Фарида БЕКЖАНҚЫЗЫ: ӘЛI КҮНГЕ ҚАЛЕКЕҢМЕН СЫРЛАСАМ...

Фарида БЕКЖАНҚЫЗЫ: ӘЛI КҮНГЕ ҚАЛЕКЕҢМЕН СЫРЛАСАМ...

Фарида БЕКЖАНҚЫЗЫ: ӘЛI КҮНГЕ ҚАЛЕКЕҢМЕН СЫРЛАСАМ...
ашық дереккөзі
275

Көрнектi ақын Қадыр Мырза Әлiнiң "Ақынның жары болу оңай дейсiң бе, қарағым" деп басталатын өлең жолы бар. Қара сөздiң майын тамызған қаламгер де кiшкентай сәби сықылды. Бала сияқты ренжидi, бала сияқты қуанады. Олардың "iштен шыққан шұбар жыланы" – шығармалары. Сол шығармалардың өмiрге келуiне ықпал ететiн, қаламгердi қаламгер ететiн көзге көрiне бермейтiн елеусiз бiр жандар бар. Өлеңмен өмiрi өрiлген, қара сөзден өрнек құрап, қалам ұстаған ағаларымыздың көбi әуелi Жарына, отбасы, ошаққасының иесi Отанасына қарыздар секiлдi көрiнедi бiзге. Сүйген жарының көңiлiн тауып, шығармашылықпен айналысуына мүмкiндiк жасап, бағып-қағып, қаламгер жарының қабағына кiрбiң түсiрмей, қаламына жiгер бергiзген Аналарымыздың қарымды қаламгер ағаларымыздың өмiрiнде алар орны ерекше. Сондай ардақты аналарымыздың бiрi – Фарида Бекжанқызы.

Қалтай атаның қара шаңырағына ие болып, Қалағаңды жоқтатпай, бүкiл шығармаларына жоқтаушы болып отырған Фарида Бекжанқызының сүйiктi жарын жоғалтқанына да биыл он жылға жуықтапты. Фарида апаймен Қалағаңның қара шаңырағында жолықтық. Қалтай атаның көзi тiрiсiнде жинақтаған мол мұрасын, бай кiтапханасын тамашаладық. Жарық көргенiне көп уақыт бола қоймаған "Мың бiр түннiң" 8 томдық жинағымен таныстық. Фарида апамен әңгiмемiз де Қалағаңның кiтаптарынан басталды.

– Ғабит ағаның айтуы бойынша, Қалекең "Мың бiр түндi" аударды, – деп бастады әңгiмесiн Фарида апа. – "Қалтай, сен сияқты араб тiлiн бiлетiн адам жоқ. "Мың бiр түн" – Шығыстың классикалық туындысы ғой. Сен аудармасаң, бұл классикалық туынды аударылмай қала бередi" деп, Қалекеңе өтiнiш айтты. Ғабит аға айтқан соң, өзiнiң жазайын деп жатқан шығармаларының бәрiн жиып қойып, "Мың бiр түндi" аударуға кiрiстi. "Мың бiр түндi" Қалағаң ұзақ аударды. Өзiнiң көзi тiрiсiнде сол аударманың 3 томы ғана жарық көрдi. Негiзiнде барлығы сегiз томнан тұрады. Қалекең қайтқаннан кейiн, бiраз жiгiттерге айтып көрдiм. Қалтайдың қазасынан кейiн өзiм де инфаркт алып, ауырып қалдым. Бiрге өскен, бiрге жұмыс iстеген, "аға" деп сыйлаған жiгiттердiң бiразына қолқа салдым. Былтыр 2010 жылы Қызылордадағы өзi оқыған №2 мектепке Қалтайдың атын бердi. "Өзiңiз келiп, ашып берiңiз" деп шақырған соң, Қызылордаға барып қайттым. Сонда барғанымда Мұхтар Құл-Мұхаммедке жолықтым. Иманғали Тасмағамбетов Астанаға ауысып кеткен. Сол жерде жiгiттерге: "Қалекеңнiң өмiрден өткенiне де тоғыз жылдан асып барады. Тiрiсiнде 3 томы шықты. "Көзiмнiң тiрiсiнде көре алмадым" деген өкiнiшi iшiнде кеттi. Соған ендi көмектесiңдер", – дедiм. Мұхтар мен Иманғалиға рахмет! Сол жiгiттердiң айтуымен "Мың бiр түннiң" сегiз томы толығымен қайта жарық көрдi. Бiр данасын өзiнiң атын иемденген мектепке қалдырдым. Пьесаларының бiразы Қалекең кеткеннен кейiн тоқтап тұр. Лермонтов атындағы драма театрында Рубен Андриасян деген режиссер бар. Биыл сол режиссер Шыңғыс пен Қалтай бiрiгiп жазған "Көктөбедегi кездесудi" қойды. Бұрыннан театр сахнасында жүрген спектакль ғой. Бiразын қысқартып, бүгiнгi күнге сай келтiрiп тұрып, режиссер қайта қойып шығыпты. Премьерасына барып, спектакльдi өз көзiммен тамашалап қайттым. Ризашылығымды бiлдiрiп, режиссерге алғысымды жеткiздiм.

– "Көктөбедегi кездесу" М.Әуезов атындағы драма театрдың сахнасында да қойылған жоқ па?

– Драма театр Қалекеңнiң 80 жылдығына орай қойды. Одан берi де бiраз спектакльдерi тоқтап тұр. "Бөлтiрiк бөрiк астында" қойылған кезде бiраз шу болғанын бiлесiңдер. Көпшiлiк пьесаны дұрыс қабылдамады. Мұхтар Әуезовтiң "Бұл күлкiге дән ризамыз" деген мақала жазып, театрда сөйлеген сөзiнен кейiн ғана тынышталды ғой. Содан кейiн барып қана пьесалары театр сахнасында қойыла бастады. Бiрiнен кейiн бiрi – "Қуырдақ дайын", "Өзiме де сол керек", "Жат елде" деген пьесалары дүниеге келдi. Өткенде газеттерiңде Мұстафа Шоқай туралы мақала жазылды. Сол мақалада Қалтайдың аты аталмапты. Қалекең "Жат елде" пьесасын Мұстафа Шоқайдың атын ауызға алуға болмайтын кездiң өзiнде жазды. Атын айтқызбаған соң, кейiпкерiн Таңатаров деп алды. Соның өзiнде "Таң сол жақтан атады деп, әдейi таңдап алдыңыз ғой" деп тиiстi. Спектакльдiң премьерасы болатын күнi театрдың директоры "Билеттiң бәрi сатылып кеттi" деген болатын. Кешкiсiн спектакль басталардың алдында Қалекең екеумiз барсақ, елдiң бәрi касса алдында жүр. "Ойбай-ау, билет сатылып кеттi деп едi ғой" дедiм. Оны көрiп, Қалтайдың қабағы түсiп кеттi. Сөйтсек премьераны болғызбай, билеттердi қайта өткiздiрiп жатыр екен. Бiраз уақыттан кейiн барып қана, Мұстафа Шоқай туралы спектаклi шықты. Қалекеңнiң армандап кеткен "Мың бiр түнi", жеке шығармалар жинағы көзi кеткеннен кейiн жарық көрдi. Қалекеңнiң көзiн көрген, атын сыйлаған жiгiттер жәрдемдесiп, сөзiмдi жерге тастамай, кiтаптарын шығарып бердi. Оған да мың алғыс!

– Қалтай атаның қолжазбаларының бәрiн реттеп, жеке кiтап етiп шығарып алдыңыз ба?

– Шығарып алдық. Жеке мақалалары, пьесалары үш томдық жинақ болып жарық көрдi.

– Осыдан бiрнеше жыл бұрын "Аударма" баспасынан "Мың бiр түн" бiр кiтап болып жарық көрген едi.

– Жоқ, оны көре алмадым. Баста шыққан үш томы бар, одан кейiн былтыр толығымен шыққан сегiз томы бар. Мақалалары, естелiктерi де жинақталып, жеке кiтап болып жарық көрдi.

– Қалтай ата түсiңiзге жиi кiре ме?

– Балаларымның жағдайына көңiлiм алабұртқан сәттерде Қалекең жиi түсiме енедi. Әсiресе ұлым Алтайдың жағдайын ойлағанымда, көзiме ерiксiз жас алам. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы кезiнде алаңға барып, жастар жазықсыз қырылмасын деп, тоқтау айтып тұрған ұлымызды алаңнан ұстап әкеттi. Үш жыл бойы ұлымыз милицияның түрмелерiнде жатты. Өзiнiң мамандығы – заңгер. Үш жыл бойы бармаған үйiмiз, қақпаған есiгiмiз қалмады. Үш жылдан кейiн ғана ақталып шықты. Содан денсаулығын құртып алды. Қазiр ендi денсаулығына байланысты зейнетақы алып, үйде отыр. Жұмысқа шыға алмайды. Бұл менiң жанымды ауыртады. Жұмысына да, достарына да адал, iскер азамат едi. Ауру болып қалды. Қызымыз Жәмила екi университет бiтiрiп, Астанада жұмыс iстеп жүр. Балаларға қарап, тәубә деймiз. Өзiм Қалекеңнен кейiн, инфаркт алдым. Қазiр қан қысымым жиi жоғарылап кетедi. Қалекең жиi-жиi ойыма түсiп, жиi-жиi түсiме кiредi. Кей-кейде оңашада өз-өзiмнен Қалекеңмен сырласам, ақылдасқан болам. Шыңғыс Айтматовпен елу жылдан астам жолдас болдық. Ағайын-туыс болып кеттiк. Екеуi бiрiгiп пьеса жазды. Шыңғыстың бәйбiшесi де мен сияқты дәрiгер. Үлкен ұлы менiң қолымда тұрды. Шыңғыс та жиi-жиi еске түседi. Бiрiн-бiрi қатты құрметтеп, бiрiн-бiрi сыйлаған азаматтар едi. "Шыңғыс қайтыс болды" деген хабар келгенде, Нұрлан Оразалинге айтып, барып қайтамын ба деп едiм. Аяқ астынан қан қысымым көтерiлiп, алыс жолға шыға алмай қалдым. Сөйтiп Шыңғысқа да топырақ сала алмадым. Соған өкiнiш кернейдi бойымды. (Фарида апа кемсеңдеп, көзiнiң жасын бiр сығып алды. – Г.Б.). Өмiр болған соң, солай болады екен. Қалекең үйде отырғанда ұлт туралы, елi туралы, елiнiң болашағы туралы ренжiп айтып отырушы едi. Қазiр солардың бәрi бiртiндеп орындалып жатыр. Соған тәубәшiлiк етем. Әруағы бiлiп жатқан шығар деп, өзiмдi-өзiм жұбатам.

– Ең бай кiтапхана сiздердiң үйлерiңiзде деп естiп едiк. Қазiр ол кiтаптарды не iстеп жатырсыз?

– Мыңдаған томдар үйде тұр. Соған картотека жасатып алсам ба деп ойлаймын. Өйткенi Қалекеңнiң студент кезiнде аш-жалаңаш жүрiп жинаған дүниесi ғой. Нанға ақшасы болмай тұрса да, жақсы бiр кiтап сатылып жатыр десе, елеңдеп, тiрнектеп, ақша жинап, сатып алады екен. Бұрынғы шыққан сирек кездесетiн кiтап кездессе, бiреуден қарыз алса да, соны алуға тырысатын. Сол кiтаптардың бәрi Қалекеңнiң кiтапханасында сақтаулы. Ұлттық кiтапханада жоқ кейбiр кiтаптар осы кiтапханадан кездеседi. Әбiраш Жәмiш деген жерлес, туыс iнiсi бар. Сол кiсiнiң қыздары, балдызы кiтапханада iстеген. Сол қыздарға хабарласып, картотека жасатсам ба деп жүрмiн.

– Қалағаңның жеке кiтапханасын жасауға мүмкiндiк жоқ па? Өзi оқыған мектепте, не болмаса туып-өскен жерiнде кiтапхана ашуды ойлап көрмедiңiз бе?

– Соны ойлаған едiм. Өзiнiң оқыған мектебiнiң атын да берiп жатыр Қалтайға. Сол мектепте ме, әлде осында ма, бiлмеймiн. Бiрақ оның бәрiн қадағалап отыратын, соған жаны ашып кiрiсетiн бiреу керек. Оған менiң қазiргi жағдайым келе бермейдi. Қазiр көп кiсiлердiң өзi араласпайтын болып кеттi. Баяғыдағы есiктi босатпайтын жазушылардың да бiразы о дүниелiк болып кеттi, бiразы өзiмен-өзi. Осы жолы Астанаға барсам, үлкендеу кiсiлерге кiрсем бе деп ойлап отырмын. Оны уақыт көрсетедi. Денсаулық болса, мынау жарамай тұр.

Фарида апа ауыр күрсiнiп, бiраз уақыт үнсiз қалды. Кiп-кiшкентай сүйкiмдi шөбересi Ескендiр келiп, әжесiнiң алдында құлдыраңдап жүр. Тәмпiш танауын анда-санда бiр тартып қояды. Шөбересiнiң кекiлiнен бiр сипап, емiренiп алған Фарида апа: "Қалекең: "Шөберенiң қолынан май жалап, су iшсем, бiрден жәннатқа барам, үш бөлмелi үй бередi" деп қалжыңдаушы едi. Сол шөбересi осы. Қалекең шөбересiн көре алмай кеттi", – дейдi.

– Қалтай атаны еске алу кештерi, шығармашылығы туралы айтылатын кездесулер жиi өткiзiле ме?

– Жоқ. Сексен жылдық мерейтойында атап өттi, сонымен бiттi. Биыл дүниеден өткенiне он жыл болады. Соған орай, еске алып, асын берсек деп отыр балалары.

– Атаның көзiн көрген, бiрге жүрген азаматтар әлi де үйiңiзге келiп тұра ма?

– Әрине, келiп амандасатындар бар. Бiрақ қазiр жұртшылық бiр-бiрiнiң үйiне баруды да қойды ғой. Бұрындары есiгiмiз жабылмай, ашық жататын едi. Қазiр ешкiм ешкiмнiң үйiне бас сұқпайтын болды.

– Соңғы он жыл iшiнде шығарған кiтаптарға қаламақы алдыңыз ба?

– Авторлық құқықты қорғау ұйымына хабарласып: "Қалекеңнiң сегiз томдығы шықты, бiрнәрсе түстi ме маған" деп телефон шалдым. "Кiтаптардың бәрi сатылған жоқ. Бiзге келiп кетiңiз" деген соң, бардым. Қарасам, бар-жоғы 33 мың теңге түсiптi. Төрт-бес жылдың iшiнде түскенi осы. Балалардың арқасында отырмын. Зейнетақының жобасын өзiң бiлесiң. Дәрiгер мен ұстаздың зейнетақысы ең төменгiсi ғой. Пәтерақының бәрiн балаларым төлейдi. Зейнетақымды оған төлесең, бiр ай аш отырасың.

– Отбасында айтылатын қалжыңдарын, естелiктерiн жинадыңыз ба?

– Оларды жинай алмадым. Қызым Жәмила: "Мама, әкемiздiң үйде айтатын қалжыңдарын жинап, жинақ етiп шығарайық. Ертең ұмытылып қала бередi" деп жиi айтады. Денсаулығым дұрыс болса, солардың бәрiн реттеп, жинасам ба деп отырмын. Менiң өзiм де жазушылардың бел ортасында өстiм. Жұмағали Саин – менiң нағашы ағам. Әбдiлда Тәжiбаев – жездем. Осындай кiсiлердiң тәрбиесiн көрiп өстiк. Сол кiсiлер туралы да естелiктер жазуым керек.

Әңгiмелескен Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары