ҚАНДЫ АЛАҢНЫҢ ҚАСIРЕТI

ҚАНДЫ АЛАҢНЫҢ ҚАСIРЕТI

ҚАНДЫ АЛАҢНЫҢ ҚАСIРЕТI
ашық дереккөзі
317

Желтоқсан көтерiлiсi қалай басталды?

1986 жылғы Желтоқсан көтерiлiсiне сол кездерi түрткi болған себептер турасында сарапшы-ғалымдар түрлiше пiкiрлер бiлдiрiп келдi. Соның бастыларының бiрi – 1986 жылдың көктемiнде Теңiз мұнай-газ кенiшi мен Түмендi бiрiктiрiп, бiртұтас кешендi өндiрiстiк аймақ құру туралы М.Горбачевтiң бастамасын Қазақстан басшысы iске асырмай тастауы үлкен дүрбелең әкелген. Нәтижесi белгiлi, Дiнмұхаммед Қонаев қызметiнен кетiп, арты аласапыранға ұласты.

Ал “алаңға жастарды кiм бастап барды? Олар өз беттерiмен шықты ма?” деген сауалдардың туындауы заңды.

Бұл ретте желтоқсан оқиғаларын зерттеу жөнiндегi Конституциялық соттың судьясы болған, заңгер-ғалым Сабыр Қасымов: "16 желтоқсанда, пленум болған түнде-ақ, Алматы қаласындағы жатақханаларды аралап, үндеу таратқан, ұрандар жазған, қозғалыстың жоспарын жасаған Алматы Көркемсурет және театр институтының студенттерi Қ.Айтмұрзаев, Б.Иманғожаев,Ү.Сейтiмбетов, А.Қанетов және М.Қасенбаевтар едi", – дейдi. Ендi әлгi аталған студенттерге шығарылған Алматы қалалық сотының 1987 жылдың 20 шiлдесiнде Қазақ Кеңестiк Социалистiк Республикасының атынан жариялаған үкiмiне көз жүгiртсек, онда былай делiнген: "…1986 жылдың 16 желтоқсанында Қ.Айтмұрзаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетi Пленумының Д.Қонаевты Бiрiншi хатшы мiндетiнен босатып және оның орнына Ресейдiң Ульянов облыстық партия комитетiнiң Бiрiншi хатшысы Г.Колбиндi тағайындау туралы шешiмiне наразылық бiлдiрiп, өзiнiң курстастары Б.Иманғожаев, Ү.Сейтiмбетов, А.Қанетовтердi келесi күнi ұлты қазақ студент-жұмысшы жастарды Брежнев атындағы алаңға алып шығуға үгiттеген. Олар өзара келiсiп, ашықтан-ашық ұлтаралық араздық тудыратын ұлтшылдық үгiт, арандатушылық және азғырушылық әрекет ұйымдастырып, сол күнi кешке шет ел тiлдерi, медициналық, малдәрiгерлiк, политехникалық институттарының, сондай-ақ ҚазМУ-дың физика, математика және химия факультеттерiнiң, Киров атындағы зауыттың номерi 2-шi жұмысшы жатақханаларын аралап, тұрғындарды ертеңгi күнгi сабақтары мен жұмыстарын тастап, алаңға шығуға шақырған. 1986 жылдың 17 желтоқсаны күнi таңертеңгiлiк жұптарын жазбаған бесеу Театр-көркемсурет институтының 150 студентiн Брежнев атындағы алаңға алып шығып, ұлтшылдық сарындағы ұрандарын жалаулата айқайлатып, мемлекеттiк билiк басындағылармен Орталық комитет және Үкiмет мүшелерiнiң жиынды тарату туралы талаптарына құлақ аспаған. Сонан соң олар жиналып қалған тобырды соңдарынан iлестiрiп, ұлты қазақ студенттер мен жастарды қатарларын көбейтуге үндеп, қала көшелерiнде шерулеп қайтқан… Сағат 16.00 айналасында 2000 адамға жуық топпен Брежнев алаңына оралған"…

Соттың бұл айыптауы желтоқсан дүмпуiн ұйымдастырушылардың бастылары Көркемсурет және театр институтының студенттерi екенiн нақтылай түседi. Ал бiз тiлдескен Б.Иманғожаев, Қ.Айтмұрзаев және Ү.Сейтiмбетовпен қатар, сол кездегi институттың талдырмаш қыздары – Г.Байбосынова мен С.Ешенқұловалар көтерiлiстi ұйымдастыруға аталған институт студенттерi атсалысқанымен, егер барша жастар тарапынан қолдау таппаса, желтоқсан дүмпуi үлкен дүрбелеңге айналмас едi дейдi. Олардың пiкiрiнше, өздерiнiң iсi лап етiп тұтанғалы тұрған отқа май құйып жiбергенмен бiрдей әрекет болған. Бiздiңше, Театр және көркемсурет институты студенттерiнiң мұндай санасы ояу, ұлтжанды болуларына сол кездегi Асқар Тоқпанов сынды ұлағатты ұстаздарының алдын көргендiктен, сәулесi түскендiгiнен болар. Сол үшiн де кезiнде Асқар Тоқпановтың қудалауға ұшырап, қысым көргендiгiн желтоқсан деректерi айғақтайды. Жалпы бұл жайттарды Қазақ КСР мемлекеттiк Қауiпсiздiк Комитетiнiң төрағасы В.М.Мирошниктiң мына сөзi растай түседi:

… "Театр-көркемсурет институтын алайық. Осы жоғары оқу орны студенттерiнiң 5/1-не жуығы жаппай тәртiпсiздiктерге қатысты. Студенттердiң бiр тобы – Айтмұрзаев, Қанетов және басқалар, барлығы 12 адам желтоқсанның 16-нан 17-не қараған түнi қаладағы 6 жоғары оқу орны мен Киров атындағы зауыттың №8 жатақханасында арандатушылық, азғырма жұмыс жүргiзген. Олар саяси жағынан тұрақсыз жастарды қоғамға жат әрекеттерге қатысуға итермеледi, арандатушы ұрандар мен плакаттар әзiрлеп, көшелерге алып шықты".

Осы "қазақ ұлтшылдығы" деген айыпты ресми түрде алып, қазақ халқынан кешiрiм сұрау қажеттiгiн қазiргi Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты, сол кездегi Алматыдағы Халық шаруашылығы институтының студентi, Желтоқсан көтерiлiсiне белсендi қатысушылардың бiрi Нұртай Сабильянов табанды түрде көтергенiмiзбен, нақты нәтиже шықпағаны түсiнiктi едi дейдi. Дегенмен қазақ мәселесiне қатысты Мәскеудегi жоғарғы билiк өкiлдерiне жиi хат жазып, жауап берулерiн талап еткен жастардың бiрi – Нұртай Сабильяновтiң төмендегi бiр хаты оқырманды бейжай қалдырмаса керек.

Телеграмма №83/210 от 28.03.91.

г. Москва, ул. Королева, 12,

программа "Кто есть кто",

т. Язову.

Вопросы:

1. Ваша причастность к имперской политике Колбина против казахского народа, ликвидации ракет именно в Сарыозеке.

2. Когда вы подпишите акт передачи бывшего здания штаба Среднеазиатского военного округа по улице Джандосова-Правды в Алма-Ате, переселенцам из Семипалатинска и Арала, ведь Среднеазиатский военный округ ликвидирован.

3. Судьба военного училища коренной национальности в г. Алма-Ате после декабря 1986 года.

Нуртай Сабильянов,

г. Алма-Ата, 28. 03. 91.

Жоғарыдағы сауалдарына Нұртай сол кездегi одақтық дәрежедегi ең шендi шенеунiк, КСРО қорғаныс министрi Д. Язовтан сырғытпа жауап алғанын маңызды санамайды. Маңыздысы, бұл ұлтжанды жастың елдiк мәселенi от басы, ошақ қасында ғана айтып қоймау қажеттiгiне берген жауабы, әрi нақты iс жасау керектiгiне үндеген әрекетi iспеттi. Желтоқсан көтерiлiсiнен бүгiнгi уақытқа дейiн халқының қамы үшiн аянбай еңбек етiп келе жатқан ұлтжанды азамат Нұртай Салихұлы бұл турасындағы ойын төмендегiше түйiндейдi:

"Қазақты оққа да байлаған, сотқа да айдаған, аштан да қырған XX ғасыр "Бiз бақытты баламыз" деп ән салдырған бүгiнгi ұрпағына дейiн кесiр-кесапатын алға тартып келдi. Кеңестер Одағының одақтас республикалары мүлгiп отырған жылдарда да қазақтың қаһарман ұлдары тәуелсiздiктiң туын тiгу үшiн жасырын жұмыс iстеп келдi. Сенбейiн десек, ол туралы құжаттар да бар.

Мен ойлаймын, бүгiнгi тәуелсiздiгiмiздiң негiзi, егемендiкке жету жолындағы ұлтазаттық көтерiлiстердiң түйiнi – Желтоқсан көтерiлiсi деп айтуға құқымыз бар. "Iрiген ауыздан шiрiген сөз шығады" демекшi, кейбiреулер айтқандай, алаңдағы жағдай "нашақорлар мен маскүнемдердiң бей-берекетi" емес, бостандық, ұлт намысы үшiн күреске бел буғандардың жанкештi қадамы едi.

Халық шаруашылығы институтының 3-курсында оқитын менi сол алаңға ешкiм алдап немесе күштеп апарған жоқ. Өзге қыз-жiгiттер де адал ниет, шын көңiлмен бейбiт шеру арқылы Мәскеуден берiлетiн партия көсемдерiнiң бұйрықтарымен келiспейтiнiмiздi мәлiмдеуге шықтық. Ұлттық ар-намысты таптатқымыз келмедi. Шын мәнiнде, 5 миллионнан аса қазақ ұлтының арасынан ел басқаратын бiр адамның табылмауы – ақылға қонбайтын әңгiме. Осы сауалға жауап iздеп, еңсемiздi тiк ұстайтын ұлт екенiмiздi партияның бюрократтарына, орталықтың өктемдiгiн мойындатқымыз келдi."

Иә, ұлттық кемсiтушiлiкке ыза болған жастар Республика алаңына жиналып, өз пiкiрлерiн айтуға келдi. Демонстранттармен әу бастан келiссөздi дұрыс жүргiзе алмағаннан кейiн, жағдай шиеленiсiп, мiнбеге шыққан Республика басшыларына дөрекiлiк жасау әрекетiне ұласты. Ақыры тәртiп қорғаушылармен қақтығыс та басталды.

Бұл бас көтеруге басты түрткi болып, өзi де тұтанғалы тұрған отқа май құйған оқиға Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң 1986 жылғы 16 желтоқсанда бар-жоғы он сегiз минутқа созылған пленумда Алматыға арнайы ұшып келген СОКП Орталық Комитетi ұйымдық бөлiмiнiң меңгерушiсi Г.Разумовский Саяси Бюроның атынан ұзақ жыл адал қызметi үшiн Дiнмұхаммед Ахметұлы Қонаевқа алғыс айтып, орнына халыққа аты-жөнi беймәлiм Г.В.Колбиннiң сайлануын жария етуiнде едi. Сол күнi және кешке пленум туралы қысқаша информациялық хабардан басқа ешнәрсе айтылмады, болған жағдайдың себеп-салдары халыққа түсiндiрiлмедi.

Кеңес өкiметi жылдарында Қазақ облыстық, өлкелiк комитеттерiнде, одан соң Қазақстан Орталық Комитетiнде Бiрiншi хатшы болып жиырма шақты адам қызмет атқарыпты. Дегенмен осы уақытқа дейiн мұндай хатшылық қызмет атқарған орыс, украин, грузин, армян, еврей, поляк, ұйғыр сияқты әр ұлттың өкiлдерi арасында тек үш-ақ қазақ болған. Және бұған дейiн Республика коммунистерiнiң басшылығында қазақтың болмауы бұрын-соңды ренiш туғызып көрмептi. Сiрә, орталықтағылар бұл жолы да солай болар деп пайымдаса керек. Бiрақ жағдайды жете бiлмеушiлiк ақырында көтерiлiске әкеп соқты. Екiншiден, әлгiнде айтқан жастармен тiлге келiп, олармен диалог жасау әрекетi iске аспады. Алаңдағы мiнбеге шыққандардың кейбiреуi қазақ тiлiнде сөйлей де алмай, жиналғандардың мазағына ұшырады. "Жiгiттер, қыздар, үйлерiңе қайтыңдар!" дегеннен басқа сөз айта алмады. Дер кезiнде халық сыйлайтын партия, соғыс ардагерлерiн, ақын-жазушыларды, сөз зергерлерiн мiнбеге шығару ешкiмнiң ойына келмептi.

Бiрiншi саты – желтоқсанның 16-сынан 17-сiне қараған түнi Қазақ КСРО Мемлекеттiк Қауiпсiздiк комитетiнiң деректерi бойынша, қаланың алты оқу орны және С.М.Киров заводының №8 жатақханасында, Театр және көркемсурет институтының студенттерi "арандатуға бағытталған iрiткi салу жұмысын жүргiздi". Олар "жастарды шеру жасауға үгiттедi, арандатуға бағытталған ұрандар мен плакаттар даярлап, көшеге алып шықты". Бiр түнде болған қимыл-әрекет 1979 жылы маусымда Ақмолада немiс автономиясына қарсы өткен акцияны ерiксiз еске салады.

Желтоқсанның 16-сынан 17-сiне қараған түнi толқу Ақмоладағы сияқты студент, жұмысшы жастардың жатақханаларында басталды. Ақмолада түнде жазылған транспоранттармен Алматыда сол түнгi жазылған транспоранттар үндес, тiптi кейбiрi сол күйiнде қайталанды. Желтоқсанның 17-сi күнi таңертең Алаңға толқын-толқынмен жиналу әдiсi де Ақмола оқиғасымен үндестi. Қалай болғанда да сол бiр түнгi үрдiстiң басталу, өрбу динамикасын қалпына келтiру Желтоқсан тарихының ең бiр қиын тұсы екендiгiн мойындау керек.

Желтоқсан көтерiлiсi кезiнде әр ұлттың өкiлдерiнен тұратын 2401 адам ұсталды. Солардың iшiнде Алматының соттары 326 адамды әкiмшiлiк жазаға кестi, қылмыстық тәртiп бойынша – 99 адам сотталды, екi адам ату жазасына кесiлдi. Мұның сыртында 270 студент оқудан шығарылып, көптеген жұмысшылар мен қызметшiлер жұмыстан босатылды. Қудалауға, қуғынға ұшырағандар саны шексiз. Тек қана Желтоқсан көтерiлiсiне байланысты Қарағанды университетiнен 25 студент комсомолдан шығарылды, 11-i университеттен қуылды.

Сондай-ақ, бұл бiр қалалық немесе аймақтық та құбылыс емес, жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Империялық озбырлыққа қарсы бас көтеру тек астаналық қала – Алматымен ғана шектелiп қалған жоқ, басқа да облыс орталықтарында, аймақтарда көрiнiс тапты. Желтоқсанның 17-25 күндерi Жамбыл, Шымкент, Талдықорған, Жезқазған, Қарағанды, Павлодар, Көкшетау, Арқалық, Алға сияқты қалаларда, Шамалған, Сарыөзек сияқты елдi мекендерде болып өткен толқулар наразылықтың жалпықазақстандық сипат алғанын айғақтайды. Алматыдағы 17 желтоқсан күнгi толқуларға 25-30 мың адам қатынасқан. Сол күннiң кешiнде және түнде шеруге шыққандарға қарсы қолданылған аяусыз басып жаншу мен қанды-қол қарақшылық, одан қалса зорлау, ұлтына қарай адам аулау шараларына қарамастан, ертеңiне Брежнев алаңына тағы да сонша жастар жиналды. Әскер күштерi мен милиция алаңды қоршап алып, оған ешкiмдi жiбермедi. Ал Алматыдан тыс жерлерде болған шерулерге қатынасқандардың саны – 2500 адам. Бұл саналы түрде кемiтiлiп көрсетiлген сан болуы да ықтимал.

От ұшқынының жан-жағына түсуi – табиғи диалектикалық заңдылық. Жанап өтпесе, қарағандылықтар: Раушан Әлиева (ҚарМУ-дiң студентi), Әлия Еркiмбаева (ҚарМИ-дiң студентi), Раиса Сәрсембекова (АТП бухгалтерi); ақтөбелiктер: Болат Арынразиев (спорт мектебiнiң жаттықтырушысы), Берiк Қалбөкенов (СПТУ мұғалiмi); шығысқазақстандықтар: Гүлжан Кәрiмразина (кооператив техникумының студентi), Ербол Ақтанов (институт студентi); талдықорғандықтар: Анар Серкенова, Мәншүк Мусина (заң техникумының студенттерi); целиноградтықтар: Амангелдi Нүркенов, Асқар Сағынаев (ауыл шаруашылық институтының студенттерi) сияқты т. б. жер-жердегi жастар мен студенттер "ұлтшылдық" көзқарастары үшiн қылмыстық жауапқа не себептi тартылды?..

Ал еш кiнәсiз қаза болған өрiмдей өрендер: Қайрат Рысқұлбеков (Жамбыл), Ербол Сыпатаев (Талдықорған), Сәбира Мұхаметжанова (Өскемен), Ләззат Асанова (Талдықорған), Кенжегүл Молданазарова (Шымкент) сынды бар-жоғы 18-20 жастағы "ұлтшылдардан" атынан ат үркетiн алып империя – кеңес үкiметi қандайлық қауiп көрдi екен?

Басқа елдерден әкелiнген әскердiң жауыздығын өз көзiмен көрiп, жиренiп, алаңға Алматы облыстық iшкi iстер басқармасындағы жедел топтың командирi ретiнде барған Төлеген Әлжан кейiннен қызметiнен өз еркiмен кетiп, қайсар мiнез көрсетедi. Әрi осы жауыздықты әшкере ету мақсатында ақын Мұхтар Шаханов құрған екi комиссияға да кiрiп, жұмыс iстегендегi куә болған жайттарын былайша әңгiмелейдi:

"Әрине, комиссия жұмыс жасаған кезде бiз әлi де Ресейге тәуелдi едiк. Екiншi комиссия жұмысын бастаған тұста Ресейден Гаев басқарған прокуратура, Iшкi iстер министрлiгiнен сегiз адам келдi. Ақыры бiздер жинаған деректердiң көпшiлiгiн Мәскеуге ала кеттi. Сол құжаттардың басым көпшiлiгiн жарақат алғандар, есiнен ауысып ауруханаға түскендер мен қайтыс болғандар жайында болды. Мiне, күнi бүгiнге дейiн осы деректер қолымызға түспей отыр.

Жалпы бiздi қолдаған азаматтар болды ғой. Ә.Мәмбетов, Т.Жаманқұлов, Б.Нұрғазиев сияқты азаматтарымыз таяқ жеп, қансырады. Ал қала прокурорының орынбасары Зиманов Қадырберген Мәскеуден келген жендеттер Стрельников пен Сорокаға қарсы шыққандығы үшiн заңсыз тұтқындалды. Одан өз прокуратура қызметкерлерiмiз Мызников, Волтунов, Азаровтың қудалауына түстi, ақыры көз жұмды. Осы аттары аталған зиялы қауым өкiлдерi үстiнен 85 нөмiрлi "Қоңыр" атты қылмыстық iс қозғалды.

Бүгiнде ескеретiн бiр мәселе, ресми дерек көздерi бойынша, қазiр қалада тiркеуде тұрған желтоқсандықтар – 56, ал елiмiз бойынша сотталғандары – 107, әкiмшiлiк жазаға 430-ы тартылған. Менiң қолымдағы деректер сол кездiң өзiнде қатысқандар санының 12500 болғандығын дәйектейдi. Ал қауiпсiздiк комитетi кезiнде 2 мың деген мәлiметтi ғана көрсеттi"

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетiнiң пленумы туралы ресми хабар ең әуелi "Қазақстан" телеарнасы арқылы ақпараттық бағдарламасынан, содан соң Орталық телевизиясының "Времясынан" берiлдi. Ал 18 желтоқсан күнi "Комсомольская правда" былай деп жазды:"Кеше кешкiсiн және бүгiн күндiз Алматы қаласында ұлтшылдардың арандатуымен бiр топ оқушы жастар көшеге шығып, жуырда болып өткен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетi пленумының шешiмiне наразылық бiлдiрдi. Болған жағдайды бұзақылар, арамтамақтар және басқа да қоғамға жат адамдар пайдаланып, тәртiп сақтаушыларға қарсылық көрсеттi, содан соң азық-түлiк дүкенiн, жеке иелердiң автомашиналарын өртеп, қала тұрғындарын қорлап, жәбiрледi".

Осылайша табиғатында бауырмал, онысын осыған дейiн Қазақстанға жер ауып келген жүздеген ұлтқа жанашырлығымен көрсеткен бүтiндей бiр халыққа қара күйе жағу, ұлтшыл деп айыптау акциясы басталып кеттi. Және ол қарқынды әрi кең ауқымда жүргiзiлдi. Басшылық тiзгiндi ә дегеннен-ақ пәрменi күштi орталық алды.

Желтоқсанның 18-күнi кешке қарай Алматыға КОКП Орталық Комитетi Саяси Бюросының мүшесi, Партиялық бақылау комитетiнiң төрағасы М.С.Соломенцев ұшып келдi. М.С.Соломенцев Алматыға СОКП ОК Саяси Бюросының кең өкiлеттi ресми өкiлi ретiнде келгендiктен, оның тұжырымдары мен бағалары саяси нұсқау мен бұйрық түрiнде қабылданды. Ол оның 1986 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан КП ОК-нiң Бюро мәжiлiсiнде сөйлеген сөзiнде былайша баяндалды:

"Бiр нәрсе анық, алаңда болып өткен оқиғалар кездейсоқ, стихиялық құбылыс емес. Бұл – ұйымдастырылған iс. Ұйымдастырушының кiм екендiгi маған белгiсiз, табамыз ба, жоқ па, оны да айту қиын. Қалай дегенде де мұның ұйымдастырылған iс екендiгi туралы бағаны нақпа-нақ айтуға болады… Белгiлi бiр топ қылмыстық жауапкершiлiкке тартылады. Менiң ойымша, жаңа жылға дейiн-ақ сот процесi болар, 2-3 процесс ашық өтетiн сияқты. Осы жөнiндегi хабарды баспасөз, радио, телевизия арқылы тарату керек. Халыққа мұның бәрiн жақсылап көрсету керек. Қазiр комсомолецтер мен коммунистердiң ұлтшыл, бұзақы iс-әрекеттерiн талқылаған комсомол, партия жиналыстары өтiп жатыр. Не сескендiредi? Алғашқы шешiмдер жұмсақтау болды, қазiр оқиғаға қатысушыларды институттардан қуу керек, ертең оларды, бұзақы, ұлтшылдарды өндiрiске, басшылық жасайтын жерге қалай жiберемiз деген төңiректе әңгiме болып жатыр. Бiрақ баға қатал да талап қойғыш, қорытынды өзгеге жақсы сабақ болуы керек.

…Саясатта, студенттер iрiктеуде бұрмалау бар. Кадрларды осылайша iрiктеу керек пе едi? Қазақ мектептерiн ашу, қазақша оқыту жөнiнде мұндай айтыс болғанын бiлемiн… Алматыда мектепке дейiнгi мекемелер де ұлттық белгi бойынша құралатын болған ба? Бұл қалай, жолдастар, Бюро мүшелерi? Одан әрi не болады? Бүкiл оқыту мен тәрбие қазақша өткiзiледi. Халық арасында, әсiресе жастар iшiнде тәрбие жұмысы, интернационалдық тәрбие жұмысы қожыраған… Қаланың толуы жөнiнде де басын ашып алатын жәйт көп. Мәселен Алматыда, кезiнде мен осында жұмыс iстегенде қазақ тұрғындар 8% болғаны есiмде. Дұрыс па айтып тұрғаным? Ал қазiр 16%. Екi есе екен".

Кезiнде Д.Қонаев ақсақалдың қарамағында қызмет iстеп, өзiнiң моральдық жағынан жеңiлтек адам ретiнде көрсетiп, Қазақстаннан қызметтен қуылған М.Соломенцев осылайша сайрады. "Қазақ ұлтшылдығы" атағын қазақ халқына жақсылап таңудың, бояуын қалыңырақ етiп жағудың жолдарын iздеп, шарқ ұрды. Соломенцев айтқан "процентамания" мәселесi лезде Қазақстанның түкпiр-түкпiрiн шарлап кеттi. Өзi де қоғамның қай саласында болсын азшылық болып табылатын ие қазақтардың үлес салмағы жұмыс орындарында, жоғары оқу ордаларында, мемлекеттiк маңызы бар мекемелерде орыс халқымен салыстырмалы түрде қарастырылды. Қазақтар орыстардан көбiрек шоғырланған жерлерде олар теңестiрiлдi немесе кемiтiлдi. Тату-тәттi тұрып келе жатқан екi халықтың ортасына осылайша сына қағылды. Қазақ халқы өз жерiнде өспесе, өнбесе басқа қай елде өркен жаймақ деген ойдың орнына, қазақ ұлтының дамымауын ойластырған орталық өкiлдерi өздерiн нағыз ұлтшыл, шовинист ретiнде көрсетiп алды.

Бұл тұрғыда желтоқсан көтерiлiсiне қатысқаны үшiн сотталып, сонау Ресейдiң Чита облысына айдалған Расулхан Құдайбергенов сол кездегi елдегi саяси-рухани ахуалдың қазақ ұлты үшiн соншалықты күрделенiп кеткенiн айтады:

"Сол жылдары қазақ мүддесiне қырын қарап келген орталықтың өктем билiгiне көзi қарақты қаймана қазақ қағажу қарай бастаған едi. Iштей қарсылықтың белгiлерiн, әсiресе үлкен қалалардағы қалыпты өмiр арнасына қабыса алмай, ұлттық рухы кемшiн тартқан халықтың тiршiлiк ауанынан байқау қиын емес-тi. Ана тiлiмiз тұсаулы аттың күйiн кешiп, дiн-тiнiмiз тарылды. Қазақ жастарына табылса, жұмыстың ең ауыры бұйырды. Қалалық тiркеу қайдан, "Жетiм бұрыш" жағалау ғана маңдайға жазды. Осы сынды мың-сан кедергi жайттардың күн өткен сайын қоюлана бастағанын арман қуып келген Алматыдан студент бола жүрiп бiз де жете сезiне бастадық. Бұлайша жалғаса беруi мүмкiн болғанымен, оған деген қарсылық пен наразылықтың түбi бiр бой көрсетерi анық едi.

Сол бiр намыстың жанартаулары атқылаған желтоқсанның үш күнiнде де алаңда жүрдiк. Ерекше екпiн бiтiп, елдiк мұратымыз қол созым жерде тұрғандай болды. Әне-мiне, үкiмет үйiн алсақ, арманымызға жететiндей едiк. Шыны сол, мен үшiн бұл жастық максимализмнен гөрi, отаншылдық рухтың басым түскен кезi едi."

Дегенмен "әй дейтiн әже, қой дейтiн қожа" жоқ болған соң, жоғары билiктiң жастарды жазалауға қатысты бұйрығын асыра орындаған қызыл жағалы жендеттер бiлгенiн iстеп, тiзеге басты. Жоғарыда айтып кеткендей 1986 жылы студенттерi жастарды алаңға бастап шыққан Театр және көркем-сурет институтында оқыған Гүлнар Байбосынова Желтоқсан көтерiлiсiне қатысқан кезiндегi қазақ қыздарының қайсарлығы мен тартқан қасiретi турасында былайша сыр шертедi:

"Арамызда таяқтан бет-жүзi адам танымастай өзгерiп кеткен бiр жiгiт болды. Оның көзi шығып кеткен едi. Содан бiздi жетi түнде Шамалған жақтағы жүгерi егетiн алқапқа апарып тастады. Күн суық. Бәрiмiз оңбай таяқ жегенбiз. Жолдың бойымен қалаға қарай жүгiрiп отырдық. Ешқандай машина тоқтамайды. Зорыққандардың аузынан ақ көбiк ағып кетiптi. Әйтеуiр таң ата жатақханаға жетiп жығылдым. Суық қатты өтiп кеткен екен. Бiр ай ауруханада жаттым.

Соның салдарынан қазiр бала көтере алмай қалдым. Мұның бәрi суықтың кесiрi екенiн дәрiгер айтты. Сақылдаған аязда айдалаға апарып тастаған қыздардың бәрi ана болу қабiлетiнен айрылғанын бiлемiн. Бұл – желтоқсанның үлкен қасiретi едi."

Қазақ жастарының ұлтжандылық бейнесi сол кездерi осылайша тағдыр тәлкегiне ұшырады. Орталықтың солақай ойы мен арам әрекетi iске аспады. Желтоқсан көтерiлiсi Балтық жағалауындағы және басқа республикалардағы демократиялық процестiң дамуына себепшi болды. Осыдан кейiн егемендiкке жаппай жол ашылды. Одақтас республикалар бiрiнен соң бiрi егемендiк жолына, тәуелсiз дамуға бет бұрды. Сонымен бiрге Бакуде, Вильнюсте, Ферғанада, Тблисиде қанды оқиғалар тiзбегi жалғасты. Оларда да тоталитарлық режим мен Ресей танкiлерiнiң қанды iздерi қалды.

Болатбек Төлепберген, "Дарын" мемлекеттiк жастар сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткерi

Серіктес жаңалықтары