МАЛ МЕН ЖЕРДI АЛШАҚТАТПАЙЫҚ
МАЛ МЕН ЖЕРДI АЛШАҚТАТПАЙЫҚ
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында Үкiметке ауыл шаруашылығындағы еңбек өнiмдiлiгiн 2014 жылға қарай 2 есеге, ал 2020 жылға қарай 4 есеге арттыру мiндетiн жүктеп, аграрлық секторда мал шаруашылығын дамыту жөнiнде үлкен жоба жүзеге асырылатынын атап көрсеткен болатын. Аталған мақсатқа қазынадан 130 миллиард теңге көлемiнде несие бөлiнiп, соның нәтижесiнде 2016 жылы Қазақстанның сыртқа шығаратын ет экспортының көлемiн 60 мың тоннаға жеткiзу меже етiп белгiленген.
Осыған орай Сенат отырысында депутаттар Қуаныш Айтаханов пен Тасбай Симамбаев Жолдау жүктеген мiндет аясында бiршама сөз қозғаған болатын. Әлбетте, ата кәсiп саналатын мал шаруашылығына қажеттi дәрежеде қамқорлық жасалса, аграрлы Қазақстан үшiн 60 мың тонна ет экспорттау қиын шаруа болмасы анық. Мұны iс жүзiне асыруға елдiң де, жердiң де әлеуетi толық жететiн сыңайлы. Алайда қазiргi таңдағы аграрлық сектордағы ахуалды бажайласақ, Елбасы Жолдауында жүктелген мiндеттiң оңай шешiле салатын мәселе емес екендiгiн аңғарамыз. Өйткенi дәл бүгiнгi Қазақстанның жерге қатысты жағдайына бiрқатар сарапшы мамандар алаңдаушылық бiлдiрiп отыр. Жылдар бойы күтiмсiз қалып, күйi кеткен жердi қайта қолға алу жөнiнде мәселе көтерiп жүрген ауыл шаруашылығының мамандары, жер құнарын қалпына келтiрмей ештеңе өнбейтiнiн, өндiру мүмкiн де еместiгiн әр кезде, әр жерде айтып та жүр. Қорыта айтқанда, мал өнiмiн арттыру үшiн, ең бiрiншi кезекте, сол малға азық беретiн жерге үлкен қамқорлық керек.
Орайы келiп тұрған соң, Қазақстан жерiнiң қазiргi жай-күйiне тоқталсақ. Жер ресурстарын басқару агенттiгiнiң мәлiметiне қарағанда, соңғы жылдары шөлейттену үдерiстерiне Қазақстанның жер аумағының 70 пайызы ұшырап отыр. Жерге мониторинг жүргiзудiң нәтижесi мынадай: республика бойынша егiстiк алқаптың (24,2 млн. гектар) 16,3 млн. гектарының сапасы жақсы болса, 2,0 млн. гектары – тұзды, 2,5 млн. гектары – сортаңданған екен. Ал жел және су эрозиясына бейiм жерлер 1,6 млн. гектарды құрайды, 1,3 млн. гектар аумақты қиыршық тас басқан және 0,4 млн. гектар жер шамадан тыс ылғалданған, басқаша айтқанда, батпақтанып кеткен.
Алаңдайтын тағы бiр мәселе – жыл сайынғы топырақ құнарының азаюы. Атап айтсақ, соңғы он жылда 17,7 млн. гектар егiстiк жерге жүргiзiлген агрохимиялық зерттеу нәтижесi бойынша республиканың суарылмайтын егiстiгiндегi қарашiрiк деңгейi төмен аумақтар 60 пайызды, ал суармалы егiстiк бойынша олардың көрсеткiшi 98 пайызды құрап отыр. Мұның барлығын қайта өңдеп, жердi жаңғырту, тыңайту үшiн атқарылар жұмыстың шаш-етектен екендiгi айтпаса да түсiнiктi. Соңғы жылдары жердi тыңайту мүлдем назардан тыс қалған. Мұны бiлу үшiн мына мәлiметтерге назар аударсақ жетiп жатыр: 1990 жылы 1 гектар егiстiкке жұмсалатын тыңайтқыш мөлшерi 19-ақ келiнi құраса, бұл көрсеткiш 2000 жылы 0,7-ге дейiн құлдырап, 2010 жылға қарай әупiрiмдеп 4,4 келiге жеткен.
Ал суармалы жердiң жайы ше? Осы мәселе төңiрегiнде жасаған депутаттық сауалында Сенат депутаты Қуаныш Айтаханов соңғы жылдары республикадағы суармалы жерлердiң жағдайы сын көтермейтiн деңгейге құлдырағанын айтады. Мәселен оның сөзiне қарағанда, 2010 жылы 1991 жылмен салыстырғанда суармалы жерлер көлемi 298 мың гектарға азайса, 575 мың гектар суармалы жер ауыл шаруашылығы айналымынан мүлдем шығып қалған. Пайдаланылымдағы суармалы жерлердiң өзi көп күтiмге зәру. Өйткенi қаражаты жоқ қарапайым шаруаның қалтасы көтермей, соның салдарынан суармалы жердегi су және кәрiздiк жүйелерi уақтылы тазаланбай, ұйық басып, оның салдарынан су ақпай, жердiң сорлануына, тұздануына, соның нәтижесiнде өнiмдiлiгiнiң төмендеуiне әкелiп отыр. Сенатор: "Суармалы жерлердiң ауыспалы егiс жүйесiнде жем-шөп дақылдарының көлемi ғылыми негiзделген 32 пайыздың орнына 11,8 пайызды ғана құрайды. Сондықтан бұл жерлерде аса бағалы, жоғары белокты жем-шөп дақылдарының көлемiн 2-2,5 есеге ұлғайту керек. Ал ондай ұлғайту тек пайдаланылмай жатқан суармалы жерлердi айналымға енгiзу арқылы ғана iске асырылады. Ол үшiн суармалы жерлердiң мелиоративтiк жағдайын жақсартуға тиiстi көлемде субсидиялар мен несиелер берiлуi керек. Жем-шөп дақылдарының көлемiн ұлғайту, тұқым шаруашылығын дамытуды, оның көлемiн 2-3 есеге көбейтудi керек етедi", – дейдi.
Мiне, бұл елiмiздегi суармалы жерлердiң жағдайы. Мұның сыртында "Сиырдың сүтi тiлiнде" дегендей, мал өнiмiне тiкелей ықпал ететiн табиғи жайылымдардың жәйi де мақтанарлық жағдайда емес. Айта кетейiк, Ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң мәлiметi бойынша, елiмiзде 182 млн. гектар табиғи жайылымның 70 млн. гектары немесе 38 пайызы ғана пайдаланып келедi екен. Бұл көрсеткiш 1990 жылмен салыстырғанда екi есе аз. Бұдан бөлек, қолданыстағы жайылымдардың жартысынан көбi, мал санының көптiгiнен, оның бiр аумаққа ұзақ шоғырлануынан жұтаңданып, iстен шыға бастаған. Алдағы уақытта саны онан сайын күрт өсетiн мал басын жайылыммен толық қамтамасыз ету үшiн жыл сайын миллиондаған гектар табиғи жайылымды игеру қажет етiлетiнi анық. Сондықтан да сенатор Қ.Айтаханов елiмiзде мал өнiмi бағасын арзандату және еттi экспорттау көлемiн арттыру үшiн негiзгi бес мәселеге назар аудару қажеттiгiн алға тартты. "Бiрiншiден, жемдiк астық дақылдарын өндiруге басымдық берiп, Үкiмет тарапынан қолдау көрсету. Мемлекеттiк жемдiк астық қоры жасақталса игi. Екiншiден, жоғары белокты, қажеттi амин қышқылдары бар, сапалы жем-шөп дақылдарын өсiру үшiн суармалы жерлердiң мелиоративтiк жағдайын жақсартуға бағытталған шараларды жүзеге асыруға қажеттi субсидия беру жүзеге асуы шарт. Үшiншiден, пайдаланылмай жатқан суармалы жерлердi айналымға ендiрiп, жем-шөп дақылдарының көлемiн ұлғайту үшiн ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерiне жеңiлдетiлген, ұзақ мерзiмдi несие беру шешiмiн тапқаны абзал. Төртiншiден, мал өнiмдерiнiң өзiндiк құнының 40-45 пайызын мал азығы құрайтынын ескере отырып, оның көлемi мен сапасын арттыру қажет. Бесiншiден, елiмiздегi табиғи жайылымдарды тиiмдi пайдалану, мал басын және оның өнiмдiлiгiн арттыру үшiн мал жайылымдарын суландыру мақсатында арнайы бағдарлама жасалса игi", – дейдi Қ. Айтаханов.
Мамандар тарапынан көтерiлген тағы бiр назар аударарлық мәселе – жердi пайдаланудың тиiмдiлiгiн арттыру. Бұл тұрғыда таратылған ресми мәлiметтерге жүгiнсек, былтыр күздегi дерек бойынша елiмiзде 207,9 мың шаруа және фермерлiк қожалықтар, 6,1 мың акционерлiк қоғамдар немесе шаруа серiктестiктерi, 1,3 мың өндiрiстiк кооперативтер жұмыс атқарып жатыр. Олардың иелiктерiне барлық ауыл шаруашылығы жерлерiнiң 98,4 пайызы берiлiптi. Жер ресурстарын басқару агенттiгiнiң төрағасы Өмiрзақ Өзiбеков те жердiң тиiмдi түрде пайдаланылмай отырғанына алаңдаушылық бiлдiрдi. Осы мәселеге орай өткен Үкiмет сағатында Жер ресурстарын басқару агенттiгiнiң төрағасы: "Өкiнiшке қарай, соңғы 15 жылда ауыл шаруашылығы саласында басты назар жердiң құқықтық мәнiсiне, яғни меншiк мәселесiне қарай ойысып кеттi. Кеңес Одағы ыдырағаннан соң сол жүйеде қалған ұжымшар, кеңшар жерлерiн таратуға көп көңiл бөлiнiп, жер сапасы жағдайына мән берiлмедi. Әсiресе, жердi тиiмдi пайдаланудың бiрден-бiр құрамдас бөлiгi саналатын iшкi шаруашылықты дұрыс жерлерге орналастыру жобалары ұдайы кейiнге шегерiлiп келдi. Ондай жобаны жасауға бюджеттен соңғы 15 жылда бiр тиын да қарастырылмады. Аталған мәселенi шешу жердi тиiмдi пайдалануға өз септiгiн тигiзер едi", – дедi. Расында да, жалпы ахуалға қарасақ, Кеңес Одағы тарағаннан кейiн жапа-тармағай пайлық жер үлестерiн алып қалуға тырысып жанталасқан халық жердiң құнары турасында бас қатырып та жатпады. Олардың жер құнарын арттыруға шамасы келетiн бе едi?! Оны былай қойғанда, "фермер болам" деген жұрттың барлығы бiрдей агрономия мен мелиорация саласында сауатты емес қой. Бұл тұрғыдан келгенде, соңғы кездердегi Үкiметтiң ауылдық аумақтардағы жеке кәсiпкерлiкпен айналысушыларға, шағын және орта кәсiпкерлiгi барларға көмек қолын соза бастағаны көңiл қуантады.
Әңгiменi түйiндей келгенде, мамандар жердiң құнарлылығы жоғалып бара жатқанымен қоса, оны тиiмдi пайдалану мәселелерi әлi де қажеттi деңгейде шешiлмей жатқанына назар аударуға шақырады. Сондықтан да Елбасы Жолдауында жүктелген ауыл шаруашылығындағы еңбектiң өнiмдiлiгiн арттыруды қолға алмастан бұрын, ең алдымен мамандардың жердiң жай-күйiне қатысты алаңдаушылығын, ортаға тастаған ұсыныс-пiкiрлерiн назарға алудан ұтылмасымыз анық.
Бейбiт МЕКЕЕВ, журналист