Дүниежүзi қазақтарының IV құрылтайы:

Дүниежүзi қазақтарының IV құрылтайы:

Дүниежүзi қазақтарының IV құрылтайы:
ашық дереккөзі
683

ШЕТТЕН КЕЛIП, ШЕР ТАРҚАТЫП АТТАНДЫ

Өткен аптада, мамырдың 25-27-сi аралығында Дүниежүзi қазақтарының IV құрылтайы болып өттi. Құрылтайға әлемнiң 35 елiнен 365 делегат қатысты. Шет мемлекеттерден келген қазақтар мұң-мұқтаждарын биiк мiнберден айта алды. Президент қатысқан жиында жарыссөзге шыққан делегаттар өз елдерiндегi қазақтың проблемаларын сөз еттi.

Астанадағы дүниежүзi қазақтарының IV құрылтайында Елбасы құзырлы органдарға төрт мiндет жүктедi. Соның ең бастыларының бiрi – қазiр Парламент Мәжiлiсiнде қаралып жатқан "Халықтың көшi-қоны" туралы Заң.

– Парламент қабырғасында қаралып жатқан "Халықтың көшi-қоны туралы" Заң жобасына айтылар ұсыныстар мен енгiзiлер өзгерiстердi бiрлесiп әзiрлеу керек. Онда қандастарымыздың құжат тапсыруда, тiркеуге тұруда, азаматтық алуда кездесетiн түрлi кедергiлер жойылуы тиiс, – дедi Президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Бiрақ "Халықтың көшi-қоны туралы" Заң жобасында да, былтыр қабылданған арнайы Қаулыда да шетелден келетiндердiң Қазақстан аумағында жүруiн жеңiлдету жағы аз байқалады. Әрине, шетелден келетiндердiң жүрiп-тұруын қадағалау – бұл ұлттық қауiпсiздiгiмiз үшiн қажет. Бiрақ бұған дейiнгi заңдарымызда шетелдерден келетiн қазақтар үшiн арнайы жеңiлдiктер қарастырылушы едi. Қазiр оның көбi алынып тасталған.

– Бұл жайында арнайы заң қабылданған жоқ. Соңғы бiр-екi жылда шетелден келетiн қазақтарды өзге шетелдiктермен бiрдей қарайтын Қаулылар қабылданған. Сол себептi де Қытайдан келетiн қазақтардың Қазақстандағы визасының уақыты аяқталғаннан кейiн, оны дереу шығарып жiбередi. Қазiр виза тек үш айға ғана бiр мәрте және көп мәрте берiлiп келедi. Бұрын виза алты айға немесе бiр жылға берiлетiн және оның мерзiмi аяқталғаннан кейiн, Қытайға шығармай-ақ, уақытын созып беретiн. Сыртқы iстер министрлiгiне Қанат Саудабаев басшылық еткен екi-үш жылда осындай өзгерiстер жасалды. Неге мұндай қатаң шаралар қолдана бастағаны түсiнiксiз. Бiр нәрсе айқын – бұл саясаттың Президенттiң, елiмiздiң шеттегi диаспораға қатысты саясатына қайшы екендiгi. Ендiгi мәселе осындай шешiмдердiң күшiн жойып, яки ең алғашқы қазақ диаспорасына берiлген жеңiлдiктер мен артықшылықтар қайта орнына келуi керек, – дейдi тарих ғылымдарының докторы Нәбижан Мұхаметханұлы.

Қазақ диаспорасына арналған жеңiлдiктердiң алынып тасталғаны олардың Кеденде де түрлi кедергiлерге де тап болуына мәжбүрлеп отыр. Бұрын Қазақстанға қоныс аударушы әрбiр шетелдiк қазақ түрлi кедендiк алымдардан босатылатын. Бұл бап әзiр де жұмыс iстейдi. Алайда Кеден комитетiндегiлер шетелден келетiн қазақтарды бұл алымдардан босатпайды екен. Қытайдан Құрылтайға арнайы делегация құрамында келген, "Шыңжаң" газетiнiң тiлшiсi Қалиакпар Сәнiмханұлы Қытайдан қазақ журналистерiнiң бұл құрылтайға бiрiншi рет қатысып тұрғанын айта тұрып, көшi-қон саласында кездесетiн кедергiлер жайында ой бөлiстi:

– Менiң ата-анам Астанада тұрады. Осында қоныс аударған. Құдайға шүкiр, алыс-берiс, барыс-келiс жақсы. Екi ел арасының қарым-қатынасы да жақсы. Бiрақ соңғы жылдары Қазақстанға келу визасын алу бiз үшiн қиындап тұр. Биыл ақпанның 15-iнде Үрiмжiдегi Қазақстанның визалық-паспорт бөлiмiнiң алдында виза алуға кезекке тұрғандардың саны 10 мыңнан асты. Сол себептi де тiркеу тоқтатылып, қайта жаңартылмады. Қазiр бұл дауды реттеу үшiн арнайы шаралар қабылданып жатыр. Бiрақ, дегенмен Үрiмжiдегi Қазақстанның визалық-паспорттық бөлiмiнде небәрi 4-ақ адам жұмыс iстейдi. Бұл виза алғысы келетiн, Қазақстанға қоныс аударуға ниеттi қазақтардың сұранысын қанағаттандыра алмайды. Бұған дейiн күнiне 60-80 паспорт қабылданып келсе, қазiр оның саны 160-қа дейiн өстi. Бiрақ кезек алға жылжыр емес. Сондықтан бiздiң ойымыз Үрiмжiдегi визалық-паспорт бөлiмiнiң дәрежесiн көтеру қажет. Оны Консулдық деңгейiне жеткiзсе. Қазақстанның бұндай консулдықтары Қытайдың iшкi өлкелерiнде – Шанхайда, Гонконгта бар. Егер Шыңжаңда бас консулдық ашылатын болса, виза мәселесiн шешудiң жалғыз жолы осы. Бұл Қытайдағы қазақтар үшiн аса пайдалы болар едi, – дейдi Қалиакпар Сәнiмханұлы.

Үрiмжiдегi визалық-паспорт бөлiмiнiң бастығы Қайыржан Сәрсебаев қазiр визаны тездетудiң жолдарын қарастырып жатқандығын айтады.

– Қазақстан Республикасының Қытайдағы Төтенше және өкiлеттi елшiлiгiнiң Үрiмжiдегi визалық-паспорттық бөлiмге басшылық қызметке орналасқаныма көп бола қойған жоқ. Дегенмен мен осы Қытайдағы елшiлiкте 15 жылдай жұмыс iстеймiн. Жағдай маған жақсы таныс. Қазiр күнiне екi жүздей паспорт қабылдап, мәселенi оңтайлы шешудiң жолдарын қарастырудамыз. Қазiр Үрiмжiдегi паспорттық-визалық бөлiмде алты адам жұмыс iстейдi, солардың төртеуi виза рәсiмдеумен айналысады, – деген ол қазiр Үрiмжiден Қазақстанға келгiсi келетiн қазақтарға алты айлық виза рәсiмдеудi қайта қарастырып жатқандығын айтты.

Бiз паспорттық-визалық бөлiмнiң меңгерушiсi Қайыржан Сәрсебаев мырзаға Шыңжаң қазақтары жиi қоятын Кедендiк алымдардың қазақтарға да салынатындығы жайында жиi шағымданатындығын алға тарттық:

– Сыртқы iстер министрлiгiнiң Консулдық қызмет департаментiнде және шетелдердегi Қазақстан елшiлiктерiнде әлеуметтiк экономикалық жеңiлдiктер беретiн бiр құжат беретiнбiз. Егемендiк алғаннан кейiн 2003-2005 жылдарға дейiн, нақты есiмде жоқ, осындай анықтамалар арқылы олар кедендiк алымдардан босатылатын. Қазiр визалық-паспорттық қызметi ондай анықтама бере алмайды. Бiздiң миссиямыз – тек Қазақстанға кiретiн виза беру, – дедi Қайыржан Сәрсебаев.

"НҰРЛЫ КӨШТIҢ" ЖОЛЫ НЕГЕ БОЛМАДЫ?

Елбасы айқындаған тағы бiр мiндет – 2009 жылдан берi жүзеге асырыла бастаған, бiрақ алғашқы пилоттық жобалары сәтсiздiкке ұшыраған "Нұрлы көш" жобасының екiншi кезеңiн жүзеге асыру.

– "Нұрлы көш" жобасының екiншi кезеңiн жүзеге асыруды қолға алып отырмыз. Бұл кезеңде қандастарды жаңа өндiрiстi өңiрлер мен ауыл шаруашылығына кеңiнен тартудың жолдары сараланатын болады. Ол үшiн келген мамандарды қажеттiлiкке байланысты қайта даярлау, қысқа мерзiмде оқытуды қамтамасыз етемiз, – дедi Елбасы.

Бiрақ "Нұрлы көш" жобасымен Ақмола облысының Көкшетау қаласына жақын орналасқан "Красный Яр" ауылында тұрғызылған үйлер алғашқы қысқа төтеп бере алмай, қабырғалары мұздап, жаққан отын мен көмiр шақ келмей, тұрғындардың зықысын әбден шығарғаны мәлiм. Бұл жөнiнде кезiнде тарап кеткен Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi Көшi-қон комитетiнiң бұрынғы төрағасы Қабылсаят Әбiшев үйлердi салған "Сарыарқа" әлеуметтiк-кәсiпкерлiк корпорациясы шаршы метрiн 379 долларға салғандықтан, құрылыс материалдарының сапасыз, арзан болғандығын мойындай отырып, қоныстанушылардың өздерiн кiнәлап, оларды "көмiр жағуды бiлмейдi екен" деп айыптағаны бар. Дәл сондай жоба Шығыс Қазақстан облысында да қолға алынғаны мәлiм. Курчатов қаласындағы қайта жөндеуден өткен үйлердiң де сапасы сын көтермейтiндiгi жайында көп жазылды. "Нұрлы көш" бағдарламасының орта жолда ақсағандығы жайында кезiнде журналистер "Нұрлы көш сорлы көшке айнала ма?" деп те ұрандатты. "Нұрлы көштiң" негiзгi мақсаты – қазағы аз, өндiрiстiк аймақтар, солтүстiк өңiрлерге қазақтарды көптеп қоныстандыру. Сөйтiп демографиялық ала-құлалықты жою. Сондай аймақтардың бiрi – Павлодар облысында "Нұрлы көш" бағдарламасы әлi iске қосылмапты. Бұл жайында Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының Павлодардағы филиалының төрағасы Болат Зауыт мәлiмдедi.

– Бiздiң Павлодар облысы "Нұрлы көш" бағдарламасын алғашқылардың бiрi болып қолға алуы тиiс едi. Бiрақ, неге екенiн қайдам, әлi күнге дейiн ешқандай қозғалыс жоқ. Бағдарлама бойынша "Нұрлы көш" 2009-2015 жылдары жүзеге асуы тиiс едi. Оның қай өңiрде, қай ауылда жүзеге асырылатыны, бүкiл жобасы жасалған. Бюджетi нақтыланған. Бiздiң бiлуiмiзше, облыстық бюджеттен алғашқы пилоттық жобасына 82 миллион теңге бөлiнедi деп жоспарланған. Бiрақ оған не тұсау, кiм бөгет болып отырғаны беймәлiм. Арнайы қаржы бөлiнген жоқ әлi, – деген едi ол "Түркiстан" газетiне берген арнайы сұхбатында.

ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫНА АРНАЛҒАН БIЛIМ ГРАНТЫ КӨБЕЙЕ МЕ?

Құрылтайда Елбасы Бiлiм және ғылым министрлiгiне арнайы тапсырма берiп, шетте жүрген қазақ диаспорасы өкiлдерiне бөлiнетiн мемлекеттiк бiлiм грантын молайту қажеттiгiне тоқталды.

– Шетелден келген құрылтай қонақтарының 60 пайызы жастар екен. Әлемдегi барша қазақ жастарының сапалы бiлiм алуына тиiстi жағдай жасауымыз қажет. Қазақстанда бiз оны жасаймыз. Осыған байланысты Бiлiм және ғылым министрлiгiне қандастарымызға бөлiнетiн бiлiм грантының квотасын нақтылап, жүйелi жұмыс жүргiзудi тапсырамын. Әлемнiң әр қиырындағы қазақ жастарын атамекенге оқуға және қызмет етуге шақырамын. Жаңа дәуiрге қадам басқан Қазақстанға отаншыл, бiлiмдi жастарымыз аса қажет, – деген едi.

Қазақ диаспорасы өкiлдерi мемлекеттiк бiлiм грантының 2 пайыздық жеңiлдiгiн баяғыдан пайдаланып келедi. Егер де жыл сайын 30 мыңнан астам мемлекеттiк бiлiм гранты бөлiнсе, оның 600-дейi қазақ диаспорасы өкiлдерiне тиесiлi.

Дегенмен шеттегi 5 миллион қазақ үшiн бұның аздық ететiндiгi жайлы тағы да мәселелер көтерiлiп келедi. Бiлiм және ғылым министрлiгi Елбасының тапсырмасына қаншалықты тыңғылықты мән беретiндiгiн уақыт көрсетер.

ЕҢБЕК КҮШIНЕ КIМДЕРДI ШАҚЫРАМЫЗ?

Қазақстанда этникалық көшi-қон квотасының сыртында еңбек көшi-қонына арнайы квота белгiленгелi бiраз уақыттың жүзi болды. Қазiр жылына 50-100 мың көлемiнде еңбек мигранттары шақырылады. Оларға бөлiнетiн қаржы да әжептәуiр және мамандық дәрежесiне орай әртүрлi деңгейде әлеуметтiк жағдай жасалынады.

Сол себептi де шетте жүрген бiлiктi маман қазақтарды осы еңбек көшi-қоны негiзiнде шақыру керектiгi жайлы әңгiме көтергелi бiраз уақыт болды. Бiрақ Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi артық тер шығарып, шетелдегi бiлiктi қазақ жастарын iздеуге уақыт зая кетiрмедi.

Елбасы осы Құрылтайда:

– Шетелдерде техникалық бiлiм алған қазақ жастарын индустриялы аймақтарға қызмет етуге шақырамыз. Қажет болса әлеуметтiк қолдау да көрсетемiз, – дегендi қадап айтты.

Демек еңбек көшi-қонына арналған квотаға шеттегi бiлiмдi де бiлiктi қазақ жастарын тарту күн тәртiбiне енгiзiлiп отыр.

Шетелден қоныс аударған қазақтар арасында небiр майталман мамандардың қарапайым жұмысшы деңгейiнде ғана қызмет атқарып жүргенi мәлiм. Егер еңбек көшi-қоны квотасының кемiнде он пайызы қазақтарға арналса, шеттен келiп жұмыссыз сандалып жүретiндердiң саны азаяр ма едi?! Бұл өз кезегiнде этникалық көшi-қонның жүйеленуiне де өз септiгiн тигiзер едi.

P.S. Кезектi құрылтай аяқталды. Ойда тағы көп түйткiл. Шетелдегi қандастарымыз жазу бiрлiгiнiң жоқтығын, өзара рухани байланыстың аздығын, шетелдерде қазақ тiлiнде бiлiм беретiн мектептердiң жоқтығын сөз еттi. Құрылтай барысында немiс диаспорасына көмек қолын созатын "Гете институты", орыстарды қолдайтын "Пушкин орталығы", қытайларға рухани жәрдем көрсететiн "Конфуций орталықтары" секiлдi тарыдай шашылып жүрген қазақтарға рухани бағыт-бағдар беретiн "Абай орталығын" ашу жайлы пiкiрлер айтылды. Қазақ тiлi тек шетте ғана емес, Қазақстанның өзiнде қағажу көрiп отырған бүгiнгiдей заманда бұл проблемаларды шешуге бел шешiп кiрiсетiн бiреу табылар ма екен?! "Нұр Отан" халықтық демократиялық партиясының хатшысы Ерлан Қарин алыс-жақын шетелдерден келген қазақ жастарының басын қосып, арнайы кездесу өткiздi. Бұл кездесуде де жоғарыда айтылған толғақты мәселелер сөз болды.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары