АДАСУДЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ

АДАСУДЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ

АДАСУДЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ
ашық дереккөзі
329

Осыдан үш жыл бұрын Қазақстанда зерттеу жүргiзген Дiни iстер комитетi елiмiздегi дiни ахуалдың жағдайы күрделенiп, терiс пиғылдағы топтардың көбейгенiн еске салып, дабыл қаққан едi. Iле-шала Қазақстан Мұсылмандары дiни басқармасы мен Дiни iстер комитетi бiрлесiп кадрлық әлеует пен имандардың бiлiктiлiгiн арттыру үшiн "Ислам бiлiмi мен мәдениетiн қолдау" қорын құрды. Жақында Астана қаласының "Кәусар" мейрамханасында қор өзiнiң осы уақытқа дейiнгi жасаған жұмыстарына есеп беру үшiн баспасөз мәслихатын өткiздi.

Қордың даму бағыты мен алдағы жоспарлары көрсетiлген шағын деректi фильмнен кейiн, қордың атқарушы директоры Балғабек Мырзаев: "Бүгiнге дейiн көптеген жұмыстар атқарылды. Ең негiзгi жұмысымыз дiни кiтаптарды шығару мәселесiн дұрыс жолға қойдық. "Саңлақ сахабалар", "Имани гүл", "Ислам ғылымхалы" секiлдi кiтаптар әрқайсысы 25 мың данамен қайта көбейтiлдi. Сол кiтаптарды мешiттерге тегiн таратып жатырмыз", – деп атап өттi.

Аталмыш оқулықтардан бөлек, "Дiн мен дiл" (10 мың), "Қажылық" (5 мың) кiтаптары да жарық көрген екен. Сонымен қатар, "Тәжуид ережелерi", "Рамазан нұр шашқан ай", "Дiн және Отан", "Қасиеттi Құран", "Мәзһаб ұстану – ынтымағымыздың кепiлi", "Ұлық имам – Имам ағзам Әбу Ханифа", "Мұғаллим сәни", "Құрбан айт – құтты мереке", "Жиһад деген не?", "Сүннеттi мойындамау – дiн бұзудың амалы" секiлдi бiрнеше шағын кiтапшаларды алды 100 мың данамен басып шығарыпты.

– Бiздiң қор дiни басқармамен тығыз байланыста. Қазiрге дейiн қордың демеушiлiгiмен 600 мың дана кiтап жарыққа шықты. Қордың негiзгi мақсаты да – мұсылман бауырларымызға, аймақтарда қызмет жасап жатқан мүфтияттың қызметкерлерiне Ислам жайында бiлiмдi тереңнен жеткiзу. Қор құрылған алғашқы күннен бастап, ислам жоғары оқу орындары, медресе басшылары мен оқытушылары, ғалымдармен бiрлесе жұмыс атқарып келедi. Соның негiзiнде 2009 жылдың маусым айында Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасы және ҚР Мәдениет министрлiгiнiң Дiни iстер комитетiнiң мақұлдауымен "Шәкiрт" ислам оқу орындарының оқушылары мен түлектерi" қоғамдық бiрлестiгi ашылды, – дедi Дiни iстер комитетiнiң төрағасы Ардақ Досжан.

– "Өздерiңiзге де белгiлi, көптеген отандасымыз исламдық бiлiмдi шет елдерде алуды жөн санайды. Алайда өкiнiшке қарай, олардың iшiнен игi мақсаттарды көздегенiмен, қажеттi ақпараттар мен мүмкiндiктерiнiң жоқтығынан күмәндi немесе терiс пиғылды болып табылатын оқу орындарында оқып жүргендерi де бар. Бұл жастар елiмiзге оралған кезде, радикалдық исламды немесе қазақстандық қоғамның дiни және этно-мәдени қағидаттарына жанаспайтын уағызшылары ретiнде әрекет етедi. Бұл қоғамның iштей бөлiнуiне алып келедi. Сол себептi осындай қоғамдық бiрлестiктiң арқасында бiз оларға мүмкiндiгiнше дұрыс ақпарат берiп отырамыз".

Қордың жанынан құрылған "Шәкiрт" қоғамдық бiрлестiгiнiң мәлiметiне қарағанда, қазiргi таңда Сауд Арабиясында – 70, Египетте – 149, Түркияда – 84, Сирияда – 19, Ливияда – 6, Малайзияда – 3, Қырғызстанда – 4 студент оқуларын жалғастыруда. "Шәкiрт" қоғамдық бiрлестiгiнiң шет елдердегi ислами оқу орындарында оқып жүрген мүшелерiнiң саны 377-ге жетiптi.

Қор басшылығы шетелдерде бiлiм алып жатқан шәкiрттердi оқу орнын бiтiргеннен кейiн Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасы бөлiмдерiнде тәжiрибеден өтiп, жұмысқа орналастыруды қарастырып жатқандарын жеткiздi.

– Елiмiзде Қазақстан мұсылмандары дiни басқармасына қарасты 8 медресе, 1 университет жұмыс жасап келедi. Олар: Алматы қаласында орналасқан "Нұр-Мүбәрак" университетi, Астана, Алматы, Шамалған, Орал, Павлодар, Ақтөбе, Шымкент және Сарыағаш медреселерi. Сонымен қатар, Астанадан жуырда ғана ашылған қарилер дайындайтын "Қосшы" медресесiн де ескерiп, оларға дiни әдебиеттердi жолдап тұрамыз. Бүгiнгi күнi осы медреселерде бiлiм алып жатқан оқушылардың жалпы саны 588 адамды құрайды, – дедi Балғабек Әбдiқайымұлы.

Ал "Шәкiрт" қоғамдық бiрлестiгiнiң директоры Исатай Тұрғалиұлының мәлiмдеуiнше, бүгiнгi күнге дейiн бiрлестiк мүшелерiнiң жалпы саны 1355-ке жетiптi. "Шәкiрт" қоғамдық бiрлестiгiнiң барлық жұмыстарын ҚР Мәдениет министрлiгiнiң Дiни iстер комитетi және басқа да мүдделi мемлекеттiк органдарымен бiрлесiп жүргiзiп келедi.

"Ислам бiлiмi мен мәдениетiн қолдау" қоры отбасын бiрiктiру, ананы, әкенi және баланы қорғауға бағытталған бағдарламаларды қолдайды және оларды жүзеге асыруға атсалысып келедi. Бұл туралы қор басшысы Балғабек Әбдiқайымұлы былайша түсiндiрдi: – Бiздiң ең нәтижелi жұмыстарымыздың бiрi – өз сәбиiнен бас тартқысы келген аналарды райынан қайтару. Бұл мақсатта дәрiгерлер мен психологтар нақты жұмыстар атқарып келедi. Мұндай жағдайда қор әйелдердiң тұрмыстық және материалдық жағдайларын шешуге де көмектеседi. Соның нәтижесiнде сәбилердi анасынан айырмау мәселесi шешiлуде. Бүгiнгi таңда 37 ананы райынан қайтара алдық.

Журналистердiң "Ислам жайында жазатын БАҚ өкiлдерiнiң сауатын ашуға көмек бересiз бе?" деп қойған сауалдарына қор басшылығы алдағы уақытта бұл ұсынысты күн тәртiбiне қоятындарын жеткiздi.

Нұрай ӘБДIКЕРIМ

Астана қаласы

Серіктес жаңалықтары