ХАЛЫҚТЫҢ ҚАРЫЗЫ – 8,3 МИЛЛИАРД

ХАЛЫҚТЫҢ ҚАРЫЗЫ – 8,3 МИЛЛИАРД

ХАЛЫҚТЫҢ ҚАРЫЗЫ – 8,3 МИЛЛИАРД
ашық дереккөзі
442

Қазақстан халқының коммуналдық төлемдер бойынша қарызы 8,3 млрд. теңгеден асып түскен. Бұл туралы сейсенбi күнi үкiметтiк отырыста Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық iстерi жөнiндегi агенттiк төрағасы Серiк Нокин хабарлады.

Сәуiр айының ортасында Премьер Мәсiмов бүкiл республика бойынша коммуналдық төлемдер қарызын азайтуға және жаңа жылу маусымына дайындықты ерте бастауға тапсырма берген едi. Үкiмет басшысының осы нұсқауына байланысты "Үстiмiздегi жылдың 30 мамырындағы көрсеткiш бойынша, коммуналдық қызметтерге байланысты қарыз 8 млрд. 323 теңге көлемiнде. Өткен аймен салыстырғанда, қарыз 421 млн. теңгеге төмендедi", – деп мәлiмдеген С.Нокин аймақтардағы қарыздар деңгейiн төмендетуге және оларды сот арқылы өндiрiп алуға қатысты жұмыстарды жүргiзуде белсендiлiк танытылатынын жеткiздi. Ол үшiн жергiлiктi атқарушы орган, яғни әкiмдiктер Жамбыл облысында қолданылатын тәжiрибе – кассалық қызмет көрсету деңгейiн жақсартып, қарыздарды бөлiп төлеу, өсiмақыны алып тастау сияқты науқандық шараларды iске асыруы шарт. 2011 жылдың қаңтарындағы ресми мәлiметтерге жүгiнсек, халықтың коммуналдық қарызы 8,7 млрд. теңге болатын (2010 жылдың соңындағы көрсеткiш – 10 млрд. теңгеге жуық). Борыштың басым бөлiгi жылу мен жарықтың үлесiнде. Мәселен жыл басындағы жылуға байланысты қарыз – 46 пайыз, ал жарық 27 пайызға жетiптi.

Қарызды арнайы құрылымдар мен сот арқылы күштеп өтету мәселесi қалай жүзеге асырылатыны белгiсiз. Бiрақ адамдарды сары уайымға салған басты проблемалар қатарында коммуналдық қызметтер құнының қымбаттауы бар. Саяси шешiмдер институты мамандарының республикамыздың ең iрi деген 16 қаласында жүргiзген "Қазақстан қалаларындағы әлеуметтiк көңiл-күй" атты әлеуметтiк сауалнама нәтижесiнде 2293 респонденттiң 64,5 пайызы алаңдаушылыққа негiз болатын мәселелер ретiнде "баға мен тарифтiң өсуi және коммуналдық қызметтердiң қымбаттауын" көрсеткен. Сондай-ақ, олардың 53,5 пайызы адамға ең қажеттi нәрселердiң ғана құнын өтейтiн қаражатқа ие. Ал 17,8 пайыз респонденттiң ақшасы киiм мен тамаққа жетсе, коммуналдық төлемдердi өтеуге "қалтасы тесiк".

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары