жатқан ешкiм жоқ, жазған, сызғандары бағалана бермейдi. Моральдық тұрғыдан тым құрыса бiздердiң қолдауымызға болады ғой. Iштей ғана тамсанады екенмiн. Аталғаны, аталмағаны бар, журналистикадағы қыз-келiншектердiң белсендiлiгi таңдай қақтырады, әрқайсысы қандай да басылымды гүлдендiрiп, үйiрiп әкетерi сөзсiз. Әттең, мүмкiндiгiм, титтей уақытым жоқ, әйтпесе бұл тiзiмдi жалғастырып, арнайы әңгiме өзегiне айналдыруға кез-келгенi әбден лайық.

Ж.Д.: Олай болса, жiгiттер мен қыздардың бәрiне сәттiлiк тiлейiк!

Дайындаған Ж.Баққондыұлы

Серіктес жаңалықтары