ӨНЕР ЖҰЛДЫЗДАРЫНЫҢ ӨНЕГЕЛI IСI

ӨНЕР ЖҰЛДЫЗДАРЫНЫҢ ӨНЕГЕЛI IСI

ӨНЕР ЖҰЛДЫЗДАРЫНЫҢ ӨНЕГЕЛI IСI
ашық дереккөзі
224

Кеше Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубында "МузАРТ" тобы мен "Жапонияға жәрдем" комитетiнiң ұйымдастыруымен өтетiн қайырымдылық концертiне байланысты баспасөз-мәслихаты өттi.

"МузАРТ" тобы бастаған қазақстандық әншiлерiмiз жапон халқына қайырымдылық көмек ретiнде Астана қаласында 5 маусым күнi арнайы концерт өткiзбек. Концерттiң мақсаты – зiлзаладан жапа шеккен жапондықтарға көмек қолын созу, қайырымдылық көрсету.

Апаттың айтып келмейтiнi белгiлi. Биылғы жыл жапон халқы үшiн тағдыры қиын, зұлматты жыл болды десек те болады. Жапонияда болған жойқын және аса күштi жер сiлкiнiсiнен қаншама адам зардап шектi. Кейбiр деректерге сүйенсек, зiлзаланың салдарынан Жапонияда баспанасыз қалғандардың саны 158738 адамға жетiптi. Сонымен бiрге 15 269 адам мерт болып, 5 363 адам ауыр жараланды. 8 мыңнан астам адам iз-түссiз жоғалды.

"Жапонияға жәрдем" комитетi апат орын алғаннан кейiн, қазақстандық және шетелдiк ұйымдардың ерiктiлерiнiң бастамасымен құрылған болатын. Аталмыш комитет құрылған күннен бастап, жапон жұртына қолұшын созу мақсатында әртүрлi қайырымдылық шараларын жүзеге асыра бастады. Соның бiр дәлелi, 5 мамырда өткiзiлетiн Қайырымдылық концертi деуiмiзге болады.

Баспасөз-мәслихатында сөз алған белгiлi әншi Қыдырәлi Болманов: "Жапон елiндегi зiлзала жапон елiнiң қасiретi деуiмiзге болады. Пенде болғаннан кейiн оған бей-жай қарай алмаймыз. Қолымыздан келгенше, осында ұсыныс түскеннен кейiн, қолдағанымыз дұрыс деп қабылдадық. Қазақта "Асар", "Жылу" деген бар. "Жылу" деген сөздiң өзi – бiр-бiрiне қайырымдылық көрсету, қиналса қолұшын созу, басына ауыртпалық түссе жеңiлдету. Бұл – бiздiң ата-бабамыздан келе жатқан, бойымызға сiңген асыл қасиетiмiз. Сондықтан бiздiң осында отырғанымыздың да себебi осы, адами қолдау көрсету, елдiгiмiздi көрсету. Жапон елiне Алладан үлкен көмек сұраймыз, пана сұраймыз және тiлектеспiз", – дедi.

"Қазақ халқы жетiмi мен жесiрiн жылатпаған халық. Қолымыздағы соңғы нанымызды бөлiсiп берген халықпыз. Жапон халқының басына түскен ауыртпашылықты, қиындықты құдай басымызға бермесiн! Жапон халқының қайғысына ортақ екенiмiздi бiлдiргiмiз келедi. Бiздi Аллам осындай табиғи апаттардан, зiлзаладан сақтасын. Бұл концерттi өткiзу бiздiң адами парызымыз деп есептеймiн", – дейдi "МузАРТ" тобының әншiсi Сәкен Майғазиев.

Ұйымдастырушылардың пiкiрiне қарағанда, концерттiң билетiнен түскен қаржы Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Елшiлiгi арқылы Жапонияның Қызыл крест қоғамына аударылатын болады.

Қайырымдылық кешке "МузАРТ" тобынан бөлек, "Бәйтерек" тобы, "Дабыл" тобы, Қыдырәлi мен Қарақат, Маржан Арапбаева сияқты қазақтың эстрада әншiлерi қатысады. Аталмыш концерттi ҚР Мәдениет министрлiгi, Астана қаласының әкiмдiгi мен "Болашақ" қауымдастығы бiрлесiп ұйымдастырып отыр.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары