ТӘУЕЛСIЗДIК ТОЙЫНА ТАРТУ

ТӘУЕЛСIЗДIК ТОЙЫНА ТАРТУ

ТӘУЕЛСIЗДIК ТОЙЫНА ТАРТУ
ашық дереккөзі
267

Шымкентте "Мемлекеттiк рәмiздер" алаңы пайдалануға берiлдi

Қазақстандағы үшiншi қала мәртебесiн иеленген Шымкент қаласының шырайын ашатын сәулеттi ғимараттар көбейiп келе жатыр. Былтыр қаладағы Орталық су бұрқағы қызғалдақ бейнесiмен қайта жаңғырды, дендробақтың iшiнен "Жас жұбайлар" аллеясы, Орталық стадионнан "Даңқты спортшылар" аллеясы пайдалануға берiлiп, жұртшылықтың демалатын орнына айналды.

Мұның алдында оңтүстiк өлкесiнен шыққан танымал жұлдыздардың есiмдерi жазылған, "вальс падишасы" атанған Шәмшiнiң ескерткiшi қойылған "Шәмшi әлемi" аллеясы және оған таяу жерден Неке сарайы ашылды. Ал Ордабасы алаңында кейiнгi жылдары елiмiздiң Тәуелсiздiгiн, мемлекеттiгiн, бiрлiгiн паш ететен бiрқатар сәулеттi нысандар бой көтерiп келедi. Жуырда солардың бiрi "Мемлекеттiк рәмiздер" алаңы пайдалануға берiлдi.

Аталған алаң бiрлiктiң символы атанған Ордабасы атауын 1993 жылы еншiлеген болатын. Осы алаңға келiп қосылатын үш көшеге Төле, Қазыбек, Әйтеке билердiң есiмдерi берiлдi. Екi-үш жыл бұрын алаңның ортасына биiктiгi 8 метрлiк "Жер-Ана" тәуелсiздiк монументi орнатылды. Монументтiң аумағы аббаттандырылып, Қошқар ата өзенiнiң айналасына көрiктендiру жұмыстары жүргiзiлдi. Ендi мiне, осы кешеннен бастау алатын аспалы көпiр мен "Мемлекеттiк рәмiздер" алаңының тұсауы кесiлiп отыр. Осы жұмыстардың барлығы да бюджеттiң қаржысына емес, бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi шарасының аясында кәсiпкерлердiң демеушiлiгiмен атқарылып жатқаны қуантады.

Сәулет өнерiнiң ерекше үлгiсiн бойына сiңiрген аспалы көпiр Шымкентте алғаш рет салынып отыр. Оның ұзындығы – 104, енi – 5, ал биiктiгi – 7,5 метрдi құрайды. Аспалы көпiр жұртшылық арасында Алтын көпiр деген атауды да иеленiп үлгердi. Ол көне мен бүгiнгiнiң арасына дәнекер болып жатқандай әсер бередi. Өйткенi көпiр Ордабасы алаңы мен Шымкенттiң тарихи орнын жалғап жатыр.

Көпiр 25 метрлiк қыратта салынған "Мемлекеттiк рәмiздер" алаңына алып барады. Онда Елтаңба, Тәуелсiздiк туралы декларацияның көшiрмесi, Қазақстанның картасы орналастырылған. Одан жоғарыда 50 метрлiк биiктiкте көк туымыз желбiреп тұр.

"Мемлекеттiк рәмiздер" алаңының ашылу салтанатында сөз алған облыс әкiмi Асқар Мырзахметов:

– Биыл – Тәуелсiздiгiмiздiң 20 жылдығы. Шын мәнiнде тәуелсiздiк бiзге не бердi? Қандай жетiстiктерге жеттiк? Оған құрметiмiз қандай? Бiз мерейтойға осы талаптар тұрғысынан қарауға тиiспiз. Тәуелсiздiкке тағзым ең алдымен мемлекеттiк рәмiздерге құрмет көрсетуден басталады. Ашылып отырған бүгiнгi нысанның әрбiр элементi сыр шертедi, ой тарқатады. Қазақстанның картасында мемлекет құраушы елдiң өткенi мен бүгiнi, ұрпақтар сабақтастығы жайында Елбасымыздың қанатты сөздерi жазылды. Оның жанында тұрған 7 тұғырдың символикалық маңызы зор. Ол кең-байтақ туған жерiмiздi қорғап қалған найзаны елестетедi, ел қауiпсiздiгiнiң қорғаны дегендi бiлдiредi. Мемлекеттiк рәмiздер алаңы үшiн таңдалып алынған жердiң өзi тегiн емес. Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би көшелерiнiң тоғысқан тұсы – Ордабасы алаңы шын мәнiнде тарихи-символикалық мәнге ие, – дедi. Асқар Исабекұлы бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi аясында аспалы көпiр мен "Мемлекеттiк рәмiздер" алаңын салуға қосқан үлесi үшiн "Юсталькон" ЖШС-нiң директоры В.Толмачевқа, "Архитектура-Дизайн-Ш" ЖШС-нiң бас инженерi А.Сушкоға, "Келдебеков" жеке кәсiпкерлiгiнiң директоры С.Келдебековке облыс әкiмiнiң сертификатын және облыстың көркейе түсуiне үлес қосқан 9 кәсiпкерге “Алғыс хат” табыс еттi.

Бұдан кейiн облыс әкiмi Асқар Мырзахметов, Шымкент қаласының әкiмi Арман Жетпiсбаев және қалалық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Уәлихан Сүлейменов "Тәуелсiздiк саябағының" iргетасын қалап, оның жобасын көпшiлiкке таныстырды. Аумағы 8 гектарды құрайтын болашақ саябақ қаланың ең биiк нүктесiнде орналасқан. Келешекте онда Тәуелсiздiктiң әр жылдарындағы елеулi оқиғаларды бедерлейтiн естелiк белгiлер орнатылады.

"Тәуелсiздiк саябағы" кешенi Тәуелсiздiктiң жиырма жылдығы қарсаңында, күзде пайдалануға берiлмек.

Бақытжан ӘБДIРАШҰЛЫ

Оңтүстiк Қазақстан облысы

Серіктес жаңалықтары