ТАҒЫ ДА АУҒАНҒА...
ТАҒЫ ДА АУҒАНҒА...
Қазақтың сыртқы саясаты биыл екiұдай жағдайға тап болды. Былтыр Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық жөнiндегi ұйымға төрағалық Ақорданың халықаралық имиджiн бiршама жақсартқаны белгiлi. Осы төрағалық тұсында Қазақстан Орталық Азиядағы қауiпсiздiктi сақтау мәселелерiн, ең бастысы, Ауғанстанда тұрақтылық пен бейбiт тiрлiк орнатуды басты тақырып етiп көтерiп, ЕҚЫҰ-ның 56 мүшесi арасында ортаға салып, талқыға ұсынғаны белгiлi. Тiптi, сол жылы Ауғанстан тақырыбы Қазақстанның жеке ұстанымына айналғандай әсер қалдырғаны да рас.
Ендi мiне, жыл айналмай-ақ Ауғанстан мәселесi қазақ саясаты үшiн нағыз түйткiлге айналғалы тұр. Өткен аптада Қазақстан Парламентiнiң төменгi палата депутаттары "Қазақстан Республикасы мен Солтүстiк Атлантикалық келiсiм-шарт ұйымы арасында Ауғанстанда Қауiпсiздiкке ықпал ету халықаралық күштерiне атсалысу туралы нота алмасу түрiндегi Келiсiмдi ратификациялау туралы" ҚР Заң жобасын мақұлдады. Заң жобасы бойынша палата отырысында баяндаманы Қорғаныс министрiнiң орынбасары Әсет Құрманғалиев пен комитет мүшесi Уәлихан Қалижан жасаған.
"…Дайрабайдың көк сиырына" айналған құжат – осы.
Осы оқиғадан соң, жергiлiктi және аймақтық (әсiресе, ресейлiк) ақпарат құралдары "Қазақстан Ауғанстанға әскер жiбередi" деген мазмұндағы шұғыл ақпарат таратты. Ал үш күн өткен соң, Reuters агенттiгi "Талибан" қозғалысының өкiлдерi Қазақстанның Ауғанстанға НАТО контингентiн қолдау мақсатында әскер жiберу шешiмiнiң салдары ауыр болатынын ескертедi" деген суық хабар таратты. Ақпарат агенттiгiнен алынған тәлiбтер мәлiмдемесiн сөзбе-сөз келтiрсек, онда былай делiнген: "(Қазақстан) ел тұрғындарының талап-тiлегi мен аймақтық мүдденi ескерудiң орнына АҚШ мүддесiн қорғауға бейiл… Қазақстанның бұл бағыттағы әрекетi Қазақстанның Ауғанстанмен және аймақтағы басқа елдермен қарым-қатынасына ұзақ уақытқа кесiрiн тигiзедi".
Reuters агенттiгiнiң хабарлауынша, Қазақстан посткеңестiк Орталық Азия мемлекеттерiнiң iшiнде НАТО күштерiне өз әскерiн қосатын тұңғыш ел болмақ. Қауiпсiздiкке ықпал ету халықаралық күштерi Ауғанстанда АҚШ-тағы 2001 жылғы терактiден кейiн орналасты. Сол уақыттан берi Ауғанстанға Латвия, Литва, Грузия, Армения, Әзiрбайжан, Украина өз әскерлерiн аттандырды.
Ауғанстанда орналасқан халықаралық коалиция құрамында бүгiнде 47 мемлекеттiң әскерi бар. Олардың 19-ы НАТО-ның, ал 6-уы Ислам конференция ұйымының мүшелерi.
Қазақстанның НАТО күштерiне қолдау бiлдiру қажеттiгi туралы мәселенiң айтыла бастағанына бiрнеше жылдың жүзi болды. 2009 жылы НАТО-ның ресми өкiлдерi қазақ әскерилерiн Ауғанстандағы бейбiт мақсаттағы операцияларға қатысуға шақырған болатын. Осы орайда, былтыр Хиллари Клинтонның Қазақстанға қатысты мәлiмдемесi еске түседi. АҚШ мемлекеттiк хатшысы "Қазақстан НАТО бейбiт күштерi аясында өз әскерiн Ауғанстанға аттандырады" деген батыл мәлiмдеме жасаған болатын.
Бұған дейiн Қазақстан Ауғанстанға жеткiзiлетiн жүк пен мамандар тасымалын өз аймағы арқылы жүзеге асыруға рұқсат берген.
Жалпы, Қазақстан мен Ауғанстан арасында дипломатиялық қарым-қатынастың ресми түрде орнаған күнi 1992 жылдың 12 ақпаны. Былтырғы жылғы екiжақты тауар айналымы 364 млн. долларды құраған екен (оның 362,7 млн.-ы – экспорт, ал 1,3 млн.-ы – импорт).
Қазақ үкiметi осы уақытқа дейiн Ауғанстанға 2,3 млн. доллар көлемiндегi қаржылай көмек көрсеткен. Бұл қаржы негiзiнен мектеп, аурухана, жол салу қажеттiлiктерiне арналды. Бұдан бөлек, гуманитарлық көмек ретiнде 10 мың тонна көлемiндегi азық-түлiк жөнелтiлген.
Қазiргi таңда Қазақстанда ауған азаматтарын оқыту бағдарламасы қолға алынған. 2010 жылдың күзiнде 152 ауғандық қазақ жерiне келiп, студент атанды. Жалпы, осы бағдарлама аясында 1000 ауған студентi қазақ елiнен бiлiм алып қайтуы керек.
Жергiлiктi саясаттанушылардың "Талибан" мәлiмдемесiнен соң бұл оқиғаға берген бағасы бiр-бiрiне қарама-қайшы. Бұл жөнiнде Эдуард Полетаев былай дейдi: "Бiрiншiден, Қазақстан үшiн бұл – лаңкестiкпен күресушi ретiндегi өзiнiң халықаралық дәрежесiн бекiтудiң жолы. Екiншiден, бiздiң солдаттарымыз үшiн жақсы тәжiрибе, олар үнемi әскери ойындарға ғана қатысып жүре бермейдi ғой. Оның үстiне, онда қарапайым солдаттарды жiбермейдi, кәсiби әскерилердi аттандырады. Үшiншiден, бұл – бидай түрiндегi гуманитарлық көмек жөнелту емес, одан әлдеқайда маңызды әрекет, бұл әрекет арқылы Қазақстан Орталық Азия аумағында өзiнiң жетекшiлiк ролiн бекiте түспек".
Ал саясаттанушы Досым Сәтпаев бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбатында "тәлiбтердiң қоқан-лоққысын Қазақстанның атынан Ауғанстанға әскер жiберуге қатысты шешiм қабылдайтын мемлекеттiк құрылым өкiлдерi де ескеруi керек" деп санайды. Саясаттанушы "соңғы жылдары Орталық Азияда, Қазақстанда жергiлiктi террористiк топтардың белсендiлiгi артып келедi" деген ой айтады.
Бұған дейiн Қазақстанның Иракқа әскер аттандыру тәжiрибесi бар. Сол кезде де "аль-Каида" ұйымы өкiлдерi тарапынан осындай мазмұндағы қоқан-лоққы жасалғаны есте.
Ал Нұрлан Ерiмбетов қазақ билiгiн елгезектiкке шақырады: "ҚР Сыртқы iстер министрлiгi "Талибанның" қоқан-лоққысы үшiн бар жауапкершiлiктi мойнына алуы тиiс, халықаралық қауымдастыққа, оның iшiнде Ауғанстанға, қазақ бейбiт күштерiнiң бұл елдегi орналасуы бейбiт мақсатта ғана жүзеге асатының түсiндiрiп айтуы керек. "Талибан" ресми ақпараттың жетiмсiздiгiнен бiздiң елге қоқан-лоққы көрсетiп отыр", – дейдi саясаттанушы.
Ресми билiк тарапынан бұл оқиғаға орай әзiрге тек сыртқы iстер министрлiгiнiң ресми өкiлi Асқар Әбдрахманов мәлiмдеме жасап үлгердi: "Қазақстан мен НАТО арасындағы Келiсiм Ауғанстандағы Қауiпсiздiкке ықпал етушi халықаралық күштерiнiң Кабулда орналасқан штабына төрт қазақстандық офицердi жiберудi көздейдi, олар әр алты ай сайын ауыстырылып отырады" дедi. Яғни бұл – "Қазақстанның қарулы күштерi осы елге барады деген сөз емес, бiрақ БҰҰ мойындаған және Ауғанстанның халқы сайлаған үкiмет пен парламентке елде қауiпсiздiк пен бейбiт өмiрдi қалпына келтiруге көмек берудi көздейдi".
Қанша әскеридi аттандырса да, Қазақстан олардың жол шығынын, қару-жарақпен, қажеттi құрылғылармен қамтамасыз ету шығындарын өз мойнына алады.
Ал төрт офицердiң Ауғанстанға баратыны жөнiнде былтыр сол кездегi Сенат төрағасы Қасымжомарт Тоқаев ресми түрде мәлiмдеген болатын. Бiрақ ол кезде бұл мәлiмдеме бәлендей жаңалық болып көрiнбеген. Ендi мiне, "Талибан" өкiлдерiнiң қоқан-лоққысынан соң ғана бұл мәселе ақпарат құралдарының осы аптадағы басты тақырыбына айналды.
Ақтөбе ҰҚК Департаментi ғимаратында өзiн-өзi жарып жiберген жанкештiнiң өлiмiне алғашқыда "заң алдында жауап беруден қашқан адамның әрекетi" деп баға берiлсе, бiр күннен соң бұл оқиға "лаңкестiк" деген бап бойынша тiркелiп, қылмыстық iс қозғалды. Бұл iс бойынша қазiргi таңда 20 адам қамауға алынған.
Бұл жарылыс атышулы заң жобасын Мәжiлiс депутаттары мақұлдағанға дейiн бiр күн бұрын болса да, "Талибан" қозғалысы мүшелерiнiң мәлiмдемесiнен кейiн осы екi оқиғаның арасынан байланыс iздегендер де табылды.
Ал Астанада ҰҚК ғимараты алдында көлiк жарылып, бiрнеше адам қаза болған. Бұл оқиғаға да "лаңкестiк" деген баға берiлдi. Мамандар 17 мамырда Ақтөбеде болған және 24 мамырда Астанада болған лаңкестiк оқиғалар арасында ұқсастықтар бар екенiн айтады.
АҚШ-тың Ауғанстан және Пәкiстан жөнiндегi арнайы өкiлi Марк Гроссманның Қазақстанға ресми сапарынан соң iле-шала осы заң жобасының Мәжiлiсте мақұлдануы кездейсоқтық па?
Кешегi аптада Марк Гроссман Орталық Азия елдерiн аралап, елiмiзде 18-19 мамырда лауазымды шенеунiктермен екiжақты әрiптестiк және аймақтық қауiпсiздiк мәселелерi жөнiнде келiссөздер жүргiзiп қайтқаны ресми ақпарат көздерiнен белгiлi. Ендеше атқарушы билiк пен Парламент депутаттарының белсендiлiгiне осы сапар ықпал еттi ме?
Ал әлемдiк ақпарат құралдарында НАТО-ның әскери күштерi Ауғанстанда ендi қанша тұрмақ деген мәселеден гөрi, АҚШ өз әскерiн қалай алып кетпек деген ой басым.
Өткен аптада АҚШ-тың Washington Times газетiнде "Ауғанстанның болашағына көз салсақ" атты мақала жарық көрдi. Онда "…Шындығында, бұл елдердiң ешқайсысы да АҚШ-тың Ауғанстаннан кеткенiн қаламайды… Өйткенi Ауғанстанда жарылыс болып, ол радикалды ислам ошағына айналса, орыстар қауiпсiздiгiне қатты алаңдайтын Орта Азияда тұрақсыздық басталмақ. Ешкiм де, орыстар да, қытайлар да мұндай сценарийден жақсылық күтпейдi. Шындығында, бұл екi мемлекет АҚШ осында мәңгiге қалып, олардың орнына лас жұмысты жүргiзе бергенiн қалайды, ал олар Ауғанстанның табиғи байлығының қызығын көрер едi, айтпақшы, қытайлар қазiрдiң өзiнде осыны iстеуде" делiнген. Мiне, нағыз америкалық қоғамның бiр мүшесiнiң пiкiрi.
Тағы бiр мәселе, "Талибанның" мәлiмдемесiн салқынқанды сарапқа салғанда, Қазақ елiне төнер қауiптiң салмағы қаншалықты? Ресми мәлiметтерге жүгiнсек, былтырғы жыл – халықаралық коалиция күштерi әскерилерiнiң өлiмi бойынша "рекордты" жыл болған сияқты. Дегенмен "Талибан" күштерi арасында да өлiм-жiтiм аз емес, бiрақ бұл орайда нақты мәлiмет жоқтың қасы. Ауғанстан iшкi iстер министрлiгi таратқан мәлiметке сенсек, 2010 жылы Талибан қозғалысының 5225 мүшесi көз жұмған, ал 5596 мүшесi қамауға алынған. Сонда да бұл деректерде оппозиция күштерiнiң шығыны аздап әсiреленуi мүмкiн деген пiкiр бар.
Дегенмен атышулы заң жобасы әлi Сенат қарауында жатқанын ескеру ләзiм. Егер Сенат та қолдап, Елбасы қол қоятын болса ғана, бұл заң өз күшiне енедi. Одан соң бұл Келiсiмге НАТО тарапынан қол қойылуы керек.
Ендеше бүгiнгi мәселелелер мен оған ұласатын әрекет арасында бiрнеше ай әлде жыл бар шығар.
Айтпақшы,
Ауғанстан ресми билiгi қазiргi уақытта Шанхай ынтымақтастық ұйымына бақылаушы болуға құлықты. Қазақстан Сыртқы iстер министрi Ержан Қазыханов бұл ұсынысты Астана қолдайтынын айтты. Бiрақ бұл ШЫҰ жақын арада жаңа мүшелермен толығады деген сөз емес. "ШЫҰ аясын кеңейтуге қатысты мәселеге келер болсақ, бiздiңше, бұл – объективтi мәселе. Дегенмен Астанадағы ШЫҰ саммитiнде өтiнiш берушi мемлекеттiң мүше болу үшiн орындауға тиiстi мiндеттерi туралы меморандум қабылданса да, ол бiр жылдан соң ұйым құрамында жаңа мүшелер пайда болады деген сөз емес", – дедi Қазыханов. Министрдiң айтуынша, бұл да – бiрнеше жылды қажет ететiн шаруа.
Гүлбиғаш Омарова