КӨЗ ЖАСЫНА ШЫЛАНҒАН КЕШ

КӨЗ ЖАСЫНА ШЫЛАНҒАН КЕШ

КӨЗ ЖАСЫНА ШЫЛАНҒАН КЕШ
ашық дереккөзі
151

Алма апайды шәкiрттерi еске алды

Алма апайдың дәрiсiн алған шәкiрттер елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде жүздеп, мыңдап саналады. Әр қиырда жүрсе де, дүниенiң түкпiрiнде өмiр кешсе де, «Алма апайдың шәкiртiмiн» дегендi мақтан етiп айтатын тiл бiлiмiнiң мамандары жетерлiк. Алма апай шәкiртiне қаншалықты адал болса, шәкiрттерi де Алма апайға соншалықты адал болып жүр. Соның бiр куәсi – ұстаздарының дүниеден өткенiне он жыл толуына орай, еске алу кешiн ұйымдастыруы.

Алма Қыраубаеваның дәрiсiн бiз де тыңдадық. Ол кiсiнiң өзге ұстаздардан ерекше бiр қасиетi – алдында отырған әр баланың бiлiмiн кеңейтуге талпынып қоймай, әрқайсысының маңдайынан сипап, олардың жан-дүниесiн, iшкi болмысын түсiнуге тырысатын едi.

Алма Қыраубаеваны еске алу кешiне шәкiрттерiмен қатар, құрбы-құрдастары, үлкен аға-апалары да жиналды. Олардың қатарында белгiлi ғалым, академик Тұрсынбек Кәкiшев те бар. Ғалым өз сөзiнде: «Алманың шәкiрттерiне, өзiнiң құрдастарына қадiрлi болғандығына мен бүгiн бiрiншi рет куә болып отырғам жоқ. Мұндай құрметтi Алманың алпыс жылдығында да көрдiм ғой деймiн. Осының барлығы адамның адамгершiлiк қасиетiне, әсiресе жасап кеткен еңбегiне байланысты болады екен. Алманың қазақ ғылымындағы ең мықты саласы көне түрiк әдебиетiн зерттеу, соны үлкен аренаға шығаруы болды. Алла амандығын берсе, бiр-екi жылда Өмiрхан Әбдiманов басқаратын кафедра Түркияның Егей университетiмен бiрiгiп, қазақ әдебиетiнiң тарихын шығармақшы. Сонда ең негiзгi тарау, ең негiзгi кiтап – Алманың зерттеуi болмақ. Бұл кiм көрiнгеннiң маңдайына жазыла беретiн бақыт емес. Алма өмiрден ерте кеттi. Бала-шағаларының өсiп, жетiлгенiн көре алмады. Бiрақ ол өзiнiң еңбегiмен, қызметiмен ел-жұрттың көкейiнде қалды. Бейсекеңнiң шәкiрттерi, қазақ әдебиеттану ғылымының негiзiн қалаған мектеп, сол мектептiң ең тұрақты, ең мықты шәкiртi болғаны менi айрықша қуантады. Алманың шәкiрттерiне де, құрдастарына да мың алғыс», – дедi.

Алма апайдың қатарлас құрбысы, курстасы болған Фаузия Оразбаеваның әдемi, әсерлi естелiгi жүрегiмiздi бiр толқытып тастады. Фаузия апай: «Алманы еске алу арқылы бiз өзiмiздiң өткенiмiздi, жалпы, өмiрiмiздiң мағыналы сәттерiн де еске алып отырмыз. Сiздердiң сөздерiңiз арқылы Алма ғана емес, кешегi өмiрден өткен Сағат, Үмiт, кеше ғана қасымызда жүрген Мырзабек Айдосов, аяқ астынан перзентiмен бiрге жол апатынан көз жұмған Сайлаубек Жұмабек еске түсiп отыр. Өмiрден өткен жолдастарымыздың артында өшпейтiн iзi қалды. Алма – өзiнiң тағдырын, өзiнiң тұлғасын өзi жасаған адам. Бiздiң елiмiздiң келешегiн де болжап кеттi, тәуелсiз елдiң мәдениетi, әдебиетi, тарихы қандай болуы керектiгiн, ең бастысы баласы қандай болуы керектiгiн айтып кеттi. Соны жай болжап қана қоймай, соған өзiнiң пiкiрiн айтты. Алманың ұлылығы да, ойшылдығы да, ең басты мықтылығы да осында. Ол неге бiздiң жүрегiмiзден орын тептi?! Жерiмiздi, тiлiмiздi, даламызды, бабамызды қалай сақтап қаламыз деп күнде ойлап, толғатып жатқан мәселелердiң бәрiн сол күндердiң өзiнде Алма айтып кеттi. Жақсы ұстаз ғана болып қойған жоқ, шәкiрттерiнiң көкiрегiне осындай ұлы қасиеттiң бәрiн құя бiлдi. Соған белсенiп кiрiсiп, мектеп ашты. Өзiнiң күрескер Ана екенiн көрсеттi», – дедi.

Белгiлi баспагер, публицист Әшiрбек Көпiшевтiң де курстасы туралы жылы естелiгi көңiлiмiзге жылы тидi. Ғалымның үш баласымен пәтерсiз қалып, қиын-қыстау күндер басына түскен сәтiнде Әшiрбек аға көмек қолын бергiсi келiп, қаланың сол кездегi әкiмi Шалбай Құлмахановқа өтiнiш айтады. Шалбай Құлмаханов Алма апайдың басындағы қиындығын айтып, Жамбылдың шөберелерiнiң пәтерсiз жүргендiгiн жазып, Елбасының атына хат жаздырып алып келуiн өтiнедi. Сонда Әшiрбек Көпiшев бұл туралы Алма апайдың өзiне айтқанда, ұстаз: «Жамбыл атамның атын кез келген жерге тықпалап, алтын басын кемiткiм келмейдi», – деп жауап қайтарады. Ғалымның бұл сөзiне еске алу кешiне жиналған жанның бәрi көзiне жас алды. Ұстаздың мықтылығы да осында емес пе? Ұлылығы да осында. Қазақ әйелiнiң қайсарлығын да таныта бiлдi Алма Қыраубаева. «Раймалының Бегiмайға айтқан әнiн Алматайдың орындауында тыңдағанда, Шыңғыс Айтматов көзiне жас алыпты. Теледидардан Шыңғыс ағаның көзiндегi жасты көрсеткенде, әл күнге дейiн менiң жүрегiм зарығады. Риза болғаны соншалық Шыңғыс аға қайта-қайта тыңдай берiптi», – дедi Әшiрбек аға. «Мен Алматайдың өмiрiндегi кейбiр эпизодтарды ғана тiлге тиек еттiм. Алма туралы айтар әңгiме жалғыз бұл емес. Алманың бүкiл зерттеулерiн кiтап етiп шығарып отырған бауыры Асылбекке мың рахмет. Сындарлы ұрпағы бар Мүтәлiптiң ұлдарына мадақ айтып тұрмын», – дедi Әшiрбек аға.

Алма апайды сүйетiн мыңдаған шәкiрттiң ұстазына деген құрметi деп қабылдадық бұл кештi. Алма Қыраубаева өзiнiң бiр сөзiнде: «Менiң бiр бақытым – мамандығымды дәл таптым. Жалпы қабiлетiм мен бейiмiм тура мұғалiмдiкке сай келедi. Мен өзiмнiң әрбiр сабағымнан ләззат аламын, рахат күй кешемiн. Балалардың көзiнен де соны байқаймын. Олар да рахаттанып қалады. Сосын мен шәкiрттерiмдi жақсы көремiн. Егер де сол қасиет өлсе, сол күнi мұғалiмдiктi тоқтату керек», – деген екен. Шәкiрттерiнiң де ұстазын қатты жақсы көргенiнiң бiр көрiнiсi бұл. Он жыл бұрын ұстазымен қимай қоштасқан шәкiрттер Алма апайды әлi сағынады. Ұстаздарына деген ықылас-ниеттерi де сол күйiнше суымаған. Сол кеште асылдың сынығы, Алма апайдың кiшкентай немересi, жетi жасар Хакiм Әли Бұланұлы Бұқар жыраудың «Бiрiншi тiлек тiлеңiз» атты өлеңiн жатқа айтты. Немересiнiң өлеңiн тыңдап тұрып, құрдастары мен курстастарының, шәкiрттерiнiң көздерi жасқа шыланды.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары