ДҮЙIМ ЕЛДI АЛАҢДАТҚАН ИНВЕСТИЦИЯ

ДҮЙIМ ЕЛДI АЛАҢДАТҚАН ИНВЕСТИЦИЯ

ДҮЙIМ ЕЛДI АЛАҢДАТҚАН ИНВЕСТИЦИЯ
ашық дереккөзі
389

Министрлер: "Қытай экспансиясы" деуге еш негiз жоқ", – дейдi

Алматы қаласында "Қазақстандағы шетелдiк инвестициялар: тәжiрибе, мiндет және келешек" атты ауқымды тақырып аясында дөңгелек үстел болып өттi. Оған елiмiздiң бiрқатар министрлiк басшылары мен ұлттық компания өкiлдерi, сондай-ақ Парламент депутаттары мен қоғамдық ұйым мүшелерi қатысып, инвестициялық саясат жөнiнде жан-жақты пiкiр алмасуға мүмкiндiк алды. Басқосуда негiзiнен Қазақстан мен Қытай арасындағы инвестициялық қарым-қатынас талқыға түстi.

Кез келген мемлекет экономикалық әл-ауқатын, әлеуметтiк тұрмысын көтеру үшiн шетелдiк инвестицияға арқа сүйейтiнi сөзсiз. Ол үшiн сырттан ағылған инвесторларға қолайлы әрi оңтайлы жағдай қалыптастыру шарт. Әйтпесе өз аяғымен келiп тұрған шетелдiк инвестициядан қағылуымыз мүмкiн. Әсiресе бiздiң елде Қытай мемлекетiнiң инвестициялық салмағы едәуiр басымдыққа ие. Былтырғы жылы тартылған инвестиция көлемiнiң 3,9 пайызы қытайлық үлестiң еншiсiнде. Алып көршiден келiп жатқан негiзгi инвестиция елiмiздiң бас байлығы – мұнай-газ секторына құйылуда.

Алқалы басқосуда сөз алған Мұнай және газ министрi Сауат Мыңбаев пiкiрiн салмақты түрде жеткiзуге тырысты. "Былтыр мұнай өндiруде қытай компанияларының үлесi 22 пайызды құрады. Алайда 2014 жылдан бастап мұнай және газ конденсаттарын өңдеуде Қытай компаниялары иелiк ететiн активтердiң үлесi азайып, 2020 жылға таман 8,9 пайызға төмендейтiн болады. Бұл кенiштердегi өнiм өндiру көлемiнiң төмендеуiне байланысты орын алмақ. Мәселен "АқтөбеМұнайгаз" компаниясындағы келiсiмдерiнiң мерзiмi 2017 жылы аяқталмақшы", – дедi ол. Министр сондай-ақ, Қазақстан нарығындағы кез келген елдiң компанияларының үлесiне мониторинг жүргiзу қажеттiгiн баса айтып: "Бiздiң елiмiзде шетел компанияларының үлесiне мониторинг жүргiзудiң құқықтық әдiстерi мен ережесi бар. Қазақстан нарығында жұмыс жасайтын шетелдiк компаниялар оны Үкiметтiң келiсiмi мен шешiмiнсiз басқа компанияға сата алмайды. Табиғат пайдалану туралы заңда да активтердi сатып алуда мемлекеттiң басым құқығы көрсетiлген", – дегендi тәптiштей жеткiздi.

Елiмiздегi оппозициялық партиялар мен қоғамдық ұйымдар өткен сенбiде "Қазақстанның ұлттық байлығының жаппай сатылуы тоқтатылсын!" деген ұранмен митингi ұйымдастырғаны да белгiлi. Қытайға 1 млн. гектар жердiң жалға берiлетiнi рас па?

Көпшiлiктiң көкейiн тескен бұл мәселе дөңгелек үстелдiң пiкiрталас тақырыбына айналып кеттi. Бұл тұрғыда Мұнай және газ министрi Сауат Мыңбаев дүрбелең туғызатындай дәнеңе жоқ екендiгiне екпiн түсiрiп: "Бiз Қытайдың үлкен нарық екенiн ескерсек, олардың инвестиция салуына жол бермеуiмiз қате шешiм болар едi. Әрине, Еуропа мұнай және газ саласы бойынша негiзгi табыс көзi болғанмен, оларда шектеу бар. Ал Қытаймен өзара әрiптестiгiмiз экономикамыздың өрлей түсуiне жол ашады", – дедi.

Ал оппозициялық партияның өкiлi Әмiрбек Тоғысов мырза "Қытай экспансиясына" байланысты Экономикалық даму және сауда министрi Қайрат Келiмбетовке қаратып бiрқатар сауал тастаған. Министр: "Оппозиция онсыз да Қытайға кеңес әскерлерiнiң көзiмен қарайтын адамдарды шошытпауы керек", – дедi. Одан әрi алып көршi жайында пiкiрiн былайша сабақтады. "Бүгiнде Қытай әлемдiк экономиканың әлемдiк лидерiне айналды. Сол себептен де оларға басқаша көзқараспен қарау керек. Бiз тәуелсiздiк алғанда әуелi Қытаймен шекара мәселесiн түпкiлiктi шешiп алдық. Қалай десек те, Кеңес кезiнде шешiлмеген бұл мәселе тез реттелдi. Одан кейiн Қытай, Ресей және Орта Азия мемлекеттерiнiң, соның iшiнде Қазақстанның үлкен сенiм алаңына айналған ШЫҰ пайда болды. Ұлттық қауiпсiздiк мәселесi шешiлдi. Құдайдың өзi табиғи ресурстарға бай экономика секторын дамытуға мүмкiндiк берiп отыр. Қазiр экономикалық көрсеткiшiмiз бойынша Ресейден кейiнгi екiншi орында, ал ТМД елдерi iшiнде көшбасшымыз. Елiмiзде жан басына шаққандағы ЖIӨ 10 000 АҚШ долларына тең. Елбасының тапсырмасына сәйкес, 2015 жылға дейiн бұл көрсеткiштi 15 000 АҚШ долларына дейiн ұлғайту қажет. ТМД аумағындағы қай елдi алсаңыз да, бiз сияқты жедел түрде дағдарыстан шығып, экономиканың өсуi 7 пайызды құраған ел жоқ. Тәуелсiз ел тарихында тұңғыш рет жаңа технология арқылы газхимиялық кешен тұрғызуға, битум зауытын салуға мүмкiндiк алдық. Мұның көпшiлiгi дерлiк Қытайдан алған 10 млрд. несиенiң арқасында жүзеге асуда. Бұл – Қазақстанның үлкен жетiстiгi", – деп толықтырды. Айта кету керек, осы бағытқа сай мұнай өндiретiн Атырау, Шымкент, Павлодар зауыттарына модернизациялау жұмысы жүргiзiлiп жатқан көрiнедi.

Күн тәртiбiне айналған – Қытайға жер беру мәселесi жайында пiкiрiн бiлдiрген Парламент мәжiлiсiнiң депутаты Ержан Рахметов "Жер кодексiн" тағы да еске салды. "Қазақстан Республикасының жер қатынастарына қатысты қолданыстағы заңы шетелдiктерге ауылшаруашылық жерiн уақытша пайдалану үшiн 10 жыл мерзiмге жалға беруге мүмкiндiк бередi. Сонымен бiрге тек Қазақстан азаматтарына және заңды тұлғаларға ғана ұзақ мерзiмге ауылшаруашылығы жерлерiн жалға беруге рұқсат етiлген (5 жылдан 49 жылға дейiн). Ал 99 жылға жалға беру мәселесi заңнамада көрсетiлмеген", – дедi.

Индустрия және жаңа технологиялар министрiнiң бiрiншi орынбасары Альберт Рау Қазақстанның ең iрi инвесторының қатарына Қытайды ғана жатқызуға болмайтындығын айтады. "Бүгiнге дейiн Нидерланды, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Италия, Қытай, Ресей мемлекеттерiнен ауқымды көлемде инвестиция тартылды. Қазiр Қытай бизнесi уран саласындағы 2 жобаға ғана қатысуда. Ал Қарағанды көмiр бассейнiнде ешқандай Қытай бизнесiнiң жоқ екенiн ресми түрде мәлiмдеймiн", – дедi Альберт Рау.

"Қазатомөнеркәсiп" ҰАК" АҚ-ның президентi мен CGNPC Директорлар кеңесiнiң төрағасы стратегиялық әрiптестiк туралы келiсiмге 2006 жылы қол қойған болатын. Бұл Қытай мен Қазақстанның энергетика саласындағы әрiптестiк аясын дамытудағы маңызды қадам болып есептелдi. Соның нәтижесiнде АЭС құрылысы, құрылыс менеджментi және АЭС ғимаратын бақылау жұмысымен айналысатын жаңа кәсiпорын құру көзделген. Оны CGNPC-тiң еншiлес кәсiпорны Қытайдың ядролық-энергетикалық инжинирингтiк компаниясы мен "Қазатомөнеркәсiп" компаниясы бiрлесiп қаржыландыруда.

Қытай көбiнесе Латын Америка (47 млрд. доллар), Африка (40 млрд. доллар), Ресей (25 млрд. доллар) мемлекеттерiне қомақты инвестиция құюда. Мәселен 2010 жылы олар инвестициялауды АҚШ-та 208 пайызға, ал Еуропада 70 пайызға ұлғайтты. Сондай-ақ өз елiне 100 миллиардтан астам доллардың инвестициясын тартып, өздерi 60 миллиард доллардың инвестициясын шет елдерге салды. Ал Қытайдың Қазақстанға берген тiкелей инвестициясы 2010 жылы 5 млрд. долларға жеткен. Бұл – елiмiзге тiкелей тартылған жалпы инвестицияның 3,9 пайызы ғана екен.

Басқосуда сөз алған Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Гүлшара Әбдiхалықова шетелдiк жұмыс күшiне белгiленетiн квота еңбекке қабiлеттi халықтың 0,75 пайызын құрайтынын айтты. 1 маусымнан бастап шетелдiк жұмыс күшiне қатысты қосымша жаңа норма енгiзiлген. "Шетелдiк жұмыс күшiне берiлген квота бұрын еңбекке қабiлеттi халықтың 1,25 пайызын құрап келген едi. Жұмыс орындары бұл қызметкерлердiң өзiне қаншалықты тиiмдi екенiн қайта сараптап, квота соңғы 3 жылда 40-50 пайызға ғана орындалуда. Соның нәтижесiнде ол 1,25-тен 0,75 пайызға дейiн төмендедi", – дейдi Г. Әбдiхалықова.

Дөңгелек үстелге қатысуға мүмкiндiк алған оппозиция өкiлдерi бұл басқосу қоғамда өршiп тұрған "қытай экспансиясы" мәселесiн басу үшiн ұйымдастырылып отыр дегендi айтса, белгiлi экономист, "Ракурс" экономикалық даму орталығының директоры Ораз Жандосов болса, "халықты алаңдатып отырған басты мәселе – инвестицияның ашықтығы" дегендi қаперге салды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары