"БIЗГЕ ТIЛIМДЕЙ ҒАНА ЖЕР КЕРЕК!.."
"БIЗГЕ ТIЛIМДЕЙ ҒАНА ЖЕР КЕРЕК!.."
Бүкiл Қазақстан 1 мамыр – Қазақстан халықтарының бiрлiгi күнiн ерекше атап өтiп жатқанда, баспанасыздықтың тауқыметiн тартқан қарапайым қазақ бұдан әрiге шыдай алмады ма, Алматының iргесiндегi "Думан-2" елдi мекенiндегi көздiң құртына айналған 74 гектар бос жердi басып алмаққа әрекет жасады. Мерекенiң шырқын бұзған жағымсыз оқиға жергiлiктi билiк өкiлдерiн де дереу атқа қонғызған.
Алматыға нәпақа iздеп, ағылған қара халықтың алдыңғысы осыдан он бес жыл бұрын табан тiреген екен. Содан берi бәзбiреудiң босағасында пәтер жалдап күн кешуден мезi болған олар "шыдамның да шегi бар" дегендi лажсыз алға тартуда. Үйсiз-күйсiздiктен әбден күйiнген халықтың ұлан-байтақ даладан ұлтарақтай жерге ие бола алмайтындығына қатты ашынғаны көрiнiп-ақ тұр. Осы маңайдағы екi мыңнан астам баспанасыз жұрт таңғы сағат алтыдан бастап бос жатқан аумаққа жиналып, жер телiмдерiн бөлiсiп алуға кiрiскен. Олар бұл әрекетiнiң заңсыз екендiгiн бiлсе де, "бұдан әрiге төзетiн шамамыз қалмады" дейдi. "Бiзге тiлiмдей жер керек!" деп ұрандатқан жұрт "Менiң елiм, менiң жерiм…" деп Әнұранның жолдарын да әнге қосып, бiрге шырқай түстi. Халықтың сөзiне құлақ түрсек, 74 гектарға созылып жатқан жердiң бос жатқанына он бес, жиырма жылдың жүзi болыпты. Одан бергi уақытта мұнда зауыт та, тұрғын үй де, егiн де салынбаған екен. "Егер жердiң қожайыны болса, ол неге сатып алғаннан кейiнгi үш жылдың iшiнде өз пайдасына асырмайды? Одан да бiзге берсе, 2500 үй салып алар едiк" дейдi. Халық бұл жердiң иесi – түрiк кәсiпкерi деседi. Қазiр ол шетелде тұратын көрiнедi. "Мәселе жердiң иесi түрiк не басқа ұлт екендiгiнде емес, бос жердiң ешбiр кәдеге асып жатпағандығында", – дейдi баспанасыз жұрт.
Жер телiмдерiне оңай ие болғысы келген жұрттың бұл қадамына билiк өкiлдерi қалай жол берсiн? Бұл жерге тез арада жеткен тәртiп сақшылары жағдайды сырттан бақылап тұрды. Әне-мiне дегенше, оқиға орнына Талғар ауданының әкiмi Талғат Өмiрәлиев пен оның орынбасарлары да келiп жетiп, тұрғындардың өкпе-назын сабырлықпен тыңдады. Әуелгiде ашынған халықтың аптығын басқысы келген әкiм жылы-жылы сөйлеп, жер мәселесiн шешуге тырысатындығын айтып қалған. Тiптi әкiмшiлiк өкiлдерi жиналған халықты тарату үшiн "жердi үлестiрiп беремiз, құжаттарыңды дайындай берiңдер…" деген алдарқату сөздiң де байқаусызда аузынан шығып кеткенiн бiлмесе керек. Алайда пәлендей пiкiр айтудан қашқақтаған Талғар ауданының әкiмi Талғат Өмiрәлиев бұл жердiң иесi бiр емес, жүздеген адам екенiн жеткiздi. "Жер дауы мен жесiр дауы қашан толастап едi. Тек Талғар қаласының өзiнде ғана жер алу кезегiнде тұрған 36 мың адам бар. Ал мына тұрғындар Алматы қаласына қарасты "Думан" ықшамауданында тұрады, көпшiлiгiнiң тiркеуi де жоқ. Олардың заңсыз жер басып алуын Талғар қаласының тұрғындары да қаламайды" дедi әкiм халықтың арасынан сытылып шыға сала. Қысқасы, Талғар ауданының әкiмi күйзелiсте тұрған жұртшылықтың жағдайын жақсы түсiнетiндiгiн ишарасынан бiлдiрсе де, оларды жарылқау үшiн ештеңе iстей алмайтындығын да жасырмады. Оның айтуынша, Алматының маңайында бос жатқан жер жоқ, болғанының өзiнде бәрiнiң қожасы бар. Заң бойынша, бiреудiң меншiгiндегi жердi талан-таражға салуға жол жоқ екендiгiн қадап айтты.
Соған қарамастан, 1 мамыр күнi кешкiсiн жиналған жұрт жер телiмiн бөлiп алып, қазық қағуға кiрiсiп кеттi. Олардың жалғыз арманы – тiлiмдей жерге ие болу. "Қазақстанның әрбiр азаматы 10 сотық жерге ие бола алатыны туралы Конституцияда да нақты жазылған. Құрқылтайдың ұясындай ғана баспана салып, күнiмiздi көрсек, басқа ештеңенiң керегi жоқ" деп өзара жердi бөлiсiп, болашақ баспаналарының жоспарын құрып жатқан жұрттың шырқын тәртiп сақшыларының әрекетi бұзды. 2 мамырға қараған түнi таңға жуық тәртiп сақшылары басып алған жер телiмдерiнен кетпей, далада түнеп жатқан адамдарды күшпен тарқатып, 200-ден астам адамды ұстап әкеткен. Олардың 30-ы сот шешiмiмен 10 тәулiкке қамауға алынса, қалғаны босатылған. Бiрақ ереуiлшi топ әуелгi талабынан бас тартпаймыз деп отыр. Айтпақшы жергiлiктi халықтың сөзiне сенсек, соққы алып, таяқ жеген адамдардың арасында екiқабат әйел түсiк жасап, ауруханаға түсiптi. Ал бұл ақпаратты жоққа шығарған Алматы облыстық Iшкi iстер департаментiнiң мамандары "тәртiп сақшыларының халыққа қолдарының ұшы да тиген жоқ" дегендi алға тартуда.
Сөйтiп айналасы бiр-екi күнде Алматы маңында жер дауы қайта қылаң бердi. Кейбiр атқамiнерлер "Шаңырақтағы" сияқты халықты ашындырып, отқа май құйып отырған ұйымдастырушы топтың барын айтады. Алайда жергiлiктi жұрт баспанасыздың мұңын басқа емес, үйсiз-күйсiз жүргендер ғана бiледi дейдi.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ