ГОЛЛАНДИЯДА ӘР МҰҒАЛIМ 5386 АҚШ ДОЛЛАРЫН АЛАДЫ

ГОЛЛАНДИЯДА ӘР МҰҒАЛIМ 5386 АҚШ ДОЛЛАРЫН АЛАДЫ

ГОЛЛАНДИЯДА ӘР МҰҒАЛIМ 5386 АҚШ ДОЛЛАРЫН АЛАДЫ
ашық дереккөзі
196

Биылғы жылдан бастап әлеуметтiк салаға басым назар аударып жатқан билiк тарапы зейнеткерлер мен студенттердiң алатын зейнетақы мен шәкiртақы мөлшерiн бiршама көтерiп, бюджет саласындағы қызметкерлердiң еңбекақысын 1 шiлдеден бастап 30 пайызға көтерудi жоспарлағаны белгiлi. Бұл биылғы Елбасының халыққа Жолдауын жүзеге асыру барысында жасалып жатқан игi iс-шаралардың бiрi iспеттес. Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов жақында онлайн конференцияда мемлекеттiк мекемеде жұмыс iстейтiн мұғалiмдердiң жалақысы бiршама көтерiлетiнiн хабарлап, 1 қыркүйекте жоғары санатты мұғалiмнiң алатын табысы 64 мың теңгенiң төңiрегiнде болатынын мәлiмдедi. Сонымен бюджеттiк комиссия шешiм шығарып, Парламент мәжiлiсi мақұлдап, бұл салаға қосымша 5 миллиард теңге бөлiнетiн болды.

Жас буын өкiлдерiн тәрбиелеу iсiнде тер төгiп жүрген тәрбиешi-ұстаздар бұл жаңалықты қуанышпен қарсы алғаны мәлiм. Әлеуметтiк жағы аз қамтылған ұстаздар қауымының мәселесi ақпарат құралдарында арагiдiк талқыланып, айтылғанымен елеулi өзгерiстердiң бола қоймағаны анық. Биылғы жылдан бастап билiк әлеуметтiк салаға, әсiресе зейнетақы, шәкiртақы, бюджет саласындағы қызметкерлердiң алатын жалақы мәселелерiн оңтайлы шешудi ұйғарып, бұл бағытқа аса басымдық бере бастады. Елiмiзде бiлiм беру жүйесiнде қордаланып қалған өзектi мәселелер шаш-етектен екенi мәлiм. Оның iшiнде жалақы мәселесi, кадр мәселесi дегендей… Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары бiлiктi мамандардың бiлiм саласынан кетуi тым жиiлеп кеткен болатын. Жалақысының тым мардымсыздығын алға тартқан мұғалiмдердiң жеке секторларға, табысы мол басқа салаларға ауысып жатқанына талай мәрте куә болғанымыз бар. Мәселен 20 жылдық педагогикалық еңбек өтiлi бар мұғалiмнiң алатын табысы осы күнге дейiн 40 мың теңгенiң төңiрегiн құрап келдi. Қаржы немесе сақтандыру саласындағы қызметкерлердiң алатын жалақысы мұғалiм жалақысын 4-5 мәрте орап алады десек, жәй қарапайым көлiк жүргiзушiнiң немесе құрылыс саласындағы арнайы бiлiмi жоқ жұмысшының табысы әлдеқайда жоғары болып жататыны таңданарлық нәрсе. Кезiнде Бiлiм және ғылым саласының экс-министрi Жансейiт Түймебаев осы мәселеге орай: "Республикада бiлiм беру мен тәрбиелеудiң сапасына қанағаттанбаушылықтың бiр себебi, жоғары бiлiктi кадрлардың тапшылығы болып табылады. Математика, физика, информатика пәндерiнiң мұғалiмдерi жетiспейдi. Мұғалiм кадрларының қартаюының, бiлiктi және болашағынан үмiт күттiретiн оқытушылардың көпшiлiгiнiң бiлiм беру жүйесiнен кету үрдiсi сақталуда" деген пiкiр айтқан-ды. Әрине, бiлiм саласындағы бiлiктi кадр тапшылығын жалақыны көбейту арқылы шешуге болатынын уақыттың өзi көрсетер. Дегенмен де өз кезегiнде оң өзгерiстердiң боларына сенiм бар. Тек бұл бағытта жүйелi түрде жұмыстар жүргiзiлуi керек. Осы төңiректе "Өзге елдерде мектеп мұғалiмдерiнiң алатын жалақысы қандай?" деген орынды сауал туындайтыны хақ. Ғаламтордағы сайттарды ақтара отырып, келесiдей мәлiметтерге кезiктiк. Мәселен, Голландияда мектеп мұғалiмi айына 5 386 АҚШ доллары көлемiнде ақша алады екен. Ал АҚШ-тың астанасы Вашингтонда шет тiлiнен сабақ беретiн оқытушы орташа есеппен 4 405 АҚШ доллары төңiрегiнде жалақы алады. Тек сабақ беруге жалпыұлттық немесе белгiлi бiр штаттың лицензиясын алу мiндеттi. Испанияда 1500-ден 2000 евро айналасында жалақы алса, Израиль елiнде жұмысына жаңа кiрiскен жас маманның жалақысы 1000 евро, ал еңбек өтiлi бар оқытушының жалақысы 2000 евродан жоғары болады екен. Кейбiр мемлекеттерде мұғалiмдер үшiн әлеуметтiк жеңiлдiктер қарастырылған. Мәселен Польшада ауылдық жерлерде жұмыс iстейтiн мұғалiмдердi уақытша тұрғын үймен қамтамасыз ету билiктiң өз мойнында. Орта Азия елдерiнде мектеп мұғалiмдерiнiң алатын жалақысы көңiл көншiтпейтiн көрiнедi. Мәселен Қырғызстан мұғалiмдерiнiң айлығы 40-70 АҚШ доллары көлемiнде болса, сол елдiң ауыл мұғалiмiнiң алатыны 3-5 мың сом, яғни 80-130 АҚШ доллары айналасында. Өзбекстанның Жизақ ауданындағы мектеп мұғалiмi айына орта есеппен 80 АҚШ доллары көлемiнде жалақы алса, Тәжiкстанда орташа есеппен мұғалiмнiң жалақысы 60 сом төңiрегiнде (20 АҚШ долларына жетер-жетпес). Түркiменстанда мектеп мұғалiмi айлығы жетпегендiктен қосымша екi-үш жерде жұмыс iстейдi екен. Бұл мәлiметтерден Батыс елдерiне жуықтамасақ та, бауырлас көршiлерiмiзден оқ бойы алда тұрғанымызды аңғарамыз.

Жалпы мемлекеттiң аталмыш салаға басымдық бере отырып, қоғамымыздағы әлеуметтiк жағы аз қамтылған қарапайым мұғалiмдерiмiздi назардан тыс қалдырмай, материалдық әл-ауқатын жақсартуға бағытталған iс-әрекеттерiне қуанарың хақ. Жас ұрпаққа тәлiм берiп жүрген ұстаз қауымының қоғам алдындағы мiндетi өте ауқымды екенiн айтып жатудың өзi артық. Ертең ел тұтқасын ұстайтын бүгiнгi жас ұрпақтың тиiсiнше бiлiм алып, бiлiктi, рухани азамат болып өсуi – педагог ұстаздарға тiкелей байланысты. Бiлiм жүйесiне тәжiрибелi, бiлiмдi мамандарға деген қажеттiлiк қай кезде болмасын ортайған емес. Болашағынан үмiт күттiретiн жас мамандарды да тысқары қалдырмай, жүйелi түрде жұмыспен қамтамасыз ету керек-ақ. Ал жалақыны көбейту арқылы осы тектес өзектi мәселелердiң оңтайлы шешiм табатынына сенiм мол.

Қанат Әбдiманапұлы

Алматы қаласы

Серіктес жаңалықтары