ТЫНЫМБАЙ

ТЫНЫМБАЙ

ТЫНЫМБАЙ
ашық дереккөзі
275
Жазушы Т.Төлепбайұлына

Шабытқа мiнсе, шабысы әлi сай тарлан,

"Өмiр сырына"1 сен де бiр жүйрiк майталман —

Жарқ етiп шығып, жазбай да жазбай жүрiп ап,

Қартайған шақта қаламды қолға қайта алған!

Өмiр шiркiнiң ақ арай таңның нұрындай,

Өте шығады-ау, артына бiр сәт бұрылмай…

Елменен бiрге ертерек тағдыр есейткен,

Жас дәурен сонау жадыңда бар ма, Тынымбай?

Бiз кешкен тiрлiк аз ғұмыр емес деп түсiн,

Көңiл тозбайды, көнергенмен де бет-пiшiн.

Есенбай ақын алқынып шыққан асуға,

Еп-есен өзi-ақ жетiптi сенiң Жетпiсiң!

Түсiме енiп, сол жылдар еске түседi,

Бiр домбыраның сияқты ек екi iшегi.

Қарин әкең Төлепбай Қаражардағы,

Қара нар тектес басқарма болған кiсi едi.

Қырсығын тосса заманның өрi, ылдиы,

Қырқып түсетiн намыстың сен де қырғиы.

Қайда туса да қан тартпай қоймас тегiне,

Ерланың аңыз билiк партиясының бiр биi.

Қызылды-жасыл қызғалдақ-арман кешiп кiл,

Жiгiттiк желi соққанда алдан есiп бiр,

Қаратау жақта қолға алдың қара қаламды,

Несiбең сонда болған күн ару Несiпкүл.

Өргiзген таңнан табын да табын сиырды,

Қимай кетiп ең боз бетегелi қиырды.

Жарқамысынан жас кеткен Сағи шайырдай,

Шағыл құмыңды сағынып, жүрек жиi ұрды.

Жылдарды жiп қып иiрген сайын ұршық — күн,

"Ит тойған жерiне, ер туған жерiне!" — деп қырсықтың.

Түрiкпен адайлық намысың түтеп, қан тартып,

Алты аласың жоқ Ақтөбеден кеп бiр шықтың!

Түрiкпенстанша одаққа, топқа қосылмай,

Қосыңды сайлап, қоныс тепкенде осында —

Ен-байтақ шәрде жоқ едi сүйеу болардай

Екi туып бiр қалғаның да, досың да.

Ақтауға жалғап Алатау, Алтай арасын —

Жан-жағың қазiр үйлесiм менен жарасым.

Жалғыз қызыңды жалайыр ұлға ұзаттың,

Дуалы дүйiм дулатқа күйеу баласың…

Ұлтына ұлдың жұртынан бөлек ойы жоқ,

Жаралғасын да қазақтық рух сойы боп.

Жан-жақтан тағы Ақтөбе жақты бетке алды

Қажығалилар қаламдас достың тойы деп.

Бозторғай дәурен бозала таңның нұрындай

Озыпты бiзден, артына бiр сәт бұрылмай.

Кешенiң соңы, бүгiннiң ақыл басы боп,

Мерейлi жаста тойыңды баста, Тынымбай!

Көл-көсiр ендi көңiлiң майдай ерiп бiр,

Ақтарыл, төгiл, сауықты қыздыр, желiктiр…

Жетi асқар тауға мен өзiм әрең жетiп ем,

Жетпiсiң саған сенi iздеп өзi келiп тұр!

ҚҰТТЫ БОЛҒАЙ!

Есенбай Дүйсенбайұлы

1 "Өмiр сыры" – автордың әңгiмелер мен повестер жинағы.

Серіктес жаңалықтары