КӨКСАРАЙ КҮЗДЕ СУҒА ТОЛАДЫ
КӨКСАРАЙ КҮЗДЕ СУҒА ТОЛАДЫ
Ғасыр құрылысына баланған Көксарай су реттегiшiндегi құрылыс жұмыстары биыл толығымен аяқталып, нысан мемлекеттiк қабылдаудан өтедi.
– Биыл сыйымдылығы 3 миллиард текше метрдi құрайтын Көксарайға 2 миллиард текше метрден астам су жинақталды. Ендi оны ағын су ретiнде егiс алқаптарына пайдалану қажет. Көксарай су реттегiшiнiң кешенi ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдық мерекесiне тарту болмақ. Күзде мемлекеттiк комиссия стратегиялық маңызы бар нысанды қабылдап алуға кiрiседi. Ал оған дейiн мердiгер құрылыс ұйымдары кем-кетiктердi түзетiп, әзiрлiк шараларына осы бастан кiрiсуi тиiс, – дедi жуырда Көксарайда болған елiмiздiң Төтенше жағдайлар министрi Владимир Божко.
Министр сапар барысында су реттегiшiнiң бас гидроторабында болып, осында жұмыс iстеп жатқан мамандардың есебiн тыңдады.
Мамандардың айтуынша, жобадағы жұмыстардың негiзгiлерi аяқталған. Секундына 2300 текше метр су өткiзетiн бас гидроқұрылыс салынып бiттi. Нысанның гидромеханикалық қондырғылары мен бас су торабының бекiту құрылғылары түгелiмен орнатылып, гидравликалық сынақтан өткiзiлдi. Бөгеттердiң берiктiгiн сынау да ойдағыдай нәтиже бердi. Бiр сөзбен айтқанда, Көксарай барлық талапқа сай. Дегенмен су реттегiшiнде күзге дейiн де атқарылатын шаруа бар. Министр жауапты мамандарға құрылыс жұмыстарының сапалы жүргiзiлуiн қатаң бақылауға алуды тапсырды.
Қазiр дариядағы судың көлемi 800 текше метрдi құраса, оның 200-i Көксарайға жинақталуда. Бұған дейiн артық су Шардарадағы Арнасай бөгенi арқылы Өзбекстанға жiберiлетiн. Егер көршi ел бұдан бас тартса, Сырдың бойын жайлаған елдi мекендер су тасқынына ұшырайтын. Жылда қайталана беретiн қауiптiң бұлты ендi сейiлдi деуге болады. Көксарай су қоймасының салынуы Оңтүстiк Қазақстан мен Қызылорда облыстарын су тасқынынан құтқарып қана қоймай шаруашылық үшiн де жайлы жағдай жасап бердi. Көксарайда жинақталған артық судың есебiнен Қызылорда облысында суармалы жердiң көлемi артты. Қосымша жайылымдар пайда болды. Көксарай өңiрдегi экологияның, санитарлық ахуалдың жақсаруына да оң өзгерiс әкеледi. Сырдарияның тасу қаупiнiң бетi берi қараған соң Шардара су қоймасын толығымен толтыруға мүмкiндiк берiлдi. Сол себептi Шардара су электр стансасы өзiнiң жұмыс қуатын 20-25 пайызға арттыра алды.
Ретi келгенде айта кетейiк, Мақтаарал ауданындағы диқандар ағын суды қазiрге дейiн Өзбекстан аумағы арқылы келетiн Достық каналынан алады. Бiрақ шiлдеде нағыз судың қажет кезiнде каналдағы су деңгейiнiң түсiп кетуi жиi кездеседi. Әсiресе құрғақшылық жылдары. Көксарай су қоймасының салынуының арқасында Шардараның суын насоспен айдау әдiсi арқылы Мақтаарал ауданындағы егiстiкке жеткiзу жобасы қолға алынды. Осылайша мақташылар ағын суға деген тәуелдiлiктен құтылмақ. Егер Көксарай салынбағанда мұны iске асыру мүмкiн емес едi.
Елбасының тапсырмасымен Оңтүстiк Қазақстан облыстық әкiмдiгi мен Ауыл шаруашылығы министрлiгi жүзеге асырып жатқан жоба бойынша Шардараның суы насостар арқылы Достық каналына құйылады. Мұндай жүйе алдағы уақытта 86 мың гектардан астам суармалы алқапты, яғни аудандағы барлық егiстiк алқаптың 68 пайызын ағын сумен қамтамасыз ете алады. Шардара су қоймасынан насостар арқылы жылына 200 миллион текше метрден 400 миллион текше метрге дейiн су айдалмақ.
Әлеуметтiк маңызы бар нысанның құрылысына мемлекет қазынасынан 14 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлiндi. Бүгiнгi таңда канал арнасын қазу, оның табаны мен қос қапталын бетондау жұмыстарының 80 пайызы аяқталды. Құрылыс басында бас мердiгер "Құрылыс" ЖШС-iнен басқа 22 қосалқы мердiгер ұйым, 212 арнайы техника, 2 бетон зауыты, 823 адам қызу жұмыс жүргiзуде. Құрылысты бақылайтын мамандардың айтуынша, жұмыс кестеге сай атқарылып келедi. Сәтiн салса, ол алдағы шiлдеде толығымен аяқталады.
Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ
Оңтүстiк Қазақстан облысы