"ЭЙР АСТАНАҒА" – 9 ЖЫЛ

"ЭЙР АСТАНАҒА" – 9 ЖЫЛ

"ЭЙР АСТАНАҒА" – 9 ЖЫЛ
ашық дереккөзі
241

Әуе компаниясы жаңа ұшақтармен толықты

2002 жылдың 15 мамырында алып лайнер Алматыдан Астанаға бет алды. Бұл "Эйр Астана" ұлттық әуе компаниясының ең алғашқы сапары болатын. Арада аттай 9 жыл өтiптi. Мерейтой құрметiне компания бразилиялық "Embraer 190" ұшақтарын сатып алған.

"Эйр Астана" әуе компаниясы 9 жылдан берi Қазақстан және ТМД аумағында және Орталық Азия елдерiне жолаушылар тасымалдап келедi. Компания президентi Питер Фостердiң айтуынша, осы уақыт аралығында "Эйр Астана" 14 039 696 жолаушы тасымалдап, 173 224 астам рейс ұшырған. 2010 жылдың нәтижесi бойынша, жолаушы сыйымдылығы 4 пайызға өскен. Жолаушылар саны 17 пайызға артып, 2,59 миллион адамға жеткен.

"Embraer 190" ұшақтары Қазақстан аумағында және ТМД, Орталық Азия аумағында рейстер санын арттыру үшiн арнайы сатып алынған. Жалпы "Эйр Астана" осындай 6 ұшақты сатып алуды көздеп отыр. Олардың 3-еуi ағымдағы жылдың iшiнде операциялық лизингке алынса, екеуi жекеменшiкке, ал қалған бiреуi 2012 жылы операциялық лизингке алынбақшы. 30 сәуiрде алғашқы "Embraer 190" ұшағы Алматыдан Қарағандыға, Павлодарға, Ақтау және Атырау қалаларына, сонымен қатар Ташкентке, Душанбеге, Бiшкекке жолаушылар тасымалдады. Ал 2 маусымда су жаңа ұшақтар Тблиси және Самарамен әуе байланысын орнатады. Компания басшыларының айтуынша, "Embraer 190" әуелайнерлерi 2012 жылға дейiн Fokker 50 ұшақтарын алмастырады. Бразилиядан арнайы әкелiнген жаңа лайнерлердi жүргiзу үшiн 23 ұшқыш Париж қаласындағы ұшқыштар қауiпсiздiгiнiң халықаралық орталығында оқып келдi. 2012 жылдан бастап "Embraer 190" ұшақтарымен ұшу жаттығулары жаңа, виртуалды EVPT жаттығу құрылғысымен Алматы қаласындағы "Эйр Астананың" ұшқыштарды дайындау орталығында өткiзiледi. "Embraer 190" әуелайнерлерiнiң ұшу ұзақтығы, үнемдiлiгi, салмағы мен ыңғайлылығы "Эйр Астана" әуекомпаниясының тұтынушыларына сапалы қызмет көрсетiп, Қазақстандағы, Орталық Азиядағы және ТМД аумағындағы бағыттық желiмiздi кеңейтедi. Алдағы уақытта ұшудың кең географиясы мен қызмет көрсетудiң жоғары сапасының арқасында бiз аймақтық әуе тасымалдау нарығындағы орнымызды нықтай түсемiз. Бiз болашақта "Embraer 190" әуелайнерлерiнiң санын көбейтiп, Алматы қаласынан алыс қашықтықтағы Еуропа мен Азия елдерiмен әуе байланысын орнатамыз", – дедi ұлттық әуетасымалдаушы компанияның президентi Питер Фостер.

"Embraer 190" екi класты, 97 орынды қамтиды. Екi қозғалтқышты, реактивтi ұшақ орташа қашықтықта ұшуға бейiм. Питер Фостердiң айтуынша, жолаушыларға ыңғайлылығын, дизайнын толыққанды жетiлдiру үшiн әрi жанармай мен техникалық қызметке аз шығын кететiндiктен "Embraer 190" әуе лайнерлерi арнайы таңдалған екен.

Әйгерiм БАҚЫТҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары