МӘНШҮКТIҢ КӨЗIН КӨРГЕН
МӘНШҮКТIҢ КӨЗIН КӨРГЕН
Бұл қазақтың басынан нелер қилы заман өтпедi десеңiзшi?! Бодандық атты қамыт мойнына киiлiп, орыс патшасының құзырына қараған елде билiк қалмаған едi.
Алтай қойнауындағы байлықты игеруге кiрiскен Ресейдiң өндiрiс кәсiпкерлерiнiң бiрi – Александр Мечников болатын. Оның қол астындағы қазақ жұмысшылары оның сөкет iсiне, терiс мiнезiне қарай "Тентекбай" деп атап кеткен. Әңгiмеге арқау болып отырған Шөкеннiң әкесi Шақарбай жерлестерi Әмiре, Нұрпейiс, Мүрсалилалармен бiрге осы кеншiнiң қол астында 20-25 жылдай тер төгедi. Капиталист өкiлдерiнiң бiр тиынды жұмсап, он тиын пайда табуды көздейтiнi белгiлi. Дегенмен бұлар үшiн ауылда жүргеннен гөрi мұнда табысты көрiнетiн. Алайда жер жұмысы жеңiл болсын ба? Күн ұзаққа тыныш таптырмайды бiрсәт. Жүрiп-тұру қатаң бақылауда. Кiнәсiзден жазалауы жиiлей беретiн. Оның "Тентекбай" аталуы да мiне, осыдан болса керек.
Шөкеннiң дүниеге келуi жаңа заманның – Кеңес өкметiнiң дәл қарсаңы. Өмiр зiлiн арқалап өскен әке тұла бойы тұңғышын мәпелеп өсiрiп, оқытуға көңiл бөледi. Жаңа өкiметтiң алғашқы қамқорлығы елең еткiзбей қалмады. Солардың бiрегейi Күршiм ауданынан 1920 жылдары ашқан "шаруа жастары мектебi" едi. Кейiннен бұл мектеп 1934 жылы елiмiздiң алғашқы Мәдениет министрi Темiрбек Жүргенов есiмiмен аталады. Бұл азамат "ұсталғаннан" кейiн Министрлер Кеңесiнiң Төрағасы Ұзақбай Құлымбетовтiң аты берiледi. Соңында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң бiрiншi хатшысы Мирзоян есiмiне көшедi. Қазақ халқына кiсiлiк адамгершiлiгiмен ұнаған, нағыз адал жүректi азамат та кейiн сталиншiл саясаттың құрбаны болып кете барды. Соңынан "Ақтүбек" атанған интернаты бар орта мектептегi сол кездегi Шығыс Қазақстан облысы бойынша 10 класты 1939 жылы алғаш тәмамдағандар Шөкен Шақарбаев, Қапас Әмренов, Мағауия Букашин, Бақтияров, Құрмаш Терин, Сәкен Нұрпейiсовтер ғана едi.
Алғашқы түлектер мұғалiмдiкке жiберiлдi. Төрт-бес елдi мекеннiң орталығындағы "Сарыөлең" орталау мектебiне Шөкен Шақарбаев орналасты. Мұнда мектептiң пионер, комсомол жұмыстарына араласып, жастардың бiлiмге құштарлығын оятады. Осы iстерiнен болса керек, сiрә мектептiң мұғалiмдерi мен оқушылардың, ата-аналардың сенiмiне бөленiп, алғыстарын арқалайды. Осы арада шаңырақ көтеру бақытына ие болды. Жиырмаға ендi толған жiгiт Марфуға атты қызға үйленедi.
Бiрақ тәттi өмiрдiң қызығы ұзақ бола қоймады… Арада айлар өткенде Ұлы Отан соғысы басталады. Туған ел, өскен жер, жетпiстi алқымдаған ата мен ана, сүйген жары Марфуға – бәрi артта қалды.
1941 жылдың алғашқы айлары. Тиiстi бөлiмдерде оқу-жаттығу дайындықтары өтедi. Келесi жылдың көктемi мен жазы. Ленинград майданындағы 1190 зеңбiрек полкiнда көздеушi мiндетiн атқарды. Соғыс Тәңiрi атанып кеткен зеңбiректердiң алыстан көздейтiн ауқымды калибрiнен бастап, жеңiлрек саналатын 45 миллиметрлерiн еркiн игерген кешегi солдат аға сержант атанады. Ендi өзiмен бiрге қол астындағы зеңбiрекшiлердi де жаттықтыруға жауапты. Шабуылға шығу алдындағы аға сержант Шөкен Шақарбаевтың жiберген солдаттары бiрнеше жау пулеметтерiнiң жасырынған жерiн күл-талқан етiп, ерлiк көрсетедi. Сол ұрыста бiраз жауынгерлер "Батырлығы үшiн" медалiмен марапатталады. Оның бiрде маған қазақтың ержүрек, батыр қызы Мәншүк Мәметовамен жүздескенi туралы айтқаны бар. Великие Луки қаласын азат ету шабуылына әзiрленiп жатқанда, дивизиядағы 122 миллиметрлi зеңбiректiң дайындығын тексеру сәтiнде ту сыртынан бiр қыз сәлем бередi. Тағулы медалiне қарап: "Аға, сiздi медалiңiзбен құттықтауға рұқсат етiңiз", – дейдi өзiн Мәншүк деп таныстырған жауынгер қыз.
Майдан газеттерiнен бұрын да атын оқитын. "Рахмет, қарындас, аман болыңыз!" – дейдi Шөкен. "Аға, ертең шабуыл басталады. Жаяу солдаттардың алға басуы сiздерге байланысты. Сiзге де амандық тiлеймiн" – дейдi Мәншүк.
Көп ұзамай жаумен шайқаста Мәншүк Мәметова қазаға ұшырады. Артында әлемге жайылған даңқы қалды. Ол Мәншүктiң анасы Әмина Мәметованы Алматыда көредi. Қазақ әдебиетiнен дәрiс бередi екен. Шөкеннiң Мәншүкпен соғыста кездескенiн естiгенде, Әмина апай үнсiз тыңдап отырып, көзiнен мөлтiлдетiп жасын төккен.
Бiлiмге ұмтылу, өршiл мiнез әскери адамға тән қасиет. Iздену мен талпыну нәтижесiнде аға лейтенант әскери шенi берiледi. Ұйымдастыру iскерлiгiнiң нәтижесiнде дивизион партия ұйымының жетекшiлiгiне де тағайындалады. Аға лейтенант Шөкен Шақарбаев Отан соғысының соңғы жылында Қызыл жұлдыз, Ұлы Отан соғысының I-II дәрежелi ордендерiмен марапатталады.
Елге 1946 жылдың күзiнде ғана оралды. Ол малшылардың балаларын оқытатын мектеп-интернат салып, оқу iсiне ден қояды. Оның құрылысы қоғамдық негiзде жүргiзiлуi тиiс. Өйткенi қаржы тапшы. Бұл қиыншылықтан шығуға Шөкен Шақарбаев ұйтқы болады. Көптiң күшiмен мектеп құрылысын қысқа мерзiмде бiтiргенi бүгiнде елге аңыз. Мұнда ұзақ уақыт мектеп директоры қызметiн атқарған.
Дегенмен өзiнiң туып-өскен Теректiбұлақ ауылындағы мектеп жағдайы қатты алаңдатады. Бұл Күршiм ауданындағы көп елдiмекеннiң бiрi. Мектеп тар. Класс бөлмелерi жетiспейдi. Шәкiрттер екi-үш ауысымда оқиды. Күрделi бұл мәселенi шешуге Шөкен бiлек сыбанып, белсене кiрiседi. Тағы да ата-аналарды ұйымдастыруда ұйтқы бола бiледi. Бiрнеше сынып бөлмелерi қосымша салынады. Пәндiк кабинеттер жабдықталады. Ол балаларды тәрбиелеу еңбек майданына атсалысып, араласып жүрiп бiлiм деңгейiн көтерудi естен шығармаған. Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтына сырттай оқуға түсiп, алдыңғылар қатарында тәмамдайды.
Пединститутта осы оқу орнының оқытушы-ғалымдары, майдандас замандастары Кеңес Одағы батыры Мәлiк Ғабдуллинмен, академик Серiк Қирабаевпен жақын танысқанын, олардың кiшiпейiлдiгiн ара-тұра әңгiмелеп те отыратын.
Шөкен Шақарбаев – педагогтық еңбекте келелi табыстарға жетiп, ел құрметiне бөленген адам. Ол басқарған мектеп ұжымдары бiрнеше рет жарыс жеңiмпазы атанды. Өзi "Еңбек даңқы", "Тың және тыңайған жерлердi игергендерi үшiн" медальдарымен марапатталған. Бүгiнгi Күршiм ауылындағы азаматтардың едәуiрi осы Шөкен Шақарбаев басқарған мектептерде бiлiм алып, өсiп ержеткендер.
Жары Марфуғамен ұзақ ғұмыр кештi. Ерлi-зайыптылар 67 жыл, 6 ай, 6 күн жұп жазбай өмiр сүрген екен. Марфуға – алтыннан алқа таққан жан.
Шөкен Шақарбаев 90-ды алқымдап барып Алматыда 2007 жылдың 9 мамырында, жеңiс күнi, бақилық дүниеге аттанды. Әңгiме арасында: "Өмiрдiң тұщысын да, ащысын да, жақсысы мен жаманын да, оқ пен оттың тозағын да басымнан кешiрдiм. Еңбегiм елеулi. Орден-медальдармен марапатталдым. Бәрiнен де елiмiздiң егемендiк алғандығы қуантады менi. Заман түзелдi. Ендi ел аман, жұрт тыныш болсын" – деушi едi асыл аға.
Хабдышар Әмренов, Қазақстанның құрметтi журналисi,
Ұлы Отан Соғысының ардагерi